Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-04-11:

УАҚЫТПЕН ҮНДЕСТІК

                   

– Ең әуелі Ұлттық ғарыш агенттігінің тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Ұлттық ғарыш агенттігі 2007 жылғы 27 наурыз күні “Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы” Елба­сы­ның Жарлығына сәйкес құрылды. Қазғарыш ғарыш қызметі сала­сындағы мемлекеттік реттеу және салааралық үйлестірумен айна­лысатын орталық атқарушы орган болып табылады.

Сондай-ақ, оның құрамына “Қазақстан Ғарыш Сапары” ұлт­тық компаниясы” АҚ, “Инфра­кос” РМК, “Инфракос-Экос” ЕМК, “Байқоңырбаланс” ММ, “Ға­рыштық байланыс және радиоэлектронды құралдардың электр-магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы” АҚ, “Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы” АҚ, “Бәйтерек” АҚ кіреді.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев тәуелсіздік алғаннан бері ғарыш қызметін іске асыруда қол­дау көрсетіп, оған ерекше назар аударып келеді. Тәуелсіз Қазақ­станның қысқа тарихында Бай­қоңыр ғарыш кешенін сақтап қалып, қуатын қалпына келтіру, ғарышқа қазақстандық ғарыш­кер­лерді ұшыру, ғарыш бағдарлама­ларын жүзеге асыру жұмыста­рының атқарылуы Елбасының нақты тапсырмаларының нәти­желері екенін атап өткен жөн.

Ғарыш қызметінің дамуы Қазақстан үшін бәсекеге қабі­леттіліктің және мемлекет дамуы­ның индустриялық-инновация­лық стратегиясын іске асырудағы әлеуетті факторларының бірі болып табылатыны белгілі, өйткені Қазақстанның алға қарай дамуы үшін ғарыш саласының стратегиялық маңызы зор.

– Қазір ғарыштық ғылым мен техника саласындағы отандық мамандарды дайындау қалай өтіп жатыр және ғарыш қызметін дамытудың болашағы қандай?

– Ел аумағында орналасқан “Байқоңыр” кешенін өз тара­пымыздан қолданбайтын уақыт Қазақстан үшін келмеске кетті. Бұл орайда Қиыр Шығыста салынып жатқан “Восточный” ғарыш айлағы да себепкер болып отыр. Бұл – болашақта “Бай­қо­ңыр­дан” Ресей ғарыш кәсіпорын­да­рының қоныс ауыстыруын және қазақ­стандық ғарыш қызметі да­муында жаңа кезең басталатынын білдіреді.

Ғарыш қызметін дамыту мін­деттері ғарыш саласы мен оның ғылыми-технологиялық базасы үшін отандық жоғары білікті мамандарды дайындаумен қоса атқарылады.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Қазақстан халқына Жолдауында халықты жұмыспен қамту стратегиясына назар аудар­ды. Қазғарыш өзінің барлық жо­баларында жаңа жұмыс орындарын ашып, жас мамандарды жұмыспен қамтуға жағдай жасауды мақсат етіп отыр.

Президент алға қойған міндет­терге орай “Қазсат” байланыс спутниктік жүйесін кұру, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау және жерді қашықтан зерттеу ғарыш жүйесі кешендерін жасау және кеңестік кезеңнен кейінгі ірі көлемді қазақстандық-ресейлік жоба – “Ангара А-5” зымыран­тасығышы негізінде “Бәйтерек” ғарыштық кешенін құру жұмыс­тары жүргізілуде.

– Ғарыштық ғылым мен тех­ника саласындағы қазақстандық ма­мандарды даярлау қалай жүргізі­луде?

– Қазіргі уақытта ғарыш са­ласындағы жас мамандарды дайын­дау үшін барлық жағдайлар жаса­луда, өйткені оның дамуы маман­дарды даярлау және қайта даярлау деңгейіне тікелей байланысты. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, білікті маман Талғат Мұсабаевтың арқасында еліміздің мемлекеттік классификаторына ғарыштық ма­мандықтарды енгізу жұмыстары жүргізілді. Отандық жоғары оқу орындарының бірқатарында “Ра­дио­техника, электроника және те­лекоммуникациялар”, “Радиобай­ла­ныс және радионавигация”, “Жыл­жымалы байланыс құралдары мен жүйелер байланысы”, “Радио­байланыс, радиохабарларын тарату және теледидар”, “Көп арналы телекоммуникациялық жүйелер” мамандықтары оқытылуда.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен үшінші жыл қата­рынан Білім және ғылым министр­лігі квотасымен 45 білім гранттары Мәскеу авиация институтының Байқоңыр қаласындағы филиалы­ның 1 курсына түсушілерге ар­налып отыр. Аталмыш филиал ға­рыш техникасын сынауға қатысты инженер мамандар даярлайды. Биылғы жылғы наурыз айында Ұлттық инженерлік академияда өткен “Жыл инженері” құрметті атағымен марапаттау рәсімінде Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев техникалық жоғары оқу орындарында ғарыш саласының мамандарын дайындай­тын факультеттер мен мамандықтар ашуды ұсынды. Агенттік басшы­сының осы ұсынысы еліміздің техникалық жоғары оқу орындары ректорлары тарапынан қолдау табады деп ойлаймыз.

– Ғарыш агенттігі қазір қандай мемлекеттік бағдарламалар жобасын дайындауда?

– Агенттік ғарыш қызметін дамытудың 2020 жылға дейінгі ке­зеңге арналған мемлекеттік бағдар­ламасының жобасын дайындады, ол осы жылғы наурызда Премьер-Министрдің бірінші орынбаса­рының қатысуымен өткен ғарыш жөніндегі кеңес отырысында ма­құлданды. Онда ғарыш саласының болашақ мамандары әлеуетін дамытудың нақты мақсаттары белгіленді.

Ғарыш қызметін институттық қамтамасыз етуді қарастыратын 2009-2011 жылдарға арналған стра­тегиялық жоспар дайындалды. Бағ­дарламаның мақсаты – ғарыш саласын ақпараттық және кадрлар­мен қамтамасыз ету, инженерлік-техникалық және ғылыми кадр­ларды қайта дайындау және олар­дың біліктілігін арттыру міндет­те­рін орындау.

– Біздің жастарымыздың шетелдерде білім алуға мүмкін­діктері бар ма?

– Әрине, бар. Президенттің “Болашақ” бағдарламасының аясында ғарыш мамандықтары бойынша Ресей, АҚШ, Ұлыбри­тания, Франция, Германия, Ни­дерланды, Канада, Қытай елде­рінің жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндіктері қарастырылған. Қазіргі кезеңде президенттік сти­пендияға ие болған 97 адам ға­рыш саласындағы түрлі маман­дықтар бойынша оқып жүр. Сон­дай-ақ, Білім және ғылым ми­нистр­лігімен бірге ғарыш саласы мамандарын Украинада осы тұрғыда қалыптасқан мүм­кіндіктерді пайдаланып дайындау мәселелері де қарастырылуда.

– Агенттік ғарыш қызметімен айналысатын ұйымдардың және мемлекеттік қызметкерлердің бі­лік­тілігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Ол жұмыстар айтарлықтай. Қазіргі дағ­дарыс жағдайында кадр әлеуетін жаңарту қажеттілігі үлкен. Би­ылғы жылдан бастап ғарыш са­ласы үшін мамандардың білікті­лігін арттыру және қайта дайын­дау салалық жүйесі іске асырылуда.

Атап айтқанда, осы жылдың 3 наурызы күні Ұлттық ғарыш агент­тігі еліміздің ғарыш саласы үшін мамандар дайындау бағдарла­масы аясында спутниктік байланыс та­рауындағы мамандар біліктілігін арттыру курстарын өткізді. Оқу сабақтарын “Ғарыш­тық байланыс және радиоэлек­тронды құралдар­дың электр-маг­ниттік үйлесімділігі республи­калық орталығы” АҚ-тың жетекші мамандары жүргізді.

Ақкөл кентінде ғарыш аппа­раттарын басқару және байланыс­тық талдау жүйесінің жерүс­ті кешенінде мамандар үшін тре­нинг өткізілді. Келешекте ма­мандардың біліктілігін арттыру курстарын тұрақты түрде өткізу жоспар­ланып отыр.

 – Өз өмірін ғарыш қызметімен байланыстырғысы келетін жастарға қандай тілегіңіз бар?

– Мен жастардың ғарыш саласында өздерінің бастамаларын іске асыруларына тілектеспін. Заманауи космонавтиканың не­гі­зін салушы Константин Циолков­ский айтқандай: “Бүгін мүмкін емес жағдай, ертең мүмкін бола­ды”. Бұл сөздер қазіргі жағдайда ерекше маңызды. Жас ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Еліміздің болашағы жастардың қолында, оны олар білуі қажет.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.

 

Жастар ғарышты игерсек дейді

 

Тәубе, іргеміз бекіп, еңсеміз көтеріліп, әл-ауқатымыз артқанда бүгінгідей кезеңде ұл-қызымыз дәуірдің тірегі, заманның озық үлгісі – ғылым мен білімді игеруде. Осының бір дәлелі – Білім және ғылым министрлігі “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйытқы болып келе жатқан мектеп оқушыларының “Ғылым әлемін ашамыз” атты білім сайысы дер едік. Биыл бесінші рет өткен бұл шара елордадағы Тәуелсіздік сарайында ашылып, жүйріктер бақ сынасты. Жалпы, бұл халықаралық дәрежедегі оқушылар конференциясының басты мақсаты неде дегенге келетін болсақ, ғарыштық техноло­гиялар, астрофизика және модельдеу, ғарыш, жер туралы ғылым саласындағы қолданбалы зерттеулерге талантты оқушыларды мектеп табалдырығынан баулып, қабілеттерін шыңдау, алдағы күнге ынталандыру болып табылады.

Аталған білім жарысына өз Отанымыздың оқушыларымен қатар Ресейдің, Грузияның және өзге де мемлекеттердің жас талапкерлері қатысты. Алғашқы сөзді Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев алып, еліміздегі білім беру саласының жай-күйіне жан-жақты тоқ­талып, бес жылдың белесіне көтерілген оқу­шылар конференциясына қатысушыларды құт­тықтады. Ал Ұлттық ғарыш агенттігінің төра­ғасы, қазақтың батыр ұлдарының бірі Талғат Мұсабаев ТМД мемлекеттерінің ішінде қазақ жұртынан ғана ғарышкерлердің шыққа­нын айтып, үлбіреген ұл мен қызғалдақтай қызға Отанының ертеңгі тірегі мен тіреуі, болашақ ғарышкерлер, елдің зиялысы, ұлт ұла­ны сен­дер­сіңдер, дей келіп, қазіргі техникалық жетістіктер мен технологиялық өзгерістерді қадағалай оты­рып, оны ақыл-оймен дамыту керектігін назарға салды. Ол сонымен қатар, білім жарысына келген 80-ге таяу оқушының қиялынан туындап, қолдарынан шыққан ғарыш әлеміне қажет алуан түрлі техникалармен, схемалармен танысқанын, алғырлар мен таланттардың, яғни болашақ ізбасарларының аз емес екеніне көзі жеткенін де атап өтті. Сол секілді пленарлық мәжілісте “Бәйтерек” Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіп­орны АҚ директоры И.Ахматов отандық ғарышты игеру жайына тоқталса, Грузиядан арнайы келген “Балавари” педагог-но­ва­торлары ассоциа­ция­сының төрайымы Л.Бард­зенешвили Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жас таланттарға әрқашан осындай көмек көрсетіп келе жатқанын сүйсіне баяндады.

Бұдан кейін білім сайысына келген оқу­шылар төрт секция бойынша өздерінің ізденіс­терін қазылар алқасының талқысына салды. Қорытындысында І дәрежелі дипломды Иван Мычко (Қостанай), Тұрсын Мырзажанов, Нұрым Рысбеков (Ақтөбе), Вахтанг Тактабидзе (Грузия), Дмитрий Вагапов, Максим Кузнецов (Астана), Наурызжан Исмаилов (Солтүстік Қазақстан) ие болса, қалған екінші, үшінші орынды 20-дан аса оқушы бөлісті.

Қазір әлемде ғарыштық сала дүниежүзілік даму үрдісінде бірден-бір ғылыми басымдыққа ие болып отырғаны анық. Отанымыздың сол үрдістен өзіндік орнын алуы жолында жас ұрпақтың күні ертең атқарар қызметі аз емес. Аға жолын іні жалғастыратын ұлттық дәстүріміз бойынша біз оқушылар арасындағы таланттарды осындай білім сайысына тартып, оларды келешекке білімді де білікті етіп бау­луды ойластырып келеміз. Өткен бес жылдың ішінде жүздеген бала жарысқа түсіп, нағыз дарындар жеңімпаз деп танылып, бірден жо­ғары оқу орнына емтихансыз түсуге грант алып келеді. Олардың біразы қазір өз Отанымызда, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерде білім алып жатыр. Солардың арасынан болашақ ға­рышкерлер шығады деген үміттеміз, деді журналистерге “Дарын” орталығының директоры Т.Битуова.

Сүлеймен МӘМЕТ.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат