Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-04-04:

ҚЫЛ­МЫСПЕН, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН, АЛАЯҚТЫҚПЕН, ЗАҢ­ДАР­ДЫҢ БҰЗЫЛУЫМЕН ТАБАНДЫ ДА ҚАТАЛ КҮРЕС ЖҮРГІЗУ КЕРЕК. ОСЫ ҚИЫН КЕЗДЕ БІЗДІҢ АЗАМАТТАРДЫҢ, БҮКІЛ ҚОҒАМНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН БӘРІН ДЕ ІСТЕУ КЕРЕК

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

“Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты  Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

ЫҚПАЛДЫ ШАРАЛАР АРТА ТҮСУДЕ

 

ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитеті құзырына орасан зор міндеттер жүктеледі. Соның ішінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасында және отбасы-тұрмыстық қарым-қатынаста құқық бұзушылықтың жолын кесу секілді жұмыстар ерекше маңыз алады. Осыған орай аталған комитет төрағасы М.ОРАЗӘЛИЕВ тәртіпті одан әрі нығайту және оның қазіргі жай-күйі туралы айтып берген еді.

 

– Молдияр Молыбайұлы, Ел­басының “Дағдарыс арқылы жа­ңару мен дамуға” атты Жолдауына байланысты әкімшілік полицияға жүктелген жаңа міндеттерді айтып өтсеңіз?

– Биылғы Жолдауында Мем­лекет басшысы Қазақстан халқын күрделі сәтте бірлікке шақыра отырып, дағдарыстан сүрінбей өту­ге көмектесетін іс-қимылдың жол­дарын ұсынып, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу және аза­маттардың заманға сай кәсіпті мең­геруіне жағдай жасау тәрізді халық үшін маңызды мәселелерге ден қойды. Дағдарыс уақытында әрбір сала қызметкерлеріне, атап айтқанда, барлық мемлекеттік қыз­метшілерге, құқық қорғау орган­дарының қызметкерлеріне ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап көрсетті. Осыған орай Елбасы құ­қық қорғау органдарына қалалар мен ауылдардағы тыныштықты қамтамасыз ету және қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқ­тық­пен, заң бұзушылықпен қатаң күресуді тапсырды. Енді ішкі істер органдары азаматтардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін қажетті жұ­мыстың барлығын жасауы керек.

– Жолдауда құқық қорғау органдарының алдына қойылған міндеттерге байланысты қандай нақты шаралар атқарылмақ?

– Бүгінде Мемлекет басшысы­ның тапсырмаларын іске асыру үшін көшелер мен басқа да қоғам­дық орындарда жалпы тәртіпті сақ­тауды күшейту жөнінде бір­қа­тар шаралар кешені іске асырылу­да. Мәселен, ішкі істер органдары мен ішкі әскерлердің барлық құ­рылымын  құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамта­масыз етуге белсенді пайдалану, құ­қық қорғауға бағытталған қо­ғамдық құрылымдардың санын көбейту қамтамасыз етіліп және тұрғын үй алаптарында құқық бұзу­шылықтың алдын алу жөнін­дегі іс-шараларды жүргізуге пәтер иелері кооперативтерін, жеке күзет құрылымдарын тартуға бағыттал­ған іс-шараларды көздейтін Үкімет қаулысы дайындалып жатыр.   

– Қазіргі әлемді жайлаған қар­жылық дағдарыс салқынынан түрлі жұмыс орындары қысқарып жатыр. Ал жұмыссыздар қатарының көбеюі небір қылмыстық жағдайлардың орын алуына түрткі болатыны жа­сырын емес.

– Әлеуметтік шиеленіс ошақ­тарын анықтау мақсатында жедел ахуалдың шиеленісуін ескерту және төтенше жағдайларға уақты­лы ден қою мақсатында комитет криминогендік және қоғамдық-саяси жағдайларға күнделікті мо­ни­торингті жүзеге асырады.  Бұл мақсатта жергілікті атқарушы, құ­қық қорғау және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен өзара ақпарат алмасу жолға қойылған. Сонымен қатар, криминогендік жағ­дайды талдау бүгінде жұмыс­сыздар арасында қылмыстың өсуі байқалмайтынын көрсетті.  

– Жалпы еліміздегі қазіргі қылмыстық ахуалдың деңгейі қандай? Оның алдын алу мен құрықтау жағдайы нақты қалай қамтамасыз етілген?

– Ағымдағы жылдың 2 айында елімізде 18 172 қылмыс тіркелген, бұл 2008 жылдың осындай кезеңі­мен салыстырғанда 13,4 пайызға төмендегенін білдіреді.  Ішкі істер органдары жүргізген алдын алу жұмысының нәтижесінде мас күй­де жасалған қылмыстардың саны 2,7,3 пайызға, қылмыстың қайта­ла­нуы 15,6 пайызға, кәмелетке тол­мағандар арасындағы қылмыс 19,1 пайызға төмендегені байқа­лады. Ал құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысы­ның қатысуымен 2008 жылғы қарашадағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында талқыланды. Оның шешімін іске асыру, сондай-ақ осы жұмысты ұйымдастырудың тиім­ділігін арттыру мақсатында комитет тарапынан ұйымдас­тырушылық-практикалық шаралар кешені қабылданды. Көшелер мен қоғамдық орындарда ішкі істер органдарының күштері мен құрал­дарын көбейту мақсатында орын алған қылмыс барысына жасалған талдауды ескере отырып, полиция­ның кешенді күштерінің жоспа­рына тиісті түзетулер енгізіліп, барлық қызметтер мен бөлініс­тердің, сондай-ақ ІІМ ішкі әскер­лері жасақшыларының жұмыс режімі қайта қаралды.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша Астана және Алматы қалаларындағы құқықтық тәртіптің жай-күйін ескере оты­рып, комитет тарапынан осы жұ­мысты ұйымдастыруға ерекше назар аударылуда. Астана қаласы бойынша полицияның кешенді күштері қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылды. Сонымен қатар, үстіміздегі жыл­дың қаңтар айының ортасында патрульдеудің жаңа әдісі енгізілді, онда қала бірдей бөліктерге бөлі­ніп, бұл ретте жаяу патрульдеу­шілер белгіленген уақыт есебінде қатаң сәйкестікте бірін-бірі толық­тырады. Осы әдіс сондай-ақ, па­трульдік жасақшылардың қызмет өткеруін тиімді бақылауды арт­тыруға мүмкіндік берді.

Алматы қаласының ІІД жұмыс тәжірибесі назарға алуға лайық, онда патрульдік полиция полкі 2 ауысымды жұмыс режіміне ауыс­тырылды. Бұл әр ауысымда ұтқыр патрульдердің шығуын көбейтуге мүмкіндік туғызды. Сабақтарды қысқарту, қамтамасыз ету бөлініс­терінің жеке құрамын, офицерлер мен келісім-шарт әскери қызмет­шілерін тарту  есебінен қоғамдық тәртіпті қорғауға ішкі әскерлер қызметшілерінің 8 сағаттық ұзақ­тықпен аптасына 6 күн бойы шы­ғуы қамтамасыз етілді.

– Патрульдік полиция жасақ­тарының заманауи жетілген тех­никалық көліктермен жабдықталуы қалай?

– Қоғамдық орындар мен кө­шелердегі тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде патрульдік полицияның  саптық бөліністері маңызды орын алады, олар полицияның кешенді күштері жүйесінде негізгі күш болып табылады. Патрульдік полиция қызметкерлері тұрғындардың көз адында жүреді және бірінші болып көмекке жетеді. Қазір патрульдік полицияның қарамағында борт компьютерлермен жабдықталған автокөліктер және GPS спутниктік навигация жүйесі, цифрлы радио­стан­салар бар, сондай-ақ стацио­нар­лық посттарды қосқанда  бар­лық  қазіргі заманғы  құралдар жұ­мылдырылған. Патрульдеу ке­зінде қызметтік жануарлар (аттар, иттер) белсенді пайдаланыла бас­тады. Бұлардың барлығы еліміздің елді ме­кендерінде күн сайын 5,5 мың­нан астам бағытта қызмет өт­керуге мүмкіндік береді. Патруль­дік жа­сақ­шылар жыл сайын атыс және суық қару, есірткі заттарын заңсыз сақтаудың мыңдаған фак­тілерін анықтайды. Олар  өз өмір­лерін қа­тер­ге тіге отырып, ондаған мың қыл­мыстарды ашуға қаты­сады. Бүгінде жергілікті атқарушы орган­дардың қолдау көрсетуімен патруль­дік полицияның саптық бөлініс­терінің штаттық санын көбейту, сондай-ақ оларды мате­риал­дық-техникалық қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабыл­дануда. 

– Мемлекетімізге алыс-жақын елдерден түрлі себептермен келіп, кетіп жатқан шетелдіктер көптеп саналады. Олардың бірқатары біздің заңдарымызды бұзып та жатады. Бұларға қандай тойтарыс беріледі?

– Иә, тек соңғы бес жылда ғана Қазақстанға жыл сайын ке­летін шетелдіктердің саны 3 есеге өсті. 2007 жылы олар 2 млн.-нан астам адамды құрады. 2008 жылы 1,3 млн.-нан астам шетелдік тір­келді, оның ішінде 135 мыңнан астамы алыс шетелдік. Өткен жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде республика бойынша жалпы белгіленген елде болу ережесін бұзғаны үшін 157 369 шетелдік әкімшілік жауапкер­ші­лік­ке тартылып, оның ішінде 17 253-і Қазақстаннан тыс жерге шығарыл­ды. Шетелдік азаматтар тарапынан құқық бұзушылықтарды болдыр­мау мақсатында заңсыз көші-қон ар­наларын анықтау және жою жө­нінде жедел-профилак­тикалық іс-шаралар мен арнайы операциялар “Заңсыз келуші”, “Шекара”, сондай-ақ  “Мигрант” республика­лық іс-шарасы ұдайы жүргізіледі.   Жыл сайын жаз мез­гіл­дерінде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі уақытша штаб жұмыс істейді.

– Ішкі істер органдарының профилактикалық қызметінде  учас­келік полиция инспекторлары ма­ңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта осы учас­келік полиция инспекторларының атқарып жатқан қызмет деңгейі қандай?

– Қазіргі уақытта ішкі істер органдарында профилактикалық есеп­те тұрған, яғни үнемі бақы­лауды қажет ететін адамдардың саны республика бойынша 249 мың­нан асады, оның ішінде 53 мыңы бұрын сотталған, 125 мың маскүнем, 29 мың нашақор және 33 мыңы отбасы-тұрмыстық қа­рым-қатынастар саласында құқық­қа қарсы әрекеттерге жол бере­тіндер болып табылады. Маскү­немдік пен алкоголизмнің алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары сот арқылы 8 мың­нан астам алкоголизммен және нашақорлықпен ауыратын адамды мәжбүрлеп емдеуге жіберді. Бұл қызметтен басқа учаскелік инспек­торлардың міндетіне әкімшілік аумақтарда жасалған қылмыстарды ашу да жатады. Тек жыл басынан бастап олар 26 мың қылмысты, оның ішінде 477 қасақана адам өлтіру, 670 денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 554 қарақшылық, 2,5 мың тонау, 12,6 мың ұрлық және  есірткі заттарымен байланысты 2,7 мың қылмысты ашқан.

– Еліміздегі жасөспірімдер қыл­мысы да жұртшылықты алаңдатпай қоймайды. Бұған қарсы қандай тиімді шаралар қолға алынып жатыр?

– Соңғы екі жылда республика бойынша жалпы жасөспірімдер қылмысының төмендегені байқа­ла­ды, олар 2008 жылы 4,8 пайызды құрады. Оқушы жастардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда мектеп инспек­тор­лары белсенділік танытып отыр, олардың жалпы саны қазір 1453-ке жетті. Бұл шаралар оқитын кә­мелетке толмағандардың қылмы­сына қарсы тұратын ең тиімді нысан болып табылып, ағымдағы жылы жасөспірімдер қылмысы 16,3 пайызға төмендеді. Мысалы, Астана, Алматы қалаларында атал­ған инспекторлар барлық жалпы білім беретін мектептерге бекітілді, нәтижесінде оқушылар арасындағы қылмыс деңгейі жартысынан кө­біне, яғни 57 және 44 пайызға түсті. Болашақта кейбір заңна­малық актілерге балалар құқығын қамтамасыз ету бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу жос­парлануда. Бұл әкімшілік және қылмыстық заңнамаларды жетіл­ді­руге, ата-аналардың жауапкер­шілігін күшейтуге, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға тәрбиелік ықпал ететін шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.

 

Сенімге қанат бітірген кездесулер

 

Парламент Мәжілісінің депу­тат­тары, “Нұр ОтанХДП фрак­ция мүшелері Рахмет Мұқашев пен Марал Итеғұлов Ақтөбе облысына Елбасы Н.НазарбаевтыңДағдарыс арқылы жаңару мен дамуғаатты Қазақстан халқына биылғы Жол­дауын насихаттау және түсіндіруге байланысты арнайы келген сапа­рының екінші күні Хромтау ауда­ны­ның­ активімен кездесті. Өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайымен таныстырған Хромтау ауданының әкімі Бауыржан Қа­ниев өнеркәсібі мен ауыл ша­руа­шылығы қатар дамып отырған аудан­да дағдарысты еңсерудің мүм­кіндіктері мол екенін баян­дады.

Шынында, “30 корпоративтік көшбасшы” жобасының алтауы Ақтөбе облысының үлесіне тиесілі болса, соның екеуі осы ауданда жүзе­ге асырылуда. Бұрыннан аудан экономикасының негізін құрап келген Дөң тау-кен байыту ком­бинаты сияқты іргелі кәсіпорын­ның қатарына Көктау мыс ко­м­бинаты мен “Восход-Ориел” жауапкершілігі шектеулі серіктес­ті­гінің қосылуы өңірдің эконо­ми­калық даму мүмкіндігін арттыра түсті. Аудан әкімі Бауыржан Қа­ниевтің айтуынша, “Восход-Ориел” ЖШС биыл өзінің ферро­қо­рытпа зауытын салмақшы, сон­дай-ақ ауданда тағы бір қиыршық тас өңдеу кәсіпорны ашылатын көрінеді. Аудан аумағында жергі­лікті жолдарды жөндеуге 280 млн. теңге бөлінетін болыпты. Мұның өзі ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкін­дік бергелі отыр.

Аудан активімен кездесуде Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Рахмет Мұқашев Елбасы Жол­дауы­нан туындайтын тапсырмалар мен міндеттерді таратып айта ке­ліп, өзекті мәселелерге айрықша тоқ­талды. Ол дағдарыстың ұзаққа созылуы мүмкіндігін тілге тиек ете келіп, одан еліміздің жеңілдеу шы­ғуының барлық шаралары алынып жатқанына мысалдар келтірді. Ол тұрғын үй құрылысына және үлес­керлер проблемаларын шешуге қолдау білдіруге 545 млрд. теңге жұмсалғанын,елде іскерлік белсен­ділікті сақтау үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне 275 млрд. теңге қаржылық қолдау жа­салғанын, агроөнеркәсіптік ке­шенді дамытуға 280 млрд. теңге, инфра­құ­рылымдық жобаларды іске асы­руға 120 млрд. теңге бөлінгенін жет­кізді. Парламент Мәжілісінің өзі бас болып бюджеттік шығын­дарды үнемдеуге кіріскенінен де хабардар етті. Бюджет қаржы­сының мақсатты жұмсалуына жету үшін елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің күшейтілгенін айтты. Қазірдің өзінде бірқатар шенеуніктердің үстінен қылмыс­тық іс қозғалып жатқанын да жа­сырмады. Рахмет Мұқашев әлеу­меттік салаға бөлінетін қаржының қыс­қармайтынын, Елбасы Жол­дауында атап өтілгеніндей, жұмыс­тан босаған адамдарды жаңа ма­ман­дықтарға қайта даярлау жүргі­зілетінін, жастар тәжірибесі жүзеге асырылатынын көлденең тартты. Халық қалаулылары бұдан кейін “Восход-Ориел” ЖШС-інде бо­лып, жұмысшылармен жүздесті. Сондай-ақ облыс орталығындағы “Трансэнерго”, “Ақбұлақ” акцио­нерлік қоғамдары мен бірнеше ме­кеме, ұйымдардың ұжым­дарымен кездесіп, Елбасы Жол­дауындағы негізгі бағыттар туралы әңгімеледі. Халықтың ұсыныс-тілектерін тың­дады, сұрақтарына жауап берді.

Халық қалаулыларымен кез­десуге келген ақтөбеліктер бірлік пен ауызбіршілікті қалыптастыра отырып, ұйымшылдық көрсету ар­қылы ғана дағдарыстан қиналмай шығуға болатынын ойларына түйіп қайтты.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.

 

Күпті көңілдерге үміт отын жаққан

 

Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қазақстан халқына “Дағ­да­рыс арқылы жаңару мен дамуға” атты биылғы Жолдауын теледи­дар­дан тыңдап, газеттен оқып,  Елба­сы­ның сындарлы саясатының өмірмен өзектес өріліп жатқанына куә болдым.

Жолдауда әлемдік дағдарыстың салдары мен себеп­те­рі саралап талданып, оны ел болып еңсерудің стратегиялық қадамдары көңілге қонымды жеткізілген. Елба­сы талай қиындықты бастан өткер­ген қазақ­стандықтардың бұл дағ­дарыстан да аман-есен  өтетіні­не сенім білдіре отырып, оның ауырт­палықтарын азайтудың үкі­мет­тік деңгейде жасалып жатқан шара­лары­мен және экономикалық даму үрді­сінің деректерімен дәйектей түседі.

Нұрсұлтан Әбішұлы, қиын сынақтар мен дағдарыс  қысымы­ның әлсіремей  тұрғанын да бүк­пелемей, әлемдік қоғамдастықтағы өз ұстанымымызды  сақтайтыны­мыз­ды қадап айтты. Жолдаудан әлем­дік қаржы дағдарысына қара­мас­тан, 2010 жылы бюджетшілер­дің жалақысы және шәкіртақы – 25 пайызға, ал 2011 жылы 30 пайызға өсірілетіні белгілі болды. Зейнетақының орташа мөлшері де 2010 жылы 25 пайызға, 2010 жылы 30 пайызға ұлғайтылады. Мемле­кет­тің студенттер үшін 11 мың грант және 40 мың несиені қо­сымша бөліп отырғаны да адам­дар­дың ілгері күнге үмітпен қа­рауына берік негіз қалайды.

Елбасының биылғы Жолдауы­нан еліміздің дағдарыстан шы­ғуы­ның бағдарламасы жасалғандай әсер алдық. Әсіресе, алаңкөңіл отыр­ған әлеуметтік салаға қар­жы­лай қолдаудың кемімейтіні жігер­лендірді. Биылдың өзінде біздің облыста Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы ая­сын­да екі мектеп, 1 аурухана пай­далануға берілді. Тағы да салынып жатқан әлеуметтік сала нысандары бар.

Елбасы салынып жатқан ны­сан­дардың құрылысы аяқталаты­нын, ал жаңаларын бастау кейінге қалдырыла тұратынын да ашық айтқан. Мұның өзі Елбасы сая­са­тының ашықтығы мен сабақтас­ты­ғын көрсетсе керек. Және де бұл бүгінгідей әлемдік қаржы дағда­ры­сы екі өкпеден қысқан кезде дұрыс қабылданған шешім болып та­бы­ла­ды. Сондай-ақ, бюджет шығын­да­рын оңтайландыру мен бюд­жет­тік қаражаттың жұмсалуын жіті ба­қы­лауды алға шығару да орынды. Қазір “көрпеге қарай көсілетін” кез.

Елдің елеңдеп жүргені жұмыс орындары жаппай қысқарса не болады деген қауіп еді. Елбасы бұл ба­ғытта үлкен істер атқарыла­ты­нын баян еткен. Жұмыстан қыс­қартыл­ғандар басқа мамандық­тар­ға қайта даярланады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Жолдауды оқыған сәтте бойымда ертеңгі күн­ге деген сенімділік пайда  болды. Бұл жалғыз мен емес, барша қа­зақ­стандықтар бастан кешкен сезім деуге негіз бар. Себебі, дағ­да­рысты еңсеруге байланысты Ел­ба­сы ұстанған саясат пен Үкімет жасап жатқан шаруалар бір арнада тоғысуда.

Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында: “Бізде қажетті ресурстар, әлемдік дағдарыс қыспағына төтеп беретін тәжірибе бар. Бізде айқын дағдарысқа қарсы бағдарлама бар. Қойылған мақсат­тардың бәріне қол жеткізуге бо­лады!” – деп атап көрсетті. Олай болса, “Бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығара” бірлікпен тірлік жасауға жұмылсақ, алған биіктен  аласармайтынымыз айқын.  

Әліби САҒАЛОВ,  Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты. Ақтөбе.

 

“Құстарға” кінә қоймайық...

 

Табиғаттың талас тудырмайтын заңдылығы бар. Ол адам баласын былай қойып, құс екеш құстың өзі туған елге оралып, ұя жайып, балапан ұшыратындығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауының республикамыздағы халық сана­ғы­мен тұспа-тұс келуінің өзі бола­шақпен жалғас мәні бар екендігі анық. Біздің болмыс алтын бесік – ауылмен берік байланыста екен­дігі тағы да анық. Осы анықтардың барлығы Жолдауда ел жүрегіне қанық жеткізілді. Жолдау көктемде жарияланды. Көктем – құстардың туған жерге оралар шағы.

Елбасы кезекті Жолдауын жа­рия­лап жатқан тұста Көкшетауда Әлеуметтік оптимизм“Қазақстан ауыл жастары одағының” респуб­ликалық к­өшпелі мәжілісі өткізіліп жатты. Мұны да кездейсоқ оқиғаға жатқыза алмайсыз. Баяндамадан мәлім болғанындай, Ақмола өңі­ріне соңғы екі жылда мыңға жуық білімді де білікті жас буын қо­ныс­танған екен. Кеңеске қатысушылар мұны да аз санап отыр. Осыдан шығар, Жастар одағы мен Ақмола облысының әкімдігі қыран жігіт­те­ріміз бен қырмызы қыздары­мыз­ды алтын бесігімізді түрлендіру ние­тіндегі ынтымақ құжатына қол қойды. Қазақстанның бүкіл облы­сынан жиналған жастардың қол шапалақтауынан жаңадан салын­ған “Достар” мәдениет сарайының қабырғасы қақырап кете жаздады.

“Неге бұлай?” деген сұрақтың өзі көп мағыналы болғанымен, жауабы пісіп-жетілген деп есеп­тейміз. Елбасы халықтық мәдение­ті­міз бен наным-танымдарымыз, салт-дәстүрлеріміз ұйыған ауыл­да­рымыздың болашағын жастарға тап­сырып отыр. Бұл – әлемдік эко­номикалық дағдарыстан бөлек дүние. Кешкісін теледидардан Нұрсұлтан Әбішұлының сананы тербер сыр-сұхбатын тыңдаған көп­шілік теледидарды бірден сөн­діре салмаған шығар деп санай­мыз. Іле-шала облыстық пошта байланысы басқармасы жүгіртпе жол арқылы үш ауданға мамандар­ды шақырған хабарландыру беріп жатты. Пошта байланысының да талғамы күшейген екен деп қуан­дық. Осы ретте, бұрынғы мақала, хабарларымызда жазғанымыздай, Астананың, Көкшетаудың жоғары және орта арнаулы оқу орын­да­ры­на арнайы ат басын тірейтін әкім бауырларымды ризалықпен еске алдым. Бұл олардың міндеті деген­нің өзінде, ертеңімізді ойлаған елгезектіктің өзі не тұрады?

Білікті мамандарды, жастарды ауылдық жерлерге қоныстандыру үрдісі бұрыннан бар. Көңіл сүй­сін­тер игілікті қадамдарды барлық аудандардан кездестіруге болады. Бірақ, ортақ әңгімеміздің тұздығын қандыру үшін бір ауданның мы­салын айтқым келеді.

Жақсы – облыс орталығынан 400 шақырымды жағалататын шал­ғай аудан. Мәселе оның шалғай­лы­ғында да емес. Жақсы бұрын “Жоқсу” деп аталған екен. Қазір жағ­дай мүлдем басқа. Үлде мен бүл­деге оранбаса да ауылдардың әрі кіріп қалған. Әкімдері де жыл­да ауыспайды. Соңғы он жылда бұрынғы екі әкім басқа аудандарға ауыстырылып, үшіншісі қызметін жалғастырып жатыр. Үшіншісі – осы елдің тумасы Ибрагим Қабду­ғалиев. Ибрагим “біздерде мы­на­лар бар, мыналар барлардан” емес. Сұрақ қойып, сүйрелемесең ше­шіле қоймайды. Былтырғы жыл­дың өзінде “Запорожье” ЖШС 62 миллион теңге шығарып, елімізде жоқ вакуумдық спорт сарайын пайдалануға берді. “Агрофирма ТНК” компаниясы аудан орта­лы­ғын­да заманалық спорт кешенін пайдалануға беріп, бокстан рес­пуб­лика чемпионын тәрбиелеп шығарды. Компания жоғары оқу орындарындағы жиырма жастың шәкіртақысын көтеріп отыр. Жуырда ғана Елбасының “100 мек­теп, 100 аурухана” бастама­сы­мен Жақсыда 900 орындық мек­теп­тің құрылысы аяқталды. Ауыл­дардың барлығында әлеуметтік нысандар, мәдениет ошақтары жұмыс істейді. Агроқұрылым­дар­дың барлығы әлеуметтік тұрғыдағы жауапкершілігін бірінші кезектегі міндет санайды. Осыдан-ақ, әкімге тұйық емес, тиянақты азамат деп баға берсек жарасады.

Қысқартып сөйлеп отырғаны­мыз тақырыптан ауытқымау. Ауданға соңғы бір жарым жылдың ішінде 70 маман келіпті. Елуі бір­ден жұмысқа кірісіп, жиырмасы “Жастар тәжірибесі” жобасымен сынақтан өтіп жатыр. Бұл – қыз­метке жаңа кіріскен маманның жолында кезігетін қиындықтарды зерттеп, зерделей келе оларды мей­лінше тез шешіп, тұрмыстық қолайлы жағдайлар тудырудың арқасы. Аталған мерзімде аудан орталығында ғана 20 мұғалім, 6 дәрігер, 4 мәдениет қызметкері ма­мандығы бойынша орналас­ты­ры­лыпты.­ Мұның сыртында, 4 қыз­меткер аудан және ауыл әкімдері аппаратына, 10 маман мемлекеттік атқарушы органдарға қабылданған. Олардың қатарында аудан әкімі аппаратының жетекшісі Ә.Кәрім­баев, электронды-ақпараттық және қаржылай қамтамасыз ету бөлімі­нің бастығы А.Әбілқасымов, аудан­дық құрылыс бөлімі басты­ғы­ның міндетін атқарушы Ж.Мол­даханов, әкімшілік-құқықтық бө­лі­мінің бас маманы Ж.Тәжин бар.

Әсіресе, аудандық аурухананың кадрлық құрамы бұрын-соңды бол­маған деңгейде нығайды. Облыс орталығы Көкшетауға та­нымал маман Людмила Бруй бас дәрігердің орынбасары лауазымы­на қабылданып, қарбалас жұмысты үйіріп алып кетті. Жақсыға дәрігер анестезиолог-реаниматолог Салта­нат Шериязданованың, хирург Александр Кунафиннің, терапевт Светлана Назаренконың, акушер-гинеколог Евгений Даниленконың, тіс дәрігері Қонысбай Мұқажа­нов­тың қоныс аударуы емдеу ісіне сер­пін беруде. Жақсыда жуырда, дәлірек айтсақ, 11 ақпанда қос қа­бат­ты 16 пәтерлі сәулетті тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныс тойын жасаушылардың басым көпшілігі жас мамандар. Биыл тағы да 18 пәтерлі тұрғын үйді те­зі­рек қатарға қосудың қам-қарекеті жасалып жатыр. Оның сыртында, шақырумен келген мамандардың әрқайсысына, ірі агроқұрылымдар қол қойған меморандумға сәйкес, 150 мың теңгеден көмек көрсе­тіл­гені де құптарлық. Мұндай бас­та­маны барлық ауылдардың әкімдері мен шаруашылық басшылары қолдап отыр.

Жақсы іске жан сүйсінеді. Дей тұрсақ та, қазір ешкімді ақша-пұл­мен, үлде-бүлдемен қызықтыра ал­майсың. Бәрінен де жандүниенің таза талпынысы керек. Ауылға қауырсын қанат қарлығаштар ора­ла бастады. Бұл экономикалық, табиғи, ең қуаныштысы, рухани экологияның сауыға бастағанының көрінісі.

Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы.

 

Жұмысшы құқы қорғалады

 

Өткен жылғы Алматы кәсіп­одақ­тары, “Атамекен” жұ­мыс берушілер  одағы және облыстық жұмыс­пен қамтуды үйлестіру мен әлеу­меттік бағдарламалар бас­қармасы арасында келісім-шарт­тың орын­далуы барысын қа­раған жиында көп мәселеге назар аударылды.

Жиынға бюджеттік мекеме бас­шылары, кәсіподақ жетекшілері қа­тысса, басқосуды Алматы кәсіп­одақтар одағының төрағасы Мыр­за­ғали Молдахметов жүргізіп, кә­сіподақтардың жұмысшы құқығын қорғауда атқарар міндеті зор екендігін ортаға салды. Мысалы, шағын және орта кәсіпкерлік саласында аталған ұйым атымен жоқ. Ал бүгінгідей дағдарыс кезін­де кәсіподақтардың белсенділігі аса қажет болар еді.

Келісім-шарттың орындалу барысы жөнінде облыстық жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының бастығы Нүрила Бөлекбаева сөйледі. Оның айтуынша, биылғы жылдың өзінде 18 мыңнан аса адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, 9 мың адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 3 мың адам қайта оқыту курстарынан өтіп, басқа кәсіптерге маманданады.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Төлеген Шойынбеков жұмыс орындарының ырғағы қалыпты екенін көлденең тартты. Осылайша Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілгендей, дағдарыстан халықты қиналтпау үшін барлық мүмкіндіктер жұмылдырылып, жұмысшы құқы қорғалатыны атап көрсетілді.

Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.

 

Ауқымды мәселелер алға тартылды

 

Елбасының дәстүрлі Жолдауын на­си­хат­тау және партияның сайлауалды халық­тық тұғырнамасын жүзеге асыру барысын бағамдаған “Нұр Отан” ХДП Қызылорда облыстық филиалының саяси кеңес оты­ры­сы ауқымды мәселелерді алға тартты. Оты­рысқа  “Нұр Отан” халықтық-демократия­лық партиясы Партиялық бақылау коми­те­тінің төрағасы Боран Рахымбеков қатысты.

Кеңейтілген саяси кеңес отырысында  екі мәселе қаралып, онда әңгіме негізінен Жолдаудан туындайтын облыстық партия филиалының міндеттері және “Нұр Отан” ХДП-ның ХІІ съезіне Қызылорда облыстық партия филиалынан делагаттар сайлау төңірегінде жүрді.

 Облыстық филиал төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Н.Құдайбергенов “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Елбасы Жолдауы бүгінгі күннің және таяу арадағы әлеуметтік-экономикалық негізгі мәселелерді шешудің бағыттарын айқындап бергенін әңгімелей келе, оның маңызына тоқталды.

 Биыл облыс әкімі мен Төтенше жағ­дайлар министрлігіне қарасты “Селден­қор­ғау­құрылыс” кәсіпорны арасындағы ме­морандум арқылы Көксарай су реттегішін салу жұмыстарына Қызылорда облысынан 1000 маман тартуға жол ашылды. Сол секілді қосымша жұмыс орындары ретінде мектеп, аурухана, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және қал­пына келтіруге, әлеуметтік инфрақұры­лым­дарды жаңғыртуға арналған жоспар дайындала бастады.

Алдағы уақытта аймақтың барлық ауда­нын газбен қамтамасыз етуге, автокөлік жолдарын жақсартуға, осылар арқылы жер­гілікті мамандардың жұмыспен  қамтылуы мен әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына ықпал жасайтын республикалық дәрежедегі ірі жоспарларды орындау мін­деттері тұр. Жолдаудан күткен зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы өсімдері де әлеуметтік әр түрлі топтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпалын тигізді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов өз сөзінде ауыл шаруашылығына зор мән берілгенін, оған банктер етене араласатынын атап көрсетті. Сондай-ақ Жолдаудағы өндірісті дамыту қажеттілігі де ескерілгені құптарлық мәселе екенін сөз етті.

Қаржы дағдарысынан шығудың бір жолы – облыста шағын және орта кәсіп­кер­лікті қолдау арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру болып отырғанын облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Н.Ахатов атап өтті. Сонымен қатар,  аймақтық индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында 42 жобамен жұмыс жүргізіліп жатқаны, өткен жылы 15 жоба жүзеге асырылғаны, жаңа объектілерді ашу және өндірісті кеңейту арқасында 880 жаңа жұмыс орны ашылғаны баяндалды. Мұнай компаниялары мен жергілікті тауар өндірушілердің арасында  56 млрд. теңге құрайтын 40 меморандумға қол қойылып,  бұл жұмыс жалғасын таба түседі.

Б.Рахымбеков Жолдау жүктеген жұмыстарды әлі де ширатуды, Үкіметтен облыстарға бөлінген ақшаны партия тарапынан бақылауға алуды тапсырды. Қаржының тиімді, ретімен жұмсалуын бақылау мақсатында қазір Партиялық бақылау комитеті жанынан Г.Қарағұсова бастаған топ құрылғанын да мәлім етіп, осындай топтарды аймақта жедел құру қажеттігін баса айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойын­ша “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының ХІІ съезіне Қызылорда облыстық партия филиалынан делегаттар сайланды.

Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат