Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-06-03:

ЕЛ НЫҒАЙҒАН САЙЫН ЖЕР МАҢЫЗЫ АРТА БЕРМЕК

 

Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық, әкімшілік реформалардың  нәтижелері белгілі бола түскен сайын жер ресурстарының маңызы да өсе түскені сезіледі. Екінші жақтан алғанда, әлемде табиғи ресустар тапшылығының орын алуы, көптеген жаһандық ірі компаниялардың Қазақстан экономикасын инвестициялауға деген ынта-ықыласының артуы бұл байлық көзін ел мүддесі жолында барынша тиімді пайдалану мәселесін де күн тәртібіне өткір қоюда. Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ ӨЗІБЕКОВПЕН әңгіме осындай маңызды тақырыптың жекелеген мәселелеріне арналды.

 

– Өмірзақ Өзібекұлы, экономиканың басқа салаларына қарағанда елімізде жер қатынастары бірте-бірте дамып келеді. Соған қарамастан тәуелсіздіктің он жеті жылы ішінде бұл салада көптеген мәселелердің жүзеге асып, бұрынғы кеңестік жер қатынастары жүйесінің түбірінен өзгеріске түскені сезіледі. Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ.

– Еліміздегі жер қатынас­тары­­ның дамуына келетін бол­сақ, жер­ді игеру, пайдалану, оның форма­ларын айқындау секілді мәселелер қай заман, қай қоғамда болмасын өте күрделі, әрі шетін мәселе ре­тін­де сана­лып келе жатқандығын ешкім жоққа шығармас. Бұған мысал­ды алыстан іздеп қажеті жоқ. Қазақ халқы ежелден-ақ жерге бай ел болғанымен сонау хандық кезеңнің өзінде жер дауы мен жесір дауы бәрінен де жоғары тұрғандығын тарихи деректер растайды.

Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болы­сымен-ақ нарық экономи­ка­сын орнатуға кіріскенімізде жер мәселесінде бірден төтенше қадамдарға бара қойғамыз жоқ. Елбасы өзінің “Қазақстандық жол” атты еңбегінде атап көрсеткеніндей, еліміздегі жер қатынастары эволюциялық түрде, яғни уақыт пен заман талаптарын ескере және мәселенің пісіп-же­тілу ырғағын сақтай отырып бірте-бірте да­мы­тылу үстінде. Біз, осы ретте, әсіресе, еліміздің ауылшаруашылық жерлерін нарық айналымы­на қосу мәселесінде кезең-кезеңімен алға ба­сып келеміз. Бұл күндері Қазақстанда жер те­лімдерінің кадастрлық құны қалыптасты­рылды. Нарықтық құны жер телімдерінің ерекшеліктеріне, пайдалану сипатына орай сұ­раныс пен ұсыныстың арақатынасы негізінде айқындалуы тиіс. Бізде жер телімдерінің екінші рыногы қалыптасу үстінде.

Осы орайда қала маңайындағы ауыл ша­руа­шылығы жерлерін арзан бағамен сатып алып, оны тұрғын үй салатын телімдерге айналдырып, барынша көтеріңкі бағамен қайта сату фактілерінің орын алғандығын, осы жағ­дай жер қатынастары саласында алыпсатар­лықтың туындауына ықпал еткендігін жасыру­ға болмайды. Қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл келеңсіздіктің тамырына балта ша­былуда. Үкімет қалалар, ауылдық елді мекен­дер мен олардың айналасындағы жерлерді пайдалану мәселелерін реттеу, сондай-ақ жермен алыпсатарлықтың алдын алу ісіне бел шеше кірісіп, осы мақсатта кешенді шаралар қа­былдауда. Соның ішінде жеке меншікке мем­лекет сататын жердің кадастрлық құны на­рықтық құнға жақындатылды. Атап айтқанда, Үкіметтің тиісті қаулыларымен бекітілген Астана қаласы және тоғыз облыс орталықтары бойынша жерге төлемақының базалық став­ка­лары қайта белгіленді. Бес облыс орталықтары бойынша ұқсас қаулылар 2006-2007 жылдары қабылданды. Осылайша, қазіргі уақытта барлық облыс орталықтары және Астана, Алматы қалалары бойынша мемлекет сататын жердің құны оның нарықтық құнына сәйкес келеді және жермен алыпсатарлықтың алдын алудың экономикалық тұтқаларының бірі болып табылады.

 – Қазақстан аумағының басым бөлігін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер құрай­ды. Бұл жерлерді тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығын өркендетудің негізгі шарттары­ның бірі. Осы мақсатта агенттік тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?

 – 2008 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша еліміздегі ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жердің көлемі 88,9 миллион гектар­дан астам. Яғни республикамыздың жалпы жер қорының 34,1 пайызын құрайды. Ел өңір­лерінің ішкі ерекшеліктері мен экономикалық бағыт-бағдарына сәйкес бұл көрсеткіш барлық өңірлерде бірдей емес. Мәселен, солтүстік облыстардағы ауыл шаруашылығы жерлерінің үлесі 65-68 пайыз болса, көптеген облыстарда ол 11-20 пайыз ғана.

Жер реформасы басталған кезде ауыл ша­руа­шылығы жерлерінің көлемі азайып кеткен еді. 2006 жылдан бастап бос тұрған құнарлы алқаптарды айналымға енгізу арқылы оның ауданы қайта кеңеюде. Соңғы үш жылда 6,7 миллион гектарға, соның ішінде 2008 жылы 2,1 миллион гектарға өсті. Қазіргі қолда­ныс­тағы ауыл шаруашылығы алқаптарының құ­рамын 22,5 млн. гектар егістік, 3,3 млн. гектар тыңай­ған жерлер, 67,2 мың гектар көп жыл­дық екпе ағаштар, 1,9 млн. гектар шабындық­тар және 54,5 млн. гектар жайылымдық жерлер құрайды.

Агенттіктің өндірістік кәсіпорындары ауыл шаруашылығы алқаптарының құнарлылығын тек­серу мақсатында жыл сайын топырақты зерт­теу жұмыстарын жүргізеді. Аталған жұ­мыстар 2008 жылы 968 мың гектар алқапта жүр­гізілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер телімдеріне паспорт дай­ындау үшін 743,0 мың гектар жердің топырақ зерттеу материалдары жаңартылды. Бұл ретте, 2008 жылы шаруа қожалық­тар­ының жер телімдеріне 21,7 мың паспорт дайындалды, 850 мың гектар жайылым жерлерде гео­ботаникалық іздестіру жұмыс­та­ры жүргізілді. Соның негізінде жайы­лымның құрамы және пайдаланылуы туралы карталар құрастырылды. Ауыл шаруа­шы­лығы жерлеріндегі 1,1 миллион гектар алқапта топырақ бо­нитеті (құнарлығы) анықталын­ды. Бұдан басқа, 12,1 мың гек­тар жерге аэро­фототүсірім жұ­мыс­тары жүргізіліп, 10,3 мың гек­тар жерге сызбалы картогра­фия­лық өнімдер дайындалуда. Сонымен бірге, республика бойынша жер-кадастрлық карталар жасалынып, жер телімдерінің автоматтан­дырылған ақпараттық жүйесі құрылды. Осылардың барлығы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану туралы жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге қажетті маңызды құжаттар.

Ақпарат ретінде қосымша айтарым, Жер кодексіне сәйкес жерді ұтымды пайдалану, то­пы­рақ құнарлылығын арттыру, жер ресурс­та­рын қорғау жөніндегі облыстық (қалалық) бағ­дар­ла­маларды әзірлеп, тиісті өкілді орган­дар­дың бекітуіне енгізу және орындалуын қамтамасыз ету облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының құзіретіне кіреді. Осыған байланысты, жергілікті жерлерде өңіраралық бағдарламаларға сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану жөніндегі тиісті іс-шаралар жүзеге асырылуда.

– Елбасы жер саласындағы сыбайлас жем­қорлықты ауыздықтау мақсатында Үкіметке, соның ішінде Жер ресурстарын басқару агент­тігіне тапсырмалар берген болатын. Ол тапсырмалар қалай орындалуда?

– Мен бұл мәселеге сөзімнің басында ішінара тоқталып кеттім. Ал егер Елбасының атал­ған мәселеге байланысты берген тапсыр­ма­сы туралы тікелей сөз ететін болсақ, Мем­лекет басшысы Қазақстан халқына 2008 жылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне тоқтала келе жерді бөлудің халық көзінен тысқары қалатындай ашық емес тәжірибелеріне тосқауыл қоюды, яғни әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорацияларға беру жағдайларын қоспағанда, барлық жер телім­дерінің ашық аукциондар арқылы бөлінуін ұйымдастыруды, жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында жер телімдерін беру және ресімдеу ережесін оңтайландыруды, со­ны­мен қатар, Астана қаласы мен облыс ор­талықтарынан жерлерді берудің және оларды мақсатты пайдаланудың заңдылығын анық­тауды арнайы тапсырған болатын. Бүгінгі күні Жер ресурстарын басқару агенттігі Елбасының осы тапсырмаларына орай жер туралы заңдылықтарды қайтадан сүзгіден өткізіп, олардың сыбайлас жемқорлықтың, жер саласындағы алыпсатарлықтың туындауына жол беретіндей осал тұстарын анықтап, осыған орай өзертулер мен түзетулер жобасын жасады.

Тағы бір айта кететін мәселе, Мемлекет басшысының Астана мен облыс орталықтары айналасында жер телімдерін берудің заңды­лы­ғын анықтау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асы­ру үшін бірқатар шаралар қабылданып, орындалды. Олардың нәтижелері қортын­ды­ланып, тиісті органдарға тапсырылды. Осы тап­сырманы орындау барысында агенттік Астана қаласы мен облыс орталықтары айна­ласында берілген жер телімдері туралы жер-кадастрлық ақпаратты дайындап, олардың жер заңнамасына сәйкес келуіне талдау жүргізді. Осының негі­зінде Астана және барлық облыс орталық­тарында Елбасының аталған тапсыр­масын іске асыру жөніндегі жұмыс тобының көшпелі кеңестерін өткізді.

Мұндай келеңсіздіктердің республиканың кейбір аймақтарында тұрғындардың жүйесіз орналасуын туындататындығы, аумақты жос­парлаудың стратегиялық және экономикалық негіздемелерін орындауға, өндірістік, көліктік, ин­женерлік және әлеуметтік инфрақұрылым­ның дамуына кедергі келтіретіндігі түсінікті.

Осындай жәйттердің алдын алу немесе олар­дың қайталануына жол бермеу және өңір­лік даму ісіндегі мемлекеттік басқаруды жүйе­лендіру үшін Үкімет тапсырмасы бойынша әкімдіктердің қатысуымен Астана қаласы мен барлық облыс орталықтарында мемлекеттік ны­сандарды орналастыру жөніндегі жер телім­деріне деген сұраныс көлемі анықталды. Бұл сұ­раныс мөлшері 28,5 мың гектар жерді құ­рады. Мұның 18,5 мың гектары мемлекет мен­шігіндегі қор есебінде сақтауда тұрады, 10 мың гектары жеке тұлғалардың пайдаланылуында.

Аталған жұмыс шегінде Астана қаласы мен облыс орталықтарының әкімдіктері мемлекеттік нысандарды орналастыру шекараларына енетін жер телімдерінің меншік иелерімен және жер пайдаланушылармен аталған телімдерді (немесе олардың бөліктерін) мемлекет меншігіне беру туралы келіссөздер жүргізді. Соның нәтиже­сін­де 13,6 мың гектар жерді қайтару жөнінде 163 ниеттеме келісім-шарты жасалынды. Оның үсті­не бұл жер телімдері ертеректе сатылып алын­ған төлемақы ставкасынан аспайтын бағамен сатып алынатын болды.

– Қазақстанда жер мониторингі мен жер кадастры қандай деңгейде жұмыс істеуде? Олардың тиімділігін арттыруда қолға алынған және жүзеге асқан қандай жұмыстар бар?

– Мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізуді ұйымдастыру агенттік құзыретіндегі негізгі функциялардың бірі болып табылады. Мемлекеттік жер кадастры еліміздің жерінің табиғи және шаруашылық жағдайы, жер телімдерінің орналасқан жері, нысаналы пайдаланылуы, мөлшері мен шекарасы, сапа­лық деңгейі, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер телімдерінің кадастрлық құны туралы және өзге де қажетті мәліметтердің жүйесін құрайды.

Жер кодексіне сәйкес мемлекеттік жер кадастрын мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсіп­орындар жүргізеді. Бұл ретте барлық облыстарда 14 облыстық, 194 аудан­дық, қалалық жер-кадастрлық ор­талықтары­ның бөлімшелері авто­мат­тандырылған ақпа­раттық жүйе бой­ынша бірыңғай бағдарламалар бой­ынша кешенді жұмыстар атқаруда. Қазір аталған жүйеде 3,9 миллионнан астам жер те­лі­мі, олардың иелері және пайдаланушылары туралы және басқа қажетті мәліметтер мен оның сызбалары бар. Агенттіктің жер ка­дас­тр­лық ақпараттық жүйесі Қазақ­стандағы алдың­ғы қатарлы технологияларды пайдалана оты­рып жасалған, яғни соңғы талаптарға сай келеді.

Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік жер кадас­тры нарықтық экономика жағдайында жер қатынастарын реттеуге жаңа тұрғыдан сәйкес келуі, жаңа тұжырымдамалық негіздерде құры­луы және қызмет істеуі тиіс. Жаңа жүйе осы талаптарға сәйкес келеді деп ойлаймын. Ол, сонымен бірге жер жылжымайтын мүлі­гіне құқықты қорғаудың кепілі, жер ресурс­тарын тиімді басқарудың экономикалық теті­гінің негізі болып табылады. Осы бағытта ғы­лыми-іздестіру жұмыстары да жүргізіліп келеді.

Жер мониторингі жердің жай-күйін, оның бойындағы өзгерістерін уақытылы анықтау, оларды бағалау, болжам жасау және кері әсері бар үрдістердің алдын алу, олардың зардаптарын жою жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін жүргізіледі. Жер реформасын жүргізу барысында бұл салада біраз жұмыстар жасалынып, ғылыми-әдістемелік негіздемелер дайындалды. Қазіргі күні жердің базалық мониторингімен шұғылданатын аумақтық-аймақтық жүйе қалыптасу үстінде. 2008 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 732 қадағалау пункті құрылды. Оның 533-і стационарлық экологиялық, ал 199-ы жартылай экологиялық пункт болып есептеледі. Жылдар бойынша жасалған зерттеулер материалдарын талдау негізінде болжамдық, экологиялық, өңірлік, геоботаникалық және топырақ карталары жасалды. Жер мониторингінің ғылыми-әдістемелік негіздері жетілдірілуде.

– Жер ресурстары агенттігінің өкілеттілігі мен жауапкершілігі жерге қатысты мемлекеттік бақылау-қадағалау жұмыстарын жүзеге асыруға жеткілікті ме?

– Жер кодексіне сәйкес жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Республиканың жерге орналастыру қызметінің құрылымында жерді пайдалану мен қорғаудың мемлекеттік жүйесі құрылған. Оның міндетіне азаматтық, табиғат қорғау және жер қатынастары саласындағы заңдарды, осыған қатысты басқа да заңнамалық талаптарды жүзеге асыру, сақталуын қамтамасыз ету кіреді.

Елімізде қолға алынған әкімшілік рефор­маны жүзеге асыру барысында 2007 жылы агенттіктің облыстық, қалалық (Астана және Алматы қалалары) аумақтық жер ресурстарын басқару басқармалары жеті өңіраралық жер инс­пекциялары болып қайта ұйымдастырыл­ғандығы оқырмандарға белгілі деп ойлаймын.

Агенттіктің және оның аумақтық орган­дары­ның (жер инспекцияларының) штаттық саны барлығы 265 адамды құрайды, оның ішінде 210-ы аумақтық органдарда жұмыс істейді. Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемле­кет­тік инспекторлардың жалпы саны – 117 адам.

Бір мемлекеттік жер инспекциясына келетін жұмыс көлеміне келер болсақ, жер учаске­лері­нің меншік иелері және жер пайдаланушылар саны бойынша 28 мыңға жуық, жер көлемі бойынша – 2,3 млн. га, жергілікті атқарушы ор­гандар бойынша 17 бірліктен асады және 62 елді мекенді қамтиды. Міне, осындай жұ­мыс ауқымын жер инспекторы толық қамтып отыр деп айту қиын. Осы себепті, жерді мемлекеттік бақылауды өңірде кешенді жүзеге асырудың келелі мәселелері – ең алдымен, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мамандардың жетіспеуі (әсіресе жергілікті жерлерде, аудан­дарда) және өңіраралық жер инспекция­ларының автокөліктермен жеткіліксіз қамтамасыз етілмегені деп айтуға болады.

Осындай қиыншылықтарға қарамай, 2008 жылы өңіраралық жер инспекциялары жер заңдылықтарын сақтау саласында 4,7 мың тек­серістер жүргізді. Соның нәтижесінде, ауданы 93,8 мың гектарда 2,4 мың жер заңдылық­тарын бұзушылық анықталды (жалпы саны­ның 52 пайызы). Жер заңнамасын бұзушы­ларға 2,3 мың жағдайда 130,2 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Сөз соңында айтарым, жерге орналастыру саласының мамандары, айтылған пробле­ма­ларға қарамай, жер қатынастарын реттеу сала­сында біртұтас мемлекеттік саясатты жүргізуге бел­сенді қатысып орталық уәкілетті орган құзы­реті шегіндегі мәселелерді 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарға сәйкес жүзеге асырады деп оқырмандарды сендіремін.

– Әңгімеңізге рахмет.      



Авторы: Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат