Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-06-16:

ЖАС КЕЛСЕ — ІСКЕ...

Студенттік құрылыс және “Жасыл ел” еңбек жасақтарының жазғы еңбек маусымы басталды

 

Бір тал кесең, он тал ек. Қа­зақтың дуалы аузынан шыққан осынау аталы сөзін есте ұстайтын әр азамат табиғатқа жанашыр болуды перзенттік парыз санайды. Әсіресе, жастар тарапынан туған жердің тазалығын сақтауға, сөйтіп, оны жасыл желекке бөлеуге құлшы­ныс­тың оянуы қуантады. Мұның әрқалай себеп­­те­рі бар. Алдымен, бұған Елбасының бастама­сымен “Жасыл ел” бағдарламасының қолға алынуы оң ықпал еткені дау тудырмас. Бұл бағ­дарламаның іске асырыла бастағанына, міне, 5 жылдың жүзі ауды. Осы кезеңде аталған бағ­дарлама жұртшылықтың, соның ішінде студент жастардың арасынан кең қолдау тауып отыр. “Жасыл ел” бағдар­ламасының жұ­мысына 100 мыңнан астам студенттер мен оқушылар, жұмыссыз жастар, балалар үйлерінің тәрбие­лену­шілерінің қаты­суымен 51 мың гектар жерде 34 миллионнан астам түп жасыл желек тамыр жайып, бой көтерді.

 Бұрнағы күні осы де­ректерді газет тілшісіне Аты­рауда өткен студенттік құ­рылыс және “Жасыл ел” жастар еңбек жасақ­тарының республикалық V слетінде Жақсыбай Боранбаев мәлім етті. Республикалық штабқа жетекшілік ететін жа­лынды жастың пікірінше, қазір елі­міздегі студенттік құрылыс жасақтары құры­лыс индус­триясында да белсенді әрі іргелі ұйым ретінде танымал бола бастаған. Тек осы са­лаға машықтанған студенттік құрылыс жасақтарында 2005-2008 жылдары ара­лы­ғында 68 185 жас жұ­мы­спен қамтылыпты. Енді, міне, биылғы еңбек маусымы да бастал­ды. Осыған орай еліміздің әр түк­пірінен мұнайлы өңірге жиналған жастар әуелі Исатай-Махамбат алаңында қаз-қатар сап түзеді.

 Жастардан құралған еңбек жасақтарының жазғы маусымға әзірлігі жөнінде респуб­ли­калық штаб жетекшісі Жақсыбай Боран­баевтың арнайы рапортын Білім және ғылым министрлігі тәрбие жұмысы және жастар саясаты де­партаментінің директоры Ерлан Әукенов қабылдады. Ал еңбекке араласқалы тұрған жастардың жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімінің орынбасары Серік Аман­ғалиевтың айтуын­ша, Атырауда “Жа­сыл ел” бағдар­ла­масы кең қанат жайған. Өңір орта­лығы мен елді ме­кендерді көгал­дан­дыру жұмыстарына тартылған 2500-дей студент-жастар 100 мыңнан астам кө­шеттерді отырғызып, күтілуін қамта­масыз етіпті. Жастардың осындай бел­сен­ділігінің арқасында жасыл қала, жасыл ауыл, жасыл көше­лер қатары мо­лая түсуде. Еңбек мау­сы­мында жастар­ды жұмыспен қамтушы меке­мелермен келісімдер жасалып, жалақы төлеу мәселесі оңтайлы шешімін тауыпты.

– Халқымызда табиғат­қа жанашырлық бұрыннан бар ғой. Қазақтың “Бір тал кессең, он тал ек” дегенінің астарынан осыны аңғара­мыз, – дейді “Табиғат” эколо­гия­лық қозғалысының төрағасы, қоршаған орта­ның танымал жанашыры Мэлс Елеусізов. – Енді осы қағиданы Елба­сының бас­тамасымен іске асырылып жатқан “Жасыл ел” бағдарламасымен ұштас­ты­рып, жастарды отан­сүйгіш­тік­ке, еңбекқорлыққа тәр­биелеудің орайы келіп тұр. Елбасы тапсырмасымен осын­дай бағдарламаның қолға алынуы, студенттік құрылыс жасақтарының қайта жандануы, әсіресе, қазіргідей дағдарыс кезінде жастарға үлкен қолдау болып отыр.

“Жасыл ел” аллеясы. Өзге өңірді қайдам, бұрын Атырауда “Жасыл ел” аллеясы болған емес. Енді, міне, Атырауда өткен рес­публикалық V слетте жаңа еңбек маусы­мының басталғаны жария етілді. Соның дәлелі ретінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғимаратының қақ алдындағы Жайық өзені жағасынан алғашқы аллея ашылды. Оған әр өңірден респуб­ликалық слетке қатысушы студенттер мен қонақтардың бір тобы жас көшеттер отыр­ғыз­ды. Арасында Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті билік өкілдері, сонымен бірге, табиғаттың жанашыры атанып жүрген Мэлс Елеусізов те болды. Университет басшы­ларының айтуына қарағанда, бұл аллеяның көшеттері аз күндік өскін болмайды. Оған осында білім алатын студенттерден құралған арнайы жасақ мүшелері үнемі күтім жасап тұрады.

Тегінде, бұл – өңірде қолдауға тұратын лайықты бастама. Енді мұндай аллеялар өңірдің әр ауданында, әр ауылында қолға ал­ын­са жөн болар еді. Оған мүмкіндік те жет­кі­лікті. Тек бұған аудандар, ауылдар әкімдерінің ынтасы қажет. Себебі, бүгінгі жастардың ерінбей еңбек етуге, еліміздің ұлан-ғайыр даласын жасыл желекпен көмкеруге құш­тар­лығы басым. “Студенттік құрылыс және “Жа­сыл ел” жасақтары әр түрлі бағытта еңбекке араласады. Көгалдандыру, құрылыс жүргізумен бірге, педа­го­гикалық, үгіт-насихаттық жұмыс­тар­ға араласады”, – дейді респуб­ли­калық штаб жетекшісі Ж. Боранбаев.

“Жас келсе – іске” демекші, еліміздің отаншыл өрендері тағы да жазғы еңбек маусымына кірісті. Іске сәт, еркін елдің еңбекқор жастары!

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.

 

²АЛАҚАЙ² БАЛАЛАР ӘЛЕМІ

Ақтөбе қаласындағы қуыршақ театры қазақ сахна өнерінің бәсекеге қабілеттілігін өз өнерімен мейлінше дәлелдеп отыр.

 

Театрдың шығармашылық келбеті, ұстанған бағыт-бағдары оның репертуарындағы спек­такльдер арқылы айқындалады. Осы тұрғыдан келгенде, театр әкімшілігі өзінің негізгі міндетіне жауапкершілікпен қарайтыны байқалған. ­Театрдың жас кө­рер­менді өмірге, өнерге баулу про­цесі, сол арқылы қоғамға қажетті көптеген мәсе­лелерді шеше алуға ықпал ете­тінін жақсы тү­сінген. Театр сах­­­насына қойы­латын әр қойы­лым жан-жақты талданып, қа­жетті экспер­ти­задан өтіп барып көрерменге жолдама алады. Бұл спектакльдер жас жеткіншектердің сана-сезімінің қалыптасуына, ойлау, тәрбиелік құралы ретінде ерекше әсер етуімен бірге өзінің негізгі міндетін толығымен атқара алғандығында. Біз көрген үш спектакльдің мазмұны, салмақ жүгі әр түрлі болғанымен, оларды біріктіретін негізгі көрсеткіш – көркемдік сапасы болды. Жоғары деңгейде қойылған бұл спек­такльдер шынында да жұртқа көтеріңкі көңіл күй атмосферасын сыйлады.

“Ат тұяғын тай басар” спек­таклі бүгінгі “Алақай” театрының, жалпы қазақ қуыршақ театр өнерінің келбетін алыс-жақын шет елдерге кеңінен танытып жүрген сәтті қойылымдардың бірі һәм бірегейі. Бұдан бірнеше жылдар бұрын 2005 жылы ре­сейлік режис­сер Е.Пермяков пен суретші Ә.Құрманалина тара­пы­нан қойылған қызықты спек­такльді театр ерекше үлкен ықыл­аспен жер-жерде көрсетіп келеді.

Бұл пьесаның драматургиясы өте сәтті таңдалып алынған. Көшпелі қазақ халқының ұлттық болмысын, рухани әлеміміздің қыр-сырын тереңнен ашуға жақсы көмектесіп тұр. Көтерген тақырыбының өзектілігі, жас баланың азамат болып қалыптасу жолы, түзу жолдан таймай, рухы биік, ержүрек батырға тән қасиеттерді бойына сіңіруі, оларды тәрбиелеу мәселесіне арналған. Бұл баршаны толған­дыратын тақырып. Театрлар осын­дай қажетті, өзекті  тақы­рыптармен ғана әлемдік аренаға шыға алмақ. Ұлттық колорит, ұлттық тақырып негізінде әлем­дік, жалпы адами құндылықтарды ту етіп көтеру. Театрларымызға  осы бағытта елеулі ізденіс, жаңа формаларды табу керек.

Спектакль кейіпкерлері – Әлия Құрманалинаның қуыршақ­тар әлемі ерекше әңгіме болатын та­қырып. Бұл спектакль өткір дра­матизмді әрекетке құрылған. Жыл­қылар ұзын сырыққа орна­тылған. Бұл кейін актерлер сах­нада әрекет еткенде қасқырлар­мен айқасатын қару орнына, басқа да қажетті тартысқа пай­даланылады. Ересектерге бала күніндегі ат қып мінген тал шыбықтарды еске оралтады. Әлия бұл спектакльде әр кейіпкерді сахнадан бейнелі беруге күш салған. Актерлердің қолындағы жылқылар ұзын сырыққа орна­тылса, басты кейіпкер – құлын­шақ саусаққа киілетін қуыр­шақпен көрінеді. Негізгі қарсы­ласы қасқыр да еркін қимылдай алады. Жылан актердің пласти­касының мүмкін­дігін толығымен және сан қырынан бере алатындай етіп жасалып қажет жерінде қо­сал­қы дөңгелектерді пайдалануы об­раз­ды жақсы толық­тырып тұр. Қы­ран бүркіт актердің қолындағы ұзын сырықта даланың кеңдігі мен шек­сіздігін мейлінше толық бере­тін­дей мүмкіндікке ие болған. Осы­лардың бәрі бұл қуыршақ теат­рында өз ісінің маманы отырған­дығын көрсетеді. Нәзира Табыл­динова мен Әлия Құрма­налина бас болған “Алақай” қуыр­шақ театры­ның ұжымы респуб­ликадағы театрлар­дың ішінде қа­зіргі таңда уақытқа сай жұмыс жа­сап жатқан театр­лардың бірі деп білемін.

Иә, қазақстандық бүгінгі қу­ыршақ театр өнерін Ресей де, алыс шетелдіктер де “Алақай” теат­рының шығармашылығы арқы­лы жақсы біледі. Қазақтардың қу­ыршақ театр өнері жайлы жақсы пікір қалыптасқан. Қарап отырсақ, мақтанарлық, үлгі аларлық мысал­дар бізде де бар екен. Елбасының бәсекеге қабілетті өнері мен мәдениетін қалыптастыру жайлы айтып жүрген пікірі осындай фактілерден көрініс беретін секілді.

Бір ерекше айта кететін мәселе, театрда спектакль қос тілде  жүреді. Әртістер сахнада еркін екі тілде сөйлей алғандықтан тілдің тазалығына байланысты мәселе жоқ. Түске дейін қазақ тілінде ойналған спектакль түстен кейін сол орындаушылық құраммен орыс тілінде де сапалы көрсетіліп жатты. Театр мұндай қос тілділіктен көп пайда  тауып отыр. Біріншіден, бір ұжымда өзге орыс тілді труппа ұс­тау мәселесі жоқ. Екіншіден, актер­лер қойылған спектакльді өзгерт­пес­тен, орыс тілінен қазақшаға, қазақ тілінен орысшаға аударып ойнай беруге мүмкіндік мол. Өзіміздің, орыстың режиссерлері қойған спектакльді орындауда тек сөздеріндегі аударма мәтінді ғана өзгерту бар. Осы спектакльді тамашалау барысында бір байқаған жәйтпен ой бөліскенді жөн көрдік. Орыс тілінде қойылған сөздері ұғынықты спектакльді біз алғашын­да қазақ тілді көрермендермен, кейіннен орыс тілді көрермен­дермен бірге тамашаладық. Байқа­ғанымыз, жас бүлдіршіндерге арналған қазақ тіліндегі спектакль мәтінінің көрерменнің жас деңгейіне сай емес, ауырлық етуі болды. Балалардың қабылдау қабілеттері есепке алынбаған секілді болып көрінді. Екі мәтінді салыстыра қараған кезде байқаға­нымыз, қазақ тіліне пьеса өте жоғары деңгейдегі поэтикалық тілмен аударылған. Оқығанда әсем иірімдері құлаққа құйылып, майдай жағатын мәтін сахнада актерлердің орындауында көп сөзділікке ұрынып көрерменге жетпей жатты. Спектакльдің “Кто заплетает гривы лошадям” деген атауын аударма­шылар “Жал-құйрығын құлын-тайдың, төгілте кім тарайды?” деп тәржімалаған. Құлаққа жағым­ды, тілге орамды әдемі ұйқас. Бір­ақ, біздің ойы­мыз­ша, мұнда ау­дар­машылар та­ра­пынан сахналық қойылымның, кө­рермендердің жас ерекшелігін ескермеу бар секілді. Кейіпкерлер қазақ тілінде ба­лаларға түсінікті қысқа да нұсқа тілмен сөйлейтін болса көрермен де тез, тереңірек түсінер еді.

Театрдың балабақша, мек­теп­тің әр түрлі жастағы бүлдір­шін­деріне беретін шығар­ма­лары көп­теп саналады. Солардың ішінде театр басшылығы екі спектакльді сахналауға Ресей Федерация­сы­ның халық әртісі, белгілі режис­сер С.Железкинді арнайы шақы­рыпты. Бірі та­ны­мал дат ертегі­шісі Х.Андер­сеннің шығармасы негізінде жазылған В.Синакевич­тің “Ұс­қынсыз үйрек” пьесасы да, екіншісі, ресейлік автор М.Су­пониннің “Ақымақ қоян” спек­таклі. Екі қойылымның да су­ретші-қою­шысы Ә.Құрманалина.

Театрдың ресейлік шебер режиссермен шығармашылық байланыс жасауы, біздің ойымыз­ша, өте жақсы нәтиже берген. Театр сахнаға жақсы драматургия мен режиссура арқасында “Ұс­қын­сыз үйрек” пьесасынан ба­лалар көңілінен шығатын, көр­кемдік деңгейі биік сапалы спектакль шығара алған. Бастысы, театр актерлері шын ықыласымен барын салып ойнайды.

Бүгінгі ғылымда зерттеушінің деңгейін оның шет ел басылым­дарына мақалалары аударылып басылып шығуы, үзінділер кел­тірулері  арқылы айқындайды. Театр өнерінде де осындай ұс­танымдар бар. Халықаралық театр фестивальдеріне шақыру алуы және олардың бір рет қана емес, бірнешеуі қатарынан шақырып жатуы біздің өнеріміздің де тастарының өрге домалағанын аңғартады. Әзірге кезекпен Каир фестиваліне барып, конкурстан тыс спектакль көрсетіп қайтқа­нымызға мәзбіз. Біздің ойымыз­ша, республика театрларының жұмысын жаңа жолға қою, өтімді дүниелер жасау жолдары әлі өз деңгейінде емес. Жаңа қазақ режиссурасы, қазақ актерлік мектебі, қазақ театр өнері жайлы айтып тамсандыратын қойылым­дар жасау кешеуілдеуде.

 

PS. “Алақай”  театры биыл Мәскеу қаласында өтетін “Алтын маска” халықаралық театр фестиваліне арнайы шақырту алды. Бұған дейін мүйізі қарағайдай театрларымыздың бір де бірінің еншісіне бұйырмаған бұл өнер мерекесінің бағдарламасына қатысу біз үшін зор жетістік. Шын жүректен қуана отырып “Алақай” театрының шығармашылық ұжымына сәттілік тілейміз.

 

Амангелді МҰҚАН, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты.

 

ЖҰРТ ӘНШІНІ САҒЫНЫП ҚАЛЫПТЫ

 

Президенттік мәдениет орталығының концерт залында Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші  Ермек Серкебаевтың шығармашылық кеші өтті.

 

Кеш барысында ол бірыңғай Арқаның әндерін орындады десек те болады. Әсі­ресе, “Қаракесек”, “Наз­қоңыр”, “Ғай­ни” сияқты халық әндерін жұртшылық ерекше тебіреніспен тыңдады. Бір айта кететін жәйт, кон­церт қонағы да ав­тор­дың өзі, пианист те өзі, жүргізуші де өзі бол­ды. Айтатын әрбір әнін көпші­лікпен келісе отырып орын­дауы да Ермек Сер­ке­баевтың осы кешке ерекше дайындықпен келгенін байқатса, әншінің әрбір сөзінен де  туған жеріне деген сағыныш лебі есіп тұрды.

Қарапайым отбасынан шыққан әншінің әкесі Бекмұхамед Құ­сайынұлы мұғалім, анасы музыкант болған екен. Ата-анасын еске ала келіп, “Әкем менің әртіс болып, өнер жолын таңда­ғанымды білмеді, оның арманы ұлын математик етіп шы­ғару еді” – деген ол өз отбасы жөнінде де әңгімелеп өтті. “Ме­нің екі ұл, бір қызым бар. Ұлдарым музы­кант. Алмас қазір Америкада тұрады, ал Байғали Мәскеуде, қызым болса, ғылым жолында жүр” деді ол. 

Сөзімізді түйіп айтқанда, осынау шы­ғармашылық кештің бір ерекшелігі – өнер иесінің әнсүйер қауыммен қал­т­қысыз сырласуы дер едік. Иә, қазақтың ән өнерін әлемге мой­ындатқан дара тұлғаның дауысын жұртшылық сағынып қалыпты.

Құндыз ЕРАЛИЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат