Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-06-17:

ТАҚ АУҒАН ЖАҚҚА БАҚ АУАДЫ

 

Ардақты алаш азаматы Міржа­қып Дулатұлының: “Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің бола­шағы зор”, – деген сөзі осы­дан ғасырға таяу уақыт бұрын айтылса да, өміршеңдігімен маңыз­ды. Әсіресе, жаһандану үрдісі қарқын алған бүгінгі таңда аса көкейкесті. Алаш қайраткері өмір сүрген заманда тек газет, журнал шыға бастағанын ескерсек, бұл пікірдің қазір басқа да БАҚ-қа, әсіресе, радио мен тележурналис­тикаға қатыстылығы айтпаса да түсінікті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан” телера­дио корпорациясы журналис­тері­мен жүздесуінде айтқан: “Журна­листеріміз санаға сақ, халыққа жақ болуы тиіс”, деген қанатты сөзі де алаш арысы пікірімен өзектес, терең мәнге ие.

БАҚ-тың күшті болуы ел мүдде­сі екендігіне көз жеткізгеннен кейін оны қалай жүзеге асыруға болады деген заңды сауал туындай­ды. Оның жауабы – сан тарау. Бұл – ел зиялыларын, әсіресе, журна­листика саласы ғалымдарын ойлан­дырып-тол­ғандырып жүрген, ег­жей-тег­жей­лі зерттеу мен зерделеу­ді қажет ете­тін аса зәру де өте күр­делі мәселе. Оған ел журналисти­ка­сының күн құрғатпай шешуді ті­ле­ніп тұрған бір ғана мәселесін тіл­ге ти­ек ету арқылы көз жеткізуге болады.

“Мәннің бәрі – маманнан” деген қанатты сөз бар. Қай сала­ның болсын жетістікке жету кепілі – сапалы мамандармен қамтама­сыз етілуі. Осы аксиоманың еліміз­де орындалу барысы қалай дегенде, бәрі жақсы, бәрі ойдағыдай деуге ауыз бармайды.

Кешегі кеңес дәуірінде Қазақ­станның журналистика мамандары бір ғана орталықта – қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жур­на­листика факультетінде даярла­нып келді. Ал қазір 20-дан аса жоғары оқу орнында болашақ БАҚ қызметкерлері талапкерлерін оқуға қабылдау жүзеге асуда. “Оқуға қабылдау” дегенді әдейі айтып отырмыз. Маман даярлау оқуға қабылдаумен бітпейді ғой. Бірақ, өкінішке қарай, соны місе тұтқан жоо-лар да жоқ емес. БАҚ-та тәжірибе жинақтауы, теориялық білімін өндірісте сынап көруі былай тұрсын, журналистиканы ғылым деп менсінбейтін оқытушылар құрамы мен телерадио студияларын талап етпей-ақ қояйық, тым болма­са, арнайы жабдықталған дәрісха­налары жоқ оқу орындары сапалы маман даярлайды дегенге кім сенеді? Бір қызығы, сенетіндер бар көрінеді. Сенбесе, әлгіндегідей жоо-лар қолдарындағы лицензия­дан қағылар еді ғой. Жоқ, олардан лицензия алынбақ тұрмақ, жылдан-жылға қатары қарқынды өсіп келе жатуы қайран қалдырады.

Бұл жөнінде еліміздің жетекші журналистері мәселе көтеріп, дабыл қаққалы біраз уақыт болды. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Сала мамандарының пікірінше, еліміз журналистерін даярлау үш-төрт жерде жүзеге асса, толық жеткілік­ті. Оның есесіне жаңағы үш-төрт жоо-ға шоғырланған талапкерлер есебінен журналистика бөлімдерін факультетке айналдырып, әрқай­сысын ғылым-білім орталықтары деңгейіне көтерсек, бәсекелестік жағдайында ұтарымыз көп болар еді.

Әлемнің қай елінің астанасына қарасаңыз да, саяси, экономикалық қана емес, сол елдің мәдени, руха­ни ордасы екендігіне көзіңіз жетеді. Елордамыз Астана да осы бағытта қарқынды дамып келеді. Әр күні айға, әр айы жылға лайық жетістік­терге толы Астананы бүгінде әлем ақыл-ой иелері Елбасымыздың төл туындысы ретінде қабылдап, оның болашағын жоғары бағалауда.

“Тақ ауған жаққа бақ ауады” деген сөз бар. Ақмола астанаға айналғалы бері елдің көші осында бұрылғаны бекер деймісіз. Бұдан былай да оның қарқыны еселей түспесе, бәсеңде­мейтініне ешкім күмән келтіре алмайды. Бұл жағынан келгенде халық сөзін мақала тақырыбына орай “Тақ ауған жаққа БАҚ ауады” деп айтуға да болар еді.

Ендеше журналистика маман­дарына деген сұраныс Астанада артқан үстіне арта түседі деген сөз. Маман тапшылығы қазірдің өзінде байқалуда. Дамыл-дамыл телефон соғып, талантты студенттерімізді жұмысқа алатындықтарын айтып, өтініш білдіріп жүрген БАҚ жетек­шілері мен мекеме басшылары баршылық екені – сөзіміздің жаны бар екенінің дәлелі.

Университетіміздің ректоры Бақытжан Жарылқасымұлы Әбді­райымов та осыны терең түсінген­дік­тен, оқу ордамыздың журналис­тика саласын көтеруге алғашқы күннен бастап айрықша маңыз беріп келеді. Басшылыққа келген бір жылдың ішінде атқарылған істің қомақтылығы осындай түйін жасауымызға негіз бола алады.

Журналистика кафедрасына меңгерушілікке қызметке шақы­рылғанда алдымызға қойылған негізгі тапсырманың бірі ел журна­листері мойындаған білікті маман­дар тарту болатын. Бұл бағытта айтарлықтай жетістіктеріміз бар екеніне университет ұжымы куә.

Әуелі, осыған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде алты кафедра және деканат жабыла атқаратын толағай міндет мойнына артылып келген бір кафедраға қосымша күш қосу үшін екінші кафедра ашу мәселесін шешуді қолға алдық. Бұл айтуға ғана жеңіл көрінгенімен, орындауға келгенде әуресі көп, тесіліп отырып жұмыс істеу нәтижесінде қол жеткен табысымыз екенін екінің бірі біле бермейді. Жаңадан ашылған телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасына еліміз телеиндустриясының көзі тірі тарланы Ғаділбек Мінажұлы Шалахметовтің шақырылуы сөз жоқ, Еуразия университетінің ғана емес, Қазақстан журналисти­касының зор олжасы. Бүкіл саналы ғұмыры тележурналистикамен біте қайнасып келе жатқан асыл ағаның тәжірибесін шәкірт даярлау ісіне пайдалану терең ойлаған кісіге қымбат қазына.

БАҚ-тың қоғамдық рөлінің қаншалықты маңызды екенін айтқанда алдымызға жан салмай­мыз. Бірақ соны пайдалану жағына келгенде есеміз түгел деуге тіліміз күрмеле береді. Оның себебі сан алуан, салдары жан сыздатады. Елімізде осыны жан-жақты зерттеп, зерделеп отыратын журналистика ғылыми-зерттеу институтының болмауы – міннің бас себебі. Осы ол­қылықтың орнын толтыру мінде­тін Еуразия ұлттық университеті тарихта тұңғыш қолға алуы мәселенің қаншалықты маңызды екенін айшықтай түседі. Универ­ситет Ғылыми кеңесі шешімімен журналистика мәселелерін зерттей­тін арнайы институттың ашылуы мен оның жетекшілігіне еліміздегі осы сала ғылым-білімі көшбас­шыларының бірегейі Намазалы Омашұлының шақырылуы – дау жоқ, мәнді оқиға. Ел зиялылары бағасын беріп үлгермеген жеңісі­міз­дің жемісі мол боларына ешқандай шүбәміз жоқ.

Еліміздің жоғары оқу орында­рында маман даярлау оқу жұмыс жоспарларына (ОЖЖ) байлаулы екені жалпыға мәлім. Екінші атқарған іргелі ісіміз журналистика мамандығының бұрын бекітілген ОЖЖ-ларын қайта қарап, түзету енгізуге негіздеме жасап, Ғылыми кеңес қарауына ұсынуымыз болды. Бұл не үшін керек болды дейсіз бе? Құпия ештеңесі жоқ, айтайық: маман даярлаудың сапасын артты­ру қажеттілігінен туды. Міндетті пәндердің мамандықтың мемлекет­тік стандартымен сәйкестігін қамтамасыз етіп, таңдау курстарын жаңартып, қатарын толықтырып, бір-бірімен байланысына қарай, жеңілінен күрделісіне өтетіндей етіп орналастыру оңай іс болмаға­нын білетіндер түсінеді. Оның ауа­дай қажеттілігіне бір ғана мысал­мен көз жеткізуге болады. Маман­дықтың бұрынғы оқу жұмыс жос­парында әуелі “Бейнемонтаж және телехабар жасау технология­сын” оқыту көзделіп, одан кейін барып “Тележурналистика” атты кіріс­пе пән қойылуы қайран қалдыр­ды. Мұның керісінше болу керектігі бірді бірге қосқанда екі болатыны секілді дәлелдеуді тіленбейді.

Кафедра он жылдық тарихында бір ғана мамандық бойынша шәкірт тәрбиелеумен шектеліп келген екен. Енді оның қатарын көбейту талабы туындауда. Осыны ескеріп, жаңа мамандықтар бойын­ша маман даярлау бағытында ізде­ніс үстіндеміз. Айталық, баспагер-редакторға деген сұраныс Астанада айрықша. Елордамызда баспалар қатары күн санап өсіп келеді. Олар­дың талап-тілегін қанағат­тандыру мақсатында “050422 – баспа ісі” мамандығы бойынша ли­цензия алып, биыл тұңғыш рет талапкерлерді оқуға қабылдау жүзеге асырылмақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде, ел журналистері Астанаға шоғырлану үстінде. Елорда іргелі істерге ұйытқы бо­луда. Осы салада қордаланып қалған мәселелер 19 маусым күні Мәдениет және ақпарат министр­лігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бас­пасөз күні мерекесінің қарсаңында бірлесіп ұйымдастырып  отырған “Қазақстан журналистикасы: өзекті мәселелері” атты дөңгелек үстел мә­­жілісінде жан-жақты талқы­ланбақ.

Қайрат САҚ, ЕҰУ-дің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

 

АЛАШ АРЫСТАРЫ ҰРПАҚ ЖАДЫНДА

 

Өткеннен тағылым алу - қай ұрпақтың болсын басты борышы. Кешегі 30-шы жылдарда халқымыздың басынан өткен зұлмат жылдар қиын-қыстау дәуірдің бірі екендігі баршаға белгілі. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ел ағалары жазықсыздан-жазықсыз жапа шегіп, қыршынынан қиылды. Үнемі қудалауда жүрді. Олардың ұрпақтары да көп зәбір көрді. Тарихымыздың осы бір қаралы кезі әлі күнге толықтай зерттеліп болған жоқ.

Осы мақсатта, яғни саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың тағдырын тереңірек танып, жастар арасында насихаттау үшін Шә­кәрім атындағы Семей мемле­кеттік университетінде универ­ситет ұжымы мен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының ұйымдастыруымен саяси езгінің құрбаны болған азаматтардың ұрпақтарымен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты саяси қуғын-сүргін көрген Алаш азаматтарының ұрпақтарымен жүздесу, қиын-қыстау замандағы ұлт зиялыла­­рының отансүйгіш­тігін, ұлт­жандылығын жастар арасында насихаттау, ұлтты­ғы­мызды ұлық­тап, еліміз үшін қыз­мет еткен арыстарымызды еске алу болды.

Аталмыш кездесуге Мәдениет және ақпарат вице-министрі Бағ­лан Майлыбаев, Шығыс Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Махат Садықов, Мемлекеттік тіл­ді дамыту президенттік қорының директоры Берік Әбдіғалиев, “Нұр Отан” ХДП аппаратының хатшысы Ерлан Қарин, Қазақстан елтаңбасының авторы, профессор, белгілі сәу­летші Шота Уәлиханов, белгілі қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асылы Ос­манова, ақын Ұлықбек Есдәулет және елімізге танымал өзге де ұлт зиялылары қатысты.

Шәкәрім атындағы Семей мем­­лекеттік университетінің рек­торы Ерлан Сыдықов: “Жазықсыз жапа шегіп, сталиндік-тота­ли­тар­лық жүйенің қуғын-сүргініне ұшы­раған, елім, жерім деп еңіреп өткен асыл­дарымыздың аруақтарына тағзым етудеміз. Десек те, осындай ардақ­ты азаматтарымыздың бірқа­тар­­ларының есімдерін анықтау, олар­дың істерін халық жадында жаң­ғырту – біздердің, демек, ұр­пақтың парызы. Бүгінгі басқосуы­мыз – сол істің бастамасы. Өткен та­рихымыз біздің жадымызда сақта­латыны ақиқат дүние, өткенді са­ралау арқылы ғана жарқын бола­шақты қамтамасыз етуге болады. Біздер бұны әсте естен шығар­мауымыз керектігін айқын түсі­нуіміз қажет”, деді.

Кездесуге Алашорда қайрат­керлерінің, атап айтсақ, Әлихан Бөкейхановтың, Семей облыстық земство басқармасының төрағасы, алашордашыл Райымжан Мәрсе­ковтің және Семей уездік земство төрағасы, Алаштың белсенді қай­раткері Ахметжан Қозбағаровтың жақындары қатысты. Сонымен қатар, Шаймардан Тоқжігітов, Сәдуақас Боқаев пен Тайыр Жо­мартбаев және Қайым Мұхамед­ханов сияқты белгілі тұлғалардың ұрпақтары да осы еске алу күніне келді. Ұлтымыздың ұлтжанды аза­маттар өмірін ел тарихымен бай­ланыстырып, “Алаш арыстары­ның өмірі” тақырыбында баяндама оқыған ШҚО қазіргі заман та­рихын құжаттандыру орталығының директоры Гүлнар Қасымова сол бір жылдар шежіресінен сыр шертті.

Кешегі зұлмат жылдардың құр­баны болған Алаш азаматтарының ұрпағы атынан сөз алған Ахметжан Қозбағаровтың қызы Светлана Қозбағарова әке естелігі өзек бол­ған тарихи мәні зор саяси мәлі­меттермен таныстырды. Залда от­ыр­ған студент жастар бұдан үлкен әсер алып, “Сізге Алаш азама­ты­ның ұрпағы ретінде саяси қысым көрсетті ме?”, “Тарихи құ­жаттар­ды осы күнге дейін қалай сақтап келдіңіз?” деген сияқты өз сауал­дарын қойды. Әңгімесімен бірге көзіне жас алған Светлана Қоз­бағарова сол кездегі өкіметтің саяси езгісіне ұшырағандығын жасырған жоқ.

Кездесу барысында кешегі коммунистік режімнің құрбаны болған арыстардың ұрпақтарына архив мұрағаттарынан табылған құжаттарды кездесуге арнайы келген зиялы қауым өкілдері табыстады. Бұл деректердің бар­лығы дерлік осы уақытқа дейін беймәлім болып келген тың та­рихи мәліметтер. Мәдениет және ақпа­рат вице-министрі Бағлан Майлы­баев өз сөзінде Шәкәрім атындағы Семей мемле­кеттік университетінде ата тарихы – балаға аманат қағидасын ұстанып жүрген тарих ғылымда­рының докторы, профес­сор Ерлан Сы­ды­қовтың басшы­лығымен тари­хы­мыздағы осы бір зұлматты жыл­дардың қасіретін зерттеу бағы­тында қомақты істер атқа­рыл­ғандығын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.

Еліміздің Шығыс өңірінде тұңғыш рет өткізіліп отырған жас ұрпаққа тәлімі мол шара алдағы уақыттарда да өз жалғасын таба­тындығына сенім мол.

Әсем ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің баспасөз қызметкері.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат