Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-04-28:

СҰЛУЛЫҚ САЛТАНАТЫ

 

Осыдан 75 жыл бұрын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры М.Әуезовтің либреттосы бойынша қойылған “Айман-Шолпан” музыкалық спектаклімен ашылған екен. Халықтың ән-күйлерімен өрнектелген классикалық өнердің алғашқы қарлығашы көрермендерге  қатты ұнап, осы спектакль күн құрғатпай жүз күн қатарынан қойылыпты.

Жетпіс бес жыл! Жетпіс бес жыл бұрын!  Бір кісінің ғұмырын сүрген, ұлтымыздың мақтанышына  айналған аталмыш театр жаңа белеске қадам басты. 

 

Бекзат өнердің осы бір саласы үшін 75 жыл аз ба, көп пе? Осы аралықта ұлты­мыздың операсы мен балеті қандай же­тістіктерге қол жеткізді? Театрдың ауыз толтырып айтатын қандай табыстары бар?

“Қарап отырсақ, опера мен балет үшін 75 жыл көп емес. Бірақ, біздің театр осы аралықта орасан зор табыстарға қол жеткізді. Салыстырып қарайықшы. Опе­ра және балет театры кез келген елде жоқ. Пәкстан, Иран сияқты елдерді бы­лай қойғанда, тіпті 1,5 миллиард халқы бар Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде мұндай театрлар бар болғанымен, дәл біздегідей қойы­лым­дар жоқ. Өздерінің ұлттық бірен-саран қойылымдары болмаса, әлемдік опера мен балеттің жауһарлары оларда қойылмайды. Бүгінгі таңда біздің репер­туа­рымызда 40 шақты опера, 25-тен астам балет бар. Бұл біздің мақтаны­шы­мыз” дейді театр директоры Қуаныш Оразғалиев.

Ендеше, алматылықтар мен қала қо­нақ­тарына естен кетпестей өнер мере­ке­сін сыйлаған салтанатты оқиғаны қалың оқырманға жеткізу біздің парыз. Сах­на­ның шымылдығы түрілгенде Алатаудың баурайында менмұндалаған театр ғима­ра­ты, жасыл желекке бөленген кешегі Алма­ты қарап тұр еді. Театр мерей­тойы­ның төріне Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көтерілді. Ел мәдениетінің тізгінін ұстаған Мұхтар Абрарұлы: “Өздеріңіз жақсы білесіздер, Абай атындағы опера және балет театры және оның жұлдыздары әрқашан Елба­сы­мыздың ерекше назарында. Қазақ өнері­нің қарашаңырағы саналатын үлкен өнер ордасына бүгін Елбасымыз ыстық сәлемін жеткізуді тапсырды” дей келіп, министр одан әрі Президенттің құттық­тауын оқып берді. “Астана. Ақорда. 25 сәуір. Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының ұжымына! Ұлттық опера және балет өнерінің қарашаңырағы са­налатын Абай атындағы опера және балет театрының 75 жылдық тойымен шын жүректен құттықтаймын! Алға­шында шағын музыкалық театр ретінде құрылған ұжым бүгінде әлем таныған өнер ордасына айналды. Әр жылдары театр сахнасында опера мен балеттің әлемдік классикалық туындыларымен қатар “Қыз Жібек”, “Ер Тарғын”, “Абай”, “Біржан-Сара”, “Қарагөз”, “Абылай хан” опералары, “Қалқаман-Мамыр”, “Аққұс туралы аңыз”, “Ақсақ құлан” және тағы басқа ұлттық балеттері қойылды. Еуразия аймағындағы аса ірі классикалық өнер орталығына айналған театрда Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Роза Жаманова, Ермек Серке­баев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Зауыр­бек Райбаев, Рамазан Бапов, Болат Аюха­нов, Раушан Байсейітова сынды сахна саң­лақтары өнер көрсетіп, ұлттық опера және балет өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Театр дәстүрлерінен тағы­лым ал­ған көптеген жас таланттар бү­гін­де әлем елдерінің ең атақты сахна­ла­рында қазақ өнерінің атағын аспандату­да. Ғасырлар тоғысында театр ғимараты күрделі жөн­деуден өтіп, осы заманғы құрылғылармен жабдықталды. Қазір шығармашылық ке­мелдікке келіп, жас таланттармен толық­тырылған айтулы өнер ұжымына зор та­быс­тар тілеймін”, – депті өз құттық­тауында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Осыдан кейін Мұхтар Абрарұлы театр мерейтойына ортақтасуға келген қалың көрерменге: “Опера және балет өнерінің үл­кен жанашырлары, бүгін сіздердің театрларыңыздың үлкен тойы. Жетпіс бес жыл деген ақсақалдың жасы, ұлттың ұла­ғаты болатын азаматтың жасы. Сон­дық­тан мерейтойларыңыз құтты бол­сын!” деді одан әрі министр театрдың жас таланттарын – кейінгі буын өкіл­де­рін “Мәдениет қайраткері” белгісімен ма­рапаттады. “Мәдениет қайраткері” бел­гісімен Ұлан Бәденов, Зәуре Жұба­нова, Людмила Надеждина, Қайрат Өмір­беков, Ахмет Қырықбаев, Флора Қожасова, Рузия Рамазанова, Раушан Тө­ле­генова, Бағдат Шәкеновтер марапат­тал­ды. Мәдениет және ақпарат министр­лі­гінің Құрмет грамотасына Болат Ах­мет­жанов, Гүлсім Әбдірова, Эдуард Бленд, Гүлнәр Жіділова, Айгүл Жұма­ға­лие­ва, Лидия Сухочова, Жәмила Сағым­бай, Ералы Сәдуақасов, Валентина Яковенколар лайық деп табылды.

“Ең үлкен марапат, ең үлкен бақыт – қазақ өнерінің қара шаңырағы сана­латын осы қасиетті орданың сахнасында қызмет етіп, осы өнер құрамының қай­рат­керіне айналу” деген сала басшы­сы­ның жүрекжарды сөзінен кейін сахнаға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов шығып, театр ұжы­мын, алматылықтарды өнер ұжымының мерейтойымен құттықтады. Әкімнің орынбасары алдағы аптаға театр ұжымы мен қала әкімінің кездесуі жоспарлан­ғанын, сол кезде театр ұжымына лайық­ты сыйлықтар тапсырылатынын мәлім­деп, қала әкімінің атынан бір топ театр қызметкерлерін Құрмет грамотасымен марапаттады.

Театр ұжымына орасан зор қуаныш сыйлаған марапаттаулардан кейін сахна көрінісі әп-сәтте өзгеріп, ғажайып безендірілген алты қанатты ақ орданың астында театрдың симфониялық оркестрі мен балет труппасы Құрманғазының “Балбырауынын” бастап кетті. Тамаша шығарма одан әрі Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсына ұласып, Болат Бөкенов Шеге болып шырқаса, одан кейін М.Төлебаевтың “Біржан-Сара­сы­на” ауысқан (Гүлзат Дауырбаева мен Жанболат Жұмағазин) өнер шашулары театрдың құдіреті мен тарихын көз ал­дың­да қайта жаңғыртатын, көрермен­дер­ді тамсандырып өткен сәттердің бірі еді.

Қалың қауым “шіркін-ай” деп там­санып отырғанда сахна қайта түлеп, Қозы мен Баян бекзат өнердің тілімен ма­хаббатты ұлықтады (Е.Брусиловский. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”). Осы арада Қозы – Фархад Буриев те, Баян – Нәйлә Кіребаевалар да бүгінде театр мақтанышы екенін айтуымыз керек.

Көрермен жүрегін тербеген нәзік сәттерден кейін “Алпамыс” операсынан (Е.Рахмадиев) тарантелла орындалды. Дина Дүтмағамбетова, Балапан Жұбаева, Рымкеш Жұмаділовалардан тұратын та­лантты үштаған көңіл ауанын басқа ар­наға бұрып, талғампаз, талапшыл қауым оларға құрмет пен қошемет көрсетті.

Әңгіме бекзат өнердің ордасында бо­лып жатқанда, классикалық туындылар­дың ішінде шоқтығы биік тұрған П.Чай­ковскийдің “Аққу көлін” аттап өту қай­дан мүмкін болсын?! Аталмыш қойы­лым­нан адажио орындалып, аққудың кө­гіл­діріндей балет бишілерінің ортасында Құралай Сарқытбаева мен Алексей Саф­ро­нов өнерімен шеберлік шыңына шықты.

Осылайша сәт сайын сахна майтал­мандары күшейіп, қойылымдар риясыз қуанышқа бөлей берді. Көз алдымызда әлеуеті өскен, кемеліне келген өнер ордасы күшейіп бара жатқандай болды. Өйтетін де жөні бар, әдетте әлемдік өнер жауһарларының бірі Г.Доницеттидің “Лючия ди Ламмермурын” қоюға театр­дың алтын дауыстары болуы тиіс, тәңір берген тамаша талант керек. Бұл биікті театр солистері аталмыш операдан секс­тет орындап, Лада Қысықова, Халид Нұралиев, Талғат Күзембаев, Жәлил Ғизатулин, Нұржан Бажекенов пен Сара Ищановалар оп-оңай бағындыра алды.

Салтанатқа жиналған жұртты тәнті еткен көріністің бірі Сәуле Рахметова мен Дмитрий Сушковтың биі еді. П.Чай­ковскийдің музыкасына қойылған Эй­фманның “Қызыл Жизель” атты модерн үлгісіндегі балеті осы мерейтойлық кон­церт­тің жаңалығы болды. Әрбір қимылы мың сөзге бергісіз балет майталмандары­ның бөлек нақышы айта жүрерліктей театрдың жаңа табысының бірі.

Сол сияқты В.Кьяраның “Эспаньола­сын” орындаған театр солистері Дина Хамзина, Жұпар Ғабдуллина, Андрей Трегубенко, Болат Жомартовқа арналған халайықтың құрметі де ерекше болды.

Театрдың операсы күшті ме, балеті мықты ма? Шығармашылық ұжым бұл мәселеде терезесі тең тұр деп жауап бе­ру­ге хақымыз бар. Л.Минкустың “Бая­дер­ка” балеті де біздің қазақ операсының сахнасында барынша құлпыра түсті. Нар­гиз Мірсейітова, Әмір Жексембек, Фар­хад Буриевтер аталмыш балеттен үзінді көрсетсе, көрермен қауымның Жәмила Баспақованы да қуана күткені анық. Әне, балет әртістері мен Ж.Баспақова И.Штраустың “Көктемгі дауыстарын” орындап шықты.

Мерейтойлық концерттің шырқау биігі “Опера-Променадқа” дейін көте­ріл­ді. Әйгілі сахналарға шығып, әбден төселіп қалған Майра Мұхамедқызы, Медет Шотабаев, Жәлил Ғизатуллин, Сара Ищанова, Андрей Трегубенколар – қазіргі классикалық өнердің биігін бағындырған әншілер, Майра бастаған осы әншілерді театрдың шығармашылық деңгейінің көрсеткіші десе де болғандай.

Қайталанбас ғажайып кеш туралы қанағаттанғандық сезіммен қалам тербей отырып, Майраның өзгеше болмысын, азаматтық жауапкершілігін айтпай кету мүмкін емес. Олай дейтініміз, жұма күні ғана әкесін қара жердің қойнына беріп, аза жамылып отырған әнші сенбі күні сахнаға жарқырап шығуға күші жетеді деп театрдың ұжымы да күтпеген. Жарты жыл бойы бүкіл ұжым болып дайын­дал­ған, ұжым болып күткен дәл осы мерей­тойда театрдан өзін көргісі келетін қалың көрермені үшін қам көңілін қаза еткен әншінің бұл қадамы оның өнер үшін жаралған жан екенін тағы да айғақтап тұрған жоқ па. Рас, Сильва болып сайра­ған өнер бұлбұлы осыдан кейін сахнадан көрінбеді.

Сандуғаштай сайраған Нұржамал Үсен­баева да – театрдың байлығы. Де­либ­тің “Болеросын” орындаған Нұржа­мал­ға да көрермен көпке дейін құрметін аяған жоқ.

Осылайша Гала-концерт Л.Минкус­тың “Дон Кихот” балетіне ауысты. Тамаша туындыдан Гран-па орындаған балет бишілері Нәйлә Кіребаева мен Фархад Буриев, Екатерина Хомкина мен Алексей Сафронов, Гульвира Құрбанова мен Досжан Табылды, Әлия Сапугова мен Нұрлан Қонақбаев, Софья Михлина мен Яссауи Мерғалиевтар – театрдың бүгін­гі келбеті, өнерлі ұрпақтың жалғасы.

Бір қарағанда тез басталып, тез біте салған сияқты көрінген концертте театр таланттары лайықты салтанат құрды, ұял­майтын биіктен өнер көрсетті. Жаса, театр!

Реті келіп тұрғанда концерттің жай-жапсарын айтып, мақаланы тәмамдай са­лу­дың жөні жоқ. Опера және балет өне­рі ұлтымызға кейін дарыған өнер болса да, бүгінге дейін Алматыдағы Абай атын­дағы Қазақ мемлекеттік опера және ба­лет театры дүние жүзінің айтулы сахна­ла­рында талай табыстың биігінен көрі­ніп, көп жеңісін өз көрермендерімен бө­лі­сіп үлгерді. Қазақстанда күшті балет мек­тебі бар екенін қазірде аталмыш өнер­дің әлемдік мэтрлері мойындайды. Қа­зіргі күндері күрделі жөндеуден өткі­зі­ліп, алтынмен апталып, күміспен күп­тел­ген, озық техникалармен, құрал-жаб­дық­тармен жабдықталған театрдың бү­гінгі келбеті әлемнің ең мықты театр­ларымен иық тірестіре алатындай дәрежеде тұрғанын әрқайсымыз мақтан етуімізге болады.

 

Жетпіс бес жылдан астам тарихы бар опера театрының егемендік тұсында қолы жеткен табыстарын айтулы ұжым Елбасының есімімен байланыстыра мақ­тан етеді. Расында да тәуелсіз еліміздің өнері мен мәдениетінің жай-күйі еш­қа­шан Нұрсұлтан Әбішұлының назарынан тыс қалмағанын, театр күрделі жөндеу­ден өтіп жатқан жылдары Елбасы уақы­ты­ның соншалықты тығыздығына қара­май төрт рет келіп көріп, ұдайы қадаға­лап отырғаны бәрімізге белгілі. Класси­ка­лық өнер ордасының әлемдегі атышу­лы осы тектес театрлармен қатар тұруын мақсат еткен Елбасы әр келген сайын күрделі жөндеуден өтіп жатқан театрды асықпай аралап, керегін саралап, жетіс­пей жатқан тұстарын үнемі назарында ұстап отырды. Театрдың қайта түлеуіне Мемлекет басшысы тарапынан осындай қолдау мен ықыластың болуы сол жыл­да­ры шығармашылық тұрғыда іркіліп тұр­ған ұжымға зор демеу болды. Отан­дық өнердің, қазақстандық операның тағдырына шын жаны ашитын талант иелері бұл кезеңдерді төзімділікпен бастан өткерді.

“Біз бүгін өз мұратымызға жеттік. Мә­дениетті қолдау жылында Елбасы күр­делі жөндеуден кейін театрдың салта­нат­ты ашылуына өзі келіп қатысып, клас­сикалық өнер саңлақтарымен, аталмыш өнерді шын сүйер көрерменмен бірге қуанды. Қазір театр қай жағынан алып қарасаңыз да – мінсіз! Театр соңғы жылдары Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Ыстамбұлда, Шанхайда, Омбыда, Ека­теринбургте өнер көрсетті. Театрдың жеке әншілері мен бишілері Еуропа мен АҚШ-та, бірқатар Азия мемлекеттерінде, одан кейін Жапонияда концерт қойды. Сол сапарлардан кейін әртістеріміз “Әлемнің атышулы опера театрлары біздікіне жетпейді екен” дегенді айтады.

Иә, бүгін театр қай жағынан алғанда да еңсесін тіктеп алды. Осыдан 10-12 жыл бұрын театрдың шығармашылық ұжымының айлық жалақысы 9-10 мың теңгеден аспаса, соңғы жылдары театр әртістерінің орташа жалақысы 60-70 мың теңгені құрайды. Әлеуметтік жағдайы жақсарған өнер иелерінің өздерінің қиын да қызық қызметіне деген ынта-жігері артты. Елбасының шексіз қамқорлығына деген жүрекжарды ризашылығын театр ұжымы көрермендерін опера және балет өнерінің үздік үлгілерімен қауыш­тыру­мен және ең үздік қойылымдарды сахна­лап, мәртебесі биік халықаралық байқау­ларға қатысып, жеңістер тұғырынан көрі­ну арқылы жеткізеді”, дейді театр дирек­торы.

Егер театрдың соңғы жылдардағы шежі­ресіне көз салсақ, дәрежесі мен мәр­те­бесі жағынан П.Чайковский атын­дағы халықаралық конкурсынан асатын конкурс жоқ болса, осы атақты опера дүлдүлдерінің додасында қазақтың екі бір­дей дарынды қызы – скрипкашы Айман Мұсақожаева мен опера әншісі Майра Мұхамедқызы еліміздің тарихында тұңғыш рет лауреат атанды.

Опера және балет театры сияқты күрделі, аса ірі ұжымның алыс-жақын шет­елдерді айтпағанда, облыс орталық­тарына гастрольге шығуы да оңай шаруа емес. Кеңес Одағының тұсында Герма­ния­ға шығармашылық сапардан кейін ұзақ уақыт тоқырап қалған гастрольдік са­парлар легі бүгінде қайта басталды. Соң­ғы жылдардың өзінде театр толық құрамымен екі рет Түркияға, бір рет Шанхайға (ҚХР) гастрольге барып, Мәс­кеудің Үлкен театрында, Санкт-Петер­бург­тің Мариинск театрларында өнер көрсетті. Қазақ опера мектебі өзіндік үл­гі­сі мен қолтаңбасын паш етті. Жүзімізді сырттағы өнер сүйер қауым алдында да жарық еткен бұл сәттер еліміздің мәдениеті саласының жарқын оқиғалары қатарынан орын алады.

Ал опера және балет театрына гастрольге шығудың өзі де оңай емес. Вагон-вагон реквизиттерді былай қойғанда, бір ғана опера қою үшін оркестрде 80 музыкант отырады, сахнада 75 хор әртістері, 80-нен астам балет би­шілері, 40-тан астам әнші жүреді. Оған бас­қа да сахнаның техникалық қызмет­кер­лерін қосыңыз. Соған қарамастан соңғы жылдары театр Астана, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Қарағанды қала­ла­рында гастрольдік сапарда болды. Би­ылғы театрдың 75-ші маусымы маусым айында Ақтау қаласында аяқталмақ. Сөйтіп, еліміздің батысындағы өнерсүйер қауымға бес бірдей операны, төрт балетті тамашалауға мүмкіндік туып тұр.

“Бір байқағаным, шетелдік театр­лар­да біздегідей труппа жоқ. Олар маусымға оркестр, хорды жинап алады. Опера әншілерінің бәрін 7-8 айға, жер-жерден ке­лісім-шартпен 5-6 спектакльге шақы­ра­ды. Ондай жалданбалы әртістер келе-келе “механист” болып кететіні бар. Әри­не, оны элитарлық өнерді түсінетін, көзі қарақты көрермен аңғарып отырады. Сондықтан бұл үрдіс бізге үлгі бола алмайды” дейді Қуаныш Ғабидоллаұлы.

Осы арады театрдың онсыз да бай репертуары Г.Доницеттидің “Лючия ди Ламмермур”, А.Серкебаевтың “Тілеп пен Сары қыз”, Пуччинидің “Турандот”, А.Меликовтің “Махаббат туралы аңыз” қойы­лымдарымен толыққанын айту па­рыз. Классикалық туындыларды сах­на­лауға әлемге белгілі балетмейстерлердің шақырылғанын бөле-жарып баяндауға тиістіміз. Өйткені, Юрий Александров, Марго Саппингтон, Юрий Григорович, Иркин Габитов сынды мэтрлерді кел­ті­ру­ге аз қаражат керек емес. Бұл да болса мемлекетіміздің мәдениетті қолдауға бағытталған мықты саясаты. Бұл Елбасы тудырып беріп отырған мүмкіндік.

Оған қоса театрдың бүгініне ғана емес, кешегісіне де тағзым ету Елбасы­ның есінен шықпағанын айтсақ дейміз. Театрдың тарихын жасаған өнер тарлан­дары, арда­гер­леріміз Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Рау­шан Байсейітовалар бастаған көп­те­ген өнер қайраткерлері Президент сти­пен­диясын алады. Қандай қиындық болса да осы атаулы көмектің көлемі көбеймесе қысқарған емес, керісінше, Президент стипендиясын алатындар саны артып келеді.

Мұнан да бөлек, мемлекет тарапынан жаңа қойылымдар үшін бөлінетін қаражаттың арқасында театрдың онсыз да толымды репертуарлары жаңа шығармалармен толыға бермек, сұлулық салтанаты жалғаса бермек.

 

ӨНЕРДІ САБАҚТАСТЫҚ ӨСІРЕДІ

 

Еркеғали РАХМАДИЕВ, КСРО Халық әртісі, композитор:

— Бүгінгі мереке бұл бір театрдың ғана тойы емес. Бұл бүтін қазақ өнерінің мерекесі. Неге десеңіз, осыдан 75 жыл бұрын осындай үлкен театр құрылмаса, қазақ өнерінің ке­лешегі қалай болар еді?! Түйе­нің екі жаққа артқан қомы тең болар ма еді, әлде бір жағына ауып кетер  ме еді? Бүгінгі кон­церт­ке қарап отырсаңыз бір қойылым бір қойылымнан өте­ді. Қазіргі ұлттық өнеріміздің биік шыңына айналған театр­ға қаншама жас таланттар кел­ген. Дегенмен, кешегі Күләш пен Қана­бектей, Құрманбек пен Манарбектей, Бибігүл мен Әлібектей  театрдың деңгейін өсіріп кеткен өнер серкелері кейінгі буынға өнеге болып отыр. Кешегі сахна майталмандары жарқырап жанған шам секілді кейінгілерге бағдар. Біздің жас таланттарымыз сол үрдісті үзбегеніне қуанып отырмын.

 

ҒАЖАЙЫП БИІК ДЕҢГЕЙДЕ 

 

Ермек СЕРКЕБАЕВ, КСРО халық әртісі:

— Мен бала кезімде, осы опера теа­трының кірпіші қаланып жатқанда “бұл неғылған ғимарат екен” деп таң­да­нып қарап кетуші едім. Ол кезде бар болғаны жасым 7-8-де. Қаланың кере­мет жерінде бой көтеріп жатқан, Алма­тыдағы ешбір құрылысты қайта­ла­майтын ерекше ғимарат еді. Тіпті қа­бырғасының өзі-ақ адамды тектілік­ке тәрбиелейді. Бұл театр – академия, бұл театр – энциклопедия!   Жылдар өтіп, осы театрдың сахнасында өнер көрсетіп, ғұмырымды бекзат өнерге бағыштаймын деп кім ойлаған?! Егер бұл театрды қайта бұзса әрбір кірпіші ән салып жатқан болар еді. Мерейтойлық концерт Алматыда соңғы жылдары өткен ең мықты концерттің бірі болды. Өнерпаздарымыз өте биік деңгейде өнер көрсетті.

 

ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТІМ БҰРЫНҒЫДАН ДА АРТА ТҮСТІ

 

Эплатон НЕМАДЗАДЕ, белгілі опера режиссері:

— Әлемнің әр түрлі сахналарындағы қойылымдарды көріп жүргендіктен, мен әрқайсысының деңгейін салыстыра аламын. Дәл осы театрдың барлық қой­ы­лымдары ТМД елдерінен түгел табыла бермейді. Тіпті біздің Бакуде де мұндай театр жоқ. Соңғы жиырма жылдан бері Анкарада тұрып, өнерге қызмет етіп келемін. Бүгін қазақтың клас­си­ка­лық өнерінің деңгейіне тағы да тағ­зым етіп отырмын. Осы театр көте­р­іл­ген биікке қызықпау мүмкін емес.

 

СЫРЛЫ САЗҒА ҒАШЫҚ ЕТКЕН ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН

 

Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

— Шетелден келген кейбір қонақтарымыз бүгінгі концерттік бағдарламаны көріп таң қалғандарын,  риза болғандарын айтып жатыр. Иә, ұлттық театрымыздың тамаша қойылымдары әлемдік сахналарда салтанат құруға әбден мүмкіндігі бар. Өз қазанымызда қайнай бермей, халықаралық сахналарды да бағындыруға әліміз жетеді. Рас, өз бетінше театр шетелдік гастрольдерге шыға алмайды. Қазіргідей күрделі кезеңдерді еңсерсек, бұл мақсаттың орындалуы да қиын емес. Тек ұялмай көрсететін репертуарлар болса болғаны.



Авторы: Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат