Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-05-01:

СТУДЕНТТЕР ЕЛБАСЫНЫҢ САРАБДАЛ САЯСАТЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРЕДІ

 

Елбасының атына Қараған­дыдағы “Болашақ” университетінің студенттері мен олардың ата-аналарынан жеделхат келді.

 Осы университеттің қосымша білім грантына ие болған 150 студенті мен олардың ата-аналары Мемлекет басшысының осынау қам­қорлығы мен өміршең баста­масы үшін шын жүректен алғыс сезімдерін білдіреді.

“Тәуелсіз Қазақстанның әлем­дегі өркениетті елдер қауымдасты­ғына енуі жолында Сіздің табанды түрде атқарып келе жатқан жарқын істеріңіз біздің жүрегімізге мақ­таныш сезімін ұялатады. Еліміздің барлық студент жастары секілді біз де Сіз жүргізіп келе жатқан, рес­публикадағы саяси тұрақтылыққа негіз болып отырған сарабдал саясатыңызды қолдаймыз”, деп жазады жеделхат иелері.

“Сіздің бастамаңызбен мемле­кет тарапынан жастарға көрсетіліп отырған қамқорлық ел халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кешенді бағдарламаның құрамдас бөлігі деп есептейміз. Республика жастарының жоғары білім алуына, лайықты еңбек етуіне мемлекет тарапынан барынша жағдай жасай отырып, оларға еліміздің болашағы деп үлкен сенім артуыңыз бізді қанаттандырады.

Рухы биік, білім мен ғылымды терең меңгерген ел ғана қуатты мемлекеттер қатарына қосылады. Осы орайда, Сіздің тәуелсіз Қа­зақстанды дүние жүзіндегі бәсе­келестікке қабілетті 50 елдің қа­тарына қосу туралы игі бастама­ңыз­ды қолдай отырып, игі бас­таманың жүзеге асуына өз күш-жі­герімізді, қабілет-қарымымызды аямай жұмсаймыз”,  делінген жеделхатта.  

Авторлар Мемлекет басшысына зор денсаулық, толайым табыс және тәуелсіз Отанымызға береке-бірлік тілеген жеделхат соңында.

 

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ МӘЕЛЕСІН ТЕК ТҮКІЛЕР ШЕШЕДІ

Алматыда “Мәдени мұра” ұлттық жобасы аясында өткен  “Өркениеттер үнқатысуындағы түркі әлемінің рөлі” атты халықаралық симпозиумнан осындай  ой түйдік.

Симпозиумның екі күндік өнімді жұмысының нәтижесінде түркі әлеміне байланысты келелі мәселелер көтеріліп, мақсатты ой­лар айтылғанын жеткізіп, жиынды қорытқан Мәдениет саясаты және өнертану институтының директоры Ерлан Сайыров одан әрі басқосу барысында өткен әрбір секция модераторлары мен дөңгелек үстел жетекшілерінің қысқаша есебін тыңдауға мүмкіндік берді.

“Еуразиялық кеңістіктегі түр­кілер: тәжірибе, сабақтастық және жалғастық” секция жұмысын  ғалым Ғарифолла Әнес қорытын­ды­лады. Модераторы саясаттанушы Ай­дос Сарымов болған “ХХІ ғасыр­да­ғы түркі өркениеті” атты сек­ция­да тыңдалған баяндамаларда жақсы ой салатын пікірлер айтылып, нақ­ты ұсыныстар жасалған. Мәселен, демограф Мақаш Тәтімов Қазақ­стандағы санақ бойынша және түркі халықтарының демографиялық үдерістері жөнінде түркі этнос­тарының сан жағынан славяндармен теңесіп, одан да асып түсетін үрдіс жөнінде келелі әңгіме қозғаса, алдағы уақытта тек мәдениетпен шектеліп қалмай, саясатқа, басқа да жақтарына көңіл бөліп, түркі бірлігінің, түркі дүниесінің үлкен істерге сұраныстарын, ізденістерін бөлек-бөлек қарамай, әр сала бойынша тиянақтап, топшылап оты­ратын қоғамдық, яки мемле­кетаралық институт қажеттігі айқын көрініп тұрғанын мәлім етті.

“Түркі тілдес халықтардың мате­риалды емес ортақ мұрасын инвен­таризациялауға” арналған басқосуға жетекшілік жасаған ТҮРКСОЙ ха­лықаралық ұйымы бас дирек­торы­ның орынбасары Фрат Фурташ жал­пы түркі халықтары өздеріне ортақ құндылықтарды халықаралық үлкен ұйымдарға ортақ тұрғыдан ұсыну керек деген шешімге келгендіктерін жеткізді. Өйткені, “Алпамысты” өзбектер өз шығармасы ретінде ұсынғаны біраз қазақ зиялыларын мазалағаны белгілі.

“Өркениеттер үнқатысуындағы түркі әлемі: мәселелер мен бола­ша­ғы” атты дөңгелек үстел жетекшісі, “Қазақстан-Zaman” газетінің бас ди­ректоры Ахмет Аляз түр­кі халықтары өздерінің көне мәде­ниетін зерттейтін арнайы зерттеу орталығы ашылса, деген ұсынысын ор­таға салды. Сондай-ақ Түркістан­нан келген белгілі ғалым Құлбек Ер­гө­бек 1990 жылы Түрік мемлекеті­нің бастамасымен барлық елдер ғалымдары қатыстырылып, тарих жайлы – 24, әдебиетке қатысты 30 томдық еңбек шыққанын айтты. Соларды әр ұлт өз тілдеріне аударса, бірақ аударғанда өзіне қажетті жерін толықтырса, деген ой тастады.

Осы отырыста Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің профессоры Құдай­бер­ген Тұрсын: “Егер түркі мәде­ние­тін өркениеттер әлемінде ха­лық­аралық деңгейге көтереміз десек, түркі халықтарының телерадио орталығын ашу керек. Өйткені, 1990-шы жылдары спутник арқылы түрік телеарнасы көрсетіп, кейін қаражат мәселесіне байланысты жабылып қалған-ды. Газет, кітап шы­ғарған жақсы, бірақ миллион­даған көрермені бар осы каналды жолға қояр болсақ, бүкіл халыққа өзі­міздің мәдениетімізді де, әде­бие­ті­мізді де, басқасын да жеткізуімізге толық мүмкіндік болар еді. Екін­шіден, кезінде Совет Мазғұтов аға­мыз өткен ғасырдың 70-80-ші жыл­дары он жылдай Қазақстанда “Жол­дас” телерадиофестивалін өткізіп тұрды. Осы үрдісті жандандырып, екі жылда бір рет ұйымдастырып тұрсақ, бұл бір-бірімізден тәжірибе алмасу, үйрену мектебі болар еді”, деген пікір қосты.

Жиын қорытындысында “Ал­ма­ты декларациясы” қабыл­данып, мұн­дай алқалы басқосуды жыл сайын Алматыда өткізіп тұру келісілді, сонымен бірге, осы Дек­ларацияға “Түркі мәдение­тінің 100 қайраткері” деген үлкен энцик­ло­педиялық сөздік шығару енгізілді. Мұның өзі түркі әлемін интегра­циялаудың басы болады ғой деп ойлаймыз. Бұл мәселе министрлік тарапынан қолдау тауып отыр.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

 

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ  ЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

“Нұр Отан” ХДП Орталық ап­паратының кеңсесінде Қазақстан Республикасы Президенті жа­нын­да­ғы Адам құқықтары жөніндегі ко­миссия мен партия арасында “Азаматтардың бостандығы мен құқын қорғау мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморан­дум­ға” қол қойылды.

Шараға “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Төр­аға­сы­ның бірінші орынбасары Д. Кә­ле­таев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құ­қық­тары жөніндегі комиссияның төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты С. Тұрсынов қатысып, екі жақты меморандумның қажеттігі турасындағы ойларымен бөлісті.

Дархан Аманұлы жиналғандар алдында азаматтардың құқықтары­ның жан-жақты қорғалуындағы та­рап­тар арасындағы ынтымақ­тас­тық­тың берері жайлы айтып, осы мақ­саттағы заңнамалық базаны ха­лықаралық нормаларға сәйкестен­ді­ріп жетілдіруде де бұл бірлесе қи­мылдаудың жемісті болатындығына сенім білдірді және комиссияның меморандумға қол қояйық деген ние­тін қуана қарсы алғандығын айтты.

Комиссия төрағасы да азамат­тар­дың құқығының сақталуынан ма­ңызды ештеңе жоқ екендігіне тоқ­талып, ынтымақтастық жайлы ме­морандумның алда бірлесе атқа­ры­латын жұмыстарды жандандыра түсетініне сенімін білдірді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

 

МҮДДЕЛЕСТІК ТЕТІГІ БЕКИ ТҮСЕДІ

Елордада Орталық сайлау ко­мис­сиясының төрағасы Қуандық Тұр­ғанқұлов ЕҚЫҰ-ның Демок­ра­тия­лық институттар және адам құ­қықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) директоры Янеш Ленарчич­ті оның өтініші бойынша қабылдады. Ха­лықаралық мәнге ие бұл екіжақты кездесуге ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның, елі­міз Сыртқы істер министрлігінің өкіл­дері қатысты. Кездесу бары­сын­да тараптар еліміз ОСК мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ арасындағы ынты­мақ­тастықты жан-жақты тереңдету, қазақстандық сайлау жүйесін жал­пы­еуропалық стандарттарға сәйкес­тендіру, бұл бағытта өзара тәжірибе алмасу, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында еліміздің саяси жүйесін дамыту жолдары туралы пікір алмасты.

Қ.Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ қызметін жетілдіру және осы ұйым аясында әріптестік көкжиегін ке­ңейту тұрғысында өз ұсыныстарын айтты. “Біздің ойымызша, барлық ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің заңнама­сын­да халықаралық байқау­шы­лар­дың мәртебесін бекітуді, сондай-ақ осы елдер заңнамаларына салыс­тырмалы талдау жүргізуді назарда ұстағанымыз жөн болар еді. Себебі, демократиялық сайлау үдерісінің негізін қалаушы нормаларды заң­намалық тұрғыда шешуде халық­аралық тәжірибенің маңызы ай­рық­ша болатынын ескеруіміз керек”, – деді бұл турасында ОСК төр­ағасы. Бұған қоса, Қуандық Тұрғанқұлов қазақстандық тарап­тың ЕҚЫҰ миссиясының еліміздегі сайлауларды байқау нәтижелері бойынша ұсынымдарын мұқият сын таразысына салып, сүзгіден өт­кізіп отыратындығын және сол ұсынымдардың біздің қоғамға лайықты нормалары ұлттық сай­лау заңнамасын жетілдіру жұмыстары барысында ескерілетіндігін жет­кізді.

Янеш Ленарчич өз кезегінде еліміздің сайлау заңнамасын де­мократиялық сайлаулардың халық­аралық стандарттарына сәйкестен­діру бағытында қалыптасқан ын­тымақтастық тәжірибесіне көңілі толатындығына тоқталып, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның еліміздің Орталық сайлау комиссиясымен өзара өзекті мәселелер бойынша мүдделестік тетігінің беки түсетіндігіне сенім білдірді.  

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

 

ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ТҮРЛІ ҚЫРЛАРЫ ҚАРАЛДЫ

Кеше елордада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Марат Тәжин мен Астанаға сапармен келген Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Қадырбек Сарбаевтың кездесуі болды. Кездесуде сыртқы саясат ведомстволарының басшылары екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты мәселелерді талқылады.

Бүгінде Қазақстан мен Қыр­ғызстан барлық салалар бойынша екіжақты қатынастарды дамытуға ұмтылып отыр. Өйткені, ежелден көршілес екі елдің өзара туыс­тығы, тарихи-мәдени жақындығы терең­нен тамыр тартады. Қазіргі кезде Қазақстан-Қырғызстан арасын­дағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 150-ден астам шарт­тық-құқықтық құжат бар. Оның ішінде 1997 жылғы 8 сәуірде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Рес­публикасы ара­сын­дағы Мәңгілік достық туралы шарт пен 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Одақ­тастық қатынастар туралы шарт­тың маңызы ерекше болып табылады.

Кеше, сондай-ақ екі мемлекет Сырт­қы істер министрлері кеңесі­нің үшінші отырысы болып өтті. Отырыста Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан арасындағы сауда-эконо­ми­ка­лық, су-энергетикалық және мәде­ни-гуманитарлық салалардағы екі­жақ­ты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстан-Қырғызстан қатынастары ойда­ғы­дай дамып келеді. Бұған Мем­лекеттер басшыларының жоға­ры деңгейдегі кездесулерінде қол жет­кізілген уағдаластықтардың қосқан үлесі ерекше зор болғанын атап өткен жөн.

Осыдан үш жылдай бұрын, яғни 2006 жылдың маусымында Қырғыз Республикасының Президенті Құрманбек  Бакиев ресми сапармен Қазақстанға келген болатын. Сапар қорытындысында Қазақстан бас­шы­сы мен Қырғызстан басшы­сы алдағы уақытта екіжақты қатынас­тарды тереңдету туралы бірлескен декларация қабылдаған еді. Сапар барысында, сондай-ақ үкіметара­лық және ведомствоаралық тоғыз құжатқа қол қойылған-ды. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылдың сәуірінде Қырғызстанға ресми сапары екі елдің ынтымақ­тас­тығын әрі қарай дамытуға ерекше серпін берді. Соның нәтижесінде өткен жылы Қазақстан мен Қыр­ғызстан арасындағы тауар айналы­мы 608,3 миллион АҚШ долларын құрады.

Кеңес отырысында тараптар сауда-экономикалық мәселелермен қатар, саяси ынтымақтастыққа қатысты жайларға да назар аударды. Оның ішінде Ортаазиялық мемлекеттер одағын құрудың перспективалары, көші-қон мәселесін реттеу, тағы басқа мәселелер бар.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

 

ОРТАҚ МІНДЕТТЕР ТҰРҒЫСЫНАН

Сыртқы істер министрі М.Тәжин біздің елге сапармен келген ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Янеш Ленарчичпен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.

Онда Қазақстан мен ДИАҚБ-ның ынтымақтастығы, оның ішінде, төзімділікті насихаттау, демократиялық реформалар мен сайлауды бақылау саласында іс-әрекет мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар, кездесуде та­рап­тар Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына дайындық ба­рысында бірлесіп жұмыс істеу жайы мен төрағалық кезінде гума­ни­тарлық өлшем бойынша алды­мыз­да тұрған ортақ міндеттерді жү­зеге асыру жөнінде пікір алмасты. Сонымен бірге, Бюроның ұлттық заңнаманы әзірлеу мен жетілдіруге сараптамалық көмегі, Қазақстан өкілдерінің сайлауды бақылау миссиялары мен Бюроның жұмысына қатысуы, Қазақстан мамандарын төрағалық кезінде бо­латын жұмыстарға дайындау мақ­са­тында оқыту семинарлары мен бри­фингтерді ұйымдастыру және тағы басқа мәселелер қарастырылды.

Сыртқы істер министрі этнос­ара­лық және конфессияаралық келісімді насихаттау үшін ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшемінің ма­ңыздылығын атап өтті және биыл­ғы жылдан бастап Қазақстан өкілі­нің қазіргі ЕҚЫҰ төрағасының Мұ­сылмандарға қатысты төзімділік жөніндегі жеке өкілі болып та­ғайын­далғанын айтты. М.Тәжин ДИАҚБ басшысын осы жылдың жазында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 3-ші съезіне қатысуға шақырды.

Я.Ленарчич ЕҚЫҰ/ДИАҚБ біздің елге осы ұйымда төрағалық еткенде жан-жақты көмектесетінін жеткізді. Бұл –  оның 2008 жылы шілдеде Бюро директоры болып тағайындалғаннан бергі Астанаға бірінші сапары. Ал ДИАҚБ 1990 жылы құрылған,  оның елімізбен арасындағы байланысы 1994 жылы Алматыда Бюроның атсалысуымен адам өлшемдері туралы семинардан бастау алады. Онда Орталық Азия аймағында адам құқықтарын сақтау мәселелері талқыланған болатын.

 

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ДҰРЫС ҚОРҒАЛУДА

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Янеш Ленарчичпен кездесуі болып өтті. 

А.Шәкіров ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілдерін азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы өз жұмысының негізгі бағыттарымен таныстырды, қазақстандық омбудсменнің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық базаға сипаттама берді, саяси өмірді ырықтандыру саласындағы айқын нәтижелерге тоқталды, Мемлекет басшысы 2008 жылы қол қойған Азаптауларға қарсы конвенцияның Факультативтік хаттамасында көзделген Ұлттық алдын алу іс-шарасын әзірлеу шеңберінде уәкілдің жанынан Азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдану фактілерін қарау жөніндегі жұмыс тобының құрылуына назар аудартты.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілдерін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің заң жобалау саласындағы қызметі туралы ақпарат, сондай-ақ алдағы жылы ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуіне дайындық барысы қызықтырды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда басталған реформаларды жалғастыруға заңнаманы жетілдіру және елдегі адам құқықтарымен байланысты ахуалды жақсарту ықпал ететіндігі туралы ортақ пікір білдірді.

Өз тарапынан Я.Ленарчич адам құқықтары мен бостандығы саласындағы  республиканың қозғалысына оң баға берді.

“Егемен ақпарат”.

 

ЖЕКЕЛЕГЕН ҚЫЛМЫСТАР ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙТІЛЕДІ 

Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысы болды.

Кеңес отырысында заңды тұлғалардың жекелеген қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілігін ендіру мүмкіндігіне, сон­дай-ақ азаматтық процессуалдық заңнама­ны одан әрі дамытуға қатысты мәселелер қаралды.

Аталған мәселелер бойынша Экономи­ка­лық және сыбайлас жемқорлық қылмыс­қа қарсы күрес жөніндегі агенттік пен Әді­лет министрлігінің ақпараттары тыңдалды.

Талқылау қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді, олар  Қазақстан Республикасының жаңа Құқықтық саясаты тұжырымдамасының жобасын әзірлеу барысында ескерілетін болады.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің

Мемлекеттік-құқықтық бөлімі.

 

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ҚАРАЛДЫ

Премьер-Министрдің орын­басары Серік Ахметовтің төраға­лығы­мен  ел аумағында шошқа тұ­мауы­ның туындауы мен та­ралуына жол бермеу жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. 

Денсаулық сақтау министрлі­гінің деректері бойынша, респуб­ликада вирусқа қарсы қолданы­латын “Тамифлю” препаратының 30 мың адамға арналған қоры бар. Республика бойынша тұмауға қарсы жаппай иммунитеттеу жұмыстары жүргізілуде. 500 мың адам ауруға қарсы егілді. Биылғы жылдың наурыз айында рес­пуб­ликаның барлық аймақтарында құс тұмауының  болу мүмкіндігіне бай­ланысты жаттығулар өткізілді. Республикалық санитарлық-эпи­демиологиялық стансаның рефе­ренс-зертханасы аса қауіпті инфек­цияларға байланысты диагноз қоюға әзір. Тұрғындар мен жолау­шыларға арнап, шошқа тұмауының алдын алу шаралары жөнінде жадынамалар әзірленіп, таратылды.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі әлемнің 11 елінен шошқа етін импорттауға тыйым салу жөнінде шаралар қабылдады.

С.Ахметов мемлекеттік орган­дарға шошқа тұмауына байланысты іс-шаралар жоспарын жасау, қажетті жеке қорғау, дәрі-дәрмектік және залалсыздандыру құралда­рының есебін жүргізу, санитарлық және ағарту жұмыстарын күшейту, ел аумағына шошқа тұмауының ену­іне және таралуына жол бер­меуге бағытталған кедендік, мал­дәрігерлік-санитарлық және са­нитарлық-карантиндік бақылауды қамтамасыз ету жөнінде  тапсыр­малар берді.  

 “Егемен-ақпарат”.

 

PR-форум  Ол нені көздейді?

20-21 мамырда Алматыда “Қа­зақстандағы PR күндері” аясында 5-ші халықаралық PR-форум өтеді. Қазақстанның PR өндірісінде қызмет ететін жетекші мамандар­дан құралған “PR-шы клубы” жыл сайын өз күштерімен демеушілер мен серіктестер іздеп тауып, осы ерекше шараны ұйымдастыруда.

Publіc Relatіons жеке және ма­ңызды сала ретінде Қазақстанда ен­ді ғана қарқын алып келеді.  Ба­тыстың ірі PR-агенттіктері елімізге 90-шы жылдардың ортасында келіп, халықаралық  ұйымдар және үкіметпен бірге бекіткен келісім-шарттар негізінде ірі қоғамдық жобаларды жүзеге асыра бастады.   Сонымен қатар, елдегі PR сала­сы­ның алды шетелдік алып ин­весторлардың Қазақстанға тартыла бастаған кезінен бастау алады.  Міне, осы үрдістердің арқасында Қазақстанда отандық PR өндірісі пайда болып, бүгінде рынокта аты танымал кеңесшілер мен агент­тіктердің кәсіби өсуіне жол ашылған  болатын. 

Ұйымдастырушылар форумда талқыланатын тақырыптарды жыл сайын өзгертіп, ерекше форматтар ойластырады. Биыл да солай болды. Бұл жолғы форумның та­қырыбы  – “Дағдарыста туғандар. PR Baby boom”.

“PR-шы клубы” президенті  Лариса Пактың ай­туынша, өткен жыл ішінде бә­­ріміз де жағымсыз оқиғалардың куә­гері болдық. “Девальвация”, “инфля­ция”, “секвестрация”, “дефолт”, “бан­крот” түсініктері соң­ғы кезде жиі қолданатын сөз­дерімізге айнал­ды, ал экономика мәселелері БАҚ үшін негізгі басты тақырып болды.

“Қазақстандағы PR күндері” аясында негізгі бес шара өтеді. Олар 5-ші халықаралық  форум, Студенттердің 7-ші республикалық PR-жобалары байқауы, Үздік корпоративтік басылым бойынша байқау, Қазақстандағы  PR-маманы мерекесін атау және  “PR-шы клубының” 7 жылдығы.

Бұл тізім ішіндегі ерекше шара әрине ол – халықаралық PR-фо­румы. Биыл ұйымдастырушылар фо­рум жұмысын негізгі үш бөлімге бөлді. Олар – “Жаһанды дағдарыс жағдайындағы ел беделін басқару: сабақ және болашағы”, “Дағдарыс жағдайындағы PR шешімдер: қа­зақ­стандық және батыс PR ма­ман­дарының ұсыныстары мен кейс­тері” және “Дағдарыстан кей­ін­гі жаңа PR индустриясы: нені күтеміз және неге дайын болу қажет?”   

Форумда Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың  PR және баспасөз қызметтері арасында жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі жарияланады.  Форум жұмысына биыл қазақстандық, ресейлік және батыстың танымал PR мамандары қатысады.

Тағы бір атаулы оқиға, бұл жо­лы форумға қатысушылар үшін ар­найы “дағдарысқа қарсы мәзір” даяр­ланып, оның дегустатциясы фо­рум кезінде өтеді. Ал PR сала­сына бөлінген қаражаты шамалы ұйымдар үшін ұйымдастырушылар әдеттегіден әлдеқайда арзан арнайы “бюджеттік” ұсыныс жасайды.

“Егемен ақпарат”.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕСІ

Соңғы уақытта бірқатар бұқа­ралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасындағы дінге сенушілердің құқықтарының бұзылуы туралы жарияланымдар мен түсініктемелер берілуде.

Діни нанымы үшін жапа шекті-мыс деген желеумен Чехия мен Сло­вения елдеріне кеткен қазақ­стандық азаматтар туралы әңгіме­лер – солардың бірі.

Бүгінде қазақстандық конфес­сия­аралық келісім, діни шыдам­дылық пен төзімділік тәжірибесі әлемдік қауымдастыққа кеңінен танымал, сондықтан мұндай пайымдауды жөнсіз деп санаймыз.

Қандай дінді ұстанатынына қарамастан, дінге сенушілердің құқығын қамтамасыз етуге Қа­зақстан Республикасы, Консти­ту­цияның нормаларымен және заңдарымен кепілдік берілген, ол әркімнің діни наным еркіндігін бекітіп, діни себептер іздеу мен кемсітушілікке жол бермейді.

Елімізде барлығы 40 конфес­сияға жататын 4 мыңнан астам ді­ни бірлестіктер мен шағын топтар­д­ың бейбіт қатар өмір сүріп отыр­ғаны, Қазақстанның астанасында әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дер­лері съезінің өткізілуі аталған кон­ституциялық құқықтардың сақ­талып отырғанының айқын дәлелі. 

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Бас прокурату­расы Қазақстан Республикасында дінге сенушілердің құқығының бұ­зылуы туралы пайымдаулардың не­гіз­сіз екенін, сонымен қатар Чехия мен Словения елдеріндегі азамат­тарымыздың Қазақстанға діни көзқарастары үшін қудалауға ұш­ыр­аймын деп қауіптенбей-ақ, кедергісіз оралу мүмкіндіктері бар екенін мәлімдейді.

Қазақстаннан тыс,  сонымен қатар Чехия мен Словенияға кет­кен азаматтар, елімізге оралғаннан кейін барлық конституциялық құқықтарын, сондай-ақ Қазақстан заңдарын сақтаған жағдайда діни наным құқығы мен еркіндігін, дін ұстанушылардың басқа да құқық­­­­­тары мен еркіндіктерін толық дә­режеде пайдалана алатындығын атап көрсетеміз.

 

ИСЛАМ – КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ ДІНІ

Таяуда Душанбеде Қазақстанның елшілігі Тәжік Ислам инс­титутымен бірлесіп, “Ислам діні және конфессияаралық келі­сім” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәс­ли­хат өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.

Конференция жұмысына қоғам және саяси қайраткерлер, сарапшылар, жоо ғылымдары мен академиялық топтар, дипломатиялық корпустар өкілдері қатысты. Басқосуда Исламның рөліне, оның философиясы мен мәдениетіне, сондай-ақ мемлекеттердің халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау жөніндегі жүргізіп келе жатқан саясатын қолдауға қатысты мәселелердің кең ауқымы талқыланды.

Мәслихатқа қатысушыларға Қазақстан елшісі Әбутәліп Ахметов сөз арнады. Онда ол Қазақстан жүргізіп отырған ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайту саясаты жөнінде айта келіп, шілде айының басында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті ІІІ съезі өтетінінен хабардар етті. Басқосуда барлық мұсылмандардың ортақ Ислам қоғамы болып есептелетіні атап өтілді.

 

ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ МӘЖІЛІСІ

Жақында Майндағы Франкфуртте Орталық және Шығыс Еуропа бірлестігі (OMV) аясында Іскерлік кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті. Сондай-ақ OMV шеңберінде Қазақстан елшілігінің бастамасымен құрылған Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының  3-ші мәжілісі болды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.

Мәжіліс жұмысына жұмыс тобының мүшелері және “Атамекен” ҰЕП төрағасы А.Перуашев бастаған қазақстандық делегация қатысты. Делегация құрамында министрліктер, қаржы институттары мен іскер топтар өкілдері болды. Кеңесте неміс компанияларының Қазақстанмен экспорттық кредиттеу бойынша желілерді жаңарту мәселелері талқыланды. Бұл арада елімізге құрал-жабдықтар әкелетін неміс компанияларының маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Осы ретте аталған үдерістерді қаржыландыратын Германияның экспорттық-кредиттік банктерінің алар орны ерекше болып табылады.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат