Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-04-24:

ЖУРНАЛИСТ СӨЗІ – ДАУАНЫҢ КӨЗІ

 

VІІІ Еуразия медиа форумына қатысушылар мен қонақтарға ыстық ниетпен сәлем жолдаймын!

Бұл форум адамзат дамуының күрделі кезеңінде өткелі тұр. Әлем жұртшылығы тұрақсыз халықаралық саяси ахуалдан туындаған тарихымыздағы ең ірі қаржы-экономика дағдарысын бастан өткеруде.

Қазір әлемнің барлық мемлекеттері ғаламдық теңсіздікті жоюға және күллі әлемдегі экономиканы тұрақтандыра алатын халықаралық ынтымақтастық пен өзара ықпалдастықтың жаңа үлгілерін орнықтыру жолында батыл қадам жасауы қажет.

Қазақстан әрдайым қазіргі заманның қадау-қадау түйіндері талқыға түсетін мәслихат мүйісі болып келді. Солай бола береді де. Біз ғаламдық экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын қарастыру, әлемнің жаңа бет-бейнесін қалыптастыру ісіне белсенді түрде араласуға дайынбыз.

Еуразия медиа форумы Алматыға беделді сарапшыларды, белгілі саясаткерлер мен журналистерді осымен сегізінші рет жинап отыр. Мұнда әлем жұртшылығы үшін көкейкесті түйткілдерді талқылау, оларды шешудің тың амалдарын іздестіру дәстүрге айналған.

Форумды өткізу идеясы біздің мемлекетіміздің даму стратегиясымен сәйкес. Яғни, әлемді тек диалог пен серіктестік, өзара түсіністік пен өзара сыйластық арқылы ғана өркендетуге болады.

Сіздерге, Еуразия медиа форумының барлық қатысушыларына жемісті жұмыс, пайымды пікірталас және бүгінгі күрделі кезеңде келешекке деген сенім тілеймін!

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

 

Мемлекеттік хатшының хатта­ма­лық міндетті ғана атқарып, құт­тық­тау мәтінін оқып шығумен шек­телмегені, әлемнің ірі елдерінде елші, Сыртқы істер министрі болған көрнекті дипломат ретінде адамзатты толғандырар мәселелерге орайлас өз ойын ортаға салғаны жи­налған жұртшылыққа жақсы әсер етті. “Сегіз жылда Еуразия ме­диа форумы халықаралық ауқымда жан-жақты танылды. Форумға 60 елден 500-ден астам делегат қа­тыс­ты. Бұған дейінгі жиындарда жік­шілдік, танылмаған мемлекеттер, журналистер құқығы, лаңкестік, ай­мақтық қауіпсіздік, шынайы және жанама саясат басты тақы­рып­қа айналды. Ал бүгінгі өзекті әңгіменің ғаламдық экономикалық дағдарысқа қатысты өрбитіні таби­ғи нәрсе”, деді сөз басында Қанат Бекмырзаұлы. Әлемдік эконо­ми­ка­ға етене кіріккен Қазақстан да жа­һан­дық дағдарыстан тыс қала ал­май­ды. Бірақ, біздің елдің бір ерек­шелігі бар – көшбасшымыз, рес­пуб­ликаның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс тұсында басқарудың тамаша тәжі­рибесіне ие. Елбасының сарабдал саясатының арқасында жас мем­ле­кетіміз Кеңес Одағының ыдырауы­нан туындаған Еуразия кеңіс­ті­гін­дегі ауқымды әлеуметтік-эконо­ми­калық дағдарыстың да, 1997-1999-жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азия және Ресейдегі қаржы дағдары­сы­ның зардабын да еңсере білді. Осы жылдары біз экономиканың тиім­ді­лігін арттыру, оны нығайту ар­қы­лы қор жинақтау бағытында мақ­сатты әрекет еттік. Берік әрі мы­ғым қаржы қорын қалып­тас­тырдық. Сындарлы экономикалық саясат нәтижесінде қаржы-эко­но­ми­ка жүйесін сақтап қалып, әлеу­меттік міндеттемелерді орындауға, жаңа қиындықтармен күресте же­дел жұмылуға қол жеткіздік. Қазіргі кезеңнің бұрынғыдан өзгешелігі деп Қазақстан бүгінде дағда­рыс­ты қазығы берік, әлемдегі мәр­тебесі мерейлі мемлекет ретінде қарсы алып отырғанын айту қа­жет. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың стратегиялық көре­ген­дігіне әділ баға берген жөн. Мем­лекет басшысы 2000 жылы өн­дірістен түсетін үстеме пайданы сақ­тайтын Ұлттық қор құру жө­нін­де шешім қабылдады. Қорға 27 млрд. доллар жиналды, дәл қазіргі соның 10 млрд. доллары Прези­дент­тің нұсқауымен дағ­дарысқа қар­сы бағдарламаны қаржылан­ды­ру­ға бағытталды. Яғни, Қазақстан халықаралық рыноктар­да ешкімге алақан жаймайды.

Еліміздің дағдарысқа қарсы айқын әрі ашық бағдарламасы – макроэкономиканы және қаржылай тәуелсіздікті қамтамасыз ету, жылжы­майтын мүлік нарығындағы түйіндер­ді шешу, шағын және орта кәсіпкер­лікті, ауыл шаруашылығы мен әлеу­меттік кепілдікті қолдауды көздейді. Жалпы алғанда осы мақсаттарға 18 млрд. доллар бөлінді. Бұл ішкі жалпы өнімнің 14 пайызын құрайды.

Елбасымыз “Дағдарыстан шығу кілті” деп аталатын белгілі мақа­ла­сында әлемдік экономикалық тәр­тіп­тің соны үлгісін ұсынды. Дағ­да­рыстан кейінгі әлемнің құрылымын осындай зеректікпен көре білу халықаралық қоғамдастықтың зор қызығушылығын тудырып, бірқатар елдердің басшылары мен әлемдегі танымал экономистер тарапынан қолдау тапты. Нұрсұлтан Назар­баев­тың идеясының өзегі – әлем­дік біртұтас валютаны енгізу. Сай­ып келгенде, Лондондағы “Үлкен жиырмалық” саммитінің түйіні, яғни Халықаралық валюта қорын нығайтуға басымдық беру, арнайы қарыз беру құқығының маңызын арттыру да әлемде әділетті және төрт құбыласы сай халықаралық қаржы жүйесін құру қажеттігін түсіне бастағанын көрсетеді.

Тұңғыш Президентіміздің бас­та­масымен жүзеге асырылып жат­қан дамудың “Қазақстан жолы” формуласын еске түсірген жөн. “Алдымен экономика, сосын сая­сат” ұстанымы елімізге ұдайы эко­но­микалық өсім мен берік қор құ­ру­ды қамтамасыз етті. Міне, сөй­тіп, ол қазіргі дағдарыста қауіп­сіз­дік қалқанына айналды. Бүгінде Мемлекет басшысының қоғамды дәйекті түрде ырықтандыруға арқа сүйейтін экономиканы озық ре­формалау стратегиясы көпұлтты қоғамдағы татулық пен тұрақты дамудың іргетасына айналды.

Ғаламдағы ең зор қауіп – жаппай қырып-жою қаруларына кеп тіреледі. Оларды таратпау жүйесін нығайту, ақыр аяғы жер бетін ядролық қарудан тазартуға күш салу қажет. Қазақстан қуаты жөнінен әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық зымыран қару-жарағынан өз еркімен бас тарту арқылы ғаламдық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге қомақты үлес қосты. Еліміз дәйекті түрде ядролық қару­ды таратпау және толық қарусыз­дану үрдісін жақтап келеді. Сол се­бепті, біз осы саладағы кез келген игі қадамды, соның ішінде, АҚШ Президенті Барак Обама мен Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің ядролық қарусыздану және ядро­лық қару таратпаудың халықаралық жүйесін нығайтуды көздейтін бас­тамасын қолдаймыз. Бұл адым Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге жиындардың мінбері ар­қылы және ядролық алпауыт ел­дердің басшыларымен кездесу­ле­рінде білдірген дәйекті ұстаны­мымен үндес. Бұл бүгінде ірі ядро­лық мемлекеттердің жетекшілері Қазақстан басшысының, сондай-ақ, түрлі мемлекеттердегі қару-жа­рақты таратпауды қызу жақтау­шы­лардың жер бетін ядролық қауіп-қатерден құтқару жөніндегі үндеуін естіді деген сөз. Әсіресе, әлемдегі ядро­лық ең ірі екі мемлекет – Ре­сей мен АҚШ қарусыздану үлгісін көрсетуге ниетті. Бұл қадам Ядро­лық қаруды таратпау шарты негізінде жүзеге асырылып, оның қарусыздану міндеттемесін алған ядролық қаруы бар елдерге қозғау салары анық.

Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші елдердің бірі. Өзде­ріңізге мәлім, Мемлекетіміздің бас­шысы Қазақстан аумағында отын банкін орналастыру жөніндегі ұсы­нысты қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл бастаманы Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад жария түрде қолдады. Оның сыр­тында аталған мәлімдеме әлемдегі алдың­ғы қатарлы елдердің астана­лары мен ядролық қаруға қарсы қоз­ғалыстар тарапынан да оң ба­ғаланды. Осының өзі біздің еліміз бен көшбасшымыздың ядролық қаруды таратпауға адал екендігіне тағы бір дәлел, деді Қанат Сау­дабаев.

Мемлекеттік хатшы форумда ашық әрі шығармашылық еркін пікір алмасу негізінде бүгінгі күннің шындығы мен дағдарыстан кейінгі әлемнің болашағын болжау жайы талқыланады деген үмітте екенін айтты. Асылы, бұқаралық ақпарат құралдары қазір дағдарысқа қарсы маңызды ресурстардың бірі, деп атап көрсетті сөзінің соңында Қанат Саудабаев.

 

 

Еуразия медиа форумының ұйымдастыру комитетінің төрайы­мы Дариға Назарбаева кіріспе сөз сөйледі. “Сегізінші Еуразия медиа форумы өз жұмысын қысылтаяң һәм қым-қуыт кезеңде бастағалы тұр. Ғаламдық экономика соңғы ондаған жылдар бойы ұшыраспаған қарқынмен құлдырауда. Мәуесі мен жемісін күні кеше мақтан тұтқан жаһандану бірқатар іргелі елдердегі дағдарыстың күллі ғаламды шар­пуына әкеп соқты”, деді сөзінің басында Д.Назарбаева.

“Біздің форумға білдірген ықылас-ниеті үшін, үнемі біздің ортақ күш-жігерімізге берген биік ба­ғасы үшін Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа риясыз ризашылы­ғы­мызды білдіруге рұқсат етіңіздер. Сал­мақты да сындарлы сөз сөй­леген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Сау­да­баевқа да алғыс айтамын”, деген форум ұйымдастыру комитетінің төрайымы қазіргі күннің күрделі мәселелерін тізбелеп өтті.

Күн сайын жаңалықтар тағы бір қақтығыстың жаңа мүйісін табады. Өлім мен зорлық-зомбы­лық, тіпті, мектеп пен балабақ­шаны да талға­майды. Мұның бәрі жүрегімізді ауыртып, түйсік-санамыз сол бір сауалды қоюға мәжбүрлейді.  Неге?

Өткен жыл, өкінішке қарай, қарулы қақтығысқа бай. Сондықтан биылғы форум бұқаралық ақпарат құралдарының ұрыс қимылдарын тарапсыз әрі шынайы көрсете білуін басты назарда ұстайды. Өкін­ішке қарай, мейлі Оңтүстік Осетия, мейлі Таяу Шығыс бол­сын, майдан даласынан жасалған репортаждар кейде бір-біріне мүл­дем кереғар екенін байқау қиынға соққан жоқ. Тіпті, топшылау-толғамы да үстірт-тұғын. Осының өзі пайымды пікірталасқа мүмкін­дік береді. Біраз уақыт бойы жер-жаһандағы ақпарат құралдарын “жаулап” алған сайлау науқаны Барак Обаманың айқын жеңісімен аяқталды. Көптеген бақылаушылар бұған алабөтен оқиға деп баға берді. Қазір де дүниежүзілік жүйе­нің беломыртқасы болып табы­латын АҚШ-тағы экономикалық тетіктер мен Ақ үйдің сыртқы сая­саты түбегейлі өзгеріске ұшырай­тынын алға тартты. Осының өзі атал­ған тақырыпты ортамызға тастады.

Қазіргі дағдарыстың ерекшелігі – тұңғыш рет жаһандық ком­му­никациялар заманында жүріп жатқанында. Кез келген жаңалық бірнеше минөтте, тіпті санаулы се­көнтте қандай да бір ақпаратты қорытуға әзір емес миллиондаған жандарға ұласады. Біздер мен сіздер кәсіби маман ретінде мұның алаңдаушылық пен тауқыметті күттіріп, нақты ахуал мен ақиқат жағдаятқа сай келмейтін түсінікті қалыптастырарын жақсы білеміз. Дағдарыс тұсында – ең жаманы бай­балам мен теріс көңіл-күйдің же­тегінде кету, деді Дариға Назар­баева.

Биылғы форумның бірінші мәжілісі қандай тақырыпқа арна­латынын конференция бағдарла­масы қолға тимей тұрып-ақ біл­генбіз дей аламыз. Әрине, дәл қазір адамзаттың аузынан түспей, экран бетінен кетпей тұрған тақырып – әлемдік қаржы дағдарысы медиа форумның “Жаһандық экономика­лық дағдарыс: аңыз бен ақиқат” деп аталған алғашқы мәжілісінде әңгіме арқауына айналды. АҚШ-тың “Әл-Жазира Интернэшнл” телеарна­сының жүргізушісі әрі продюсері Риз Хан модераторлық жасаған бұл мәжілістің спикерлері Американың “MedіaChannel” интернет-арна­сы­ның вице-президенті әрі атқарушы продюсері Дэнни Шэхтер, нидер­ландылық инвестор, журналист Виллем Мидделкуп, Әзірбайжан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеу­лер орталығының директоры Елхан Нуриев, Ресей Сыртқы істер ми­нистрлігі дипломатиялық акаде­мия­сының профессоры, саяси ғы­лымдар докторы Игорь Панарин, Қа­зақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Мар­ченко болды.

Алғашқы мәжіліс жұрт күт­кен­дей-ақ өте тартысты өтті. Жаһан­дық қаржы дағдарысының сыр-сипаты, бүкіл дүниені тітіретіп тұрған құбылыстың терең тамыр­лары, болашаққа төндірер қауіп-қатерлер әр қырынан айтылды. Д.Шэхтер адамзат әлеуметтік дағдарыспен бетпе-бет келді десе, В.Мидделкуп: “Журналистика сәт­сіздікке ұшырады. Қазіргі дағдарыс БАҚ-тың басым бөлігінің Уолл-стриттің ресми көзқарасын ғана баяндап келгенінің арқасы”, деді. Әзірбайжан өкілі өз еліндегі эко­номикалық табыстарды тізбелеумен шектелді. Қай жерде де дау-да­майлы пікірлерімен оқшау шығуға тырысып тұратын И.Панарин: “АҚШ дағдарыстың жүйелі беле­сіне аяқ басты. Ол елдің дағда­рыстан шығу мүмкіндігі өте аз”, деп салған беттен сарт еткізді. Г.Мар­ченко адамзат бұл сипаттағы дағдарыстармен бұрын да бетпе-бет келгенін ескертіп өтті. Спикер­лердің қысқа қайырым сөздерінен кейін-ақ пікірталас қызып жүре берді. Өзбекстандық қандасымыз Үсен Асқаровтың Қазақстанның сыртқы қарызы жөніндегі сұрағына орнықты, нақты жауап қайтарған Г.Марченконың сөзі залдағы отан­дастарымыздың көңілін орнына түсіргенін атап айтқымыз келеді. Бәрімізді де алаңдатып жүрген осы мәселе ойдағыдай шешіліп жатыр екен. “Біз қазақстандық банктердің сыртқы қарыздары бойынша жал­пы проблема шешілгені шілде айында анық байқалады деп ой­лаймыз. Шетелдік міндеттемелердің үлесі 42 пайызға төмендеді”, деп атап көрсетті Г.Марченко.

Кешегі алғашқы мәжілісте пікір­таласқа қатысушылардың негізгі назары Нұрсұлтан Назар­баевтың әлемдік жаңа резервтік валюта енгізу жөніндегі ұсынысына бірден-ақ ауып кеткені көңіл бө­лерлік жай. Мұның өзі де Елбасы­мыздың жаңа идеясы әлемдегі қоғамдық ойға қозғау салғанын ай­қын аңғартады. И.Панарин Қазақ­стан басшысының идеясы болашақ Еуразиялық одақтың шеңберінде жүзеге асуы ықтимал, ол 2012 жылға қарай құрылуы мүмкін деп санайды. Оған қоса бұл мәселені биыл ШЫҰ-ға мүше елдердің кездесуінде талқыланғаны жөн бо­лады деп санайтынын айтты. Сена­тор, публицист Қуаныш Сұлта­новтың Ресей саясаткерінің сөзінде мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі ескерілген бе деген сұрағына И.Па­нарин: “Мемлекеттік тәуелсіздік сақталады”, деп жауап қайтарды. Әйтсе де, әр жерде бүйректен сирақ шығарып жүретін И.Панариннің идеяларына абайлап қараған жөн. Жақында ғана оның “Известия” газетінің бетінде Ресей, Қазақстан, Белоруссия бірігеді, жаңа мемлекет құрылады, оның басшысы Путин болады, астанасы Санкт-Петербург болады деген болжамы жариялан­ға­нын білеміз. Ал кеше И.Панарин жаңа одақтың астанасы екеу бола­ды, біреуі Алматы, екіншісі Санкт-Петербург болады деп сөйледі. И.Панарин тіпті көп ұзамай АҚШ ана жылғы КСРО сияқты ыды­райды, алты бөлікке бөлініп кетеді, Техас штаты қазір-ақ бөлініп шы­ғайын деп жатыр, АҚШ-тың бә­лен­бай штаты доллардан бас тарт­қалы тұр, доллар биылғы қарашада валюта ретінде жоғалады деген сияқты жаңа болжамдарын да орта­ға жайып тастады. Өңірлік валю­талар жөніндегі Г.Марченконың пікірлері салмақты шықты. “2002 жылы Ресей, Украина, Қазақстан қатысатын Біртұтас экономикалық кеңістік құру мәселесі сөз болған. Алайда, уақыт өте келе Украина өз бағытынан бас тартты. Сол кезде кіріскенде қазір жаңа өңірлік валю­таны енгізуге жақындап қалар едік”, деді ол. Оның айтуынша, әлем­дік жаңа валютаны шамамен 2016 жылға қарай енгізуге мүм­кіндік бар көрінеді. Ислам Даму банкі Қазақстанға келуге 13 жыл бойы дайындалған екен. Доллар­дың бұрынғы құдіретті күйінде қалмайтынын В.Мидделкуп та ай­тып отыр. Е.Нуриев форум бары­сында экономикалық мәселелер тым саясиланып барады, бұл саяси дағдарыс емес деген ойын айтты. Осындайда баяғыда Лениннің: “Саясат – экономиканың сығым­далған түрі”, деп үйрететіні еске түседі. Қазақстандық публицист Сейдахмет Құттықадам пікірталас кезінде бұл дағдарысты ең алдымен өркениеттілік дағдарысы деп атады.

Форумның алғашқы мәжілі­сінде қазіргі қиындықтар капи­та­лизмнің жүйелік қарама-қайшы­лық­тарының көрінісі деген пікір қайта-қайта айтылғаны назар аудар­тады. Соған қоса сөйлеу­шілердің көпшілігі Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік жаңа валюта қажеттігі жөніндегі идеясын негі­зінен қолдағандығы да көрініп тұрды. Біреу жаңа валютаны былай атайық, басқа біреу былай атайық деп жатты, Қазақстан басшысы да мәселе жаңа валютаның атында емес, затында екендігін ескерткен болатын. Алматы қаласында дағ­дарыстан шығу жөнінде әлемдік жаңа жиын өткізу қажет деген ұсы­ныс ортаға салынғаны да назар аударарлық.

VІІІ Еуразия медиа форумының алғашқы күні екінші жартысы “Жаңа капитализмді” іздеу жо­лын­да: капитализм тоқырауға ұшырап, реформа кезеңі келді” деген тақырыптың айналасында өрбуге тиіс болса да, әңгіменің бәрі қайта­дан қаржылық және экономикалық дағдарысқа ойысты. Кезекті үнқа­тысу америкалық президент Барак Обаманың жаһандық саясатқа ық­палы, Газа аумағындағы қантөгіс, Қап тауының етегіндегі Ресей мен Грузия арасында болған қарулы қақтығыс, қазіргі әлемдік журна­лис­тиканың шынайылығы мен маңыздылығы сияқты басқа да ауқымы кең халықаралық тақы­рып­тарға құрылуы керек еді.

Ондаған жылдар бойы әлемдік қаржы жүйесі нарықтық капита­лизм мен корпоративтік басқару­дың америкалық стандарттарына негізделді. Алайда, экономиканы жоққа тән етіп отырған қазіргі қаржы тетіктері – қаптаған қаржы пирамидалары, алаяқтық және қор базарында бас білдірмес алып­сатар­лық қазіргі әлемдегі нарықтық инфрақұрылымның дұрыс-бұрыс­ты­ғына және оны қайта жасақтауға байланысты қаптаған сұрақтарды алдымызға жайып салып отыр.

Қазір көпшілік дағдарыс арқы­лы қаусап тұрған ескі әлемдік құ­рылымнан құтылып, адамгерші­лік­ке, ашық та әлеуметтік әділетті, жаңа нарықтық жүйе құрудың сәті келгенін айтуда. Бұған Еуропадағы кейбір елдер басшыларының “реттелетін капитализмнің” жаңа үлгісіне, әлемдік қаржы жүйесінің жаңа нұсқасына көшуге шақырып жатқаны дәлел. Бұл жүйе жаңа үкіметтерге және адамгершілікке негізделуге тиіс. Ал капитализмнің ескі үлгісін жақтаушылар оның керемет табысты болғанына және әлемге игілік пен демократия әкел­геніне сенімді. Сонымен форумның екінші отырысында “капитализм­нің қазіргі түрі әбден ескірді, сондықтан оны реформалау қажет” деген пікір ұсынылып, модератор тарапынан спикерлерге төмендегі­дей сауалдар тасталынды. Болашақ­тың “жаңа капитализмі” қанша­лық­ты өміршең, соңғы уақытта бол­ған оқиғалар әлемдік экономиканы өзгертуге септігін тигізе ала ма, әлемдік экономикалық жүйенің жаңа ережелері мен сұлбасы жө­ніндегі пікірталаста экономикасы дамып келе жатқан мемлекеттердің рөлі қандай болуы керек? Тақырып ауанына сай мемлекеттің экономи­каға күннен күнге артып келе жатқан ықпалы, жариялылықтың талап етілуі мен бақылауға алуға тырысуы, демократиялық капита­лизмнің басты қағидаты саналатын “еркін нарық, еркін кәсіпкерлік және еркін саудаға” қауіп төндір­мей ме дейтін мәселенің көтерілуі де заңдылық болатын. Әлемдік капитал базарында жағдайды тұрақ­тандыруға қауқары жетпей қалған халықаралық қаржы ұйымдарының болашағы қандай болуы мүмкін десек те, шешендердің сөзі айна­лып келгенде дағдарысқа келіп тіреле берді. Ол да түсінікті. Дәл осы мәселені тудырып отырған да дағдарыс екендігі аян.

Тізгінін ағылшын тілшісі Ад­риан Финиган (Си-Эн-Эн) ұстаған осы отырыста пікірсайыс көрігін қыздырған Ресейдегі “Неокон” са­раптамалық кеңес беру компания­сының президенті Михаил Хазин, ағылшын парламентарийі Джордж Галлоуэй, Қазақстанның Ұлыбри­та­ниядағы елшісі Қайрат Әбусейі­тов, Франциядағы AREVA атқару­шы вице-президенті Себастиен де Монтессю энергетикалық қауіпсіз­дік, азық-түлік пен ауыз су тап­шы­лығы, көмірсутегілерді тасымалдау­дың балама жолдары, жұмыссыз­дық сияқты басқа да қиындықтар туралы сөз қозғады. БАҚ тарапы­нан айтыла-айтыла, жазыла-жазыла жауыр болған әңгімелерден жа­лық­қан болу керек, залдан бір әріпте­сіміздің: “Қаржылық дағдарыс неден басталды? Оны немен және қалай “жейді”? Менің ауылдағы бір ағам: “Былтыр 20 қойым 20 қозы туған, базарға әкеп саттым, биыл да солай, 20 қозыны саудалап қайтып барам. Сендер даурығып жүрген қаржылық дағдарыстарың маған әсер еткен жоқ” деді. Сонда қар­жылық дағдарыс дегеніміз не?” деген сауалына сарапшылар берген жауапты кез келген адам анық түсі­не алмады. Михаил Хазин дағдарыс неден басталды деген сауалға жұрттың бәрі білетін деректерді бірінші сыныптың оқушысына түсіндіргендей қайта тізіп шықты. Әрине, докторлық диссертация жазуға лайық әрбір тақырыпты қаузауға санаулы минөттер беретінін ескерсек, ол – заңды да. “Жаңа ка­питализм” керек пе деген сауалға келсек, мысық ақ па, қара ма – бәрібір, тышқан ұстаса болды деген пайымға сайды. Осы “тышқан аулауға қабілеттілік” мәселесі бір уаққа созылып, бір уақытта мы­сық­тың түсі сарыға, қызылға ауысты. Ұзын-сонар әңгіменің сарыны сайып келгенде, әлем түрлі-түсті, бірақ мүдде біреу дегенге барып тірелді. Ал Себастиен де Монтессю мырза әлемдік қаржылық дағда­рыс­тың туындауына моральдық құндылықтардың құлдырауы да бір себеп болғандығын алға тартады. Оның осы ойын “бір бірімізді тыңдап, түсінісетін кез келді” деп өзге спикерлер де қуаттап шықты. Біздің Ұлыбританиядағы елшіміз Қайрат Әбусейітов өткеннен сабақ алып, тағы бір нәрсені үйренетін кезең келді дейді. Кембридж уни­верситетіне қарасты Менеджмент институты “Еуразия” орталығының директоры Армен Саркисян: “Қа­зіргі әлемді жайлаған күрделі ахуалдың бәрін банкирлерге жауып жатырмыз, банкирлер осының бәрін бүлдіріп жатқан кезде халық сайлаған қалаулылар мен саясат­керлер қайда қарап отырды? Осы­дан он жылдан кейін артымызға бұрылып қарағанда, осы күнде­ріміз­­дің өзі де керемет болып көрінуі мүмкін. Адамзаттың алдын­да энергетикалық және азық-түлік сияқты басқа да тапшылықтар мен мұқтаждықтар жеткілікті. Тағы он жылдан соң 100 миллион жұмыс­сыз, 100 миллион аш-жалаңаш адамдардың пайда болмасына кім кепіл?!” деген сауалдарды ортаға салды.

Отырыс барысында түрлі пікірлер айтылғанымен, тұшымды, тұжырымды ойдың болмағанын айту керек. Болашақтың “жаңа капитализмі” қандай болатынына қатысты анық пайымдар мен ұсыныстар естілген жоқ.

Үшінші мәжілістің көтерген жүгі – “Қазіргі заманғы журналис­тикадағы шынайылық мәселесі”. 2008 жылдың тамызындағы Оңтүс­тік Осетияға қатысты Грузия мен Ресей арасындағы қарулы қақты­ғысты халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының беру тәсілі, ондағы шынайылық, ақпараттық шабуыл, журналистер қауымы сүйенген дерек көздері, PR-ком­паниялар өз міндеттерін қан­ша­лықты мүлтіксіз атқарғаны, т.б. “Әл-Жазира Интернэшнл” телеар­на­сының Қап тауындағы тілшісі Мэтью Коллин жүргізген үшінші мәжілісте Шон Уокер (“Іndepen­dent”), Патрик Уормс (Aspect Consultіng), Томас Гольц (АҚШ), Алексей Николаев (“Russіa Today”), Орхан Жамал (“Русский Ньюсуик” журналының шолушысы) сарап­шылық міндет атқарды.

Ақиқатында Оңтүстік Осетияда болған қасіретті оқиғалар жаңа тарихқа текетіресуші тараптардың өзара ақпараттық соғысының озық үлгісі ретінде енеді. Таратылған ақпараттар бір біріне қайшы болды. Батыс ақпарат құралдары жедел ақ­парат пен баспасөз хабарлама­сының елеулі бөлігін грузиндерден алып, антиресейлік бағыт ұстанды деген сыншылар “Бұл ақыр-ая­ғын­да әлемдік БАҚ-та “басқыншы” Ресей бейнесін қалыптастыруға септігін тигізді” деген пікірде. Бұған қоса олар қақтығыстың шынайы себептерін көрсетпей, тіпті осетиндер факторын медиа кеңістіктен алып тастауды көздеді. Сондай-ақ бұл қақтығыс артынша Батыста ұйымдастырылған түрлі анти-ресейлік іс-шаралардың жүр­гізілуіне себеп қана болды деген де пікір бар. Өз кезегінде Ресейдің ақпарат құралдарына сын айтқан­дар да табылды. Олардың пікірін­ше, ресейлік БАҚ әскери қимыл­дарды грузин басқыншылығынан осетин халқын құтқару шарасы деп көрсетуге тырысқан қуатты үгіт-насихат құралына айналды. Бірақ, кейбір деректерді жасырып қалып, қақтығыстың шынайы себептерін айналып өтті. Грузиялық дерек көздерін ақпараттық оқшаулау, Грузия үкіметі мен Парламентінің сайттарын хакерлердің бұзуы да Батыста сынға ұшырағаны белгілі. Көтерілген мәселені талқылау барысында қызылкеңірдек болған орыс және грузин журналистері өз елдерінің мүдделерін қорғап бақты. Сондай-ақ, кінә осы арада ресей­ліктер мен грузиндерге ғана тағыл­ған жоқ, пікірсайысқа қатысушы­лардың кейбірі ха­лықаралық дең­гейдегі мүйізі қарағайдай бұқара­лық ақпарат құралдарына “қарулы қақтығыс кезінде нақты және шынайы ақпарат беруге мүдделі болмады” деп айыптады.

Төртінші отырыстағы “Газа аумағындағы текетіресті көрсету ерекшелігі” тақырыбындағы пікір сайысына Израильдің 12-ші премьер-министрі Эхуд Ольмерт Тель-Авивтен тікелей эфир арқылы қосылды. Әйгілі саясаткер Алматы­дағы медиа форумға арнайы келе алмаса да, бүгінгідей ақпараттық технологиялардың қарыштап да­мыған заманында бұл олқылықтың жігі де көрінбей қалды. Эхуд Ольмерт отырыс модераторы Dawn News телеарнасының жүргізушісі Науин Накуи қойған сауалдардың барлығын дерлік саяси сұңғы­ла­лықпен жауапсыз қалдырмаса да, басы ашылмай қалған жәйттер жеткілікті болғандай. Әңгіме Оль­мерттің өзімен болып отырған соң, бұл мәселені көрсетудегі кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының ұстанымы сөз болмай қалуы мүм­кін емес, әрине. Бір сағаттан астам уақыт бойы форумға интерактивтік режімде қатысуға мүмкіндік алған Израиль Үкіметінің бұрынғы басшысы әлемнің әр тарапындағы БАҚ Газа секторындағы текетіресті көрсетуде әрқайсысы өз елінің саяси қолшоқпарына айналып отыр­ғанын ыммен болса да жет­кізді. “Әл-Жазира” Израиль туралы қашан жақсы хабар таратып еді, деген саяси тұлға, модератордың кейбір қитұрқы сауалдарына “Ма­ған “Әл-Жазира” ма, СНН, Би-би-си ме, бәрібір. Ең бастысы мен ашық та ақиқи ақпараттар тарата­тын БАҚ жағындамын”, дейді. Жеке өзі бір мақалаға жүк болар­лық отырыста Эхуд Ольмертке залдан сауал қойғысы келетіндер әлі де жеткілікті еді. Уақыттың шек­теулілігі оған мүмкіндік берме­ді. Дегенмен, мұнан кейін де соңғы жылдары Израильдің Газа аума­ғындағы әрекеті, одан бұрынғы Ливандағы соғысы БАҚ тарихы мен тәжірибесінде жаңа тараудың бетін ашты. Екі сағатқа созылған осы отырыста Израильдің мүддесін қорғайтындар да, оған жан-тәнімен қарсылар да көптеп табылды. Қытай­дан келген әріптесіміз сөз алушылардың тым көбейіп, отырыс межеленген уақытынан созылып бара жатса да Қытай халқының осыдан мың жыл бұрын айтылған тәмсілін еске салуға мәжбүр екендігін жеткізді: “Бір әділетсіздік екінші рет қайталанса – бұл өзін өзі құртуға апарып соғады”. Қыс­қасы, отырыста Таяу Шығыстағы шиеленісті бес саусағындай білуге тырысатын сарапшылар жыл ба­сында Газа аумағында төгілген бей­күнә жандардың қаны мен израиль­дік билікке әлемдік саясат­тың ықпал ете алмауы, тақтан кетуіне санаулы күн қалғанда аме­рикалық экс-президент Джордж Буштың “лаңкестермен күрескен” израильдік үкіметтің қолтығына су бүркуі, әншейінде “демократия­шыл” бола қалатын АҚШ пен Ба­тыстың сөз бағытын ашық әрі айқын айта алмауы, арабтар мен еврейлер арасындағы жарты ғасыр­дан астам уақытқа созылған жер дауы, т.б. таразы басына тартылған төртінші мәжіліс ғаламдық саясатта күн тәртібіне шыққан мәселелерді қаузағаны анық.

Форумның екінші күні, яғни бүгін “АҚШ-тағы жаңа билік” – алғашқы нәтиже, үміт пен бол­жам”, “Медиа кеңістікті виртуал­дан­дыру – “дәстүрлі” БАҚ-тағы дағдарыс”, “Блог өндірісінің да­муы” сарапталмақ. Форум қонақ­тарының арасында Ресейдегі Ислам комитетінің төрағасы Гейдар Жа­мал, Германия Сыртқы саясат жө­ніндегі кеңесі Ресей-Еуразия Орталығының директоры Алек­сандр Рар, тағы басқалар бар.

Форум жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты көрсетіліп жатыр. Кеше түс кезінде “Хабар” телеарнасының “Көзқа­рас” бағдарламасы арқылы “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті С.Абдрахмановпен тікелей эфир хабары ұйымдастырылды.

 

Мұрат ЕФЕҰЛЫ, “Жаһан” халықаралық агенттігі директорының орынбасары. (ТҮРКИЯ)

Менің мұндай алқалы форумға екінші мәрте қатысуым. Өткен жылы делегаттар биылға қарағанда көбірек еді. Ал былтырғы жиыннан айырма­шылығы, қатысатын делегаттар деңгейінің, беделінің жоғарылығы. Меніңше, осындай жиындар көп болып, бір шешімге келіп жатсақ, онда мұндай басқосулардың еш артықтығы жоқ. Қазір әлемдегі ең маңызды да күрделі мәселе жаһандық дағдарыс туралы болғандықтан, “Дағдарыс қайдан шықты?”, “Мәселені қалай шешуге болады?” деген сұраққа жауап іздейміз. Форумдағы тағы бір көтерілген тақырып – баспасөз қызметі. Онда да “баспасөзді қалай дамытамыз, қандай мәселелер ортақ, бар болса оны қалай шешеміз?” дегендей мәселелер қаралды.

Мұндай жиынның тағы бір жақсылығы – оның жыл сайын Алматыда өтуі. Қазақстан Орта Азия ел­дері арасында ең маңызды стратегиялық ел. Дағ­дарыс, әрине, бүкіл дүние жүзінде орын алып отыр. Ол Қазақстанда да бар. Ендеше, Қазақстанда болған дағдарысты, ең алды­мен, Қазақстанның өзі шешуі керек. Әрине, көрші мем­ле­кеттермен де қарым-қатынасты дамыта отырып, ақылға салғанның артықтығы жоқ. Мысалы, түркі тектес туысқан елдер бас қосып, жаһандық дағдарыс туралы бірін-бірі тың­дайтын болса, бәрінің айтатын сөзі бар, сөйтіп, бір ше­шімге келсе, жұрттың үрейін алған дағдарыстан тез шығамыз.

 

Кевин д' АРСИ, “Rajah Books” баспагері. (Ұлыбритания)

Алматыдай әсем қалаға алғаш келуім. Форумда “Блог өрісінің даму феномені” мәжілісінің спикерімін. Әрине, мұндағы мәселелер сонша­лық­­­ты әр алуан болса, оған қаты­су­шылар да әр алуан. Менің түсіні­гім­ше, медиа форумдағы бір мақсат — әлемдік қауымдастыққа Қазақстанды жа­қы­ны­рақ таныстыру. Өйткені, Батыста Қазақстан туралы әлі де аз біледі. Аз білгеннен кейін дұрыс ақпарат алу, беру, оны тарату қиынға соғады.

Бүгінде төрткүл дүниеде дағдарыс жайында қобал­жулы, біздің еліміз де сондай жағдайды бастан өткізуде. Мен айтар едім, осыдан екі жыл бұрын Халықаралық валюта қоры осы дағдарыс жайында ескерткенде, онымен ешкім санаспады, ешкім тыңдамады. Ал енді бізге осы ретте жаңадан тиімді жол табуымыз керек. Өйткені, біздің жүріп өткен жолымыз, таңдауымыз дағдарысқа алып келді. Бүгінгі мәжілісте Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченконың сөзі ұнап қалды. Ол “Аздап ескерту деген түсінік жоқ, бірақ көптеген ескертулер жарамсыз болуы да мүмкін” деді. Ендеше, біз қазір осы жағдайға әкелген кінәліні іздемей, одан шығудың жолын қарастыруымыз керек. Бұл өте маңызды. Қашанда әртүрлі көзқарастағы адамдар көп болса, әртүрлі ұсыныс, пікірлер де көп болмақ. Ал өте көп ұлт, өте көп пікір болғанда бір шешімге келу оңай емес. Дағдарыстан қалай шығуды медиаәлемде журналистер, белсенді қоғам қайраткерлері емес, соңғы сөзді саясаткерлер айтады. Ал журналистер тек соны түсіндіреді, жеткізеді.

 

Игорь ПАНАРИН, Ресей Сыртқы істер министрлігі  Дипломатиялық академиясының профессоры.  (РЕСЕЙ)

Қазақстанда болмағаныма үш жыл. Әдемі де әсем Алматыны сағы­нып қалсам керек, кеше біраз жерін жаяу аралап көрдім. Ал медиа форум­ға келсек, біріншіден, әлемдегі дағда­рыс­қа қарамай Дариға Назарбаева­ның осы үлкен жиынды дәстүрлі жалғастырып отыр­ғанына қуаныштымын. Өте мықты команда, ұйым­дас­тыру жағы да жыл сайын жақсаруда. Екінші жетістігі, күн тәртібінің тұрақты түрде өзгеріп тұруы. Ол бір жыл бойғы өткен нақты оқиғаларға қарай өзгеріп, оған әртүрлі көзқарастағы белді де белсенді адамдар ша­қы­рылған. Мысалы, біз бірін­ші сессияда бірнеше көз­қа­растағы шешендерді тыңдадық. Бұл дегеніңіз, шынында да, бүгінгі күні форумның әлемдік деңгейдегі “алаңға” айналып отырғанын байқатады. Сондай-ақ, форум барлық сала бойынша – экономикалық, ақпараттық, өркениетке қатысты проблемалардың пікір­талас мінбері бола алады. Өйткені, медиа қауымдастық деңгейі өте жоғары. Соған қарағанда, мұндай “алаң” бірегей десек те болғандай. Ендеше, алқалы басқосудың сәтті өтуі тек Қазақстанның ғана емес, әлем үшін де үлкен жетістік деп бағалаймын.

 

Янг РУИ, Халықаралық ССTV бас менеджері. (ҚЫТАЙ).

Бүгінгі форумның өткен жылғыдан айырмашылығы – оның бағдарламасында, яғни әлемдік үрей туғызып отырған өзекті тақырыпты көтеруінде. Шынымды айтсам, түске дейінгі сессияда делегаттардың Америка Құрама Штаттарын сынға алған пікірлері ұнамады. Меніңше, қалай дегенде де, Америка әлемдік держава болып қалады, тек оларға бірқатар жауапкершілікті қолға алуына тура келеді, доллардың құны бүгінге қарағанда төмендеп, әлсіреуі мүмкін.

Ал бүгінгідей жиынның жақсы жақтарына келсек, Қазақстан бұл ретте өте жоғары маңызға ие. Мұндай форумдар әсіресе, қазіргідей экономикалық қиын уақытта сөзсіз керек. Өз басым Қытай мен Қазақстан арасындағы достықты жоғары бағалаймын. Қытай мемлекеті де Қазақстанмен ынтымақтастық қарым-қатынасты, достықты сақтауға тырысады. Өйткені, Қазақстан Еуропа мен Азияның ортасына орналасқандықтан, қай жағынан да маңызды рөл атқарады. Мәселен, бүгінгідей алқалы жиында әлемнің көптеген елдері — Батыс пен Азия әлемдік тақырыпта мәселе көтеріп, бір-бірімен пікір алмасып жатыр. Бұл халықаралық аренада үлкен бедел-бедерді байқатады.



Авторы: Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат