Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-04-29:

ПРЕЗИДЕНТ ҚЫТАЙҒА НЕ ҮШІН БАРДЫ?

 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қытай Халық Республикасына кезекті мемлекеттік сапары болды. Бұл – біз мемлекет бол­ғалы Мемлекет басшысының жұмыс кестесін­дегі ең маңызды шараларының бірі. Елбасының көрші елге сапары туралы бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты жарияланымдар берді. Әсіресе, “Егемен Қазақстан” әдеттегідей көш бастады десек те әділдік болады. Сапардың әр күніне тек хабарлама-ақпараттық емес, сарап­тамалық талдау жасаған Сауытбек Абдрахманов­тың қызғылықты публи­цистикалық материалдары Президент сапарының толыққанды сипаттамасын өз оқушыларына жеткізе алды (“Егемен Қазақстан”, 17.04.09, 18.04.09, 21.04.09.)

Сапар сәтті аяқталды. Мемлекет басшылары ең жоғарғы дәрежеде келіссөздер жүргізді. Келісімдерге қол қойылды. Енді сол келіссөздер мен келісім­дердің қызметі басталуы тиіс. Олардың екіжақты қарым-қатынастың тиімді дамуына, біздің еліміздің әл-ауқатына ықпалы, әсері, үлесі қандай болмақ? Президент сапары барысындағы келіссөздердің негізгі көздеген мақсаты не? Осы және Прези­дент­тің Қытай басшыларымен кездесулері барысында өткізген әңгімелерінен біз өзіміз үшін, болашақ қатынасымыз үшін қандай қорытынды шығаруымыз қажет? Қандай құбылыстарға айрықша мән бергеніміз дұрыс? Нендей маңызды жағдайларға мән бермей жүрміз? Нені ескеруіміз тиіс? Болашақ кездесулерде, келіссөздерде біздің елімізді толғандыратын қандай өзекті мәселелерді көтеруге міндеттіміз деген сауалдар Қытаймен қатынастың маңызын білетін кімге болса да маза бермес.

Кез келген мемлекеттің өзінің ішкі, сыртқы саясаты, оның өзіне көршілес мемлекеттермен, өңірдегі елдермен, дүниежүзілік қоғамдастықпен қарым-қатынас мүддесі, мақсаты бар екені анық. Бұл – айтуға ғана осылай қарапайым, тілге жеңіл көрінгенімен, астарында қатпар-қатпар өзекті мәселелер жатқан, күрделі құбылыстар екені де көзі қарақты жанға белгілі екендігінде күмән жоқ.

Жоғарыдағыдай сұраққа жауап берердің алдында Қазақ мемлекетінің геосаяси жағдайына тоқтала кетудің жөні бар.

Жаратушының құдіретімен қазақ жері оңтүс­тік-шығысында қытай, батысы мен солтүстігінде орыс, оңтүстігі мен оңтүстік батысында түркі тектес елдердің ортасына орналасты.

Мемлекетіміздің сыртқы саясаты осы орнала­судан басталады. Қазақстанның географиялық орналасуы мен оның геосаяси жағдайының өзі-ақ ешқандай жайбарақаттыққа мүмкіндік бер­мейді. Оған жаһандық құбылыстардың дауылды екпінін және халықаралық ұйымдар, мемле­кеттермен қарым-қатынас саясаттарын қосыңыз.

Шүкір. Бір кездегі андыздаған жорық, бірін-бірі аяусыз жойып жіберуге ұмтылған соғыс замандары да тарихтың үлесінде қалды. Тәубе деп қуанарымыз – қазіргі бейбіт заман. Бұл – тағдырдың да, тарихтың да біздің ұрпағымызға берген теңдесі жоқ, баға жетпес керемет сыйы. Соның құнын, қадірін біліп, сақтай алу, бола­шаққа аманат ету – біздің қасиетті парызымыз.

Күн сайын, сағат сайын толассыз ерсілі-қарсы­лы ағылып жатқан еларалық барыс, келіс, сауда-саттық, тұрмысқа қажетті бірлескен өндіріс, тіршілік жобаларының жолының ашық болып, халыққа қызмет етуге бағытталуы – ең алдымен мемле­кеттің, оны басқарып жүрген ел Президен­тінің, заңна­малық кеңістіктің, мемлекеттік құры­лымдардың салиқалы саясатының сапасы мен маз­мұнын, дәрежесі мен нәтижесін көрсетсе керек.

Еліміздің мемлекеттігі, сөз жоқ, оның халықаралық беделінің тұрақтанып, артуымен, сыртқы саясатының сауаттылықпен, ұтқырлықпен жүргізілуіне тікелей байланысты.

Барлық құбылыстар сияқты басқа мемлекеттер­мен қарым-қатынас та бір рет қана шешіліп немесе жарияланып, содан мәңгі-бақи өз-өзінен жүре беретін ахуал емес. Үнемі оның “тамырын басып, жүрек соғысын” сезініп, бақылап, дер кезінде, әртүрлі әлемдік, өңірлік, екі жақты жағдайларға байланысты дем беріп отыру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, біз көршілес елдер­мен, әсіресе Ресеймен, Қытаймен, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Иран, Тәжікстанмен ресми мемлекетаралық дипломатиялық, экономикалық, тіпті үкіметтік емес ұйымдар, әртүрлі ассоциация, қоғамдық ұйымдар арқылы қарым-қатынасымыз дамылсыз өсу үстінде екендігін атап өту орынды. Кейде “осы қажет пе?” дейтін пікірлер де айтылып жатады. Ал ондай қарым-қатынас жасамасақ, қандай әдіс тәсіл таңдауымыз қажет? Бұл – мемлекетке қажетті­ліктен туындап тұрған сұраныс емес пе? Сол қажеттілікке, мәжбүрлікке екі жақты ықылас пен тиімділік қосылса, әрине, көп іс оңға басады. Сыртқы саясат­тың да негізгі мақсаты – мемлекет мүддесі. Ал ондай қарым-қатынасты шектегенде, немесе ешкіммен қатынасып, араласпағанымызда не ұтамыз? Ұтамыз ба? Ұтыламыз ба? Өңірлік, жаһандық дамудан сырт қалып қою қаупінің соңы неге әкеліп соғуы мүмкін? Сірә, ондай тоңтеріс бұйығылыққа ел, көпшілік те келісе қоймас. Яғни, қатынасу, араласу өмірдің өз талабы. Мәселе, сол аралас, қарым-қатынас тұсында еліміздің мүддесін сақтай білуде. Қандай да қарым-қатынастың тиімділігінде. Қай елдің өкілдерімен келіссөздер жүргізгенде қандай дәрежедегі қызметкерге болса да ең алдымен ел мүддесін қорғай білерлік біліктілік, білімділік, ұлтжанды мемлекетшілдік қажет. Халықаралық қарым-қатынастарға, мемлекеттің сыртқы саясатына баға бергенде қоғамда туындайтын өзекті сұрақтардың дені осыған әкеліп саяды.

Тәуелсіз мемлекет болған алғашқы күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы басты мәселеге айрықша мән берумен келеді. Сыртқы саясат тұжырымдамасының өзі осы – мемлекет мүддесінің негізгі талаптары мен сұраныстарына құрылған. Біз сонымен бірге барлық көршілес елдермен, дүниежүзілік қоғамдастықтың кез келген мүшесімен тек қана бейбіт қарым-қатынасты ұстанып, насихаттаймыз.

Осы кешенді тұжырымдамада Қытай Халық Республикасымен стратегиялық, әріптестік дамуға айрықша мән беріледі. 1992 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылған күннен бастап, екі ел арасындағы достық, әріптестік түсіністік пен қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жақсы дәрежеге көтерілді. Содан бергі 17 жыл көлеміндегі қабылданған келісімдер мен жүзеге асқан шаралар шежіресінің өзі-ақ жаңа тарихымыздың жарқын беттері болды десек, артық айтқандық болмас.

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының келі­сім­­дік-құқықтық базасы жасалды. Екі ел арасында жүзден астам маңызды құжаттарға қол қойылды. Сауда-экономикалық байланыс 1995 жылғы 100 миллион АҚШ доллары көлемінен 2008 жылы 17,5 миллиард АҚШ доллары деңгейіне жетті. Қытай біздің елге келген шетел инвестор­лары­ның бірінші бестігінен саналады. Мемлекеттер, мемлекет басшылары ара­сын­дағы ресми сыйласымдылықтың жақсылы­ғының әсерінде Қытайда тұратын қазақ­тар­дың құқықтық, әлеуметтік тұрмысы оңала бастады.

Ең бастысы – Қытай өз тарапынан мыңдаған жылдар бойына шешілмей келген біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындап, шекаралық келісімге қол қойды. Қазақстан – Қытаймен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде Қытай үкіметі келісіп, жүз пайыз шекара аумағын тиянақтаған тұңғыш мемлекет. Бұл – сөз жоқ, Қазақстан дипломатиясы мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи жеңісі болды.

Осылай деп баға беру – Президентке немесе лауазымды басшыға көрсетілген мадақтау емес. Нұрсұлтан Әбішұлы қол жеткізген шекара келісімінің, әсіресе біздің халқымыз, жеріміз үшін ерекше тарихи маңызы зор.

Қытай – жер әлемде қандай заман, қандай қырғын болса да мемлекеттігін мыңдаған жылдар бойына (Қытай тарихшылары қазір оны бес мың жылдық тереңдікке бойлатып жіберді) көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан ірі, халқы орасан көп ұлт, ірі мемлекет. Император Цинь Шихуанидің тұсынан “Аспан асты” аталып келуі – ұрпақтан ұрпақтың санасына сіңген идеологиясы деуге болады. Ескі замандағы карталарында жер кеңістігін Қытайға тән деп насихаттаған. Өзімен шекаралас елдердің ешқайсысымен шекаралық келісім жасауға мүдделі болмаған. Тіпті дүние жүзінде ең қуатты, ең қарулы барлық соғыстарда жеңімпаз болған Кеңес Одағының бүкіл саяси, экономикалық жүйесін өз елі ішінде мейлінше өрістете, әрі күдіксіз достықты насихаттай отырып, онымен жүздеген рет (раундтар) үнемі шекаралық келіссөздер жүргізе отырып, жеме-жемге келгенде 74 жылда шекаралық келісімге қол қоймаған қалпы, Кеңес Одағының құлдырап, тарауын да өз көзімен көрген ел.

Шекаралық келісімнің болмау салдарынан 1968 жылы Даманскіде (Қиыр Шығыс), 1969 жылы Жалаңашкөлде (Талдықорған) КСРО, Қытай шекарашылары арасында қарулы қақтығыс түйісіп, көп адам шығын болды.

Тарихтан бізге жеткені – 1860, 1862, 1882 жыл­­ғы Ресей мен Қытай империяларының арасын­дағы шекаралық келісімдері және сол келісімдерге сәйкес 1884 жылы екі империя арасында жүргізіл­ген шекара сызығы. Қазақ жері мен халқы ол кезде Ресей бодандығында болуына байланысты, әрине, ол келісімдерге қатынаса алған жоқ. Қазақ – мемлекет болмағандығынан да ешкім оның пікірін қажет деп ойлаған да, есептеген де жоқ. Қазақтың үні, дауысы шыға алмады, қазақ тек оның зардап­тарын ғана көрді. Сол шекара жүргізу тұсында мыңдаған қазақтар босқындыққа ұшырады.

1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткеннен кейін Қытаймен жаңа қарым-қатынас орнату қажеттігі күн тәртібіне көтерілді. Екі ел арасындағы маңызды проблемалар қатарында бірден бір мәселе – шекара болды. Өкінішке орай, қазақ хандық тарихында, Ресей бодандығына кірмес бұрын, Қытаймен де, Ресеймен де ешқан­дай ресми түрде шекаралық келісім құжаттары болмағаны алдымыздан шығып, ешкімнен ешқандай жер даулай алмайтынымыз анық болды. Заңды негізсіз, құжатсыз дау айту – тек арақатынасты ушықтырып, сенімсіздік туғызып, өзара түсіністікті алшақтата түсер еді. Әрі, дәл сол мәселеде ұтпасымыз да анық. Өйткені келісім Ресей мен Қытай арасында болған. Оның күшін жоюға екеуінің ешқайсысы да мүдделі емес. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – өткен өкініш­ті “тырна­лай” бермей, болашаққа ашылар жолды табу. Елдің тыныштығын, ертеңге өсуін, саяси, эконо­микалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Болашақ ұрпаққа қайшылықты, бопса күмән қалдырмау.

Қазақстан-Қытай арасындағы жаңа дәуірдегі достық, тату көршіліктің негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Төрағасы Цзян Цзяминь. Екі мемлекет басшылары алғашқы кездесулерінен-ақ бірін бірі терең түсініп, өткен тарихтың қайшылықты кезеңдерін де жете білетіндіктерін көрсетті. Екеуі де болашақ тату көршіліктің мемлекеттердің дамуына ниетті әрі ықпалды болатынына сенімді болды. Дүние даму құбылыстарының жаңа серіппесі, жаңа техноло­гиясы келе жатқанын екі басшы сол 90-шы жыл­дар­дың басында айтып, пікір алысқан. Алғашқы кездесулерінен-ақ хаттама шеңберінен шығып, екеуі де еркін әңгімеге құлықтылық танытты.

Әсіресе, 1995 жылдың қыркүйегінде өткен Н.Ә.Назарбаевтың Пекинге мемлекеттік сапары ұзақ жылдардан қалыптасып, ешқандай артық-ауысқа жүргізбейтін Қытай хаттамасын “мазасыздан­дырып”, олар жоспарлаған уақыт мөлшеріне сый­май, жаңа тыныс кеңістігіне шықты. Екі ел басшы­ларының 50 минөтке жоспарланған оңаша әңгімесі бір жарым сағатқа созылды. Арада ашық әңгіме үйлесті.

Нұрсұлтан Әбішұлы әңгімеге бастамашы болып, кездесуге мол дайындығын көрсетті. Әңгіме үстінде әлденеше рет тарих қойнауына бойлап қайтты. Қытай тарихының әр династиясының философтары мен ақындарының қанатты сөздері де, қытай мақалдары да айтылды. Қытай басшысы жас мемлекеттің жас басшысына дән риза болды. Сол жолда шекарадан бастап, шекаралық өзендер, Қытайдағы қазақтар жағдайы, олардың өзінің тарихи Отанына көшуі сияқты түбірлі мәселелер кеңінен талқыланды. Қытай Төрағасы қазақстандық әріптесін қызығушылықпен тыңдап, арасында көп сұрақ қойып, әңгімені ынталандырып отырды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзяминь екеуінің түсіністігі кейінгі жылдарда өрістеп, көп мәселе оңтайлы шешіліп, екеуара қатынасы, сыйласымдылығы достыққа айналып еді.

Сол жақсы дәстүр кейін Ху Цзиньтао билігінің тұсында да жалғасын тауып келеді. Достық дәстүр­дің жалғасуына тағы бір себеп болған оқиға – 1999 жылы Ху Цзиньтао әлі бірінші басшылыққа келмей тұрғанда Н.Назарбаевтың бастамашылды­ғы­мен екеуі кездесіп, таныстық қалыптасқан. 2000 жылы Президенттің шақыруымен Ху Цзиньтао Қазақстанға ресми сапармен келіп кетті. Ал 2002 жылы Ху Цзиньтао партияға Бас хатшы және ҚХР-дың Төрағасы болып сайланды.

1997 жылдың күзінде сол кездегі Премьер Ли Пэн келіп, біздің Елбасымен келіссөздер жүргізді. Шекаралық келісімнің бірінші қосымша бөлегіне қол қойды. Үкіметтер арасында мұнай өндірісінде бірлесе жұмыс істеу туралы алғашқы келісім-шарт жасалды. Ол жылдар – Қазақстанды жайлаған экономикалық дағдарысты бастан өткізіп тұрған шақ еді. Әсіресе, бізде өндірілетін мұнай, газ, металл бұрынғы Кеңес Одағымен бірге құлаған жүйе мен технологиясының орны толықпай, өнімдер сұранысқа ие бола алмай тұрған кез. Ежелден біздің мұнайды өзінікіндей көріп үйрен­ген ресейліктер Қазақстан мұнайын халықаралық экспорттық дәрежеге көтеруге асықпады. Жаңадан келіп, орналасып жатқан АҚШ-тың “Шевроны” да менмендік пен керенаулықтан аса алмай, өз пайдасын ғана ойлап жүрген осындай жағдайда мұнай рыногына Қытайдың келуі сөз жоқ, олардан бұрын келіп, өз еркінше билеп-төстеп жүрген басқа ел инвесторларының жан-жағына жіті көз тастап, етек-жеңін жинап, қозғалуға түрткі болды. Ресей де, АҚШ та күтпеген жерден Қазақ мұнайының Шығысқа бет бұрғанына елең етіп, назар аударуға мәжбүр болды. Олар өз бағдарла­маларын қайта қарап, жаңа шаралар белгіледі. Ұзын арқау, кең тұсаумен бірде тоқтап, бірде қозғалып жатқан Каспий консорциумы (КТК) шұғыл қолға алы­нып, тақау мерзімде іске қосылды. Қазақ мұнайы­на өздерінің озық технологияларымен Норвегия, Жапония, Англия, Италия сияқты елдер қызығушылық танытып, мұнай ел тұрмысына тиімді қор жинақтап, халыққа қызмет ете бастады. Сондықтан да Қазақстан-Қытай мұнай әріптестігі тек қана экономикалық емес, салмақты, көреген саяси шешім болғанын өмір өзі дәлелдеді.

Осы жолда да мұнай саласы үлкен әңгіме болды. Қытай үкіметі біздің экономиканы қолдау мақсатында ұзақ мерзімге, жеңілдікпен 10 млрд. АҚШ долларын берді. Осы шешімге барғанын Н.Назарбаевқа деген Қытай жағының зор құрметінен екендігін де айтуды ұмытпай жүрді.

Дәл осы сапарда сондай-ақ энергетика, бейбіт атом, көлік, ауыл шаруашылығы, оқу-білім сала­сында қарым-қатынасты күшейту туралы келісім­дерге қол қойылды. Соңғы жылдары Қытай жоға­ры оқу орындарында қазақ жастарының білім алу­ға талпынуы да жаңа үрдіс. Қазір Қытай жоғары оқу орындарында біздің үш мыңға жуық бала оқып жатыр. Бұл – дұрыс және болашаққа нақты іс.

Сонымен Президент Н.Назарбаевтың Қытайға 2009 жылдың сәуіріндегі сапары бірнеше маңызды жағдайлармен байланысты.

Біріншіден, екі ел арасындағы тату көршілік пен сенімді әріптестік, серіктестік қарым-қатынастарға жаңа екпін беру;

Екіншіден, тәуелсіздік жылдары қалыптасқан Қазақстан-Қытай басшыларымен үкімет арасындағы өзара түсіністікті тереңдету, жақсы дәстүрге құрмет көрсетіп, сыйласу арқылы болашақ жаңа жетістіктерге қол жеткізу;

Үшіншіден, бұрыннан қабылданған келісім-шарттардың ойдағыдай жүзеге асырылуына ықпал ету, жағдай жасау, жаңа экономикалық келісім­дерге кеңістік ашу, экологиялық проблемалар, шекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану;

Төртіншіден, Қазақстан-Қытай делегация­ларының өңірлік халықаралық қатынастардағы ұйымдардың жұмыс белсенділігін арттыру, ондағы көзқарас бірлігіне ұмтылу. Әсіресе, ШЫҰ, АӨСШК ұйымдарының өңірде қауіпсіздік, ядролық қарусыз кеңістік қалыптастыруға жұмыс жасауы;

Бесіншіден, әлемдік дағдарыс жағдайында пікір алысу, елдер экономикасының жаңа жүйесін қа­лыптастыру, қаржылық банкі жүйелерінің, өнді­рісті сақтап қалу, жаңа мамандар даярлау, жергі­лікті жерлерде адам тұрмысына қажетті инфра­құрылымдарды көтеру арқылы, жаппай жұмыс­сыздықты болдырмай, елді жұмыспен қамтамасыз ету сияқты ірі проблемаларды тереңнен сараптап, болашақ жобалар мүмкіндігін әңгімелесу;

Қытай ежелден қандай да басқа жерде әлемде болып жатқан әртүрлі қайшылықты жағдайға елп ете түспейтін, артын бағып, абайлап, қарап отыратын, түп тамыры терең ел. Баға беруге де асықпайды. Ал еліктеушілігі мүлде сабаз.

Алайда, олар дүниедегі алапат өзгерістерді байқамай қалған екен десеңіз – қателесесіз. Ешнәрсе де байқалмай қалмайды. Бәріне мұқият. Сөйлескен сөзіңізде бір сөз түсіп қалмайды.

Қытай – бүкіл әлемдегі ең озық технологияны игеруде қазір алдыңғы топта. Орта және шағын бизнес ел экономикасының “бел омыртқасына” айналды. Ауыл шаруашылығы жаңа әдістермен дамуда. Әсіресе, қазір жұмысшы мамандарын қайта дайындауға көп мән беріледі.

Президент осы сапарында келісілген “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” темір жолы, тас жолы біздің экономикамызға мол жаңалық әкелмек. 2400 шақырымнан астам жол Қазақстан жерінен өтпек. Бір осы жол құрылысының өзі қазақ жұмысшы­ларына, ауылдарға, стансаларға қаншама мүмкіндіктер туғызбақ. Біздің осыған құзырлы мемлекеттік органдарымыз, жергілікті әкімдіктер бұл тиімді жобаны сауаттылықпен, білікті дайындықпен біздің еліміздің әлеуметтік мүддесіне пайдалана алуды ұйымдастыруы қажет. Сол сияқты мұнай, металл, энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, оларды өңдеу үдерістерін жаңа әдістермен, жеңіл технологияны көптеп батыл енгізу арқылы уақтылы жүргізу мүмкіндігі де бар. Осы факторлардың барлығы да дағдарыстан шығу жолдары.

Президент ел әлеуетін көтеру жолдарын іздесті­ру үстінде екендігін Қытай сапарында да нақты көрсетті. Оның дағдарыстан шығу жолын­дағы ой, ұсыныстарын, кейбір қорытын­дыларын Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао да, Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысының төрағасы У Банго да, Премьер Вян Цзябао да, бизнес тұлғалар жиналған кеңес те, Боаоға жиналған Азия, Тынық мұхит елдерінің сұңғылалары да зор қызығу­шылықпен, ерекше ыждаһатпен тыңдады. Нұрсұл­тан Назарбаев өзінің ізден­гіш­тігімен, бастама­шыл­­дығымен, шешендігімен, ұтқы­рлығымен тағы да қазақтың абыройын асы­рып, мәртебесін биіктетті. Тіпті, бұдан бұрынғы жұмыстарды айтпай-ақ, Боаодағы конференция­ның беделді мінберінен сөйлеп қайтса да қазақ­тың рухы көтеріліп, намысы жалаулап тұрар еді.

Президент кездесулер арасында өз делегация­сымен де кейбір пікірлерін пысықтап, тапсырма бере жүруді де ұмытпайды. Қытайдан үйренетін нәрсе көп. Ұлттың бірлігіне, ынтымақшыл­дығына, ұйымшылдығына, еңбекқорлығына айрықша мән береді. Қытай ұлтының өз елін сүйгіш патриотизмі өте жоғары.

Өзендер туралы әңгіме қозғалғанда, Қытай жағы (Ху Цзиньтао) “біз ешқашан өз еліміздің әлеуметтік жақсаруын, Сіздер жақты, немесе экологияны нашарлату арқылы жүргізбейміз, екі жақтан да біздің мамандар бірлесіп жұмыс жасауы тиіс”, – деді.

Қазақстанға, өз Отанына келгісі келетін қазақтарға есік ашып, заңды жағдай туғызу, біздің шенеуніктердің көзқарасын өзгерту әңгімелері де осы жолда бұрынғыдай қайталанды. Ол жұмыс әсіресе біздің еліміздегі ахуал, күйге де көп байланысты. Келіп жатқан отандастарға жергілікті жерлерде бюрократтық емес жолдармен, ынтамен көмек көрсету, олардың орналасып кетуіне мүдделі болу – біз жақтан көрсетілуге тиіс пейіл болмақ.

Президенттің қай елге болса да сапары екі жақты қатынасқа жаңа серпін береді. Ал Қытай сапарының біздің еліміз үшін саяси-әлеуметтік маңызы зор. Ол үлкен болашақпен байланысты. Қазір Қазақстан-Қытай арасында екі жақтан да көп адам қатынасатын араласымыз өсу үстінде. Қытайда біздің 1,5 миллионнан астам бауырларымыз бар. Қытайдан біздің жерімізге құлап ағатын өзендер бар.

Сондықтан да екі ел басшылары, үкіметтің құзырлы орындары, Парламент мүшелері, әртүрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері жүйелі түрде кездесіп, пікір алмасып, кедергілерді жойып, өз мүддеміздің сақталуын қадағалап тұруы – қажеттілік.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай басшыларымен жыл сайын кездесіп тұруы – дипломатиялық ұтқырлығы, ел үшін, мемлекет мүддесіндегі табысты қадам, құптарлық іс.



Авторы: Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат