Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-04-10:

ЗАМАНҒА САЙ САЗ КЕРЕК

  

Нұрсұлтан Әбішұлының сонау ке­ңестік кезенде, республика Үкіме­тін басқарып тұрған кездің өзінде ағымдағы шаруашылықтың қат-қабат мәселелерінің арасынан уақыт тауып, Жазушылар одағында қаламгерлер қауымымен кездес­ке­нін, олардың сұрақтарына жауап қай­тару барысында қазақ әдебие­ті­нің арғы-бергідегі таңдаулы дүние­лерімен жақсы таныстығын көр­сеткенін аға буын әлі күнге разы­лықпен еске алады.

Президент өнер шаңырақ­тарына да ұдайы назар аударып ке­леді. Егемендіктің елең-алаңындағы қиын шақта бірқатар елдерде театр­лар жабылып, сахна қайраткерлері қиындық көргені белгілі, ал бізде тәуелсіздік жылдарында бірнеше жаңа өнер отауы шаңырақ көтерді, бірқатар театрлар өздерінің ғима­рат­тарын күрделі жөндеуден өткізіп алды. Солардың бірі – М.Ю.Лер­мон­тов атындағы мемлекеттік ака­демиялық орыс драма театры. Кеше атақты театрда үлкен мереке ұйымдастырылды.

Мұнан біраз уақыт бұрын Мәде­ниет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыға арнайы келіп, қаладағы театрлар­дың жай-күйімен жан-жақты та­ныс­қан. Сонда сала басшысы осы театрдың жаңарған көркіне ерекше сүйсініп: “Кімге көрсетсе де ұял­май­тындай екен”, деген еді. Кеше сол театрды Президент көрді. Елба­сымен бірге осы өнер шаңыра­ғын­да Мемлекеттік хатшы Қанат Сау­дабаев та болды. Президенттің бұл келісі тек бір өнер ұжы­мымен кез­десу күйінде қалмағаны, осы арқы­лы Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы­дағы театр өнері қайрат­керлерімен жүздесуге мүмкіндік алғаны өте орынды шықты.

Расында да, бұл театр киіміл­гіш­­тен басталады. Орыс театры күрделі жөндеуден өтуі үшін де үш жылға жуық жабық тұрғаны белгілі. Шы­ғармашылық ұжым осы кезеңді өзге театрларға гастрольдетіп жүріп артқа тастады. Бұрынғы ғимарат­тың төрт қабырғасынан бас­қа­сы­ның бәрі дерлік адам танымастай өзгерген.

Көрермендер залынан бастап, гримерлік, костюмерлік, реквизит­тік бөлмелер, жиһаз және бутафор жасайтын цехтардың бәрі қайта жаң­ғыртылған. Бұл театрда сце­на­лық машинария, яғни шілтерлердің ашылып-жабылуы, көріністер, сах­наның айналуы, дыбыстың, жа­рықтың күшейтілу-бәсеңдетілуі, түрлі сахналық эффектілер – бәрі-бәрі бір ғана компьютерлік қон­дырғының көмегімен басқарылады. Театрдың едендік қабаты да то­лай­ым бір тірі ағза секілді. Ғимаратқа жарық, жылу беріп, таза ауамен қам­тамасыз ететін бүкіл инженер­лік құрылымдары қыздың жиған жүгіндей ұсынықтылығымен разы етеді. Театрдың осыншалықты кө­рер­мендердің комфорттық жағ­дайына бейімделуі қалай десек те ауыз толтырып айтатын жәйт. Түрлі қиындықтарға қарамастан, мемлекетіміз тек осы театрды күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 968 миллион теңге бөлді.

Сонау 1933 жылы Семей қала­сында ашылған, келер жылы Алма­тыға қоныс аударған Орыс драма театры бүгінгі биігіне көтерілгенге дейін де түрлі шежірені бастан кешкені аян. Ендеше, Елбасының осы өнер ордасына ат басын бұруы да театр тарихындағы айтулы күн­нің бірі болып қала берері анық.

Нұрсұлтан Әбішұлын аталмыш театрда Алматыдағы бүкіл сахна тар­ландары, өзге театрлардың да өнер­дегі дарабоздары, еліміздің бел­гілі драматургтері мен өнер­танушылары қуана қарсы алды. Сөз алдымен М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының көркемдік жетек­шісі Рубен Андриасянға тиді. Рубен Суренович бүкіл театр ұжымының атынан, барша көрермендер атынан мәдениетіміз бен театралдық өнер­дің дамуына үлкен назар аударып отырған Елбасына шын жүректен алғыс білдіру өзіне парыз екендігін айта келе, 40 жыл бойы жөндеу көрмей азып-тозып тұрған театрды күрделі жөндеуден өткізу Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы­мен жүзеге асқанын ерекше атап өтті.

– Сіздің қолдауыңызсыз театр өзінің өмір сүруін тоқтатуға мәжбүр болатын еді. Бүгін біздер осындай тамаша өнер ордасында еңбек етуге мүмкіндік алып отырмыз. Театр жаң­ғырды, тіпті қайта туған­дай түледі. Біздер бұрын тек ар­мандап қана келген мүлде жаңа құ­рал-жабдықтарға қол жеткіздік, жа­рық-дыбыс қондырғыларын жа­ңарт­тық және сахнаның механи­ка­ла­рын модернизацияладық. Енді бәрін компьютер жасайды, – деген Ру­бен Суренович 2002 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Қа­­зақстанның мәдениеті күндерін­де­гі мына бір оқиғаны еске алып:

– Баспасөз мәслихаты кезінде бір журналист ойдан шығарылған “орыс мәселесін” көтерді. Мен оған жауап ретінде қазақстандық театр­лардың жартысы дерлік орыс­тілді екендігін алға тарттым. Зал қошеметтен дүр сілкінді. Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл қошемет Сіз жүргізіп отырған саясатқа арналып, Қазақ­стан­дағы өркендеу мен тұрақ­ты­лыққа, ауызбіршілікке, Сіздің жеке өзіңізге бағытталған болатын, – деді.

Ал Мемлекет басшысының осы театрға арнайы келуін жалғыз Орыс драма театры ғана емес, Алматы­дағы барша театрлардың ұжымы өздеріне көрсетілген ортақ құрмет деп қабылдағанын байқадық.

Еліміздегі іргелі театр жетек­шілерінің сөзінен кейін  сахна төріне Елбасы көтерілді. Бүгін қайта жаңғырған мына бір әдемі де әсем залдан Орыс драма театрының әртістері мен көрермендердің ғана емес, республикамыздың жетекші театрларының басшылары мен белгілі театр қайраткерлерін көріп отырғандықтан, әңгімені өнердің осы саласы туралы сөзден бастағым келеді, деп бастады өз сөзін Нұр­сұлтан Әбішұлы. Тәуелсіздік алған­нан кейінгі кезеңде біз ел театр­ларына деген қамқорлықты еш­қа­шан назарымыздан шығарған емеспіз. Жалақы, зейнетақының өзін уақытында төлеу қиынға түскен тоқсаныншы жылдары іргесі сонау соғыс жылдарында қаланып, құлаудың аз-ақ алдында тұрған Абай атындағы опера және балет театрын қайта салдырдық. Ұлттық нақышта әдемі безендіріліп, осы заманғы құралдармен жабдықтал­ған бұл театр бүгінде Алматының көркіне көрік қосып, өнерсүйер қауымның бас қосатын әсем ордасына айналды.

Тәуелсіздіктің арқасында мем­лекет театрға ғана емес, мәдениет­тің бар саласына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Кейінгі бес жыл ішінде “Мәдени мұра” мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде халқы­мыз­дың мыңдаған жылдық мұрасы жүйеленіп, зерттеліп, жүздеген томдар ретінде жарық көрді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет мәде­ниетке мүмкін болған қамқор­лық­тардың бәрін жасады. Енді сіздер­ден “Заманға сай саз керек” деп  қазақтың ұлы жа­зу­шысы Мұхтар Әуезов айтқан­дай, кезінде жүздеген ғасыр бойы бабаларымыз арман­дап, біздің буын жүзеге асырған тәуелсіздіктің биік талаптарына сай жаңа шығармалар күтеміз.

Нұрсұлтан Әбішұлы осылай дей келіп осыдан 5 жыл бұрын өзіне Рубен Андриасян қырық жылдан бері жөндеу көрмей, тозығы жетіп тұрған театр ғимаратын көрсет­ке­нін еске алды. Театрдың сахналық, техникалық жабдықталуы да, труп­паның жағдайы да сын көтермей­тін. Сол кезде ол менің алдыма мәселені кәдімгі Гамлетше: “Бола ма, бордай тоза ма?” деп қойған еді. Ал бүгін қарасаңыз театрдың ахуалы басқаша. Театр толық қайта жөн­деу­ден өтіп қана қойған жоқ, еуропалық деңгейдегі тамаша сахна жабдығы­мен жарақтандырылды. Енді мен, Рубен Суренович, сіздің өзіңізге де Шекспир тілімен: “Ал бұ­ған не айтасыз?” деп сұрақ қой­ғым келеді, деді Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы драматург ко­ме­диясының атын орнымен пайда­ла­нып тұрғанын білгендіктен де жиналған қауым бұл сөзге дуылдата қол соқты.

Бұл театр – шығармашылық үшін тың тынысы ашылған Қазақ­стандағы жалғыз театр емес, деп атап көрсетті Президент. Бүгінде елімізде елуден астам театр жұмыс іс­тейді, олардың жартысы – орыс­тілді театрлар. Сонау соғыс кезінде тұр­ғызылған Абай атындағы ака­де­миялық опера және балет театры жаңа талаптарға сәйкес қайта жаң­ғыртылды. Н.Сац атындағы респуб­ликалық балалар мен жасөс­пірім­дер театры, корей театры жаңа ғима­раттарға көшті. Ұйғыр теа­трына да күрделі жөндеу жүргізілді. 2006 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры жөнделді. Жалпы, театрлардың қайта жаңғыруы – бүкіл елге тән құбылыс. ТМД-дағы біраз елдерде кей театрлар өз қызметін тоқтатып жатқан кезде Қазақстанда жаңа театрлар ашылды. Ең бір ауыр жыл­дардың өзінде біз әртістерді қолдауды ұдайы назарда ұстадық. Тек биылғы жылдың өзінде жос­парлы 25 пайыздық өсімнің үстіне бірқатар шығармашылық ұйым­дар­дың ұжымдарына 1,72 коэффи­циен­ті қолданыла бастады. Сөйтіп, әртістердің жалақылары іс жүзінде екі есе өсті.

Осының бәрін мемлекет біздің мәдениетіміз бен өнеріміз биік дең­гейде болуы үшін жасап жатыр, деп атап айтты Президент. Кинема­то­граф дүниеге келгенде талайлар енді театрдың күні бітеді деп сәуе­гейсіген. Абырой болғанда, олар­дың айтқаны келген жоқ. Келмей­тіні – театр өмірдің өзі. Өйткені, театр сахнасындағы өнер көрер­мен­дердің көз алдында туындайды, онда екінші дубль деген болмайды.

Осылай дей келіп Президент бірқатар мәселелерді алға тартты. Біріншіден, Елбасы осы кездесудің алдында белді бірқатар отандық театрлардың репертуарларымен танысқанын, оларда классиканың үлесі басым екенін айтты. Көкей­кесті, осы заманғы тақырыптарға жазылған жаңа пьесалар репертуар­ды байытып қана қоймай, театрға жас көрерменді тартуға да көмек­тесер еді. Мұның өзі біздің жас­тарымызды тәрбиелеу, театрға құ­мар адамдардың жаңа буынын қалыптас­тыру үшін өте маңызды. Екіншіден, сіздер театрдағы барлық жаңалық­тардан хабардар болумен бірге, осы істің алдында жүрулері­ңіз керек, ал бұл үшін әлемдегі белді театрлардың режиссерлерін – жұрт таныған мэтрлерді жиі шақы­ру керек. Үшіншіден, әртістер мен мәдениет қайраткерлерін дайындау мен кәсіби дәрежесін шыңдау театр сахнасына жас таланттарды тарту­дың кепілі болып табылатынын ұмытпау шарт.

Президент келесі кезекте Білім және ғылым министрлігіне Мәде­ниет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып біздің шығарма­шы­лық жастарымыз “Болашақ” бағ­дар­ламасы аясында әлемнің таң­даулы жоғары оқу орындары мен сахналарында өз шеберлігін шың­дауға мүмкіндік алуына жағдай жасауды тапсырды. Президент мұнан кейін жылма-жыл өтіп жа­та­тын конкурстардың жеңім­паздарын сол қазылар алқасынан басқа көп адам біле қоймайтынына назар аударды. Конкурстарда же­ңімпаз деп танылған шығармалар елдің белді театрларында қойылуы тиіс. Мұнан кейін көтерілген мә­селе – театр сахналарындағы қойы­лымдардың телевизиялық нұс­қаларын жасау арқылы осы қа­зынаға барлық қазақстандықтарды ортақ ету. Мұның өзі біздің мәде­ниетімізді танытумен қатар, теле­арналарды да байыта түсер еді. Театр өмірі Астана, Алматымен шек­теліп қалмауға тиіс. Мен өңір­лерде болып тұрамын, облыстар­дағы театрлардың қойылымдары бейнелерінің тереңдігімен, сюжет­тері­нің жаңалығымен ерекшелене­тін кезі аз емес. Облыс әкімдері жергілікті театрларды белсенді түр­де қолдауға, ал республикалық театр­лар өз сахналарын облыстық театрларға жиі беріп тұруға тиіс, деді Президент.

Мұнан кейін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы әлемді шарпыған қаржы дағ­да­рысына қарамастан, елімізде жаңа концерт залдары мен жаңа өнер сарайлары тұрғызылып жат­қанына назар аударды.

Өткен жылы тамаша Тәуел­сіздік Сарайы ашылды. “Шабыт” жастар шығармашылығы сарайы­ның құрылысы аяқталуда, әлемдегі бірегей ғимарат – үш жарым мың кө­рермен сиятын Концерт залы­ның құрылысы қызу жүріп жатыр. Оған қоса біз биыл Астанада ең жоғары талаптарға жауап беретін жаңа опера және балет театрының құрылысын бастаймыз, деді Президент. Елбасы өз сөзінде театр тарландары Юрий Померанцевтің, Владимир Толоконниковтің, Нина Жмеренецкаяның, Геннадий Ба­лаев­тың, ұжым жетекшісі Рубен Андриасянның есімдерін бөле-жарып атады. Сахна шеберлеріне жаңа табыс, сәтті премьералар мен таусылмас шабыт тіледі.

Елбасының шынайы толғаны­сы, өткір қалжыңдары мен залдағы сахна майталмандарын шетінен та­нып, атын атап, түсін түстеп отыр­ғаны да Мемлекет басшысының бұл ортаны бес саусағындай біле­тінін көрсетті, өнерлі ортаны сер­пілтті. Нұрсұлтан Әбішұлының: “Театрды сүймейтін, театрды түсін­гісі келмейтін адамдардан түбінде жақсы адам шықпайды”, деуінде де терең тәрбиелі шындық жатқаны­мен келісесің.

Осы кеште М.Әуезов атын­да­ғы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Есмұқан Обаев та кешегі Одақ тарап, әр ел өз өнерін өз үрдісімен дамытқан кезде де театр саласында тынды­рыл­ған тірліктерді ретімен дәйектей келіп: “ТМД-да көптеген театрлар жабылып жатқанда, тіпті көршіміз Түркіменстан театрды былай қойып, өнердің опера, балет сияқты тамыры тереңге кеткен салаларына түгел тыйым салған тұста да Қазақстанда жыл өткен сайын жаңа өнер ордалары ашы­лып жатты. Соны көрген көрші елдердегі әріптестеріміз бізге үнемі қызыға қарады. “Ұлт театрының Нұрсұлтан Әбішұлындай қамқор­шысы бар қазақтар қандай бақытты халық”, деп разылық танытты. Ең бастысы, Сіз осы театрлардың бәрін­де болып, олардың шығарма­шы­лық табыстарын бірге бөлістіңіз. Әр облысқа барған сайын облыс­тық театрлардың жай-күйімен та­ны­сып қана қоймай, олардың спек­такльдерін де тамашалағаныздың талай куәсі болдық”, деді.

Өнер тарландары Елбасының осындай қамқорлығын айрықша бағалайтындығын ризашылықпен атаған Есмұқан Обаев біз әлемдік тәжірибеге зер салып отырамыз. Өзге ел президенттерімен салыс­ты­ра қарағанда біздің Елбасымыздың мәдениетке, әсіресе, театрға деген ықыласы ерекше екенін атап айт­қым келеді, дей келе, мына бір фак­тілерге тоқталды. Тәуелсіздік жыл­дары Астанада және алты облыс орталығында барлығы 7 қазақ драма театры ашылды. Бір кездері қазақ театрын былай қой­ғанда, қазақ мектебін ашудың өзі мұң болған, қазақтарының саны 15-20 пайыздан асып көрмеген Петро­павл, Көкшетау, Орал, Қостанай сияқты қалаларда қазақ театрлары­ның шаңырақ көтеруін ұлт мәде­ниеті дамуындағы ұлы оқиға деп бағалауымыз керек. Қазақ театры облыс орталығын айтпағанда, облыс­тық деңгейдегі шағын қала саналатын Түркістанда да ашылды. Осының бәрі ел тәуел­сіздігінің арқасы, сол тәуелсіздік жылдары еліміздің екі тізгін, бір шылбырын берік ұстап, туған Қазақстаны­мызды әлемдік биікке бастап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ұлан-ғайыр еңбегінің арқасы екендігін ашық айтуымыз керек, ағайын, деп тағы да риясыз алғысын жеткізді.

Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, Сізді актерлер қауымы еркелетіп, “Әкем театр” деп атайтын М.Әуе­зов атындағы академиялық теа­тры­на шақырамын, деп сөзін аяқтаған қазақ драма театры жетекшісінің сөзін республикалық корей музы­калық комедия театрының дирек­торы Любовь Ни жалғастырып, Пастернактың: “Шекспир – бұл Англияның тарихы”, дейтін сөзі бар. Пастернактың осы сөзін қай­та­лай отырып, біздің корей теа­тры­ның тарихы – бұл Қазақстан тарихының айнасы деп айтар едім, деп шынайы толқып сөз сабақтады.

Любовь Августовнаның дәл осы­лай толқитын да жөні бар. Аталмыш театрдың тарихы Оңтүс­тік және Солтүстік Кореядағы ұлттық театрлардан да терең. Бұл театр – тарихи отанынан жырақта өмір сүріп жатқан жалғыз корей театры. Театр өзінің жетпіс жылдан астам ғұмырында әртістердің төрт буынын ауыстырған. Ал 30-дан астам корей ұлтының өнерпаздары Қазақстанның ең жоғары марапат­тарына ие болған.

Сонау 1932 жылы Владивосток қаласында ашылған біздің театр 1937 жылы Қызылордаға көшірілді. Бұл кеңестік корей ұлты мен жан-жаққа еріксіз қоныс аударылған халықтар үшін аса ауыр жылдар еді. Бірақ, қазақ халқының жомартты­ғы, жүрек жылуы, кеңдігінің арқа­сында біздер – корейлер тіршілік тайталасында басымызды аман сақтап қана қоймай, тілімізді, мәде­ниетімізді, тіпті ұлттық болмы­сымызды да сақтап қала алдық. Бәрінен де бұрын біздің ғажайып театр табысты қызмет етіп жатыр, деді корей театрының жетекшісі.

Қарап отырсақ, талай кезеңді бастан өткерген Қазақстандағы байырғы корей театры осы уақытқа дейін 250-ден астам жаңа қойы­лымдар жасап, тамаша концерттік бағдарламаларымен көрермендеріне сан рет қуаныш сыйлаған. Реті келіп тұрғанда корей театры мем­ле­кеттік мәртебеге ие екендігін тілге тиек етіп өткен Любовь Ни бізге шетелдік қонақтар келген кезде Корея мемлекетінен тысқары жерде, тек қана Қазақстанда әлем­дегі жалғыз корей театры мен ұй­ғыр театры жұмыс істеп жатқанын көріп тәнті болады. Әйтпесе мол санды корей немесе ұйғыр диас­поралары басқа елдерде де бар ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің арқаңызда біздің қазақстандық театр әлемі түрлі тілдерде сөйлейді, деді Любовь Августовна. Ол келесі кезекте Елбасының есіне мына бір оқиғаны салды. Менің есімде, 2002 жылы Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі қазақ­стандық корейлермен кездесу барысында корей халқына көрсетіп отырған қамқорлығыңыз үшін Сізге алғыс айтқанда, Сіз корей хал­қы мен корей мәдениетіне қара­сатыныңызды, өйткені, олар өзі­міздің корейлер, өзіміздің азамат­тарымыз екендігін айтып едіңіз. Бұл сөзден биік және осы сөзден бағалы не болуы мүмкін, Нұрсұл­тан Әбішұлы! деп сөзін аяқтаған корей театрының директоры да Елбасын өз театрына шақыруды ұмытпай, онда да ұялмай көрсе­тетін қойылымдар бар екенін жеткізді.

Қойылым демекші, Елбасы кеше М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекет­тік академиялық орыс драма театрында “Семей­ный портрет с посторонним чело­веком” атты спектакльді тамашалады.

“Хлеба и зрелищ” – сонау Рим империясы заманынан келе жатқан қанатты сөздердің бірі осылай дейді. Адамға тән азығымен бірге жан азығы да керек. Жан азы­ғы, әсіресе, қоғам экономи­ка­лық қиындықтарға тап болған кезде бұрынғыдан да керегірек бола түседі. Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың еліміздегі сахна қайрат­керлерімен кездесуі қоғам­ның қажеттілігін суреткердей сер­гек сезінудің келісті көрінісіне айналды.



Авторы: Айнаш ЕСАЛИ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. Алматы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат