Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-06-02:

КИБЕРКЕҢЕСТІК НЕМЕСЕ ВИРТУАЛДЫ ШЫНДЫҚТЫҢ ТҰТҚЫНЫ

 

Әрбір қоғамның өзіндік құндылық­тары­ның маңызды өлшем екенін қанша жерден мойындасақ та, әлемдік мәдениеттегі қазіргі жағдайды көбінде еуропалық өмір үлгісінің басымдық танытуы деп қарастыруымыз керек. ХХ ғасырда бұл жағдайды ойшылдар еуроорталықтық деп атады.

Еуропалық құндылықтар жүйесін орнықтыруға Еуропаның және АҚШ-тың экономикалық, технологиялық және әскери басымдылығы қуат беріп отыр. Оның үстіне қоғамдық пікір тудыратын ақпарат тас­қы­нының 70-80 пайыздайын қадағалап отыр­ған, көпшілік мәдениетін қалыптастыратын киноиндустрия өнімінің жартысынан көбін шығарып отырған англо-американдық, де­мек, бастыстық мәдениет өз өмірінің стан­дарттарын бүкіл әлемге үлгі етіп тық­­палауы таңғаларлық жағдай емес.

Адам әлемінде болсын, адамзат мәдениетінде болсын жоқтан еш­теңе пайда болмайды. Осы қазіргі за­ман мәдениетіне алғышарт бол­ған, осы кезеңнің құндылықтарын даярлаған мәдени дәуірлер қандай? Бұл сұраққа жауап беру үшін сонау ренессанстық гуманизмнің қалып­тасуын, реформацияның зайырлы­лық принципіне жол ашуын, ағар­ту­шылық дәуірінің жалпылай сауат­тылық пен білім құндылығын алға тартқандығын еске алу керек. Осы аталғандардың барлығы әлемді діни билік құрсауынан шығаруға, ғылым-білімнің жетістіктерін өмірде кеңінен пай­далануға және адамның жеке тұлғасының қадір-қасиетін мойындауға алып келгендігін айта аламыз.

Сонымен, қазіргі заман мәдениетінің негізгі сипаттамаларына тоқталар болсақ, төмендегілерді баса айту керек сияқты.

Қазіргі заман мәдениеті рационализмнің орныққандығымен анықталады. Рациона­лизм – таным мен іс-әрекеттің түп тамы­рын адамның ақылымен байланыстырып пайымдайтын көзқарастар жиынтығы. Қа­зіргі мәдени дәстүрдің рационалистік дәс­түр екендігін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ ол дегеніміз – бұған дейінгі мәдени кезеңдерде рационалистік көзқарас жоқ еді деген сөз емес, өйткені адамзат мәдение­тінің қай-қайсысына болсын ақыл-зердеге (рационға) негізделу тән. Демек, әр мәде­ниет­тің, тіпті, әр тарихи-мәдени кезеңнің өзіндік рационалистік дәстүрі бар екендігін ескергеніміз жөн.

Ал жалпы адамзаттық рационализм ара­сынан осы қазіргі замандағы рационализм несімен ерекшеленеді дейтін болсақ, оған шындыққа деген ерекше қатынастың тән екендігін айта аламыз. Атап айтар болсақ, бұл рационалистік дәстүрде шындық қада­ғалау мен бақылауға, есептеуге келетін шын­дық есебінде, яғни көз алдыңа нақты елес­тетуге болатын шындық есебінде алы­на­ды. Есептеу, соның негізінде нақты жос­парлау, жоспардың орындалуын қатаң қадағалау, міне, шындықты нағыз көзге көрі­нерлік шындық ететін рационализм, немесе қазіргі рационализм деген осы.

Бұл рационализмнің еуропалық ра­ционалистік дәстүрден бастау алатындығын да баса айтқан жөн. Еуропалық рациона­лизм­нің кредосын жасап берген Рене Де­карт болды. Оның түсінігінде, әлемдегі кез келген бар нәрсені әдіс (метод) арқылы, де­мек, белгілі бір процедуралар жүйесі арқы­лы тануға болады. Ғылыми танымның әдісі танымның математикалық операцияларына сүйенген шақта ғана дәйекті де ақиқат нә­тижелер береді деп білген Декарттан бастап, осы тәсіл тек қана жаратылыстанымдық ғы­лымдарда ғана емес, гуманитарлық ғылым­дарда да қолданыла бастады.

Сол кезеңнен бастап, “Білім – күш” деген қанатты сөз тағы бір рационалистік ұс­танымдағы Ф.Бэконның арқасында ел арасына кең тарады. Адамның ақыл-ойы­нан тысқары қалатын ештеңе жоқ деген қа­ғидатты ұстанған, ғылыми әдістеме арқылы бар­лығын танып-білуге талпынған адамзат­тың еуропалық бөлігінің экспансиясы сол еуропалық мәдениеттің әлемге кеңінен тарауына бірден бір себеп болды. Бірақ сол экспансия арқасында басқаларды бодандау саясаты мен табиғатты аяусыз қанау да жүзеге асырылғандығын ұмытпаған абзал.

Рационализмнің соңынан ерген ғылым-білім ғасыры техника әлемі деген ғаламатты туындатты. Техниканың жетістіктері адам мен оны қоршаған ортаны танымастай өзгерт­ті. Жеке бастың еңбек үдерісін көпшілік-конвейерлік өндіріске дейін көтерген техникалық прогресс жер шарын бір үлкен фабрика-зауытқа, ал тіршілікті қандай да бір алып механизмнің әрекетіне айналдырып жібергендей. Қазіргі заман мәдениеті техницистік мәдениет, яғни тех­никалық прогресс пен техниканың ма­ңыз­дылығына құдайдай сенетін мәдениет.

Техницизм қатаң мамандану үдерісін тудыр­май қоймайды. Техникаға негізделген өндіріс процесі барысында адамдардың көпшілігі техникалық үдеріске қажетті бір бөлшек есебіне жүреді.

Мәдениеттің прагматикалануы, яғни “пайда” ұғымы тұрғысынан негізделуі де осы қазіргі заманның айдары. Адам әре­кетінің барлығы практикалық бағыт алып, келтіретін нақты пайдасы, есепке алынатын нәтижесі тұрғысынан құрылымданады. Есеп, пайда және ұтымдылық – бүгінгі прагматикалық әлемнің ұрандары осылар.

Ақпараттану идеологиясы ақпараттық мәдениет феноменін дүниеге әкелді. Қазіргі заман мәдениетін басқашалай ақпараттық мәдениет деп те атайды. Өйткені, қазірде ақпарат қоғам өмірінің маңызды элементі болып, адам өмірінің бар­лық саласына әсер етіп отыр.

Ғаламтордың пайда бо­луы­мен бірге, әлемдегі адам­заттың өзара тәуелді байланысының қа­лып­та­суы – жаһандану үде­рісін туындатты. Жа­һан­дануға адамзат өміріне саяси-эко­но­микалық өз­герістер әке­летін кұбылыс деп қана қа­рауға бол­май­ды. Жаһан­дану ұлттық құн­дылық­тар­ды сақтай оты­рып, ғалам­дық қаты­нас­тарға бейім­делу деген үлкен мәселені күн тәр­тібіне қойып отыр.

Міне, қысқаша қайыр­сақ, қазіргі заман мәде­ние­тіне тән сипаттамалар реті осындай. Ары қарай қазіргі заман мәдениетінің бедерін салып отырған ақпараттық техно­ло­гияларға, олар туындатқан рухани мәде­ниет үлгілеріне нақтырақ тоқталуды қажет көріп отырмыз.

Компьютерлік технологиялар жетістігі­нің арқасында адамда жаңа “өмір сүру” кеңістігі (көзбояу болса да) – киберкеңістік пайда болды. Ол кеңістікте бүкіл әлем бізге монитор экранынан нақты шындық іспет­тес болып көрінгенімен, ол өзінің қолмен ұстауға келерлік заттық тығыздығынан, қаттылығынан айырылған мөлдір әлем.

Ғаламторды постмодерн (модерн дәуірі­нен кейінгі) заманының ұлы гипермәтіні деуге болады. Қазірде ғаламтор бірнеше мил­лиондаған компьютерлердің басын қо­сып отырған ашық жүйе. Ғаламтор әу бас­тан либералды мәнге ие. Онда көп нәрсеге рұқсат етілген. Ғаламторға ілінген мәтін еркін пайдалануға берілген мәтін. Сон­дық­тан мәтін авторы өз шығармасын ғалам­торға ілу арқылы оны өзінен шеттетумен пара-пар әрекет жасайды. Нәтижесінде ав­торлық құқық, гонорар сынды баспа мәде­ниетіне тән ұғымдар өзінің бұрынғы мәні­нен айырылады.

Ғаламторды көз алдыңа жақсылап елес­тету үшін біз постмодерн дискурсының өзін­дік ұғымы “ризомаға” жүгінеміз. Бұл терминді Жиль Делез бен Феликс Гварттари ботаникадан алған. Онда ризома – өсімдіктің тарамдалып тамырлану түрі. Яғни, оның қайдан тарағанын анықтау мүмкін емес деген сөз.

Ғаламторлық технологияларды сипат­тауда ризома таптырмас бейнелі ұғым. Ри­зома табиғатынан орталықсыздандырылған, иерархияға бой бермейтін құрылым. Сон­дықтан оның ешбір нүктесі басқасына қатысты басымдық таныта алмайды, сол сияқты, қос нүкте арасында да ешқандай айрықша бөлек байланыс қалыптаспайды, өйткені онда бәрі бәрімен тікелей байла­ныс­ты. Кең мағынасында “ризома” пост­мо­дерн әлемінің бейнелі сипаты бола ала­ды, өйткені онда орталықтану, реттілік пен симметрия жоқ.

Бүгінгі қоғамды қоршаған ақпараттық шындық адамзатты 70-80 жылдарғы шын­дықтан мүлдем бөлек. Ол виртуалды шын­дық туындатқан ғайып болмысқа бай­ла­нысты. Осы “виртуалды шындық” тіркесі қа­зір оңды-солды көп қолданылып жүр­гені­мен, оның мағынасының түсініксіз, көмес­кілеу екендігі белгілі. Әдетте, бұл термин ком­пьютермен байланысты пайдаланы­ла­тындығы ғана анық.

Виртуалды шындық әлемінде бізге үй­реншікті кітаби мәдениет мәтіні де өзге­ріс­ке ұшырап отыр. Бұрынғы бірөлшемді, бір сызық бойына тізбектелген бір жазық­тық­та­ғы түзу мәтін орнына көпөлшемді элек­тронды гипермәтін келді. Гипермәтін ке­ңістігінде бірнеше мәтіннің қатар орна­ла­суы мүмкін, тіпті, мәтіндегі кез келген сөз немесе автор туралы бүкіл керекті мағлұ­мат­ты ала алатын басқа сайт парақтары тұруы мүмкін.

Кәдімгі кітапты оқып отырып біз оның кеңістіктегі шегінен аса алмаймыз, онда көрсетілген сілтемелер бойынша қызық­тыр­ған нәрсені әлгі кітапты тастап барып қана, басқасын іздеп тапқаннан соң оқи аламыз. Ал киберкеңістіктегі виртуалды шындықта орналасқан гипермәтінде біз бір мәтіннен келесі мәтінге алдыңғысында тұрып-ақ лезде өте аламыз.

Виртуалды шындық мәтін оқудың ғана емес, мәтін жасаудың да (“жазу” деген сөзді әдейі­леп пай­даланбай отырмыз) жаңа жолдарын ұсынып отыр. Бүгінгі заманда көп­шілік шығарма жазбайды, мәтін құрастырады. Құрас­тыру (аннан-мыннан, анадан-мынадан, тиіп-қа­шып...) – интермәтін­ді­лікпен анық­талған жаңа шығарма­шы­лық түрі. Ин­тер­мәтін де­ге­німіз мәтін­дердің өзгеріске түскен нұсқасы, мәтін­дер­дің бір-біріне кірігуі. Бұл ұғым мә­тінді жаңаша пайымдауға жол ашады. Интермәтіннің негізгі қасиеті оның іштей әртектілігі, ашықтығы, көпнұсқалығы. Интермәтін өзге мәтіндерге қатысты шы­ғарылады. Ол тек бұ­рын­ғы мәтіндерге қатысты емес, өзінен кейін жазылған мәтіндерге де қатысты.

Қазіргі заман мәдениетін терең зерт­теушілердің бірі Роллан Барт “Автор өлімі” туралы айтады. Айта кететін бір жай, бұл ХХ ғасырдағы зиялылар айтып жүрген көп “өлімдер” ішіндегі тағы бір өлім. Естеріңізге сала кетсек, Ф.Ницше “Құдай өлімі” ту­ра­лы, О.Шпенглер “мәдениет өлімі” туралы, М. Фуко “Адам өлімі” туралы айтты емес пе?! Бұл да жоғары оқу орындарындағы ен­гізілген жаңашылдық – кредит технология­сының классикалық түсініктегі дәріскер “өліміне” әкелетіндігі сияқты метафоралық мәселе. Ақпараттық технологиялар мен ақпараттық нөпір тасқын білім алуға емес, білуге мәжбүрлеу болып отыр.

Жасыратын не бар, бүгінде мәдениеттен оқу тәжірибесі кетіп бара жатыр. Бәлкім, біреулер бүгінгі таңда оқудың нағыз дәурені емес пе, газет оқуға, шым-шытырық оқи­ға­ға толы детектив оқуға құмар адамзат емеспіз бе дер. Мұнда оқу дегеніміз, тікелей салиқалы да сарабдал классикалық әдеби-философиялық мәтінді оқумен байланыс­тырылып отыр. Қазіргі оқу оқығаныңды өз жүрегіңнен сезіне отырып өткізу, соған қосыла қобалжу, ойға шому сынды қасиет­терден ада ақпарат қабылдаумен шектелуге жақын күйде деп есептеуге болады.

Оқу тәжірибесі кетіп, оның орнын теле­дидар мен видеоақпарат басып келе жатқандықтан, кітап мәдени мінез-құлықты қалыптастырушылардың артқы шебіне өтті. Оқудан қалған адам миының маңызды бөліктерін жаттықтырудан да қалады, қиялдау, сезіну ұшқырлығынан, көңіл-күй сергектігінен және ойлау шапшаңдығынан айырылады. Бұл қасиеттер ақыл-ойды жұ­таңдатып оның шығармашылық әлеуетіне зиян әкеледі.

Ғаламтор кеңістігіндегі адам белгілі бір мағынада номадқа айналады. Ғаламтор шарлаушысы сол кеңістікте иен даланы ат жалына жабысып шауып өтетін көшпелі сынды желіп жүр деуге болады. Бірақ оның әлемі көшпелілердің ұшы-қиыры жоқ кең даласы емес, гипершындық, виртуалды шындық даласы. Тарихи көшпелі өркениет ат жалына жабысып өткен өркениет болса, бүгінгі күннің неономады (жаңа көш­кін­шілері) компьютер алдындағы орындыққа жабысқан өркениет, постмодерн өркениеті.

Әлем дегеніміз бір ұзын кабель болып шыққандай! Сап-сау адам қалайша өзінің фан­тазмдық экранның ғайып (виртуалды) кеңістігінің тұтқынына айналғанын бай­қа­май да қалады. Осы тұста “ғайып (вир­туал­ды) шындық” ұғымына тоқталу орынды. Түптеп келгенде “vіrtual” деген сөздің түбірі латын тілінде қас қылғандай “нағыз”, “ең ақиқат”, “шынайы” дегенді білдіреді екен, бір­ақ біз оны өз түсінігімізде “ойдан шы­ғарылған шындық”, “шындық сияқты болып көрінгісі келген шындық” деп ұғынамыз ғой.

“Виртуалды” деген терминнің тарихына үңілсек, сөз төркіні “vіrtus”-та жатқандығын жоғарыда атап айтқан болатынбыз. Ол ұғым ортағасырлық христиан философиясында абсолютті жалпы мәннің жалқы заттармен байланыстылығын түсіндіру үшін пайда­ланылған. Содан бері ұмыт болуға жақындаған терминді физиктер жалған элементарлық бөлшектерді атау үшін қайта жаңғыртқан. Олар виртуалды бөлшектер деген тіркесті “мүмкін әлем” түсінігімен байла­ныс­тырған. Сөйтіп, 70-ші жыл­дардың соңына дейін терминнің электронды әлемге де, ақпараттық технологияларға да еш қатысы болмаған.

“Виртуалды шындық” ұғымын 1970 жылдардың соңында Мас­сачусетс технологиялық институ­тында ойлап тапты деген де дерек бар. Ол шындықтың компьютер көмегімен берілген үшөлшемді макроүлгісін анықтау үшін пайдаланылған. Бастапқыда ол үлгілер әскери салада әлдебір техниканы сынақтан өткізу алдында, мысалы, ұшақты ауада айдағандай әсер ала отырып, ұшуға жерде даярлық жасау барысында қолданылған құрылғыларға қатысты айтылған. Ал Жарон Ланье терминді жаңа компьютерлік өнім­дерге байланысты пайдаланып ол көпшілік айналымға компьютермен бірге еніп үлгерді.

Бұл шындық бар шындықтың тұтас­тығы, тұрақтылығы мен тәмәмдалған­дығының орнына бөлшектік, өзгермелік, алуан түрлілік, аяқталмағандықты қойды. Виртуалды шындық шын өмірге зиянын тигізбей өз алдына балама әлем жасап алу мүмкіндігін берді. Компьютерлік графика мен онда болып жатқан оқиғаларға адам­ның (Ғаламтор желісіндегі компьютерді пайдаланушының) тікелей әсер ете алу мүм­кіндігі қосыла келе виртуалды жасам­паздықтың жаңа мүмкіндігін берген киберкеңістік дүниеге келді.

Енді, міне, “виртуалды корпорация”, “виртуалды ақша”, “виртуалды ойын”, “виртуалды оқу”, және т.б. туралы да айта­тын болып жүрміз. Демек, виртуалды­лық­тың (ғайыптылықтың) әлеумет өміріне, адам өміріне терең бойлай енгені сонша­лық, біз енді қоғамның виртуализациялануы (ғайыптануы) туралы айтуға мәжбүрміз.

60-80 жылдары канадалық мәдениет­танушы Маршалл Маклюэннің айтқан көріпкелдігі енді жүзеге асты деуге болады – адам технологиялар көмегімен тек қол-аяғын, құлақ-көзін ғана емес, ол енді өзінің жүйке жүйесін де электронды медиа көмегімен ұзартып отыр.

Виртуалды шындық шындықты имита­цияламайды, оны симуляциялайды, яғни сол шындыққа ұқсас, бірақ өмірде жоқ өзін­дік бір шындықты туындатады. Тарата айтсақ, имитация алдында тұрған даяр үлгіні қайталайды, ал симуляция жоқтың ор­нына жүріп, жоқтан барды (ғайыпты­лық­ты) жасайды. Симулякр – түпнұсқасы жоқ көшірменің көшірмесі.

Нақты шындықта шек қоятын табиғи әлде әлеуметтік заңдардың болуына бай­ла­нысты адам ойына келгенді жасай алмайды. Ал виртуалды шындық сол мүмкіндікті экран алдындағы адамға береді, адамның шығармашылық шекарасын кеңейтеді, жаңа әсерлер ұсынады. Мысалы, әлдебір себеп­терге байланысты ешқашан ұшақ жүргіз­бейтін адамға қазіргі технологиялар ұшақты жүргізгендей немесе ғарышта самғағандай сезім сыйлай алады.

Қазіргі технологиялық жаңалықтар вир­туалды шындықта тіршілік етуді адамға тартымды қылғаны сондай, оларға қамкөңіл қылар толымсыздығы басым нақты әлемде тырбанып тіршілік еткеннен гөрі фантас­магориялық елес әлемін кезу ұнайтын сияқ­ты. Соған көз жеткізген сайын “ақырын берсін!” дегеннен басқа амал жоқ.

Бүгінде виртуалдық әлем соған көз жеткізген сайын үйреншік­ті­лікке айналды. Виртуалды компьютерлік магазиннен тауар сатып аламыз, болашақ салынар үйімізді қолмен салып қойғандай етіп жобалаймыз, хат жазғандай боламыз, хат алғандай боламыз, кітап оқыған сияқ­ты­­мыз... Расында, осы бір “сияқтылық” әлемі – хат сияқты, бірақ олай деуге ауыз бармайды; кітап сияқты оқылады, бірақ кі­тап емес дегендей…. тым көбейіп кетті. Қа­рап отырсақ, “сияқтыланып” бара жат­қан әлемде “адам сияқтыланбай”, адам бо­лып қалудың өзі қиынға түсетіндей көрінеді...



Авторы: Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат