Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-06-17:

ҰЙЫМ ҰЙЫТҚЫСЫ – ҰЙЫМШЫЛДЫҚ

екені кеше болып өткен ШЫҰ саммитінің өне бойында айқын аңғарылып тұрды

 

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы тұрақты жұмыс істейтін халық­аралық ұйым болып табылады. Ұйым 2001 жылғы маусымда Қа­зақстан, Ресей, Қытай, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттері басшыларының белсенділік танытуымен құрылды. Алғашында “Шанхай бестігі” атанған ұйым оған Өзбекстан қосылғаннан кейін “Шанхай алтылығы” деген атаумен тарихқа енді. Ұйымның құрылуына 1996 жылы Шанхайда қол қойылған “Шекаралық аудандарда әскери салалардағы сенімді нығайту туралы келісім” мен 1997 жылғы Мәскеудегі “Шекаралық аудан­дарда өзара қарулы күштерді қысқарту туралы” келісім басты негіз болды.

Алғашында ШЫҰ-ның мақса­ты Орталық Азияда лаңкестік әрекеттердің, экстремизм мен се­паратизмнің жолын кесу бойынша өңірішілік іс-қимыл жасау еді. Кейін, яғни 2002 жылғы маусымда өткен Санкт-Петербург саммитін­де ұйымға мүше мемлекеттердің бас­шылары ШЫҰ хартиясына қол қойды. Бұл құжат 2003 жылдың 19 қыркүйегінде күшіне енді. Сөйтіп, осы құжат ұйымның мақсаты мен міндеттерін айқындап, ШЫҰ-ның қызмет бағыттарын кеңейте түсті. Ал одан кейінгі жылдары ұйым­ның халықаралық беделі артып, Ауғанстандағы жағдайды тұрақ­тандыруға қатысты нақты ұсы­ныстарымен әлем жұрт­шы­лығының назарын аудартты.

Ал кешегі өткен саммитке келсек, келесі кезекте Шанхай ын­тымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы пленарлық отырысы болды. Оған ұйым сам­митіне байқаушы мемлекеттер ретінде келген мемлекеттердің бас­шылары және арнайы шақырыл­ған халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Пленарлық оты­рысты Ресей Президенті Дмитрий Медведев жүргізді және алғашқы болып сөз алды.

Дмитрий Медведев бүгінде ШЫҰ-ның халықаралық беделі артып, оған мүше елдер саяси-эко­номикалық жағынан ынтымақ­тас­тықта жаңа сатыға көтеріл­гені­не тоқталды. Ресей басшысының атап өтуінше, ұйымның отырыс­тарында саяси және экономи­ка­лық мәселелермен қатар, лаң­кес­тікпен күрес, халықаралық есірткі тасымалымен, қылмыспен бірлесіп күресу мәселелері талқыланды. Бұған дейін ұйым жүзеге асырған, сондай-ақ алға қойылған ауқымды іс-шаралар ШЫҰ-ның өңірлік қана емес, әлемдік деңгейдегі беделді ұйымға айналғандығын білдіреді. Ресей басшысы Ауған­станды тұрақтандыруға бай­ла­нысты ШЫҰ тарапынан қолға алынған шараларды да атап өтіп, оған осы жылдың наурызында Мәскеуде Ауғанстан бой­ын­ша арнайы конференция өткенін келтірді. Бұл конференцияға әлемнің отыздан астам мемлекеті мен халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысқан.

Дмитрий Медведев, сондай-ақ алдағы уақытта ұйым жанынан төтенше жағдайлар кезінде кө­мектер көрсететін орталық құры­латынын, ол ұйымға қатысушы елдердің барлығына аса қажет екенін, Ресей ШЫҰ-ға төрағалық еткен жылдары бас санитарлық дәрігерлердің халықаралық семи­нар-кеңесі өткенін айтты. Ресей Президентінің атап өткеніндей, Ұйымға мүше елдер арасында мә­де­ни-ғылыми байланыстар жасау мәселелеріне де баса көңіл бөлініп отыр. Оның нақты мысалын ШЫҰ-ның университеті құрыла­ты­нынан байқауға болады.

Мәдени-ғылыми байланыстар жасауда университеттер ректор­лары­ның кеңесін өткізіп, жастар форумын ұйымдастырған осы сала­лардағы ынтымақтастықты жандандыруға ықпал ететін бо­лады. Мұндай тәжірибелерді да­мыту ұйымға қатысушы елдер ара­сындағы байланыстарды нығайта­ды. Сөзінің соңында Ресей Пре­зи­денті ұйымға мүше мемлекеттер Беларусь Республикасы мен Шри-Ланка Республикасына ШЫҰ-ға үнқатысу бойынша әріптестік мәртебесін беру туралы шешім қабылдайтынын, ал ШЫҰ мүше­лігіне өзге мемлекеттерді қабыл­даудың тәртібі дайындалып жат­қанын атап көрсетті.

Отырыста екінші болып Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз алды. Қазақстан Президенті отырысқа қатысып отырған Манмохан Сингхті Үндістан Республика­сы­ның Премьер-министрі, ал Махмұд Ахмадинежадты Иран Ислам Республикасының прези­денті болып сайлануларымен құттықтай келіп, ядролық қару түр­лерін таратпау, заңсыз көші-қон­ды реттеу, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету, біртұтас валюта құру идеясына байланысты ой-тұжы­рымын ортаға салды.

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының басты міндеті мен мақсаты өңірде қауіпсіздік пен тұрақты­лықты қамтамасыз ету болып қала береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ауғанстан мен Пәкстандағы жағ­дайлар алаңдатып отыр. Ондағы тұрақсыздық өңірдегілерге де жа­ғым­сыз әсер ететіні белгілі. Осы­лай деген Қазақстан Президенті биылғы жылдың наурызында Мәс­кеуде өткен Ауғанстан жөнін­дегі арнайы конференцияның маңыздылығын айтты. Елба­сының атап көрсеткеніндей, Мәс­кеуде ШЫҰ бастамашылығымен өткен арнайы конференция лаң­кестікке, есірткі трафигіне қарсы күресте ШЫҰ-ның халықаралық ұйым­дармен тығыз ынтымақ­тастық жасай отырып, қызмет ету мүмкіндігін көрсетіп берді. Кон­ференцияда ШЫҰ қабылдаған Ауғанстандағы жағдайға, заңсыз есірткі айналымы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске қатысты іс-қимыл жоспары өз кезегінде “Жол картасы” болып табылады.

Елбасы, сонымен қатар, оты­рыстар нәтижесінде қол қойы­латын құжаттардың маңызына да тоқталды. Соның ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2010-2012 жылдарға арналған лаңкестікпен, сепаратизм және экстремизммен күрестегі ынтымақтастық бағдар­ла­масын ерекше атады. Өйткені, бүгінде лаңкестік пен діни экс­тремизм көпшілікті алаңдатып отыр. Қылмыстың бұл түрлерін бірлесіп күрес жүргізгенде ғана ауыздықтауға болады. Президент басқа да құжаттардың ерекшелігін де атап өтті.

Бүгінде ақпараттық қауіп әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Қазақстан Президенті осыған бай­ланысты ШЫҰ-ның халықаралық ақпараттың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету жөніндегі жаһандық бас­та­масын қолдайтындығын білдірді. Сондай-ақ, ұйымның өңірдегі бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақ­тылыққа қауіп төнген жағдайда саяси-дипломатиялық шаралар және әрекет ету тетіктері туралы ережеге баға бере келіп, Солтүстік Кореяның ядролық қаруды қайта сынай бастағанына қатысты пікірін білдірді.

Солтүстік Кореяның ядролық қаруды сынақтан өткізуі қауіп ту­ғызып отыр, деді Нұрсұлтан На­зарбаев осы жайында. Қазақстан ядролық қаруынан өз еркімен бас тартқан, жаһандық қарусыздану үдерісінің белсенді қатысушысы ретінде Солтүстік Кореяның ядро­лық сынақ жасағанын қолдамай­ды. Олардың бұл әрекеті жаһан­дық қарусыздануға жасалған қадамға кері әсер етеді.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ның төтенше және апатты жағ­дайлар, техногендік қиындықтар орын алған кезде ұйымға мүше елдердің бір-біріне көмектесу бастамасы үлгі алатын бастама екендігін атап берді. Елбасының атап өтуінше, табиғи және техно­гендік апаттар ұйымға мүше елдер аумағындағы тұрғындардың ба­сына алапат қиындықтар әкелетін, өмірлеріне қатер төндіретін жағдайлар. Мемлекет басшысы, сондай-ақ заңсыз көші-қон проб­лемасын сөз ете келіп, Қазақстан заңсыз көші-қонмен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды қолдайтынын айтты.

Бұдан кейін Қазақстан бас­шысы ШЫҰ мемлекеттері арасын­дағы экономикалық байланыс­тардың өз деңгейінен төмен жат­қанына, әлемдік қаржы дағдары­сына және біртұтас ұлттық есеп айырысу валютасын құруға қатыс­ты ойын ортаға салды. Д.Мед­ведевтің біртұтас ұлттық есеп айы­рысу ақшалай валютасын енгізу идеясын талдап, жан-жақты зерт­теп көруді ұсынды. Елбасының пікірінше, бұл валюта ШЫҰ елдері арасында сауда жасаудағы есеп айырысу валютасы болар еді. Осы тұста айта кетейік, біртұтас валюта енгізу идеясын ҚХР Төр­ағасы Ху Цзиньтао да қолдай­тынын мәлім еткен болатын.

Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев, сондай-ақ оты­рысқа қатысушылар назарын энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мә­селелеріне де аударды. Сонымен бірге, ұйым елдері арасында көлік-коммуникация, транзиттік жүк тасымалдайтын жолдарды дамы­туға байланысты ұсыныстарын ортаға салды. Экология, оның ішін­де қоршаған ортаны қорғау, мәдениет пен ғылым сала­ла­рындағы байланыстарды да атап өтті. ШЫҰ-ның жаңа төрағасы И.Каримовті құттықтады.

Ал Ху Цзиньтао ШЫҰ құрыл­ғаннан бергі сегіз жыл ішінде өңір­де қауіпсіздік пен тұрақты­лық­ты нығайтуда ерекше рөл атқа­рып келе жатқанына тоқталды. Оның атап өтуінше, ұйым бүгінде барлық бағытта өз қызметін өріс­тетіп отыр. Әсіресе, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарып келеді. Соның бір мысалы ретінде Ауғанстан проблемасына байланысты өткен Мәскеу конференциясын атап өтті. Қытай басшысының назары­нан басқа да өткір проблемалар – азық-түлік қауіпсіздігі, лаңкестік, есірткі трафигі, тағы басқа да өзекті мәселелер тыс қалған жоқ. Ол, сондай-ақ әлемдік қаржы дағ­дарысы ұйымға мүше мемлекет­терге де айтарлықтай ауыр салмақ салып отырғанын, сондықтан барлық күшті дағдарысты еңсеруге жұмсау қажеттігін, оған ШЫҰ елдерінің әлеуеттері жететінін көлденең тартты.

ҚХР Төрағасы, сонымен қатар, Ұйымның алдағы қызметіне байланысты бірқатар ұсыныстар да білдірді. Негізінен олар ШЫҰ аясында саяси және экономи­ка­лық ынтымақтастықты жандан­дыру, энергетикалық және көлік тасымалы транзитіндегі проблема­ларды шешуге ұйымның ықпал етуі, сондай-ақ ұйым елдері ара­сында есеп айырысатын ақша-валютаны реттеу, ШЫҰ-ға қаты­сушы мемлекеттердің жастары арасында байланыстар орнату, тағы басқалар. Сөзінің қорытын­дысында Ху Цзиньтао ШЫҰ-ның Бас хатшысы Болат Нұрғалиев пен ШЫҰ-ның өңірлік антитеррорлық құрылымы Атқару комитетінің директоры Мырзақан Субановқа өткен кезең ішінде атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Саммиттің пленарлық отыры­сында, сондай-ақ Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Ислам Каримов сөз сөйледі, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. ШЫҰ-ның саммитіне қатысу­шылардан – байқаушы мемлекет­тер ретінде Үндістанның Премьер-министрі Манмохан Сингхке, Иран президенті Махмұд Ахма­дине­жадқа, Моңғолияның вице-премьері Норовын Алтанхуячқа, Пәкстан президенті Асиф Зар­дариге сөз берілді. Бұлардан бөлек Ауғанстан президенті Хамид Карзай, БҰҰ Бас хатшысының сая­си мәселелер жөніндегі орын­басары Лиин Пэскоу, ШЫҰ-ның Бас хатшысы Болат Нұрғалиев, тағы басқалар сөз алып, ұйымның беделі мен қызмет аясының кеңейе түскеніне ризашылық­тарын білдірді. Сөз алған ше­шендердің арасында белгілі бір мәселелерге байланысты өткір пікірлер айтқандары да болды.

Сонымен, ШЫҰ саммиті өз дең­гейінде әрі асқан ұйымшылдықпен өтті. Ресейдің ұйымға төрағалық ету мерзімі аяқталғандықтан, енді ШЫҰ-ға 2009-2010 жылдар ара­лығында Өзбекстан Республикасы төрағалық ететін болады. Саммит қорытындысында 11 құжатқа қол қойылды. Ішінде Екатеринбург декларациясы, ШЫҰ-ның терроризм­ге қарсы конвенциясы бар. Сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Бірлескен коммюнике қабылдады.

Саммит соңынан Ресей Феде­ра­циясының Президенті Дмитрий Медведев отырыста қаралып, талқыланған мәселелердің қоры­тындысы жайлы баспасөз мәслиха­тын өткізді.

*  *  *

Кеше, сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның Премьер-министрі Манмохан Сингхпен екіжақты кездесу өткізді. Кездесуде Қазақ­стан басшысы Делиге сапарының табысты өткенін, белгіленген жоспардың барлығы толық жүзеге асқанын айтып берді. Ал Үндістан Премьер-министрі екі елдің қатынастары жыл өткен сайын дамып келе жатқанын атап көрсетті.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Екатеринбургтен. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат