Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-05-08:

Жағалауға жеткен жақсылық

Елбасының Жолдауындағы ендіктермен толық үндесіп жатыр

 

Қапшағайдағы көпірден өтісімен Алматы – Өскемен даңғыл жолынан солға қарай шыққан тас жол шалғайдағы Қаройға дейін жеткізеді. Тура бұрын кеңестік шаруашылық кеңсесі болған ғимараттың алдына дейін. Тас жол біткенмен, тіршілік онымен бітпейді. Қайта енді басталатындай. Қарой қаңырап қалмаған. Жаппай жанданып жатыр. Ауылдағы мәдениет үйі жарқырап тұр. Іші мен сырты жергілікті бюджет есебінен жақсылап жөнделген. Кітап­ха­на мен концерт залын айтпағанда, спорт залы­ның өзі неге тұрады. Ауыл тұрғынының түсіне енбейтін тренажерларда бірнеше бала жанталаса жаттығып жатыр. Терезеден сыртқа қараймыз. Жаңадан салынған мешіт, наубай­хана, қайта ашылған дүкендердің бәрі көрікті. Аудан әкімі Ерғазы Қошанбековтің айтуынша, түнге қарай осы орталық көшелерге ондаған шамдар орна­тылып, самаладай жарқырап тұратын болады. Ойымызға Елбасы Н.Ә.Назар­ба­евтың халыққа Жолдауы оралды: “Біз Тәу­елсіздігіміздің 20 жылдығы­ның қарса­ңын­да тұрмыз. Осы датаға орай бүкіл Қазақ­станда кең ауқымды жұмыс өрістеуі керек. Қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін қалпына келтіріп, көгалдандырып, жол­да­рымызды жөндеп, үйлеріміздің іші-сыртын әрлесек, елдің де көңілі көтеріле түседі”.

Алматы облысының Балқаш ауданы дәл осы тапсырманы ойдағыдай орындап жатқанын көз көрді. Қаройға дейін жолдағы Бақбақты, Бірлік, Ақдала, Ақкөл, Көктал ауылдарының бәрінде көзге көрінетін көрік бар. Ал ең қиырда құмға сұғынып, Балқашқа жақын жатқан бұл ауыл басқалардан тіпті ат оздырып тұр. Өйткені, Қаройда зауыт салынып жатыр.

Бізді Алматыдан алып шыққан бір ауыз хабар осы болатын. Әлбетте, өндірісті, яғни цех пен зауытты, шеберхана мен фабриканы өзі қырық түрлі көздерден там-тұмдап жиналатын және тарамдалып жүз түрлі бөлініске түсетін жергілікті бюджет салып бере алмайды. Оның үстіне бюджет – мемлекеттің қалтасы, ал өн­ді­ріс орны – жекеменшіктің еншісі. Осы тұр­ғы­дан келгенде Қаройдағы балық өңдеу зауыты­ның салыну тарихы өзгелерге тағылым боларлық.

Біраз уақыт бұрын, 2008 жылғы 23 қазанда Балқаш ауданында жаңа құрылым дүниеге келген. Ауылдағы өндірушілер кооперациясы. Оны мүшелері бірауыздан “Бақанас” деп атаған. Мемлекеттің әр аймағында “Жетісу”, “Сары­арқа”, “Оңтүстік”, “Тобыл”, “Ертіс” сияқты ір­гелі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­лар құ­рыл­ғаны белгілі. Бұл жоғары жақтың ұйғарымы бол­са, ауылдағылар “Бақанас” өндірушілер ко­опе­рациясына өз еріктерімен біріккен. Күріш егу­шілер, мал өсірушілер, балық аулаушылар, ау­дан орталығында халыққа қызмет көрсе­тушілер басын бір ұйымның астына не себепті қосып еді? Өйткені, кооперация өнімді сақтау, өткізу істерімен айналысуды қолға алмақ. Қиырдағы ауданның өнімі әдетте ұстағанның қолында, тістегеннің аузында арзанға кетеді. Шетелдік стандарттарға сай өнім шығару мүлде арман. Ал ертең әлемдік өлшемдер әр ауылдың алдынан шығуы мүмкін. Оның үстіне Қазақ елі өзі өндіре алатынды өзгеден сұрамауы керек. Мұның арғы жағында ұлттың ертеңі жатыр. Өйткені, әлем үшін тағы бір мәселе бой кө­тер­ген. Азық-түлік қауіпсіздігі. Балқаш жағалауына жеткен Жолдауда бұл проблема былай үкіленген: “Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз”.

Балқашта ауланатын балықты әлемдік талап­­­­тарға сай өңдеуді армандаған жігіт Қаройдың өзінен табылған. “Рахымберлі” шаруа қожа­лы­ғы­ның төрағасы Мейірғали Қасымбеков балық өңдеуді жолға қою үшін өз бетінше бірталай банктерді жағалап көрді. Сол тұста тапқан ең төменгі несиесі жылына 12 пайызбен беріледі екен. Ал Мейірғали армандаған балық өңдеу кә­сіпорны үшін кемі 1 миллион АҚШ доллары қа­жет еді. Міне, сол “Рахымберлі” шаруа қо­жалығы аудандағы кооперацияға мүше болған соң арзан несие іздеудің салмағы коопе­ра­ция­ның иығына түсті. Бақанастағы бірігуге ұйытқы болған ел ағасы Өмірзақ Сәрсенов қасына Мейірғалиды ертіп Астанадағы елеулі есіктерді ашып, талай табалдырықтан аттады. Ақыры “Аграрлық несие корпорациясының” алдына тыңғылықты әзірленген бизнес-жоспар жеткізді. Корпорация, әсіресе, оның басқарма төрағасы Әскербек Қаражігітов ауыл шаруа­шылығын дамытуға мүдделі екенін көрсетті. Бұл идеяны Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күріш­баев та қолдады. Сөйтіп, сонау Қаройда балық өң­деу зауытын салуға қажетті несие желісі ашылды.

– Маған бұл несие 7 жылға берілді, – дейді Мейірғали Қасымбеков. – Әрі алғашқы екі жылда ештеңе төлемеймін. Одан кейінгі бес жылда 5 пайыздық өсіммен қайтара бастаймын. Рас, әзірге 120 миллион теңгені толық алған жоқпын. Кезек-кезегімен беріледі екен.

Кәсіпкер жігіттің айтуынша, ең соңғы төртін­ші транш әлі алынған жоқ. Қазақ “соңғы түйенің жүгі ауыр” демей ме. “Рахымберлі” ша­руа қожалығына бөлінген несиенің тура жартысы соңғы траншта қолға тиеді екен. Ал бастапқы алынған ақшаны Германияға аударып, ондағы белгілі компанияға балық зауыты жабдықтарына тапсырыс берілді. Енді соңғы транш зауыттың құрылысын салып жатқандарға төленбекші. Соған қарамастан, Қарой ауылында зауыт ғимаратының құрылысы қызу жүріп жатыр. Мердігер болып құрылыс салуға келген “Евростройтехнология” компаниясының бас директоры Игорь Цойды алыстағы Қаройдан көрдік. Осы компанияның прорабы Бейсенбай Құтыбаев құрылысшыларды ауыл тұрғындары арасынан алғандарын айтты.

Балқаш ауданы аумағында балық аулаумен шұғылданатын кәсіпкерлер осы құрылыспен танысуға арнайы келді. Әрине, бәрінің басын қосып отырған – аудан әкімі. Әрі жақын жерде ашылып жатқан зауыттың мүмкіндіктері олар­дың қызығушылықтарын оятқаны анық. Кәсіп­орын іске қосылған соң тәулігіне 3,5 тонна балық өңдейтін болады. Демек, ауланған балық­ты алысқа тасып әуреге түспейді, көлік пен жанар май шығынын анағұрлым қысқартуға болады. Аудан әкімі Қарой ауылында балық аулау мен өңдеуге қатысты өткізген арнайы мәжіліс талай жәйттің басын ашты. Алғаш­қылардың бірі болып сөз алған “Рыбпром” ЖШС төрағасы Қожақ Мырзалиев – бүкіл өмірін балық аулаумен өткізген маман. Су жануарларының маманы деген жоғары білімі бар. Мәселе қатырма қағазда емес, тәжірибеде. Қожақ кезінде балық ұжымшарын да басқарған.

– Балқаш көлін жағалаған жұрт қаншалық қадағалауға қарамастан, қармақпен, аумен, айырмен балық аулайды. Көбі балықты азық етумен қатар, өткізуге тырысады. Тыйым салғанға қарамастан, бәрібір кәсібін қоймайды. Сондықтан, солардың бәріне мерзімдік лицен­зия беріп, аулаған балықтарын қабылдау керек, – дейді Қ. Мырзалиев. – Жергілікті тұрғын­дардың өзі сонда зауытқа қажетті балықтың жартысын өткізуі мүмкін.

Келесі кәсіпкер “СоМ и Д” ЖШС бас директоры Марат Габдрахманов балықшыдан гөрі ғалымға келіңкірейтін келісті кісі екен. Бұл да Балқаштың барлық аралы мен шығанағын сүзіп шыққан. Құйғанда 6 звеносы, Қаройда екі звеносы балық аулайды. 16 катері бар, қарамағында 97 балықшы жұмыс істейді. Ол сөзін: “Мен үлкен, Мейірғали жас болса да содан сабақ алдым”, деп тамсанып бастады. Өйткені, бұған дейін банктер берген несие тура жілік майын сорып алғандай болыпты.

Аудандағы ауылдық өндірушілердің “Бақанас” кооперациясының алғашқы қадамы осылайша талайды қызықтырды. Тәжірибелі Габдрахманов осы Балқаш өңірінде балықшылар алғаш рет бас қосқанын атап өтті. Енді Қаройға қарай кемелер жақындап келуі үшін пристань жасау мәселесін көтерді. Жер снаряды арқылы шамамен 70 метр аралықтың су астын тереңдету ісін көтерді.

Қаройда тұратын Садыр атты ақсақал сөз алып, іскер азаматтарды ауылдағы зауытты қолдап, балықты соған өткізуге шақырды. Бұл ағалық ақыл жерде қалмады. Осы өңірге тер төгіп, мал мен балық саласында бірдей талай адамға жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкер Зейнетолла Дәрібаев болашақ зауытқа қажет балықтың бір бөлігін беруге мүмкіндігі бар екенін айтты. “Істің ағы біледі, жігіттің бағы біледі” деген жақсы мақалды біз осы Зейнетол­ланың аузынан естідік. Иә, қалғанын Мейір­ғалидың бағы білер.

Мінберге балық қорғаушы инспектор Шәріп Ирсаев шығып, бірталай жәйттерге назар аударды. Соңғы уақытта Балқаш көлінде Қытайда жасалған аумен балық аулаушылар көбейді. Оған тыйым салынады. Өйткені, бұл ау шірімей, қайта айналасын улап жүздеген жылдар жататын көрінеді. Токпен соғып балық аулау деген пәлені мүлде тоқтату керек. Балықты аулаумен қатар, өсірумен де айналысу қажет. Шабақ өсіруге жете мән бермейтіндердің, питомник жасамаған­дардың лицензиясы мерзімінен бұрын қаралып жатса, өкпелемесін. Жалпы, бұл лицензия 2015 жылға дейін беріліп қойылған екен.

Кәсіпкерлер су жылынып және жайылып, балық біткен уылдырық шашқан кезде көл мен өзендерге ау салуды тоқтатады. Бұл ымыраны соң­ғы жылдары ешкім бұзған емес. Уылдырық шашу мезгіліне дейін аулап алғандарын күздің суығына дейін нәпақа етеді. Осы ымыраның арқасында соңғы жылдары Балқашта балық молайды. Әрі мөңке мен көксеркенің тұрқымы өсті. Асаудай мөңкіген мөңке мен серкеше секірген көксерке қазір көзді сүйсіндіріп, көңілді марқайтады.

Аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков Балқаштан балық аулаумен айналысатын 12 түрлі шаруашы­лық жүргізушілердің басы алғаш қосылғанын атап өтті. Жалпы ел көлемінде орташа және шағын бизнесті сақтап қалуға қатысты елеулі жұмыс жүріп жатыр. Бүкіл қазақстандағы қолдау шарасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан былай көрініс тапқан болатын: “Агроөнер­кәсіптік кешенді дамытуға 280 миллиард теңге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 120 миллиард теңге бөлінді”. Бұдан Балқаш ауданы тыс қалған жоқ көрінеді. “Рахымберлі” шаруа қожалығы балық зауыты үшін алған 120 миллион теңге осы қаржылық қолдаудың ішінде.

Жергілікті халықты дағдарыстан шығарудың нақты қадамдары жасалды. Қолдағы бар қаржы арқылы адамдарға жұмыс беріліп жатыр. Айта­лық, осы Қаройдың көшесіне кешкі шам орнату жұмысының өзі талай адамға нәсіп болады.

– Біз қымбатшылықты дер кезінде ауыз­дықтай алдық, – дейді аудан әкімі Ерғазы Қо­шан­беков. – Осы Қаройда нанның бағасы 60 тең­ге еді. Соны 50 теңгеге түсірттік. Енді Мейір­ғалиға бөлке нанды 45 теңгеден сатуды ұсынып отырмыз.

– Біз өткен жылы құрған ауылдық өндіру­шілер кооперациясы қағазда қалып қоймады. Нақты жұмыстармен айналысып отыр. Ауылда салына бастаған балық зауыты соның көрінісі, – деді балықшылар ара­сындағы басқосуда ауыл әкімі. – Қаройда балық қабылдау жүзеге асатын болса, жақын уақытта бұрынғы тұты­­ну­шылар қоғамының ауласынан аудан бойынша ет қабылдау жүзеге асатын болады. Осылайша жергілікті өнім өндірушілер оны қалай өткіземіз деген күрделі сұрақтан құтылады.

Жиналған жұртшылық бұл хабарды өте ықы­ласпен тыңдады. Болашақта мал шаруашы­лығының еттен басқа өнімдерін, айталық, теріні, ішек-қарынды ұқсатуға білек сыбана шыққан азаматтар болса, тіпті оңды болар еді. Байқап отырсақ, ол күн де алыс емес сияқты.

Балқаш ауданында құрылған ауылдық өндірушілер кооперациясы енді мал өсіретіндер мен күріш егетін қожалықтарға “Аграрлық несие корпорациясы” арқылы несие алып беруге кіріспекші. Бақай­шағына дейін есептелген бизнес-жоспарлар жасалып жатыр.

– Бірінші жолды жүріп өттік. Бүге-шігесіне дейін көрдік, – деді жиналыста “Бақанас” ауылдық өндірушілер коопера­циясының төрағасы Өмірзақ Сәрсенов. – Енді мал мен күрішке ар­нап несие алғанда жолымыз қысқаратын шығар.

Бұлай үміттенуге толық негіз бар. 2009 жылғы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауда былай көрсетілген: “Біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшы­латып суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдас­тыру, ауылшаруашы­лық техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақ­стандық астық экспортының инфрақұ­ры­лымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдар­ланған өндіріс­терді дамыту жөніндегі инвес­тициялық жобаларды қар­жыландыруды жалғас­тыруға шешім қабылдадық”.

Аудан жұмыссыздық мәселесін табанды түрде шешіп келеді. Мейірғали Қасымбеков салатын балық зауытында қазіргі құрылысшы­лар­ды есептемегенде, 80 адам жұмысқа қабыл­данатын болады. Германияда жасалып жатқан конвейерде 28 әйел тұрады. 12 әйел орау-қаттау ісімен айналысады. Мұздату, көтеріп-түсіру жағы жігіттердің иығына түседі. Қазірдің өзінде мамандар даярлана бастады. Бәрі осы Қарой тұрғындары. 40 тонналық мұздатқыш әкелінді. Енді 60 тонналық мұздатқыш алынып жатыр.

Алыс ауылдағы балық зауыты үш түрлі өнім шығармақ. Балықты қабыршағы мен сүйегінен ажыратып, сүбелі етін жасайды. Оны тартып тағы бір өнім ұсынады. Үшіншісі – қақталған балық. Бәрі әлемдік стандарттарға сәйкес жасалады. Қазірдің өзінде бұл өнімді алуға тілек білдірген сауда компаниялары бар. Тарайтын нүктелері арасында Ресей, Өзбекстан, Еуропа қалалары тұр. Олар қорап пен қатырманың сыртынан “Қазақ­станда жасалған” деген жазуды оқыса, Қарой деген жерде зауыт барын білсе, бұл іске мұрын­дық болған азаматтардың бәрінің мұратына жеткені. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көздеген саясаты да осы. Биылғы Жолдауға көз салсаңыз, мынадай міндетті көруге болады: “Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату ­– маңызды сала. Біз қазір консервіленген жеміс-жидек өнімдерінің 80 пайызын, ет өнімдерінің жартысын, құрғақ сүттің 53 пайызын сырттан әкеліп жүрміз. Егер осының бәрін шеше алсақ ­– онда адамдар қаладан ауылдағы өнер­кәсіпке жұмыс істеуге баратын болады. Біздің бағалауы­мыз бойынша, экс­порт­тық мамандандыру перспективада 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орн­ын құруға мүм­кіндік беріп, таяудағы бес жылда ІЖӨ-нің қосым­ша өсімінің 8 пайызға жуығын қамтамасыз етеді”.

Таяудағы бес жылдың алғашқы жылында Қарой деген ауылда балық зауыты ашылмақ. Тек құрылысты тездету үшін мың болғыр “Аграрлық несие корпорациясы” төртінші траншты кешіктірмей қолға тигізсе, дейді ауылдағылар.

Мейірғалидың болашақ жаспарлары тіпті батыл. Өзі шатырын жауып жатқан атшаптырым ғимараттың екінші бөлігіне құс етін өндіретін кәсіпорын орнатсам дейді. Өйткені, балықтың етін алған соң сүйегін жерге тастауға болар ма. Ол нағыз құстың жемі емес пе. Ал інісі болса, бұған қоса қағаз шығаратын цех ашсақ дейді. Балқаштың бітік қамысын мұз қатқан соң шауып алса, сапалы қағазға айналдыруға неге болмасын. Соның бәрі жүзеге асса, сізді жердің шеті, судың шегінде берекесі қашқан быты­раң­қы ауыл емес, жарқырап, жаңарған, болашағына сенімді қалашық қарсы алатын болады.

Қайнар ОЛЖАЙ, журналист. Алматы облысы, Балқаш ауданы.

 

Тығырықтан шығу  — өз қолымызда

 

“Нұр Отан” ХДП мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Петропавл қаласында “Қуатты агроөнеркә­сіптік кешен – тұрақты дамуы­мыздың кепілі” деген тақырыппен республика тауар өндірушілерінің форумы өтті.

Жиынды “Нұр Отан” ХДП хатшысы Сергей Громов ашып, жүр­гізіп отырды. Ол өз сөзінде Президент Н.Назарбаев “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” Жолдауында агроөнеркәсіп кешені алдына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспортты әртараптандыру секілді аса ма­ңызды екі міндет қойғанын, бұл талаптарды жүзеге асыруға Үкімет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізе келіп, былай деді:

– Партия бағдарламаларында ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері ұдайы назарға алынған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорын­дарға жеңілдікті несиелер беру, бү­гінгі күннің озық техноло­гия­ларына негізделген өндіріс орын­дарын құру, ғылымның озық әдіс­терін пайдалану бағытында құнды ұсыныстар әзірлеп, қыруар істер атқарылды. Бүгінгідей дағдарыс жағ­­дайынан мүдірмей өту бәрі­міздің жұмысты қалай ұйымдас­тыруымызға және қабылдаған шешімдеріміздің нақты орын­далуын­а көп байланысты. Ауыл шаруашылығы саласының мате­риал­дық-техникалық базасын жетілдіру, ауыл-селолардың инфра­құрылымын дамыту, халықтың еңбекпен қамтылу стратегиясын орындау, жаңа мамандықтар бой­ынша қайта оқыту мен даярлауды ұйымдастыру – мұның бәрі Жолдау қағидаттарынан туындай­тын кезек күтпейтін шаруалар.

Сергей Николаевичтің бұл айт­қандары оның нұротандықтардың осынау маңызды істердің бел ортасынан табыларына үлкен сенім білдіретінін ұқтырды.

Өңір басшысы Серік Біләлов өз баяндамасында жергілікті жерлерде Елбасы тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын жан-жақты баяндап берді. Қазір облыста 614 агроқұрылым, 3267 шаруа қожа­лығы жұмыс істейді. Соңғы жыл­дары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 47 миллиард теңге қарастырылса, оның жартысынан астамы қаржылық даму инсти­туттары арқылы берілген. Жұм­салған қаржының қайтарымы айтарлықтай. Былтыр 190 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл салаға инвестиция тарту мөлшері де ұлғайып келеді. 2008 жылы 12 миллиард теңге салынып, алдыңғы жылға қарағанда 45 пайызға өскен. Елімізде өндірілетін астықтың 25-30 пайызы солтүстікқазақстандық диқандардың үлесіне тиеді. Егін­шілік мәдениетін ұдайы жетіл­дірудің, заманауи технологияларды қолданудың арқасында жыл сайын 5 миллион тоннадан астам сапалы астық жиналады. Биыл тың және тыңайған жерлердің есебінен жалпы егістік алқабы 2,9 миллион гектарға жеткізілді. Оның 70 пайызы – дәнді дақылдар. Баян­дамашы мемлекеттен беріліп жа­т­қан субсидиялық жеңілдіктердің арқасында 50 мың тонна минерал­дық тыңайтқыш алынғанын, биыл облыс тұрғындарының картоп, көкөніс секілді жергілікті өнім­дермен толық қамтамасыз етілетінін айрықша атап өтті.

– Алда аса жауапты науқан – көктемгі егіс тұр. Оған дайын­дығымыз жақсы. Бүгінде ауыл­дықтар үшін “Джон Дир”, “Кейс”, “Клаас”, “Нью Холланд” тәрізді қуаттылығы аса жоғары шетелдік егіс кешендері таңсық емес. Дала жұмыстарының 80 пайызға жуығы осындай техникалардың күшімен атқарылады. Тек былтырдың өзінде ғана “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы 5,7 миллиард теңгенің ауыл ша­руашылығы техникалары жеткі­зілді, – дей келіп, С. Біләлов мал шаруашылығы саласында қолға алынған инвестициялық жобалар жөнінде хабардар етті. Солардың ішінде Еуроодақ стандарттарына сәйкес келетін өнеркәсіптік жолмен мал мен құсты бордақылау және ет комбинаты кешені бөле-жара айтуға тұрарлық. Оның 50 мың бас шошқаға арналған бірінші кезегі пайдалануға берілді. Екінші кезегі биыл іске қосылады. Сонда 200-ден астам ет, шұжық түрлерін шығарып, жылына 10 мың тонна құрамажем өндіруге мүмкіндік туады. “ҚазАгро” АҚ-тың қаржы­лық демеуімен Тайынша ауда­нында бір мың бас сиырға арналған жоба іске асырылуда. Канададан 580 голштинофриз тұқымдас тайынша әкелінді. Израильдік фирмалардың қол­дауымен бройлерік құс фабри­касы өз жұмысын бастады. Серік Сұлтанғазыұлы өз сөзінде қабыл­данған бағдарламалар дағдарыс салдарын еңсеруге жұмылдыры­латынын атап көрсетті.

Форумда сөз алған Ауыл шаруа­шы­лығы министрінің орынбасары Арман Евниев мемлекеттен бө­лінген субсидиялар жөнінде әңгі­мелеп берді. Отандық тыңайтқыш­тарды пайдаланғандарға жеке бағдарламалар бойынша жеңілдік жасалатынына жиналғандардың назарын аударды. Украинаның “Братство” фирмасымен бұрыннан жұмыс істеп келген мал-сүт фермаларын қайта жаңғыртудың бірлескен жобасын жүзеге асыруға келістік. Болашақта Қазақстанның үлесін 80 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Оған қатысуға Петропавл қаласындағы зауыттар­дың мүмкіндігі зор. Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко басқаратын серіктестік украиналық фирмамен келісім-шарт жасасып үлгерді, деді вице-министр жер­лесіміздің жеделдігіне қолдау білдіріп. “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Марат Толыбаев ауыл шаруашылығына қатысты жалпы құны 9 миллиард теңге болатын 16 жобаның қолға алынғанын, оның 2-уі Солтүстік Қазақстан облы­сында екенін жеткізді. Көкөніс өсірумен айналысатын “Наурыз-2030” фирмасымен бірлесіп 120 миллион теңгенің тамшылатып суару жобасын игеруде көрінеді.

Жиында “Қазақстанның агро­ода­ғы” заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Рүстем Ома­ров, “Аграрлық кредиттік корпо­рациясы” АҚ басқарма төрағасы Асқарбек Қаражігітов, С.Сейфул­лин атындағы қазақ агротехни­калық университетінің ректоры Айтбай Бұлашев, тағы басқалар сөйлеп, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселелерді ортаға салды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің республикалық форумын С. Громов қорытты. Ол Президент Н. Назарбаевтың Алғыс хатын облыс әкімі С. Біләловке салтанатты түрде табыс етті.

Жиынға қатысушылар “Нұр Отан” ХДП ХІІ съезі делегат­тарына арнап үндеу қабылдады.

Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Үкіметтік емес ұйымдар қызметі белсенділігінен көрінеді

 

Облыстық әкімдік өткізетін қай жиын болса да көбінесе орыс тілінде өтеді. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің басын қосқан кезекті VІ  форумда тіл жанашырлары “Қай елде өмір сүріп жатырмыз? Жиналыстарды екі тілде өткізуге, баяндамалар жасауға болмай ма?.. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылға жуықтап қалды, қашан қазақша сөйлейміз?” деп осы мәселеге облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың  назарын аудартты. Ал, облыстық Азаматтық альянс қоғамының төрағасы Сергей Гуляев болса,  қазақ тілін үйреніп жүргенін, түсінетінін айтып, келер жылы өтетін кезекті форумда бастан-аяқ қазақ тілінде баяндама жасауға уәде берді.

Бұл күндері жалпы облыс көлемінде 400-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс атқаруда. Бұ­лар­дың арасындағы 32-сінің ауылдық жерлердегі жұмыстары жақсы өріс алып, қолдау табуда. Осы­ған сәй­кес, жуырда болып өткен үкіметтік емес ұйымдардың облыстық VІ форумының басты мақсаты Ел­басының биылғы Жол­дауын жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен қоян-қолтық арала­сып, өңірдегі дағдарыс кезіндегі қиындықтарды бірлесіп жеңіп шығуға күш салу болды. Форумға облыстағы мем­лекеттік органдар­дың, саяси партиялардың, діндер­дің өкілдері, студенттер шақырылды.

Ақсу қаласы аумағына қарасты Сарышығанақ ауылындағы “Жау­қа­зын” қоғамдық бірлестігінің ди­ректоры Қарлығаш Баймұхано­ваның айтуынша, мұндай басқо­сулар, пікіралысулар үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік органдар арасындағы ел мүддесі үшін жа­салатын ортақ іс пен байланыстың үзілмейтінін көрсе­теді. Өзі бас­қаратын ұжымда ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеп, ою ойып, ұлттық қолөнерді дамытып, ауылдастарына жұмыс тауып беріп отырған Қ.Баймұханова іс тетігін тапса, пима басып, байпақ, қолғап тоқып, ауылда да екі қолға бір жұмыс табуға болатынын айтады.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өндірісті өңірдегі атқарылып жатқан жұ­мыстардың нәтижесінде облыста экономикалық жағдай тұрақты екенін айтып өтті. Мұның бәрінде де ел мүддесі үшін бірлесіп жұмыс істеу үстіндегі әрқайсымыздың еңбегіміз, үлесіміз бар. Үкіметтік емес ұйымдар әрқашан белсенді, қоғамдағы кез келген мәселенің түйінін шешуге мемлекеттік ор­гандармен бірге атсалысады. Сон­дықтан, үкіметтік емес ұйымдардың бастамасына әрқашан сеніммен қараймыз, қолдаймыз, деп атап көр­сетті облыс әкімі өз сөзінде. Қазіргі күндері тұрғындарды жұ­мыс­пен қамтамасыз ету, жаппай жұ­мыссыздыққа жол бермеу мақсатында арнайы бағдарламалар қабылданып, жүзеге асуда. Алдағы уақытта мектептер, ауруханалар, жол жөндеу жұмыстарына облыс­тағы 13 мың тұрғын қатысты­рылады. Жалпы облыс көлемінде жаңадан 6 өндіріс орны іске қо­сылады. Ал, Елбасы тапсырмасына орай, облыстағы кәсіпорындардың отандық өнімдерге қолдау көрсе­тулері және олардың қызметтері мен шығарған өнімдерін сатып алулары үшін 21 ірі өндіріс орны, ұлттық компаниялармен келісім-шарттарға қол қойды.

Облыстық Азаматтық альянс төрағасы Сергей Гуляевтің ай­туын­ша, Қарлығаш Баймұханова басқа­ра­тын “Жауқазын” қоғамдық бір­лес­тігі сияқты үкіметтік емес ұй­ым­дардың қатарын аудан ор­та­лықтары мен ауылдарда көбейту қажет. Қазір Қ.Баймұханова өз ауылында тұра­тын өзге ұлт өкілдері мен олардың ұл-қыздарына арнап қазақ тілін үйрету курстарын аш­пақ­шы. Ауылдарда ашылған ұй­ым­дар қазіргідей дағдарыс кезінде бел­сенді жұмыс атқара алатынына сенімді.

Ал, “Солярис” қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Владимир Смо­ла облыс орталығындағы ден­сау­лығы нашарлаған сырқат адамдарға көмекке келетін хоспис-демеу орталығының бұл күндері жұмысы жақсарып, бұған жергілікті билік орындары тарапынан нақты көмек көрсетіліп жатқанына ризашылық білдірді.

Мұндай басқосу кезінде “Асар” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амантай Әлхан бастаған қазақ тілінің жанашырлары да жанай­қайларын жасырып, сырттап қала алмады. Еліміз тәуелсіздігін алғалы 20 жылға таяу уақыт болса да, об­лыстық әкімдіктегі барлық жиын-жиылыстар орыс тілінде ғана өтеді. Тіл жанашырларының қазақ тілінің қолдану аясы жөніндегі ащы пі­кірлеріне Азаматтық альянс қоғамының төрағасы Сергей Гуляев жақсы жауап берді. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарынан мем­лекеттік органдар, облыстық, аудандық әкімдіктер үйреніп, үлгі алатын тағы бір жәйт – мемл­е­кеттік тілді құрметтеу екені анық.

Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.

 

Маңызы ерекше құжат

 

Ж.АЛТАЕВ,  ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.

Елбасы Н.Назарбаевтың би­ылғы Жолдауының маңызы ерек­ше. Себебі, бүкіл дүние дағдарыс шарпуына түсіп отырған шақта осы қиындықтан шығудың жолдары қандай? Ол, болса қандай жол? Қазақстан халқын осы бір дағ­да­рыстан қалай аман-есен алып шы­ғуға болады? Бұл Прези­дентімізді және бүкіл қазақ­стандықтарды алаңдатып отырған мәселелер.

Президент Жолдауы осы сұ­рақтарға жауап бере отырып, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырады. Халықтың бойына үлкен сенім ұялатып, рухын,  жігерін көтеріп, Елбасына деген үлкен сенімді тұрақтандырады. Өз басым Президент Жолдауын теледидардан тыңдап, көріп отырғанда бойымда үлкен сенім мен күш-жігер пайда болды.

Жолдауда әлемдік-экономи­ка­лық дағдарыс, одан Қазақстанның өз жолын дұрыс табуы, сөйтіп, қиналмай шығуы жөніндегі мә­селелерге баса назар аударылған. Дағдарыс кезінде жұмыссыздар саны көбейетіні сөзсіз. Осыған байланысты Елбасы бұрынғы жұмыстарын жоғалтқан адамдардан бүкіл Қазақстан бойынша 350 мың адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, ол үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға тапсырма беріп отыр. Сондай-ақ қазіргі бар оқу орындарында сұранысқа сәйкес қайта жаңа мамандықтарға дай­ындау мәселесі атап көрсетіледі. Осыны іске асыру үшін Үкімет тарапынан 140 млн. тенге бөлі­нетіні көлденең тартылады. Ал бөлінген қаржыны өз орнымен жұмсауды қадағалап отыру да аса қажет-ақ.

Әсіресе, Жолдауда жастардың жұмыс орындарын ұйымдастыру мәселесі айтылып, олардың жоғары оқу орындарында алған білімдерін іс жүзінде практикалық жұмыста қолдана білулеріне жағдай жасау ке­ректігі көрсетілген. Сондай-ақ жас­тарға жаңа жұмыс орындарын ашу жайы да назардан тыс қалмаған.

Президент Жолдауында зейнет­ақыны, жалақыны, студенттердің стипендиясын көбейту туралы бұрын қабылданған бағдарла­малар­дың орындалу қажеттігіне де үлкен мән берілген. Әсіресе, жастардың мүмкіндіктеріне жол ашу керек деген тың ойлар көңілден шығып отыр.

Түйіндеп айтар болсақ, биылғы Президент Жолдауы қазіргі  дағ­дарыс кезінде халықты тұрақты­лыққа, ынтымаққа, қиындықты бірлесіп еңсеруге шақырады. Өйт­кені, халықтың ауызбірлігі, ұлттар достығы – дамуымыздың кепілі.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат