Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-05-15:

Қазақстан – Корея: ӨЗАРА ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ 

 

Мәртебелі мейманды ресми қарсы алудың барлық салтанатты рәсімдері жасалып, Мемлекет басшыларына құрмет көрсетілген соң, Қазақстан Президенті мен Корея Президенті екеуара кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мён Бак екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықты кеңейтуге қатысты мәселелерді талқылады. Мемлекет басшыларының атап өткеніндей, Астана мен Сеул арасында өзара тиімді әріптестікті дамытуға кедергі болатын саяси келіспеушіліктер жоқ. Ресми Сеул Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономи­ка­лық салалардағы жетістіктерін жо­ға­ры бағалайды. Тараптар халық­аралық саяси мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Осыған байланысты аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, ядролық қару­сыз­дану және оны таратпау пробле­ма­ларын, МАГАТЭ және ЕҚЫҰ ая­сындағы ынтымақтастық перспек­тива­ларын талқылады.

Президенттердің екеуара кез­де­суінде, сондай-ақ наградалар алма­су рәсімі де жасалды. Корея Пре­зи­денті Қазақстан басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевты өз елінің жоғары мемлекеттік наградасы – “Мугунхва” (“Мәңгі солмайтын раушан гүл”) орденімен, ал Қа­зақстан Президенті Корея Пре­зи­денті Ли Мён Бакты Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы – “Алтын Қыран” орденімен наград­та­ды. Корея басшысына бұл орден Қазақстан-Корея достық қатынас­тарын дамытуға аса зор үлес қос­қаны үшін беріліп отыр.

Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы саяси үнқатысу екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынас орнаған кезден ойдағыдай дамып келеді. Оның негізін 1995 жылдың мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сеулге жа­саған мемлекеттік сапары бары­сында қол жеткізілген уағдалас­тық­тар қалап берген болатын. Сапар кезінде Қазақстан мен Корея ара­сындағы Өзара қатынастар мен ын­тымақтастықтың негізгі қағидат­та­ры туралы декларация қабылданып, Мәдени және ғылыми-технология­лық ынтымақтастық туралы үкімет­аралық келісімге қол қойылған еді. Екі елдің стратегиялық әріптестігін әрі қарай тереңдетуге Мемлекет басшыларының содан кейінгі сапарлары аясында қол қойылған құжаттар ерекше серпін бергенін атап өткен жөн.

Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев пен Корея Прези­денті Ли Мён Бактің екеуара кез­де­суі аяқталған соң, президент­тер­дің қатысуымен кеңейтілген құрам­да келіссөздер жүргізілді. Негізінен онда сауда-экономикалық, инвес­тициялық және технологиялық салаларда екіжақты қатынастарды дамытуға байланысты мәселелер талқыланды. Нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру біздің қатынастарымызды жаңа деңгейге жеткізеді, деді Қазақстан Пре­зи­денті. Осыған қатысты Елбасы “Самұрық-Энерго” мен “Кепко-Самсунг” корпорациясы арасын­дағы Балқаш жылу электр стан­са­сының құрылысы туралы келісім­нің ерекше маңызды екенін атап өтті. Жалпы құны 4,5 миллиард доллар болатын бұл жоба Қазақ­стан үшін аса маңызды. Сондықтан ол еліміздегі серпінді жобалардың тізіміне енгізіліп отыр.

Келіссөздер барысында Атырау­да мұнай-химия кешенін салу, “Жамбыл” мұнай кен орнын бірле­сіп игеру және Қазақстанның өнер­кәсіп саласын әртараптандыруға кореялық компаниялардың қатысу мәселесіне де баса назар аударыл­ды. Елімізде жүргізіліп жатқан ин­дустриялық-инновациялық саясат, деді Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жөнінде, инвестор­лар­ға қызметін кең көлемде жүр­гізуге жол ашады. Ал қазіргі за­ман­ғы қаржылық жүйе, төмендетілген салық және жеңілдіктер бизнес-ауанға қолайлы болмақ.

Корея Республикасы Қазақ­стан­ның орнықты сауда әріптесі және ірі инвесторларының бірі бо­лып табылады. Екіжақты тауар айна­лымы да жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, әлемдік қаржы дағ­дарысына қарамастан, өткен жылы екі ел арасындағы тауар ай­налымы 754,1 миллион долларды құрады. Ал 15 жыл ішінде, яғни 1993-2008 жылдар аралығында Ко­реяның Қазақстан экономикасына салған тіке инвестициясының көлемі 3 миллиард долларға жетті.

Бүгінде елімізде Корея капи­та­лының қатысуымен 300-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде әлемге танымал “Самсунг”, “Эл-Джи электро­никс”, “Эл-Джи интернэшнл” компаниялар тобының бөлімшелері мен “Дониль Хайвил”, “Урим”, “Сонгвон”, “Хенджин” секілді құ­рылыс фирмалары бар. Сонымен қатар, кореялық “Кукмин”, “Шинхан”, “Ури” банктерінің және “Ханхва секьюритиз”, “Дэу капитал” құнды қағаздар жөніндегі компаниялардың өкілдіктері жұмыс істейді. Екі ел арасындағы әскери-техникалық сала бойынша ынты­мақ­тастық та орнықты дамып келе­ді. Мысалы, 2006 жылғы қаңтар-ақпан айларында 30 қазақстандық теңізші Кореяның әскери-теңіз базасында тағылымдамадан өткен еді.

Келіссөздер кезінде тараптар, сондай-ақ ақпараттық технология­лар, мәшине жасау, химиялық және өнеркәсіпті қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы мен энергетикалық салалардағы ынтымақтастық екі мемлекет үшін де перспективалы болатынын атап өтті. Корея Пре­зи­денті Ли Мён Бактің атап өтуін­ше, кореялықтар Қазақстанмен ақпараттық технологиялар саласы бойынша белсенді ынтымақтастық орнатуға дайын. Бұған мысал ре­тінде Президент біздің еліміздің аумағына желісіз кең жолақты Интернет жүйесін енгізу мүмкін­ді­гін қарастыруға мүдделілік таны­татындарын келтірді.

Екеуара және кеңейтілген құрам­дағы кездесулерде Мемлекет басшылары халықаралық ұйымдар аясында екі елдің бір-біріне қолдау білдіріп келе жатқанын ризашы­лық­пен атап өтті. Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ралары жөніндегі кеңесті, сон­дай-ақ Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің съезін шақыруға кореялықтардың қолдау көрсетіп келе жатқанын және олардың осы халықаралық деңгейдегі шараларға белсенділікпен қатысып жүргенін Қазақстан жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы Корея басшысына Қазақстанның БСҰ-ға кіру барысындағы келіссөз­дерде қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Ал Корея Президенті Қа­зақ­станның Орталық Азиядағы көш­бас­шы мемлекет екендігін айта ке­ліп, жоғары деңгейде өткен бүгінгі кездесулер Корея – Қазақстан қатынастарын жаңа сатыға көтеруге барынша ықпал ететіндігін атады.

Келіссөздер қорытындысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Президенті Ли Мён Бак екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігін дамытуға негізделген Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Мәлімдемеде тараптар екі елдің ынтымақтастығы сапалы жаңа кезеңіне қадам басуда деген пікірге ортақтаса отырып, екіжақты қатынастарды саяси, экономика­лық, гуманитарлық және басқа да са­лаларды тегіс қамтитын страте­гиялық әріптестік деңгейіне көтеру, ауыл шаруашылығы, инфрақұры­лым мен құрылыс, ғылым мен технология, атом энергетикасы, бі­лім, мәдениет және басқа да сала­ларда, сондай-ақ өңірлік ұйымдар аясында ынтымақтастықты дамыту үшін күш-жігер жұмсау аталған.

Сонымен қатар, инфрақұры­лым­дарды салу, ауыл шаруашы­лы­ғы, ақпараттық технологиялар, қоршаған ортаны қорғау және мәдениет сияқты перспективалы бағыттардағы өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі нақты шаралар көрсетілген Қазақстан Республи­ка­сы мен Корея Республикасы ара­сындағы ынтымақтастықты терең­де­ту жөніндегі іс-қимыл жоспары­ның қабылдануы құпталған.

Энергетикалық ынтымақтастық екіжақты экономикалық өзара ықпалдастықтың маңызды сегменті болып табылады. Сондықтан тараптар энергетика мен табиғи ресурстарды игеру саласында бірлескен жобаларды пысықтауға келісті. Бірлескен мұнай-газ жобаларын іске асыру шеңберінде көмірсутегі шикізатын барлау мен игеру жөніндегі ынтымақтастықты, 2008 жылғы мамырда қол қойылған уран концентраттарын тасымал­дау­ға арналған ұзақ мерзімді келісім-шарт негізінде уран саласында өз­ара іс-қимылды кеңейтуге үміт артатын болады.

Екі ел арасындағы ядролық энергетика саласындағы ынтымақ­тас­тықты нығайту мақсатында та­раптар 2004 жылғы 20 қыркүйекте қол қойылған Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметі мен Корея Республи­ка­сы Үкіметі арасындағы атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пай­да­лану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің тезірек күшіне енуі үшін қажетті шараларды қабылдауды қолға алады. Ал Корея тарабы Қазақстан Республика­сы­ның атом өнеркәсібін дамыту мәсе­лелерінде Қазақстанға белсенді түр­де қолдау көрсетуге ниет білдірді. Осы салада кіші және орта қуат­тағы ядролық реакторлар (SMART) жобасын әзірлеу жөнінде бірлескен зерттеулер мен техникалық тек­серіс­тер жүргізу арқылы өзара ық­палдастықты дамытатын болады. Сонымен бірге, құжатта радиация­лық сәулеленуді медицинада қол­дануға бағытталған ынтымақтас­тық­ты дамытуға, радионуклидтерді өндіру, циклотрондарды орнату, диагностикалық визуализация саласындағы технологиялармен алмасу, кадрларды дайындау, Алма­ты қаласында құрылысы жүріп жатқан Ядролық медицина және биофизика орталығын радиобиоло­гия­лық жабдықтармен қамтамасыз ету секілді бірлескен жобаларды іске асыруға, өндірістік технология­лар мен жабдықтарды, радиоактивті препараттарды әзірлеудегі ынты­мақ­тастық спектрін кеңейтуге ниет білдірілген.

Корей тарабы 2011 жылы Қа­зақстанда өтетін Қысқы Азиялық ойындарының сәтті өткізілуіне қажетті қолдау көрсету ниетін, ал Қазақстан тарабы 2012 жылы ´су қаласында өтетін ЭКСПО халық­ара­лық көрме жұмысына белсенді түрде қатысуға ниет білдірді. Құ­жат­та, сондай-ақ ортақ мүдделілік білдірілетін азиялық өңірлік проб­лемаларды үздіксіз талқылау үшін және қазіргі бар мәселелерді тиімді шешуде көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы аталып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі ке­ңес, Азиядағы ынтымақтастық үн­қатысуы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқ­ты өңірлік құрылымдар шеңберін­дегі ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді. Корей тарабы Қазақ­стан­ның АСЕАН өңір­лік форумына кіруге деген ұм­тылысын құптай­тыны көрсетілген.

Келіссөздер нәтижесінде мына құжаттарға – Қазақстан Республи­ка­­сы мен Корея Республикасы ара­сындағы іс-қимыл жоспарына және Балқаш ЖЭС жобасына қатысты ын­тымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ал осының алдында бол­ған кездесуде Президент Ли Мён Бак Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­ты екі жаққа да қолайлы мерзімде Корея Республикасына сапармен келіп қайтуға шақырды. Шақыру ризашылықпен қабыл алынды.

Әлемдік қаржы дағдарысын ха­лықаралық қоғамдастықтың барлық мүшелерінің келісімді іс-қимылы­ның арқасында ғана еңсеруге бола­ды. Қазақстан мен Оңтүстік Корея­ның ұстанымы да осындай. Бас­па­сөз мәслихатында осыған байла­ныс­ты Қазақстан Президенті жа­қын арада қазақ­стандық маман­дар­дың арнайы тобы Кореяның дағ­да­рысқа қарсы іс-жоспарымен Сеул қаласына баратынын мәлім етті.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат