Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-05-29:

ҒАЛЫМ ЖОЛЫ

 

Амангелді ҚҰСАЙЫНОВ, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры, академик.

Білім мен ғылымның қадірін білгеннен бері адамзат ұстаз бен ғалымның қоғамдағы орнын жоғары бағалап келеді. Сондықтан болар, екеуінің де өмірдегі міндеті ауыр. Ризашылығын алсаң – көңілің риясыз, жүзің жарқын. Ұзақ жылдар бойы осы салада бірге еңбек етіп келе жатқан ардақты замандасым, үзеңгілес, пікірлес, сыйлас әріптесім, аға буын өкілі, еліміздің көрнекті ғалымы, академик Асылбеков Мәлік-Айдар Хантемірұлы сондай ел құрметіне бөленген тұлға десем, артық айтпағаным. Ендеше оның өмір жолының тағылымды қырларын жалпы оқырман, әсіресе кейінгі толқын білуі керек.

Мәлік-Айдар Хантемірұлы 1929 жылдың 15 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысында туды. Оның балдәурен кезі ашар­шылық пен репрессия жылдары­ның ызғарында өтсе, жастық шағы Ұлы Отан соғысының ауыртпа­лық­тарына тұспа-тұс келді. Асқар таудай әкесі Хантемір қан майданда қаза болды. Осынау орны толмас ауыр қаза, ел басына қара бұлт үйірілген қаһарлы кезең бозбала жігітті уақытынан бұрын есейтті. Әкеден қалған үлкен қара шаңырақтың қамы өзіне жүктелді. Тылдағы ауыр бейнетке төзе жүріп, ол қолынан кітабын таста­ған жоқ. 1945 жылдың көктемінде шын бақытқа кенелді: алдымен қайсар халқымен бірге сарыла күткен Жеңісті қуана қарсы алды, әрі орта мектепті ойдағыдай бітірді. Ол кезде мұғалімдер тапшы болғандықтан, мектепте жақсы оқып жүрген жоғары сынып оқушылары, мектепті енді ғана тәмамдаған түлектер сабақ жүргізе беретін. Жас Мәлік-Айдар да Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында А.С.Пуш­кин атындағы жетіжылдық мек­теп­ке мұғалім болды. Бұл оны білім беру саласындағы еңбек жолына бастаған алғашқы қадам болатын. Осы алған бағытынан таймай, 1946 жылы Шымкент қаласындағы мұғалімдер институ­тына түсіп,  1948 жылы оны үздік дипломмен бітіріп, жоғары білімді ұстаз болды. Біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған соң, білімін тереңдету мақсатында, 1949 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дың тарих факультетіне түсіп, мұнда да үздік оқып, 1954 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Оның білім мен ғылымға деген қарым-қабілеті студенттік жылдарда-ақ байқалған еді. Оқудан қол үзбей жүріп, Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы инс­титутында кіші ғылыми қызмет­кердің міндетін атқарды. Мәлік-Айдар Хантемір­ұлы­ның өзіндік айтары бар, оң мен солын таныған, білімді маман болып қалыптасуына оған дәріс берген Е.Б.Бекмаханов, Б.С.Сү­лейменов, С.Н.Покровский, т.б. көрнекті ғалымдардың ықпалы күшті болғаны еш күмәнсіз. Бірақ ауылдағы отбасының жағдайына алаңдаған ол арнайы жолдама беріліп тұрған аспирантурада қала алмады. Елге келіп мұғалімдік жұмысын жалғастырды. Оқудың ұйымдастырылу жайын жетік білетін жігіт көп ұзамай-ақ мектеп директоры болып тағайындалды, содан кейін Қызылқұм аудандық бөлімін басқарды, аудандық партия комитетінің мүшесі болды. Депутат ретінде ел мәселесін шешуге ат салысты. Демек, іскер азамат ретінде елге ерте танылды.

Алайда Алматыдағы ұстаздары бір кезде амалсыздықтан ғылымға бет бұра алмай, ауылға аттанып кеткен алымды шәкіртін ұмытпады. Сөйтіп, А.Н.Нүсіпбеков, Б.С.Сү­лей­менов секілді тарихшы-ғалым­дардың шақыруымен Ш.Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналас­ты. Осылайша Мәлік-Айдар Хан­темірұлы енді ғылым жолына біржолата бет бұрады. 1960 жылдан бастап өзінің тырнақалды ғылыми мақалаларын жариялайды. Мәсе­лен, “Патша өкіметіне қарсы қазақ тіліндегі үндеу-өлең туралы (1905)” атты мақаласы “Қазақ КСР Ғылым академиясы хабаршысы” ғылыми журналының Тарих, археология және этнография сериясында жарияланды. Республикаға белгілі ғылыми басылымға шығуының өзі-ақ жас зерттеушінің осал емес екенін танытты деуге болады. Ар­хив­тен алғаш рет алынған материал­дар негізінде жазылған осы жарияланым әлі де құнды­лығын жоя қоймағаны анық.

Содан бері ғалым 200-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбек­терді жарыққа шығарды. Оның ішінде, нақты деректерге толы 20-ға жуық монографияға автор болды. Ғылыми ізденіс барысында ол Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Алматы, Орынбор, Омбы қалала­рын­дағы түрлі архивтерден көптеген маңызды материалдарды тауып, ғылыми айналымға түсірді. Оның ғылыми-зерттеу жұмыста­рында, негізінен, Қазақстандағы өнеркәсіптің қалыптасуы мен дамуы, ұлттық кадрлардың қалып­та­с­уы, индустрияландыру, мигра­циялық үдерістер, қазақтардың өз жерінде азшылыққа ұшырауы, т.б. күрделі мәселелер қамтылды. Ай­талық, белгілі ғалым Г.Ф.Дахш­лейгердің жетекшілігімен 1963 жылы “ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан темір жолдарында жұмысшы кадрларының қалыптасуы” деген тақырыпта кандидаттық диссер­тация­сын, ал 1974 жылы өзі осы мәселені тереңдете зерттеп, “Қа­зақстан теміржолшы кадрларының қалыптасуы және дамуы” деген тақырыпта докторлық диссерта­циясын қорғады. Көрнекті мем­лекет қайраткері Т.Рысқұлов­тың өмірі мен қызметін, Алаш қай­раткерлерінің көсемі Ә.Бөкей­ханов­тың қоғамдық-саяси қыз­метін, академик Т.Тәжібаевтың өмірі мен мұрасын, Ресей импе­риясының Қазақстанды отарлау саясатының салдарларын, сондай-ақ Қазақстан тарихын қазіргі уақыт тұрғысынан зерттеуге, зерделеуге қатысты.

Ғылыми зерттеулермен айна­лыса жүріп, жауапты лауазымдық қызметтерді де абыроймен атқар­ды. Мәселен, кіші ғылыми қыз­меткерден көрнекті ғалым деңгейіне көтеріліп, ҚР ҰҒА-ның академигі болды. Сондай-ақ ғалым хатшы, бөлім меңгерушісі, инс­титут директорының орынбасары, бас ғылыми қызметкер лауазым­дарында да тарих ғылымын ілгері­лететін жұмыстарды жүзеге асыр­ды. 1979 жылдан бері Ш.Ш.Уә­лиханов атындағы Тарих және этнография институтының док­торлық диссертация қорғау жө­ніндегі диссертациялық кеңесінің мүшесі. Қазақстанда және одан тыс мемлекеттерде түрлі деңгейде ұйымдастырылған ғылыми конфе­ренцияларға қатысып, көкейкесті тақырыптар бойынша баяндамалар да жасады. Мәселен, 1972 жылы Донецк, 1975 жылы Мәскеу, 1976 жылы Минск, 1984 жылы Таш­кент, 1997 жылы Берлин қалала­рында болуы соған дәлел болады. Тіпті 1992 жылы Қазақстанның қоғамтанушы ғалымдарымен бірге АҚШ-та ғылыми сапарда болып, Беркли, Сан-Франциско қалалары университеттерінде тарихи демог­рафия және әлеуметтік тарихтың өзекті мәселелерінен дәрістер де оқыды. Мұның бәрі, шынтуай­тында, ізденімпаз ғалымның ғылыми белсенділігінің өз өмір белесінің қай кезеңінде де өте жоғары болғанын білдірсе керек. 

Мәлік-Айдар Хантемірұлы тарих ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалдырып қана қоймай, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Ол 45 ғылым кандидатын дайындады, 10-нан астам докторлық диссертацияға ғылыми кеңесші болды. Көптеген ғылыми, ғылыми-әдістемелік, оқу-әдістемелік еңбектер оның тікелей редакциясымен жарыққа шықты. Қыруар ғылыми, ұйымдастыру және қоғамдық жұмыстармен бірге педагогикалық жұмыстарға да араласып, ұзақ жылдар бойы Абай атындағы ҚазҰПУ-де профессор ретінде тарихшы мамандарды дайындауға үлкен үлес қосты.

Әрине, осынау шағын мақала­мызда 80 жасқа толса да қолынан қаламы түспеген замандас ағаның жарқын тұлғасын жан-жақты сипаттап бере алдық демейміз. Құдіреті күшті Алла тағала өмір жолы өнегелі Мәлік-Айдар Хантемірұлының ғұмыры мен ғылымына қуат бергей!

 

БІЗДІҢ ДОСЖАН

 

Ғазиз ЕШТАНАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Өзін де, отбасы мүшелерін де осынау азабы мен ғажабы жетерлік киелі театрға келіп, ғұмыр бойы театрдың ыстық-суығын қатар көріп келе жатқан Досжан Жанботаевты жезқазғандық өнерсүйер қауым: “біздің Досжан”, дейді. Саналы ғұмырын осынау мехнаты мол жолға бағыштап, өз қолтаңбамды қалдырсам-ау дейтін өнер адамы үшін бұдан артық бақыт та, дәреже де жоқ шығар.

“Өнердегі өз жауапкершілігін жан-жүрегімен сезіне алған әртіс үшін әрбір спектакль – сын. Ал оны тамашалауға келген әрбір көрермен – қатал сыншы. Олар сен ойнап жатқан кейіпкерден өзіне қажетті, рухани азық болар­лық нәр іздейді. Соны­сын тауып бере алсаң жара­дың, тауып бере алмасаң ең­бе­гіңнің еш кеткені. Бүгінгі спектакльде кешегі көрерме­нің де отыруы мүмкін. Ол ен­ді сені алғашқыдағыдай емес, салқынқандылықпен зерттей отырып қабылдайды. Өкпеле­тіп алдың екен, қайта қайы­рып алуың қиын”.

Бұл – Қазақстанның ха­лық әртісі, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қайраткері, С.Қожамқұлов атын­дағы Жезқазған қазақ сазды драма театрының көш­бас­шысы Досжан Жанботаев­тың пікірі, өзіндік ұстанымы, өнердегі қағидасы.

Досжан Жанботаев – қазақ даласының бір пұшпағын мекен етіп, былайғы елден бөле-жарарлық айырмасы да жоқ кәдімгі қазақы ауылдың қарапайым шаңырағынан шығып, арғы-бергі атасында жоқ өзгеше бір өмір соқпағына түсіп, бақытын содан тапқан жан. Оның жан-тәнімен құлай сүйген кәсібі бар, ол – әртістік. Қасиетті ордасы бар, ол – театр. Бүгінде Досекеңнің 36 жылы осы киелі шаңырақтың астында өтіпті.

М.С.Шепкин атындағы жоғары театр учи­лищесінде 5 жыл білім алып, сахна өнерінің қыр-сырын меңгеруге ұмтылып, М.Н.Гладков, В.Н.Смирнов сияқты театр майталмандарынан дәріс тыңдап, Мәскеудің мәдени өмірінің мәйегінен нәр алып еліне оралған шепкиндік 17 әртіс Арқалық қаласына ат басын тіреді. Осында ашылған жаңа театрдың шаңырағын осылар көтерді, уығын осылар қадады.

Алғашқыда училище түлектерінің жаңадан ашылған облыс орталығы – Талдықорған қа­ла­сындағы театрға баруы жоспарланып қойған болатын. Торғай облысының хатшысы Ө.Жә­ні­беков әртістерді Арқалық қаласынан бір-ақ шығарды. Ғимараттары көк тіреген, көшесі өмір-өзен арнасындай болған Мәскеу артта қалып, жер жәннаты Жетісу да бұйырмай Досекең және оның курстастары жапан даланың төсін жалғыз жайлаған Арқалыққа келді.

1972 жылы 24 желтоқсанда Арқалық театры өз шымылдығын М.Әуезовтің “Айман-Шолпан” комедиясымен ашты. Осы спектакльде Досжан Жанботаев Жарас бейнесін сомдады. Сомдады дегенді жай айта салған жоқпыз. Қазақ театры сахналарында бұдан бұрын талай рет жасалған Жарас бейнесін жас әртіс Жанботаев мүлде басқа қырынан танытты. Көрермендер ара­сында да, театр сыншылары мен қайрат­кер­лері арасында да “Досжанның Жарасы” деген тіркес қалыптасып кетті. Баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларда да Досжанның тыр­нақалды дүниесі дүркірете мақталып жатты.

Қазақ театрының құлжасы С.Қожамқұлов: “...Д.Жанботаевтың ойыны өзіме қатты ұнады, оның Жарасы – нағыз Жарас”, – деп жас әртістің табысына, талантына ағалық көңі­лімен, шын жүрегімен мақтанды. Ал театр сыншысы Б.Құндақбаев: “Спектакльде өзінің сахналық шешімін тауып, әсерлі шыққан – Жарас рөлі”, – дей келіп: “Осы рөлді ойнау үстінде Жанботаев біздің аға буын актер­леріміздің өнеріндегідей зеректігін танытты”, – деп жоғары бағасын берді. Торғай же­рін­дегі алғашқы жетістігі Досекеңнің бұдан кейін­гі шығармашылық жолындағы жойқын та­быстардың басы еді. Торғайлық көрер­мендер оның Жарас бейнесін жасаған шеберлік деңгейін таны­ды, куәсі болды. Енді сол деңгейден бір елі төмен түссе Досжанына өкпе-ренішпен қарайтындай көрермен талғамы қалыптасты.

Басты рөлдерде болсын, эпизодтық рөлдерде болсын, тра­гедиялық образдарды, коме­диялық бейнелерді жасауда болсын ол бар шеберлігін салып, бойға біткен дарынын сарқа жұм­сады. Жоқ, сарқылмады, қайта айдыны толып, арнасы кеңіп, қуатты толқыны өршелене түсетін алып теңіздей айбаттана түседі. Бір рөлден келесі рөлге тың күшпен барды. Оған да барын салды. Әйтеуір өзіне сенген кейіпкерін кейітіп алмау үшін аянған емес.

Ш.Мұртазаның “Сталинге хатындағы” – Сталин, Қ.Ысқақовтың “Таңғы жаңғырығын­да­ғы” – Жарасбай, А.Дударевтің “Тосқауы­лын­дағы” – Шаргай, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы-Көрпеш-Баян сұлуындағы” – Қарабай, К.Ахметовтің “Ерте ояндым, ойландым, жете алмадымындағы” – Жиренше, К.Әбдірахман­ның “Кетбұғасындағы” – Шыңғысхан, И.Вовнянконың “Тентек теңізшісіндегі” – Асан, соңғы жылдары сомдаған В.Шекспирдің “Гам­летінде” – король Клавдий, А.Володин­нің “Қос жебесінде” – Шешен, К.Ахметов­тің “Қанда бар ғой, қанда!..” спектакліндегі – Байсал — Досжан Жанботаев сомдаған бірегей образдар. Бірде одан: “Досеке, сәтсіз шыққан рөлдеріңіз бар ма?”, – деп сұрадым. Досекең шындығын жасырмады:

– Бар. Тәжірибем аз, білімім өлшеулі, машығым әлсіз болғандықтан ба, енді қайтып қол алыспайтындай болып өкпелеп кеткен кейіпкерлерім бар. “Қара Қыпшақ Қобылан­ды­дағы” Көбіктіні осы кезімде қайта бір ой­насам ғой деп кіжініп те қоям. Өкпелеп кет­кендері өз алдына, тіпті мені менсінбеген, ма­ған күдікпен қараған рөлдер де бар, – дейді ол мені театр сахнасының құпиясына жетелей.

Іргетасы сонау Арқалық қаласында қа­ла­нып, қазір Жезқазған қаласында көпшіліктің қадірлі мәдени орны болып тұрған С.Қожам­құлов атындағы сазды драма театрын “Дос­жан­сыз” елестету мүмкін емес. Жезқазғандық театр көрермендері сырттан келген ұжым­дардың спектакліне, жекелеген образдардың жасалуына “біздің Серке театрының”, “біздің Досжанның” шеберлік деңгейімен өлшейтіні тағы бар. Алматыдан келген айтулы театрдың “Қаракөз” спектаклінен кейін пікір алысып тұрған бір топ көрерменнің: “Мына Жабай Досжанның Жабайындай шықпаған екен”, деген сөздерін құлағымызбен естідік, пікірін құптадық, өз өнерпазына деген сүйіспен­шілікке сүйсіндік.

Досжан Жанботаев театр сахнасында өткен 36 жылында 40-тан астам рөлде ойнаған. 40-тан астам өзіне “таныс-бейтаныс” кейіпкердің болмысын тұла бойынан өткізіп, 40 түрлі мі­нез­дің толқынына түсіп, 40 түрлі күй кешкен деп бағалаймыз мұны. “Сахнада Қарабай болып (“Қозы Көрпеш – Баян сұлу”) өмір сү­ріп, спектакльден соң қайта Досжан қалпыңа келуден қиыны жоқ”, – дейді Досекең театр әртісінің өз азабы болатынын түсіндіріп.

Ол — әуелі С.Қожамқұлов атындағы театрға ғұмырын бағыштаған жан. Торғай облы­сы жабылып, театр Жезқазғанға көшіріл­ді. Ол театрын тастамады. 1997 жылы Жез­қаз­ған облысы жабылып, театр тағдыры тағы да таразыға түсті. Бағын жағып, бақытын ашқан қара шаңырағының сақталып қалуы үшін жанын салды. Жұрт Жезқазғаннан жабыла көшіп жатты, театр әртістерінің кейбірі өз таңдауларымен басқа қалаға, басқа театрға кетіп жатты. Досекең табан аудармады. Әйтпесе “Құрмет белгісі” орденінің иегері, халық әртісі, сахна майталманы Досжан Жанботаевқа қай театрдың болсын құшағы ашық еді. Шақырғандар да болды. Өзі жиі айтатындай, “сахна киесінен, Серке әкесінің аруағынан қорықты”.

Досекең – ұстаз. “Театр ұжымы талантты жас­тармен толығып тұруы керек. Буын сабақ­тастығы үзілсе, театр күйі құлдырайды. Ал сырт­тан келе қоятын мамандар жоқ. Өз күші­мізбен күн көруіміз керек”, деген байламға бас тіреген Досекең Жезқазған саз колледжі жанынан актерлік курстың ашылуына күш салып, жастарды сахна өнеріне баулыды. Серке театрындағы қазіргі жас буын әртістер – Досжан және оның әріптестерінің баулыған шәкірттері. Аяқ алыстары қуантады. Досекең қазір осы үрдістің үзіліп қалмауы үшін күш салып жүр.

Досжан Жанботаев Әбдірәлімұлы – театр­дың көркемдік жетекшісі. “Мықты әртіс еке­німді өзім де сезінем, ал мықты режиссермін десем, өтірік. Бірақ осы міндет мойныма артыл­ды. Амалдың жоқтығынан аса қиын қызметке басымды байлауға тура келді. Қазір К.Станиславскийдің, Г.Товстоноговтың еңбек­терін қайта оқып жатырмын”, – дейді ол.

К.Ахметовтің “Құданың өзі, құдайдың “көзі” келгенде” сатиралық комедиясы, Е.Төлеу­байдың “Таланған тағдыр”, О.Бөкей­дің “Атау кере”, Қ.Жұмабековтің “Әйел ма­хаббаты” драмалары – режиссер Д.Жанботаев ізденістері.

Республикалық театрлар фестивалінде үш мәрте бас жүлдені қанжығасына байлаған Жезқазған театрының толайым табыстарға жетуінің басы-қасында Досекең жүр.

Досекең өнер қонған отбасының иесі. Зайыбы Райхан Ыбыраева – театрдың маң­дайалды әртісі, ұлы Теміржан, қызы Меруана да осы театрдың үміт күттірген жастарының бірі. Немересі Темірлан “Ангелочек” көп сериялы фильміндегі басты рөлді ойнап, қасқадан төбел туатынын да танытып тастады.

Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет белгісі” орденінің иегері, Қарағанды облысы әкімінің “Алтын қобыз” жүлдесінің иегері Досжан Жанботаев – өмірін ұлы мәртебелі өнерге бағыштап келе жатқан жан.

– Нарық билеген замандағы театр тағдыры қандай болар екен? – дедім оған.

– Театр өлмейді. Тек көрермендер залына енді жаңа көзқарастағы, жаңа заманға лайық өзгеше пайымдау жасайтын жандар келді. Олар кешегі социализм тұсындағы бояуы қалың Қарабайды қабылдамауы мүмкін. Оларға енді Қарабайды басқа қалыпта ұсы­нуы­мыз қажет, – деп жауап берді ол. Сөз ара­сында сонау 1972 жылдың қысына қарай Торғай жеріне келген театр әртістерінің үйлі-жайлы, тұрмысының оң болуына назар ауда­рып, әр әртістің үйінде болып, тоңып қал­маң­дар деп аяққа пима, үстеріне қара тон кигізген өнер жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің аға­лық қамқорлығын да айтып кетті. Сол сәтте менің ойыма Өзбекәлі ағамыздың “Есте­лік­тер” атты кітабындағы: “Маған Досжан Жанботаевтың сахнадағы аяқ астынан шешім қабылдайтындығы, ой ұшқырлығы ұнаушы еді” – деген сөзі оралды.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат