Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-06-24:

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ СТАЛИННІҢ ЖЕКЕ БАСЫНА ТАБЫНУ

 

Данагүл МАХАТ, тарих ғылымдарының докторы, Мемлекет тарихы институтының деректану, тарихнама және мемлекеттің қазіргі заман тарихы бөлімінің бастығы.

Қоғамда әміршілдік-әкімшілдік жүйе идеологиясы өз жемісін бере бастаған 1929 жылды И.Сталин “ұлы бетбұрыс” жылы деп атады. Партиялық мерзімді басылымдар коммунистік саясат пен идеологияны насихаттаумен қатар, партия көсемін мақтап-мадақтаудың ерекше үлгісін көрсетті. И. Сталиннің 50 жасқа толуына орай жарияланған мақа­лалардың негізгі мазмұны партия көсе­мінің марксизм-ленинизм теория­сын дамытудағы ерекше рөлін, социа­лизмді іс жүзінде орнатудағы шексіз үлесін дә­ріптеді. “Правда” газетінде Л.М. Кага­нович, К.Е. Ворошилов, А.И. Ми­коян және басқалардың көсемді мақтап-ма­дақтаған мақалалары жария­ланды. 1929 жылғы желтоқсан айында жарық көрген қазақстандық мерзімді басылымдардың да осы науқанға ілесе кеткені айтпаса да түсінікті.

Мерейтой тарқағаннан кейін де бұл үрдіс үдемесе толастаған жоқ. “Ұлы данышпан” Сталинді қазақ халқы ғана емес, бүкіл кеңес жұрты жырға қосты. Орталық басылымның жолынан ауытқы­майын дегендей, басқа ұлт тілдерінде шығатын мерзімді басылымдар “Правда” газетінің “Сталин жолымен” деген тақырыпта көсемге арналған өлеңдер топтамасын аударып басты. Кеңес Одағы Коммунистік партиясы съездері мен конференцияларына қатысушы делегат­тар Сталинді “Сталин жолдасқа – ура!”, “Сталин жолдас жасасын!”, “Ұлы Ста­лин­нің даңқы арта берсін!”, “Дүние жүзі еңбекшілерінің ұлы көсемі – Сталин жолдас жасасын!” деген тәрізді ұрандар­мен қарсы алып, шығарып салуды дәс­түрге айналдырды. Осындай асыра мақтап-мадақтаулар мен көтермелеулер мерзімді басылымдар арқылы да халыққа тарап жатты. И.Сталин өзінің 50 жасқа толуына байланысты құттықтаулар жіберген барлық ұйымдарға жолдаған хатында (“Правда”, 22 желтоқсан, 1929 жыл №302): “Жұмысшы табының ісіне, пролетарлық революцияның және дүние­жүзілік коммунизмнің ісіне барлық күшімді, барлық қабілетімді, ал қажет болса, бір тамшысын қалдырмай барлық қанымды беруге бұдан былай да әзірмін, бұған күмәнданбауларыңызға болады”, – деп жазды.

БК(б)П Орталық Комитеті, БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті Баспасөз саяси бөлімдерінің нұсқауымен партиялық басылымдарда Сталиннің және комму­нистік партияның басқа да көсемдерінің сөйлеген сөздері, комсомолдың, пионер­дің туған күндері мен Қазан төңкерісі жеңіске жеткен күн және тағы басқа да большевиктік мерекелер маңызы ерекше насихатталды. Республикалық “Советская степь” газетінің 1931 жыл­дың 2 тамызында жарияланған баспасөзге шолуында: “Көсемнің нұсқауларын қалың еңбекші бұқара игілігіне айнал­дыру керек. Бұл нұсқауларды бұқараға жеткізумен шектелмеу керек, жұмысты Сталин нұсқауына бейімдеп қайта құрып, көсемнің айтқандарының тұтастай орындалуын қамтамасыз ету керек. “Жаңаша жұмыс істеп – жаңаша басқару керек”. ... Әрбір газет Сталин жолдастың сөйлеген сөзін уақытын­да әрі толықтай басып отыруы керек. Әр газет Сталиннің сөйлеген сөзіне үн қосушылардың пікірін ұйымдастырып беріп отыруы керек”, – деп облыстық және аудандық газеттер міндеттерін де атап көрсетті. Саяси сауат ашу мектептерінің көптеп ашылуына қарамастан, партия мүше­лерінің көбінің 20-жылдары саяси сауаттылық деңгейі төмен болатын. Алайда, Сталиннің діни семинарияда алған білімі арқасында өз идеяларын қысқа, есте сақтауға жеңіл, қанатты сөздермен, анық әрі тікелей түсінік беретін тұжырымдармен жеткізуі, айтатын негізгі ой-тұжырымдарын бөліп, сандармен белгілеп қою әдісі оның сөйлеген сөздері мен нұсқауларын қара­пайым халықтың қабылдауына жеңілдік туғызды. Сталиннің мұндай баяндау тәсілі сталиндік тұжырымдар мен тео­рияларды орташа теориялық дайындық­пен-ақ қабылдауға мүмкіндік жасады. Ау­ызша және жазбаша насихат құрал­да­ры Коммунистік партияның және оның көсемінің мемлекеттік саяси билікке құқықты екендігін кеңінен насихаттады.

Әміршілдік-әкімшілдік жүйе идеоло­гиясын толық орнықтырудағы нақты қадамдардың бірі болған И.Сталиннің “Пролетарская революция” журналының 1931 жылғы №6 санында жарияланған “О некоторых вопросах истории боль­шевизма” деген хаты мерзімді басылым­дар ғана емес, радиогазеттер арқылы да кеңінен насихатталды. Радиогазеттер жұ­мысын нығайту мақсатында “Казахстан­ская правда” по радио” редакторлығына Бушаев, редактор орынбасар­лығына Ос­танин, “Социалды Қазақстан” радио ар­қылы” редакторлығына Мүсірепов, ре­дак­тордың орынбасарлығына Хангелдин бекітілді.

 И.Сталиннің бастамасымен БК(б)П Орталық Комитетінің 1935 жылғы ақпан пленумына КСРО-ның 1924 жылғы Конституциясын өзгерту мәселесі қой­ылды. 7-сайланған КСРО Орталық Ат­қару Комитетінің бірінші сессиясы 1935 жылғы 7 ақпанда Конституцияның жаңа мәтінін жасап, КСРО Орталық Атқару Комитетінің бекітуіне тапсыру үшін И.В.Сталинді төраға етіп Конституция ко­мис­сиясын құрды. 1936 жылғы 11 мау­сымда КСРО Орталық Атқару Комите­тінің Президиумы жаңа Конституция жобасы туралы Сталиннің баяндамасын тыңдады. И.Сталин “ССР Одағы Конс­ти­туциясының жобасы туралы” баянда­масында: “Бұл дәуірдің ішінде қоғамы­мыздың құрылысында да терең өзгерістер болды. Өнеркәсіп саласында капи­­талис­тер табы жоғалды. Ауыл шаруашылығы саласында кулактар табы жоғалды. Товар обороты саласында купецтер мен сп­ек­улянттар жоғалды. ... біздің елімізде жұмысшы табы, шаруалар табы, интел­ли­­генция қалды. Совет өкіметі орнаған­нан бергі жылдар ішінде бұл әлеуметтік топтардың өздері де орасан өзгерді”, — деді. Конституция комиссиясы тапсырған жоба мақұлданып, КСРО Консти­туция­сының жобасын қарау үшін Кеңестердің Бүкілодақтық съезі шақырылсын деген қаулы алынды. 1936 жылғы 12 маусымда КСРО Кон­ституциясының жобасы баспасөз бетінде тал­қылауға ұсынылды. Конституцияны “талқылау” деген аты болмаса, “Жеңген социализмнің сталин­дік конституциясы” (“Правда”, 12 июнь 1936 ж.), “Кадрға ерекше көңіл бөліп, тәрбиелеп отыру керек” (“Социалды Қа­зақстан”, 30 наурыз 1936 ж.), “Сталиндік Конституция және большевиктік бас­па­сөздің міндеттері” (“Социалды Қазақ­стан”. 15 желтоқсан, 1936 ж.) және бас­қа да мақалаларда “Мемлекет жұмы­сындағы, кадр мәселесіндегі сталиндік стил” үшін күрес, үгіт-насихат жалғасын тапты. Сталиннің “Біздің партиямыз қамал – оның есіктері тек лайықты кі­сілер үшін ғана ашық болады” деген сөзі саяси ұран әрі іске басшылық болып саналды. Сталиндік Конституция жо­басына сын пікір болған жоқ. 1936 жылдың 5 желтоқсанында Кеңестердің Бүкілодақтық VІІІ төтенше съезі И.Сталиннің баянда­ма­сынан кейін оны бір­ау­ыз­дан бекітті. КСРО Консти­ту­циясы негізінде Қазақ автономиялы республикасы одақтас республика болып қайта құрылды. Осыған орай Қазақ КСР-інің жаңа Конс­титуциясын жасау қажеттігі туындады. 1937 жылғы 9 ақ­панда Қазақ КСР-і Конс­ти­туциясының жобасы талқы­лау үшін баспасөзде жария­ланды. 1937 жылдың 21-26 наурызында Алматы қала­сын­да өткен Кеңестердің Бү­кілқазақстандық төтенше Х съезі Қазақ Кеңестік Со­циа­листік Рес­­пуб­ликасының Консти­ту­циясын бекітті. Кеңестердің Бүкілқазақ­стан­дық төтенше Х съезінің де­ле­гаттары И.Сталинге алғыс хат жолдады. Хаттың мәтіні баспасөзде жарияланды. Хатта: “Біздер, халықтың қалап сайлаған адам­дары... бүгін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Кон­ституциясын бекіттік. ...Қымбатты ұстаз, кө­сегесі көгерген қазақ халқының шын жүрек­тен берілгендік және сүйіс­пеншілік сезімін қабыл ал, қазақ халқы коммунизм орнату ісіне барлық күшін, бар­лық жігерін жұмсайды, жаулар ша­буыл жасаған күнде біз ұлы, тамаша социалистік Отанды кеуде төсеп қорғауға әзірміз деген сертімізді қабыл ал” деп жазылды. Сталиндік Конс­титу­ция­ның жетістігін ха­лыққа түсіндіру науқаны мерзімді басылымдарда жалғаса берді. Барлық облыстық партия ко­митетте­рін­дегі жауапты адамдар, газет редак­торлары басылымдарды мезгілімен шығарып, БК(б)П Орталық Комитеті нұсқауларын тыңғылықты орындауды қамтамасыз етті. Қоғамдық ғылымдар саласын партиялық саясатқа бағындырудың теориялық негізін салған “БК(б)П тарихы қысқаша курсының” шығуы елде ерекше үгіт-насихаттық саяси науқанға ұласты.

1939 жылдың 4-9 қаңтарында өткен Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің Пленумы БК(б)П Орталық Комитетінің ““БК(б)П тарихы қысқаша курсының” шығуымен байланысты партиялық наси­­хатты жолға қою туралы” қаулысын жүзеге асыру жайында мәселе қарады. Пленум Орталық Комитеттің партиялық насихат бөлімін, облыстық партия ко­митеттерін, облыстық және республика­лық газеттердің редакторларын барлық партия және комсомол газеттерінде на­сихат бөлімдерін ұйымдастыруға, олар­дың алдына міндетті түрде теориялық мәселелер жөніндегі мақалаларды, насихатшылардың кеңестерін, дәрістерін және оқушылардың сұрақтарына жауабын үнемі жариялап отыруға міндеттеді.

И.Сталиннің аталған еңбегі ерекше көп тараған кітап болды. “Тура айту керек, марк­сизмнің өмір бойында сонша көп тараған марк­систік кітаптың біріншісі осы”, деп жазды Жданов. Нақтырақ айтар болсақ, он жыл ішінде (1938-1948 жылдары) “БК(б)П тарихы қысқаша курсы” 34 миллион 219 мың дана болып тарады. Орысша 71 рет басылып 27,5 миллион дана, Кеңестер Одағының тағы басқа тілдерінде 5,5 миллион дана болып шықты. Бұл кітап Қазақстанда 700 мың дана болып тарады. Соның ішінде қазақ тілінде 3 рет басылып, 250 мың дана болып шықты.

Партияның көпшілік арасындағы насихат жұмыстарының ең маңызды бір тарауы – В. Ленин мен И. Сталиннің өмірбаяндарын насихаттау болатын. Кө­семдер өмірбаяндарын жеткілікті дәре­жеде насихаттамағаны үшін Талдықорған облысының “Семиреченская правда” және “Сталиншіл” газеттері Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің органы – “Коммунист” журналының қатаң сынына да алынды.

Маркс-Энгельс-Ленин институтының қазақ бөлімшесі – ҚК(б)П Орталық Комитеті жанын­дағы Партия тарихы институты И.В.Сталиннің қысқаша өмірбаянын қазақ тіліне аударды. Ау­дар­маны ҚК(б)П Орталық Комитетінің редакциялық комиссиясы тексеріп, ҚК(б)П Орталық Комитеті мақұлдады. 1947 жылы Қазақтың Біріккен Мемлекет баспасынан “Иосиф Виссарионович Сталин. Қысқаша өмірбаяны” деген кітап 50 мың данамен басылып шықты. Аталған кітапқа “Коммунист” журна­лында Қасым Шәріпов: “И.В. Сталин қысқаша өмірбаяны” – біздің ұлы көсеміміздің өмір мектебі. Лениндей, Сталиндей қайраткер болу үшін совет адамдары осы мектептен сабақ алулары керек. И.В.Ста­лин­нің өмірбаянын құнттап үйрену кадрларымызды идея жағынан қаруландырып, коммунизмнің толық жеңуі жолындағы күреске жұмыл­дырады”, деп пікір жазды.

 Коммунистік партия көсемінің 50, 60, 70 жасқа толған мерейтойларының бәрін мерзімді басылымдар ерекше насихаттады. Кеңестер Одағында тота­­­литарлық жүйе толық орныққан 1920 жылдардың соңы мен 1950 жылдардың ортасында кеңестік идеология “күнәсіз, кемшіліксіз, кіршіксіз таза көсем” мен “халық жауының” образдарын қалып­тас­тырды. Мұстафа Шоқай кеңестік көсемге табыну турасында былай деді: “... “Известия” мен “Правда” газеттеріне басылған материалдарды оқысаңыз – осының бәрі тек Сталиннің жеке басын дәріптеп, оны тәңірге айналдыру үшін істелген бе деген ойға келесіз.

 Алдымен суреттер көзге ұрады. Сталин Қазақстан өкілдері арасында, Ста­­лин Тәжікстан өкілдері арасында, Сталин қарақалпақтармен бірге, Сталин өзбектер ішінде, Сталин түркімендермен бірге, Сталин, міне, қазақ жұмысшы­лары­мен жүздесіп тұр, Сталин, міне, кішкентай тәжік қызын көтеріп құшақтап тұр, оған алтын сағат сыйға тартты. Өзбектер Сталинге сый шапан кигізіп жатыр. Бір қазақ барыс терісін сыйлады...

 Сталин... Сталин... Сталин... Ол барлық то­рай­лар мен бұзаулардың “құр­метті атасы”, мақта ма­маны... Мәскеудің “жаңа сара жолы дегеніңіз – Сталинге табыну, басшыларға табы­нудан тұрады”.

 Мерзімді басылымдар кеңес халқы сталиндік заманды мақтаныш ететінін жарыса жазып жатты, бұл науқан 1949 жылдың желтоқсан айында И. Сталиннің 70 жасқа толуы қарсаңында тіпті ерекше қарқын алды. “Социалистік Қазақстан” газеті Жамбыл ақынның “Жүрекке құйылған нұр Сталиннен, жыр болып төгіледі қызыл тілден” деген өлең жолдарын газеттің ұраны етіп алып, Л. Хамиди мен Х.Ерғалиевтің “Сталин туралы жыр”, Т.Жароковтың “Отаным Сталиннің аясында”, О.Шипиннің “Менің шашуым” және басқа өлеңдер топтамасы мен В. Молотовтың “Сталин және сталиндік басшылық”, А.Ковалев­скийдің “Сталин жолдас – совет хал­қының Ұлы Отан соғысындағы жеңісте­рінің дем берушісі және ұйымдасты­рушысы”, М. Әуезовтің “Адам ұлының ардақтысы”, Т.Мұқановтың “Халықтар­дың бақыты, ойы, жүрегі” деген құт­тықтау мақала­ла­рын басты. Қазақстандық ақындар көсемге арнаған шығармаларын үлкен жауапкершілікпен жазуы мін­деттелді. “Тегінде, автор Отан аты, Сталин жолдастың есімі аталса болғаны, ондай өлең тоқтаусыз қабылдана береді деп ойлайтын болса... ол қате пікір. Тіпті, ұлы көсемнің қасиетті есімін жаман өлеңнің ішіне тықпалай беру – саяси айып” болып табылатыны ескертілді. Қазақ­стандық мерзімді басылымдар “көсемге” арналған

Көк алыбы, жер шұғыласы Күн мен Ай,

Жер алыбы, тау тәңірісі Гималай

Адамзаттың ең алыбы ғалымы –

Ұлы Сталин – ұлы Ленин данадай!

*  *  *

Ленинше туды ұстаған,

Ленинше елді бастаған,

Бүгінгі Ленин – Сталин

*  *  *

Сталин – ту бар елде,

Сталин – күн әлемге, – секілді өлең шумақтарын мерейтой тарқаған соң да жүйелі түрде жариялап тұрды. “Коммунист” журналының 1950 жылғы №11 санындағы С.Бәйішев “И.В.Ста­лин – Қазақстандағы социализм жеңістерінің дем берушісі және ұйымдас­тырушысы” деген мақаласында: “Қазақстанның әрбір еңбекшісі республикамызда болған социалистік өзгерістердің үлкенді-кішілі мә­селелерінің бәрі де Сталин жолдастың қатысуымен шешіліп келгенін білуге тиісті. Қазақстандағы партия және мемлекет құрылысының мәселе­лерінен бастап, өнеркәсіп орындарын, шаруа­шылық құрылыстарын салу, ғылыми және мәдени-ағарту мекемелерін ашу мәселелеріне дейін біз Сталин жолдастың қандай болса да бір принципті нұсқауын, кеңесін, ұсынысын кездестірмей қоймаймыз.

...Қазақстандағы партия және мем­лекет құрылысының барлық маңызды мәселелері Сталин жолдастың тікелей қатынасуымен шешілді”, деп жазды.

Сталиннің аузымен айтылған әр сөз, ол жазған әр сөйлем мемлекеттік идеологияға айналдырылды. Ол – жалпы коммунистік идеологияның өзегі болып табылды. Коммунис­тік саясат пен идеологияға бағынды­рыл­ған мерзімді басылымдар партияның бүгіні мен ертеңі туралы мифтер мен ми­фологияны насихат жұмыстары арқылы адамдар санасына сіңіре берді. Мем­лекеттік биліктің коммунистік партия мен оның басында тұрған жеке адамның қолына шоғырлануы қоғам­дық-саяси өмірде демо­кра­тияның шектелуіне әкелді. Шынайы демокра­тиядан алшақ тұрған тоталитарлы әміршіл-әкімшіл жүйе халықты саяси биліктен шеттетіп, мемлекет пен қоғамдық өмірдің барлық салаларына толық үстемдігін орнатты.

 

ҰЛЫ ҰСТАЗДЫҢ ҰЛАҒАТЫ

 

Қанша жыл өтсе де саяси қуғын-сүргін құрбандары болған ардақты ұлдарын халқымыз ұмытпақ емес. Келешек ұрпаққа үлгі тұту үшін көнекөз қарияларымыз олар туралы жазып та, айтып та жүр. Олардың рухтарына әрқашан тағзым етіп, ескерткіштер орнатылуда. Мұндай игі істердің жалғаса беретіні сөзсіз. Мен де осы қаралы күнге арнап өзіме қадірменді ұстаз санайтын және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлы тұлғаның әлі де ел ести қоймаған, біле қоймаған жәйттерін сөз етпекпін.

С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қабыр­ғасында жүргенімде өзімді басқаларға қара­ғанда ересек сезінетінмін. Ол кездегі Үкі­мет­тің нұсқауы бойынша жоғары оқу ор­нына түсу үшін кем дегенде үш жыл жұмыс өтілі болуы шарт, ал менің еңбек өтілім бес жылға жуық болатын. Оның үстіне мен коммунистік партия қатарына өтіп барған­мын. Сондықтан да шығар, тарих факуль­тетінің деканаты мені факультеттің курс басшысы етіп тағайындады. Факультеттің қоғам жұмысына да белсене араласып жүрдім. Осындай белсенділігімнен болар, бастауыш партия ұйымының кезекті есеп беру-сайлау жиналысында студенттер арасынан мені факультеттің партбюро мүшелігіне сайлады. Әрине, бұл студенттер арасында болсын, оқытушылар арасында болсын, беделімді біршама көтеріп тастады.

Университет қабырғасында талай тамаша ұстаздардан дәріс алу мүмкіндігі туды. Әрине, аса ірі тарихшы-ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ермұхан Бекмахановтың жөні бір бөлек еді. Оның лекциясын тыңдау үлкен бір ғанибет еді ғой, айтқандарын сүйсіне тыңдағанда миыңа қалай сыйып жатқанын өзің де білмей қаласың. Сирек болғаннан кейін бе, оның лекциясын асыға күтетінбіз. Дегенмен, лекциясында болмаса да парт­бюро отырысында, партиялық жарна төлеу кезінде дегендей, жиі кездесіп тұратынмын.

Ермұхан Бекмаханов 1952 жылы жаламен 25 жылға сотталып, бір-екі жылдан кейін түрмеден шыққанда жер аударылып, Шу ауданының (Жамбыл облысы) Новотроицк ауылындағы (қазіргі Төле би ауылы) Максим Горький атындағы орта мектепте 3-4 жылдай мұғалім болып істегенінен хабардар едім. Кезекті партбюро отырысынан кейін осы жәйтті және өзім сол жердің баласымын дегенді айтқанымда “Ой, айналайын, Шудың елі, жері тамаша еді ғой, оны мен ешқашан да ұмытпаймын!” – деп ақжарқын көңілін жайып салғаны бар. Осыдан кейін кездескен сайын: “Шудың баласы, амансың ба?” – дейтін болды. Әрине, көрген кезде батылым жетіп қасына бара бермейтінмін. Өмірдің әділетсіз талқысын көп көргендіктен бе, түсі суықтау көрінетін.

Бірде Ресейдің Новосібір қаласының ауруханасында сырқатына байланысты жатқанын естігенбіз. Сол жақта жатып Қа­зақстан Компартиясы Орталық Комитетінің университетте КСРО тарихы кафедрасы бар, ал Қазақ КСР тарихы кафедрасы болса соның құрамдас бөлімі, сондықтан уни­верситеттегі Қазақ КСР тарихы кафедрасы таратылуы тиіс деген нұсқауын естіп, науқасына қарамастан, Алматыға қайтып келіп, университетте үлкен жиналыс өткізуге мұрындық болды. Осы жиналыста Е.Бек­маханов сөйлеп, қазақ тарихына байланысты көп деректер келтірді. Әрине, оның бәрі есте қалмапты, тек есте қалғаны: “Американың бір университетінде Қазақстан тарихын зерделеуге арналған арнайы бөлім бар екен, ал Кеңестер Одағы бойынша Қазақ КСР тарихы кафедрасы біреу-ақ, оның өзі жабылу қаупінде тұр. Бұл кафедра халқымыздың өткен, қазіргі және ертеңгі тарихы үшін аса қажет, кафедраны жабу – сан жылғы қазақ тарихын өшіру деген сөз. Сондықтан мұны жаппау туралы менің пікірімді қолдайсыздар ғой деп ойлаймын”, – дегенде залда отырғандар ду қол шапалақтады. Сонымен не керек, кафедра жабылмай қалды. Е.Бекмаханов өз ұлтына, ұлтының тарихына аса берілген тарихшы-ғалым екенін осы жолы тағы да дәлелдеді.

Е.Бекмаханов жөнінде мынадай оқиғаның куәсі болғаным бар. Кезекті партия жи­на­лысында бір коммунистің жеке ісі қарала­тын болды. Ол Е.Бекмаханов жетекшілік ететін аспирант болып шықты. Аспирант бұған дейін Қарағанды облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып істеген, әйелі, баласы болған. Соған қарамастан, Алматыға келіп, аспирантураға түсіп алғаннан кейін өз отбасын ұмытып, студент қызға бұрылып кеткен ғой. Бар мәселе осы. Әрине, комму­ниске қойылатын талап бойынша ол партия­дан шығарылуы тиіс, бірақ біздер олай етпедік. Талқылау барысында біздер жағы оған есеп кәртішкесіне жазылған қатаң сөгіс берілсін десек, екінші жағы партиядан шығарылсын деген ұсыныс жасады. Дауысқа салғанда біздер жағының бір ғана дауысы артық болды.

Партиядан шығарылсын дегендердің барлығы дерлік өзге ұлттар еді. Е.Бекма­ханов бәрін естіп, көріп отыр, бірақ мәсе­лені талқылау барысында сөзге шықпады. Дауыс беру нәтижесіне қарамастан, шығып сөйлесін, пікірін тыңдайық, деп комму­нис­тер Е.Бекмахановқа қарады. Е.Бекмаханов жайлап қана мінберге шығып, сөзін бастап еді, неге екені белгісіз, әйтеуір сөзі қиыс­пады. Ақыры қолын бір-ақ сілтеп, орнына жылап келіп отырды. Жылағанда иығына дейін селкілдеп кетті. Зал үнсіз, тып-тыныш. Үлкен кісі әлі жылап отыр. Содан кейін орамалымен бет-аузын сүртіп алып, нық басып мінберге қайта көтерілді. Өз сөзінде әлгі адамның қылмысы коммунист деген атаққа жат екенін айта келе, өзі жетекшілік ететін аспиранты ретінде оның ғылымға бейімі бар талантты екенін ерекше атап өтіп, бұрынғы өз отбасына сөз жоқ қайта­ратынына, әрі қарай тәрбиелеп соңына дейін жеткізетініне коммунистерді сендірді.

Жиналыстан Е.Бекмахановтың бұл іс-қимылынан еш нәрсе түсінбей, таңқалысып тар­қастық. Ертесіне үлкен беделі бар бір оқы­тушыдан: “Е.Бекмахановтың мұнысы несі?” – деп сұрап едім ол: “Біз де еш нәрсе түсінбедік, бірақ оның “Осы дау-дамай қашан қалар екен?” дегенін де естіп қалдым. “Қазақ­стан­дағы ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысы” монографиясы үшін не естімеді бұл кісі, ғылым жолындағы қас жауларының оны Қа­зақстанда хандық орнатуды аңсайды, ұлтшыл деп жала жапқаны, ғылым докторы атағынан айырылуы, ақыры 1952 жылдың 4 желтоқсаны күні “халық жауы” ретінде 25 жылға сотталып, 1954 жылы түрмеден боса­тылып, жер ауда­рылуы, кезіндегі әділетсіз дау-таластар, осы­ның бәрі етінен өтіп, сүйегіне сіңіп, жүйкесін әбден жұқартқан болуы керек”, деді. Е.Бек­маханов 1966 жылы қайтыс болды.

Мен сол жылы университетті бітіріп, өз ауданыма келгенде мамандығым бойынша емес, қызметке аудандық партия коми­те­тінің нұсқаушысы болып орналастым. Бұдан кейінгі атқарған қызметтерім де ауданның экономикалық-әлеуметтік өмірімен тығыз байланысты болды.

КСРО ыдырап, Қазақстан өз тәуелсіз­дігін алғаннан кейінгі алғашқы жылдары аудан орталығындағы бес орта мектептің үшеуінің аттары орысша болғандықтан, атаулары өзге­ретін болды. Осыған байланысты М.Горь­кий атындағы орта мектебі кезінде “халық жауы” аталып жер аударылып, осы мектепте біраз жыл мұғалім болып істеген белгілі тарихшы-ғалым Ер­мұхан Бекмахановтың есімімен аталса деп жаңадан құрылған аудан әкімінің орын­басарына кіріп едім, Компартия кезінде үшінші хатшы болып істеген, аузы сөйлесе қолы бірге қимылдайтын әдетіне басып: “Жоқ, болмайды, ол кім еді сонша, мектеп­­ке Сәкен Сейфуллиннің есімін береміз!” – деп кесіп айтты. Ол кезде ауданда оно­мастика комиссиясы әлі құрылмаған. Аудан басшысы атынан сөйлеп отыр ғой, мейлі, дедім де үн­демей шығып кеттім. Аудандық тіл комитеті басқармасының бастығы болып қызмет атқарып жүргенімде 1994 жылы аудандық оно­мастика комиссиясы құрылып, оның төра­ғасының орынбасары қызметін қоғам­дық негізде атқарып жүрдім, іс қағаздарын мен жүргізетінмін.

Аудан жанындағы Шу қаласы әкімшілік жағынан ауданға бірде қосылып, бірде бөлініп жүретін. Соңғы уақытта облыстық мәндегі қала атанып ауданнан тағы бөлініп кеткен. Елбасының 1997 жылғы 28 ақпан күнгі Жарлығымен Шу қаласы ауданға қайта қосылды. Осыған байланысты аудандағы мектептердің аттары қосарланып кетті. Мәселен, С.Сейфуллин есімімен аталатын мектеп аудан орталығында да, ауданға қо­сылған Шу қаласында да бар болып шықты. Сөйтіп, аудан орталығындағы мектепті Е.Бекмаханов есімімен қайта атауға тікелей өзім ұсыныс жасап, аудан басшы­лығының арнайы келісімін алдым. Менің жазған-сызғандарым сатылай қаралып, соңында Үкімет жанындағы республикалық Ономас­тика комиссиясы бекітті. Сонымен, мектеп Е.Бекмаханов атымен аталса деген менің бастапқы ниетім орындалды. Осы рәсімге қатысқан ғалымның зайыбы Қалима апай мен баласы мені құшақтарына алып, рахметтерін жаудырды. Ғалым әруағы риза болсын деймін. Ал Е.Бекмахановтың “Бұл дау-дамай қашан қалар екен?” – деп қинала айтқан сөзі Кеңестер Одағының тотали­тарлық саясатының салдары екені рас.

Тағы бір айтарым, Елбасының 1997 жылы 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу күні деп жариялау туралы Жарлығында: “Көңіл көтеру, ойын-сауық шаралары болмасын, бұл күн қаралы күн болып белгіленсін”, деп атап көрсе­тілген еді ғой. Керісінше, қазіргі уақытта бұл күнді той-думанға, тіпті мерекеге айналдырып жібердік. Құрбан болған ата-бабаларымыздың әруақ­та­рын да елемей бара жатқан сияқтымыз. Ойланайық! Жергілікті атқарушы органдар да мұны ретке келтірер деп сенеміз.

Әлкен ӘБЕНОВ, зейнеткер. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат