Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-06-27:

Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру және гранттарын тапсыру туралы

 

1. Елдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси жаңғыртуды ақпараттық қамтамасыз етудегі бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру және гранттарын тапсыру жөніндегі Қоғамдық комиссияның ұсынымдарын қарай келіп:

Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтары мыналарға берілсін:

Ықсанова Гүлнәр Мұстахымқызына – “Хабар” агенттігі” АҚ-тың басқарма төрайымы, отандық журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан үлесі үшін;

Нестеренко Сергей Викторовичке – “Казахстанская правда” республикалық газетінің арнаулы тілшісі, еліміздегі экономикалық және әлеуметтік реформаға арналған сараптамалық материалдар циклы үшін;

Оралбаев Өтеген Оралбайұлына – журналист әрі публицист, Қазақстанның көрнекті әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлері туралы мақалалар циклы, сондай-ақ ұлттық мәдениетті дамыту мәселелеріне арналған публицистикалық материалдар сериясы үшін;

Сәулебек Айтбайға – “Дала мен қала” газетінің мен­шікті тілшісі (Қарағанды облысы), жемқорлықпен күрес мәселелерін белсенді көрсеткені және жұртшы­лық­тың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін;

Сүлейменов Бейсенбай Жолдасбекұлына – “Құс жолы” ЖШС-нің бас директоры, жастардың патриоттық тәрбиесіне бағытталған публицистикалық мақалалар циклы үшін.

Қазақстан Республикасы Президентінің гранттары мыналарға тапсырылсын:

Выборнова Галина Муратовнаға – “Время” газеті­нің меншікті тілшісі (Жамбыл облысы), әлеуметтік проблематиканы көрсетуге, мемлекет пен қоғам өмі­рін­де заңның үстемдігі принципін бекітуге бағытталған материалдар циклы үшін;

Есембаев Ғабдул-Ғазиз Құрмашұлына – респуб­ли­ка­лық “Нұр-Астана” газетінің аға шолушысы, мемле­кет­тілікті, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін дамыту мәселелерін көрсетуге қосқан үлесі үшін;

Қанафина Жанар Дәуітжанқызына – “Мы выби­раем Караван, Караван выбирает нас” газетінің саясат және әлеуметтік проблемалар бөлімінің мең­геру­шісі, қо­ғамды әлеуметтік, экономикалық және саяси жаң­ғыр­ту мәселелерін терең және жан-жақты көрсеткені үшін;

Неволин Игорь Васильевичке – республикалық “Литер” қоғамдық-саяси газетінің саяси шолушысы, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің көкейкесті мәселелеріне арналған мақалалар циклы үшін;

“Семей таңы” газетінің шығармашылық ұжымына – қарусыздану және ядролық сынақты тоқтату тақырыбын белсенді көрсеткені үшін.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы мыналарға жариялансын:

Абас-шах Серік Дәулеталыұлына – “Хабар” агенттігі” АҚ-тың продюсері, интерактивтік таным­дық-сауықтыру бағдарламалар циклын жасағаны үшін;

Голев Тимофей Владимировичке – “Ирбис” жаңалықтар қызметінің (Павлодар қаласы) арнаулы тілшісі, өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістерді терең көрсеткені үшін;

Сәркенов Әбдіғалым Айтмұқанұлына – Маңғыстау облыстық “Маңғыстау” қоғамдық-саяси газетінің шолушысы, өңірде инвестициялық жобалардың іске асырылуы мен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысын көрсеткен материалдар сериясы үшін;

“Интерфакс Қазақстан” ақпараттық агенттігінің шығар­ма­шылық ұжымына – Қазақстан Республи­ка­сын­да қоғамдық-саяси оқиғаларды, әлеуметтік-экономи­ка­лық және саяси реформалар барысын жедел және жан-жақты көрсеткені үшін;

“Қазақстан” РТРК” АҚ-тың шығармашылық ұжымына – телерадио хабарларын таратудың қазіргі заманғы форматының талаптарына жауап беретін жаңа жобаларды жасау арқылы Қазақстан Республикасында бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін.

2. Осы Өкім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.

 

Қазақстан Республикасының Президенті   Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2009 жылғы маусымның 26-сы.  №335

 

“Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” байқауының жеңімпаздарын марапаттау өтті

 

26 маусымда Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед “Мем­лекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” республикалық байқауының жеңімпаздарына жүлделер тапсырды.

Байқаудың бес номинациясы бойынша “жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар” деп танылған үздіктеріне дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ақшалай сыйлықтың көлемі бірінші орынға – 500 мың теңге, екінші орынға – 250 мың теңге, үшінші орынға – 125 мың теңге болып белгіленді.

“Үздік басылым” номинациясы бойынша:

І орынды республикалық “Ана тілі” газеті, ІІ орынды респуб­ликалық “Тіл” ақпараттық-сарапта­малық журналы мен балаларға ар­налған республикалық “Балбұлақ” журналы, ІІІ орынды Семей қалалық “Ертіс өңірі”, “Орталық Қазақстан” және “Оңтүстік Қазақстан” газеттері иеленді.

“Үздік телеарна” номинациясы бойынша:

І орынды “Еларна” телеарна­сы­ның “Тапқыр достар” бағдарла­ма­сы ұжымы, ІІ орынды “Қазақстан” телеарнасының “Сөз-мерген” бағ­дарламасы ұжымы мен “Рика ТВ” Ақтөбе телеарнасының “Сөйле, тілім” бағдарламасы ұжымы, ІІІ ор­ын­ды “Хабар” телеарнасының “Қа­зақшаңыз қалай – Казахский язык за сто дней” жобасы мен “Қа­зақ­стан-Тараз” телеарнасының “Тіл­да­рия” және “Тілім-тірегім” топ­тама хабарларының ұжымдары иеленді.

“Үздік радио” номинациясы бойынша:

І орынды республикалық “Шал­қар” радиосы, ІІ орынды “Ас­­тана радиосының” тіл мәсе­лелеріне арналған бағдарламалары, ІІІ орынды “Павлодар телерадио­сы­ның” “Тіл және отбасы”, “Ортақ тіл” топтама хабарлары иеленді.

“Үздік сайт” номинациясы бойынша:

ІІІ орынды Павлодар облысы­ның “Ертіс дидары” сайты (www.ertіsdіdary.ucoz.kz) иеленді.

“Үздік автор” номинациясы бойынша:

І орынды “Эра” телеарнасының жүргізушісі Максим Рожиннің “Ана тілің – арың бұл” бағдар­ла­масы, ІІ орынды Қабыл Дүйсен­бидің “Қазақстан-Шымкент” телеарнасындағы “Атаулар сыры” бағдарламасы мен Қостанай облысы “Алау-ТВ” телеарнасының редакторы Әлия Ермекованың “Ха­лықтық сараптама” бағдарламасы, ал ІІІ орын “Северные ведо­мос­ти” газетінің тілшісі Инна Нағ­ме­тованың тіл мәселелеріне арналған талдау материалдары үшін берілді.

Сондай-ақ қазақ және орыс тілді басылымдарда мемлекеттік тілді ұдайы насихаттап жүрген “Прикаспийская коммуна”, “Сан­дык­тауские вести”, “Ауыл арайы” аудандық газеттеріне ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Бұл ұйымдастырылған шара тіл мәдениетін көтеру, қазақ тілінің қызмет ету өрісін кеңейту, сондай-ақ ана тіліміздегі жарияланымдар мен хабарлардың сапасын жақсарту бағытындағы үздік деп танылған журналистерді марапаттап, қолдап, ынталандырып отыратын пәрменді шаралардың бірі болды.

Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: “Газет– халықтың көзі, құлағы һәм тілі” дегенде, БАҚ-тың қоғамдағы рөлін тап басып айтып кеткен. Халықтың тілі болғандықтан, ол таптаурын тіркестер емес, шұрайлы, кеңсе тіліне бейімделіп кеткен ресми емес, елге етене тіл болуы қажет.

Әрі осы бағыттағы жауапкер­ші­лік жүгін сезіну – әр журналистің парызы. Төртінші билік өкілдері бұл іске бейжай қарамауы тиіс.

Тілдік насихатты тегеурінді күш дей отырып, мемлекеттік тілді на­сихаттауды бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында жүйелі түрде жалғас­тыру – біздің басты міндетіміз.

 

ЖУРНАЛИСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

 

Жыл сайын болатын журналистердің дәстүрлі кәсіби мерекесі күні қарсаңында кеше Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатарына БАҚ-ты дамыту саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін “Мәдениет қайраткері” төс белгісін табыс етті, сондай-ақ “Мемлекеттік тіл және БАҚ” атты рес­публикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттады.

Марапаттау рәсімі барысында министр М.Құл-Мұхаммед ақпарат тарату ісінің маңыздылығына тоқталып, өз сөзінде: “Бүгінгі мереке сіздерге арналған. Елбасы Н.Назар­баевтың мәдениет пен ақпарат саласына қаншалықты үлкен көңіл бөлетіндігін жақсы білесіздер. Елбасының журналистерге деген сенімі мен жауапкершілігі әрдайым бұқара назарында. Сондықтан баспасөзде немесе те­ледидарда, я болмаса радио саласында болсын журналистердің кәсібилігінің шыңдалуы оның жауапкершілігінде”, – деп атап өтті министр.

“Мәдениет қайраткері” төс белгісі негізінде мәдениет және ақпарат саласында 15 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, аталмыш екі саланың жетілуіне белсене қатысқан, инновациялық қызметі үшін беріледі. Баспасөз, теледидар және радио күні мерекесінің құрметіне орайластырылған бұл марапаттау талай қаламы қарымды, кәсіби біліктілігі жоғары, өз қызметіне адал журналистерге берілді. “Мәдениет қайраткері” төс белгісіне еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанның” шолушысы Қайсар Әлім мен газеттің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Бақберген Амалбек те ие болды.

Қиындығы мен қызығы, қуанышы мен жемісі үнемі қатар жүретін жур­налистердің халық алдында арқалаған жүгі ауыр. Олар тек ақпарат тарату саласындағы қызметімен шектеліп қана қоймайды, өздерінің кәсіби шығарма­шылығын дамыту жолында да көп еңбектенетін, ізденетін шығармашылық иелері. Журналистер сезім мен сүйіс­пеншіліктің биік белесіне еркін көтерілген, адам өмірі мен еңбегіндегі іргелі ізденіс іздерін бір арнаға шебер түйістіре білген шабыт иелері.

Осы басқосуда сонымен қатар, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан “Мемлекеттік тіл және БАҚ” атты республикалық конкурстың жеңімпаздары да бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. “Құрметті әріптестер, баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. БАҚ саласында ауызбірліксіз болмайды. Сондықтан да жауапкершілікті сезіне отырып, ел үшін, халық үшін тынымсыз еңбек етуіміз керек. Әрқайсыларыңызға, отбасыларыңызға, айналаңыздарға тек жақсы­лық тілеймін. Мына елордамыз – Астананың өсіп-өркендегені сияқты, сіздер де осылай өсіп-өркендеп, гүлдей беріңіздер. Мереке құтты болсын!” – деп министр М. Құл-Мұхаммед өзінің жүрекжарды құттықтау сөзін жеткізді.

Осы орайда “Егемен Қазақстан” газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан Бошалақтың да “Қазақстанның құрметті журналисі” белгісімен наградталғанын айта кету қажет.

Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ, ЕҰУ студенті. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.

 

МЕМЛЕКЕТТІК  ТІЛГЕ НАЗАР

 

“Журналистер үйінде” “Орыстілді басылымдарда мемлекеттік тіл туралы үздік мақала” конкурсы мәресіне жетіп, авторлар марапатталды.

Қазылар алқасының шешімі­мен “Экспресс К” газетінің ұжы­мы байқау жеңімпазы атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Айта кетерлік жәйт, газет соңғы 4-5 жыл бойы тіл мәселесін ұдайы көтеріп келеді десек, басылым жуырда “Язык мой – флаг мой” атты айдар аясында қазақ тілі турасында татымды мақалалар тобын жариялады. Екінші орынды республикалық “Время” басылы­мының семейлік тілшісі Милана Гузеева алса, үшінші орынды “Государственный язык – основа единого общества” атты сұхбаты үшін “ҚазАқпарат” агенттігінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Вера Ливинцова жеңіп алды.

Аталған марапаттау рәсіміне Мемлекеттік тілді дамыту Прези­денттік қорының директоры Берік Әбдіғалиев, қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі, сенатор Қуа­ныш Сұлтанов және “Атамекен” ұлттық экономикалық палата­сының төрағасы Азат Перуашев қатысып, қалам иелеріне сыйлық­тар табыс етті.

Қор директоры Б.Әбдіғалиев­тің айтуынша, байқауға қатысқан 30-шақты орыстілді журналист қазақ тілі туралы өз мақалаларын қорға ұсынған. Үміткерлердің мақалалары осы жылдың қаңтар және маусым айларында түрлі газет беттерінде жарық көрген.

Марапаттау рәсімінен соң “Ата­­мекен” одағы” ұлттық эко­номи­ка­лық палатасы мен Қор арасында ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойылды. Осы сәтті пайдаланып А.Перуашев: “Біз қазақ тілінің қолданыс ая­сын, әсіресе, халыққа қызмет көр­сету саласындағы бизнес-құрылым­дарда кеңейте түсу ту­ра­лы келі­сімге келдік. Қазақ­станда бизнес қазақша сөйлеуі керек” – деді.

Қазақ тілінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, көбірек қалам тартып жүрген журналистер де сыйлыққа ие болды. Олар: “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Сүлеймен Мәмет, “Алтын орда” газетінің тілшісі Рәзиға Әш­ейқызы, “Айқын” газетінен Ержан Қалымбайұлы, “Алаш айнасы” басылымының тілшісі Мұрат Алмасбекұлы, “Ана тілі” газетінен Қанат Әбілқайыр екенін де айта кетсек дейміз.

Аталған байқау келесі жылы да Журналистер күні қарсаңында  ұйымдастырылмақшы.

Құндыз ЕРАЛИЕВА,  ЕҰУ студенті.

 

АҒА ГАЗЕТ АРМАНЫН ҰШТАҒАН ҚАЛАМГЕР ҚЫРЫҚ ЖЫЛДАН БЕРІ ҚАЛАМЫН ҚАРУ ЕТІП КЕЛЕДІ

 

Ұзақ жылдар қалам тербеп келе жатқан байырғы журналистер бір-бірін жүзбе-жүз танымаса да сырттай аты-жөндерін жақсы бі­леді. Газет-журналдардан мақа­ла­ла­рын, өлең, әңгімелерін оқып, қа­лам сілтесінен, ой топшы­лау­ы­нан сол қаламгер туралы іштей пікір де түйеді. Жазу өнерінің соқ­пағына бірдей түсіп, суығына бір­дей тоңып, ыстығына бірдей күйіп жүрген соң аты-жөндері де кө­кей­де жатталып қалады. Журналист әрі ақын Сәрсенбек Бекмұрат­ұлы­ның атына сырттай қанық болғ­а­ныммен жүзбе-жүз танымаушы едім. Жылдар өте келе екеуміздің басымыз “Алматы ақшамы” газе­тінде тоғысты.

Сәрсенбек Бекмұратұлының газет бетінде көп қаузайтын тақы­рыбы “Қала және иман” айдары бойынша дін, имандылық және жастар тәрбиесіне қатысты болып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшыларымен, ондағы бөлімдермен, аудан имам­дарымен жиі хабарласып, бүгінгі күннің өзекті мәселесін көтерген, айтар ойы, салмағы бар материал­дар жазып, оқырманға ой тастай­ды. Соңғы жылдар бедерінде жаһандану үрдісі қоғамымызға ден­деп еніп келеді. Оның жаңа тех­нология мен инновация сала­сына оң ықпалы болғанымен, адамзат баласы жан-дүниесінің тазалығына тигізіп жатқан кері әсері де аз емес. Әсіресе, ой-санасы орнықпаған, бағыт-бағдары айқындалып үлгермеген жастарды алдамшы дүниелер өзіне жылдам тартып, теріс жаққа бұрып кетіп жатады. Осындай кесепаттың қара бұлтынан ұлтты аман алып қалатын басты темір­қазық – дініміз бен тіліміз, салт-дәстүріміз екенін елге кеңінен на­сихаттау қаламгер шығармашы­лы­ғының да негізгі арқауына айналған.

Газеттегі “Ақшамның айтқыш­тары” атты көңілді әңгімелердің басын құрайтын айдарға Сәрсен­бек ағамыз күнделікті қызметте араласып-құраласып жүріп, қыз-жігіттердің аузынан тосыннан шығып кеткен ұтқыр сөздерді қағып алып, шағын да тартымды мөлтек әңгіме етіп жазуға өте ұста. Жұмыстан шаршап жүргенде, журналистер өмірінен жазылған әзілдерді оқып жанымыз жадырап қалады.

Мектепте жүріп-ақ ауыл клу­бының салынуына ұйытқы болған Сәкең қолына қалам алуды мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастаған екен. Алғашқы тырна­қ­ал­ды өлеңдерін де мектеп оқушысы кезінде жазып, қабырға газетінде жариялайды. Аудандық газетке ауылдағы жаңалықтарды жазып тұратын көрнекті, туып-өскен Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы “Коммунизм” кол­хозының “Еңбекші” бөлімшесінде 700-ге тарта адам тұрады екен. Үлкен елді мекендегі ауыл жас­тарын кешкілік мезгілде баратын мәдениет ошағының жоқтығы мазалайтын. Ауылдың жастары клуб құрылысын тұрғызу туралы бастама да көтереді. Қолдары қалт еткен кезде кесек құйып, тас түсіріп, қамыс дайындайды. Бірақ олар құйған кесек келер жылға дейін жауын-шашынның астында езіліп, қолға алған іс аяқсыз қалады. Сегізінші сыныпта оқып жүрген Сәрсенбек клубты ауыл жастарының күшімен тұрғыза алмасын сезіп, аудандық “Өскен өңір” газетіне “Мүмкіндік бар, бірақ құнт жоқ” деген тақырыпта мақала жазады. Ол газетке шы­ғады. Бірақ тиісті нәтиже болмай­ды. Сосын клуб мәселесін облыс­тық газетке, одан да нәтиже шық­паған соң республикалық “Социа­листік Қазақстан” (Қазіргі “Еге­мен Қазақстан”) газетіне хат жол­дайды. Бұл 1966 жыл еді. Сөйтіп, “Редакцияға хат” айдарымен шағын мақаласы жарық көреді. Ол аудандық партия комитетінің бюросында арнайы қаралып, “Еңбекші” ауылынан клуб үйінің құрылысы басталады. Осы клуб біткен соң ауыл тұрғындарының жиі келетін мәдениет ошағына айналады. Әлі күнге Еңбекші ауылының тұрғындарына бұл клуб қызмет көрсетіп тұрған көрінеді.

Сол кезден бастап Сәрсенбек Бекмұратұлы өзінің мақсатының жүзеге асуына қамқоршы болған аға газеттен қол үзбей келеді. Қазіргі “Егемен Қазақстан” тәжірибелі журналистің сүйіп оқитын басылымы ғана емес, кеңесшісі әрі досы. 41 Еңбек Ері шыққан Шиелі өңірінің ақ кү­ріштен тау тұрғызған майталман­дары жайында жазылған очерк­тері, толғаулары, өлеңдері елдің бас басылымының бетінен әр кезде орын алып жүр.

Орта мектепті бітірер кезде Сәр­сенбек ағамыз аудандық АХАЖ бөліміне барып, фамилия­сының соңғы екі әрпін ұлы деген сөзбен ауыстыру туралы өтініш білдіріпті. Бөлім меңгерушісі Би­бінұр Барамысова бұл шаруаның аудандық атқару комитетінің араласуымен ғана шешілетінін айтып, кеңес беріп, жөн сілтейді. Сәрсенбек аудандық атқару комитетінің төрағасы Қожай Дүйсенбаевтың атына өтініш жазады. Аудандық кеңестің кезекті бір сессиясында орта мектептің оқушысы Сәрсенбек Бекмұра­тов­тың өтініші күн тәртібіндегі мә­селелердің бірі ретінде қаралып, халық қалаулыларының бірауыз­дан қолдауымен қанағаттан­дыры­ла­ды. Сәкең осылайша мектеп қа­бырғасында оқып жүрген кезінде-ақ жеке басын куәландыратын құжаттағы аты-жөнін қазақылан­дырып жаздырып алады.

Сәрсенбек Бекмұратұлы орта мектеп бітірген соң Шиелі аудан­дық “Өскен өңір” газетіне кор­рек­тор болып қызметке орналасады. Еңбектен қол үзбей жүріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады да. 1984 жылдың соңында еліміздің сол кезгі астанасы Алматыға қоныс аударып, 1989 жылға дейін Алматы облыстық “Жетісу” газе­тінде еңбек етеді. 1989 жылдың орта шенінен Қазақ радиосының саяси хабарлар бас редакциясына қызметке қабылданып, кейіннен “Шалқар” ұлттық бағдарлама­сын­да редакция меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Бұқаралық ақпарат құралда­рын­да ұзақ жылдар қызмет атқара жүріп, өлең жазуды да жанына серік етеді. “Жалын” баспасынан әр жылдары жарық көрген “Балауса”, “Дария жыры” және “Қарлығаш” жыр жинақтарына топтама өлеңдері енеді. 1986 жылы “Қайнар” баспасынан “Малды ауылдаң өрендері” атты деректі повесі жарық көреді. Ал, “Жан жұпары” атты тұңғыш жыр жина­ғы 1991 жылы “Жалын” баспасы­нан шығып, оқырманға жол тартады. 2000 жылы “Мұхаммедтің мөрі” атты өлеңдер мен балла­да­лардан және толғау-поэмалардан құралған көлемді екінші жыр кітабы жарық көреді.

Бұл кітаптардан бөлек 1986 жылы “Қайнар” баспасынан “Мал­ды ауылдың өрендері” атты деректі повесі жарық көрді. Көр­кем очерктерінің басын құраған “Ел перзенттері” атты қос кітабы да баспадан шықты. 2005 жылдан ұлттық салт-дәстүрді насихат­тай­тын “Жұрағат” журналын шығ­а­рысып (2007 жылға дейін бас редакторы, қазір кеңесшісі) келеді.

Өзінің жүрек қалауымен таң­дап алған кәсібіне адалдық таны­тып, тек осы салада қажымай-тал­май еңбек етіп жүргеніне 42 жыл. Журналистикаға сіңірген ерен еңбегі мен баспасөздегі ұзақ жыл­ғы жемісті қызметі үшін өңіріне “Қазақстанның құрметті журна­лисі” төс белгісін тақты.

Сәр­сенбек Бекмұратұлы бү­гінде шығармашылық шабыты нағыз тасқындаған шағында.

 Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ, Алматы.

 

ӨНІМДІЛІК БЕС ЕСЕ АРТАДЫ

 

Баспасөз күні қар­са­­ңында Көкше жұрт­шы­лығы елеулі оқиға­ның куәсі болды. Ақ­мола об­лысының әкімі Альберт Рау­дың қаты­суы­мен “Көк­­­ше-По­ли­графия” акционерлік қоғамының жаңа газет цехы пайда­лануға бе­рілді.

Бірлестік директор­лар кеңесінің төрағасы Алек­сандр Старков өңір­дегі 104 жылдық тарихы бар өндіріс орнының өр­леу мен бұралаң белде­рінен деректер келтіріп, бүгінгі таңда оның бас­па­хана бизнесінің көш басына шыққандығын мәлімдеді. Соңғы алты жылда “Көкше-Поли­гра­фияның” материалдық базасын жақсартып, қуатын арт­тыруға 200 миллион теңгеден астам қаржы құйылған. Осының нәтижесінде қосымша 30 жұмыс орны ашылды. Қайтарым да сал­мақты. Баспахана ұжымы былтыр 167 миллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджет қорын 28,5 мил­лион теңге салық аударымымен толықтырды. Қазір мұнда облыс­тық, қалалық, аудан­дық 35 газет басылса, соның сегізі көрші Сол­түстік Қазақстан облы­сы аудан­дарының үлесінде екен. Осы­ған орай, облыс басшысы А.П.Рау өзге өңірлердегідей, республи­калық “Егемен Қазақ­стан” және “Казахстанская прав­да” газетте­рін Көкшетауда басып шы­­­ғарудың тиімділігін атап көрсетті.

Жаңа газет цехын игілікке қо­суға 120 миллион теңге жұмсалып отыр. Мамандардың бағалауын­ша, ол әлемдік озық стандарттар талабына толық сай келеді. Үндінің “Рональд” баспа кешені “А 2”, “А 3” фор­матындағы 16 және 32 беттік түрлі-түсті газет өнімін қас-қағымда қолыңызға тигізеді. Ал, елімізде ең бірінші бо­лып орнатылған, өнімді баспаға дайындайтын “Агфа Авалон” кешені бұрынғы үш техно­логия­лық тәсілді алмастырып отыр. Бұл баспа өнім­де­рінің көлемін қазіргіден бес есе арттыруға мүм­кін­дік береді.

Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.

 

АСТАНАЛЫҚ ҚАЛАМГЕРЛЕР ЖАРЫСЫ

 

Елордада Қазақстан Журна­лис­тер одағының Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында кіші футболдан жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналған журналист-публицист Рамазан Ахметовті еске түсіруге арналған турнир болып өтті. Қызықты да тартымды әрі тартысты турнирге қатысқан алты команданың ішінде “Хабар” агенттігінің қызметкерлері бірінші орынды жеңіп алса, екінші ор­ынды жарыстың барлық кезде­сулерінде лайықты ойын өрнегін көрсете білген Қазақ радиосының командасы иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды осы турнирге жыл сайын қатысып, жеңіске деген жігерімен көзге түсіп келе жатқан “Нұр Астана” газеті командасының ойыншылары еншіледі.

Бүгінде аталмыш турнир жур­налистер арасында жыл сайын өтіп, жақсы бір дәстүрге айналып келеді. Бұл шараны ұйымдас­тырушы, Қазақстан Журналистер одағының Астана қалалық филиа­лының төрағасы Мағжан Сады­ханұлының айтуынша, турнир алдағы кезде де елорданың қолына диктафон мен микрофон ұстаған ақпарат құралдары өкілдері ара­сында қызыға қатысатын жарыс­тардың біріне айнала беретін болады.

Қазіргі кезде халық арасын­да саламатты өмір салтын наси­хаттау мен оны іске асырудың мә­ні зор. Бұл игілікті шараны наси­хаттау әрі оны өздері арқылы көр­сете білу тікелей журналистерге байланысты. Сондықтан мұндай турнирді өткізуді біз алдағы кезде де ұйымдастыра беретін боламыз, – дейді Мағжан Садыханұлы.

Дастан КЕНЖАЛИН.

 

БАСПА ІСІНІҢ БІЛГІРІ

 

Абай Әукішев, журналист, Дәулет Сейсенұлы.

“Семей Полиграфия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы, ҚР Баспа және полиграфия ісінің  қайраткері Бақыткамал Сәдубаеваның есімі бүгінде Семей өңіріне кеңінен танымал.

Дүние жүзін дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы аяқталып, жеңістің төрт жылдығы атап өтілгеннен кейін Болысовтар шаңы­рағында тұлымшағы желбіреген қыз бала дү­ние­ге келді. Шаңырақ иелері сол кездегі Карл Маркс атындағы колхоздың (Ақсуат ау­даны) шопандары ерлі-зайыпты Сәдубай мен Кәдіржан еді. Шілдеханаға жиналған ауыл қариялары сәбидің есімін Бақыткамал қойды.

Көктүбек ауылындағы жетіжылдық мектептің табалдырығын аттаған Бақыт­камал 1967 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, бір топ құрбыларымен бірге педагогикалық институтқа түссем деген арманмен Семейге жол тартты. “Баталы ұл арымас, батасыз қыз жарымас” дегендей, әке-шешесінің жолға шығарда берген баталары Бақыткамалдың әлі есінде. Үлкен арман, биік мақсат қуып келген ол пед­институттың физика-математика факуль­тетіне құжат тапсырып, конкурстан сүрінбей өтті.

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін студенттік өмірде ол дос-құрбыларының алды бола жүріп, олармен үнемі сыйластықта болды. Екінші курста жүргенде жатақханаға таяу тұрған орталық саябақтағы би кешіне барып, сол жерде медициналық институтта оқитын студент Әзербаев Жүнісханмен танысты.

Студенттік күндер бірінен соң бірі өтіп жатты. Уақыт өте келе екеуінің достығы махаббатқа ұласты. Арада тағы бір жыл өткен соң Бақыткамал Сәдубайқызы дастарқаны жиылмайтын Ыбырай ата мен Нұрқан апаға келін болып түседі. Қазақы тәлім-тәрбиені көріп өскен қыз инабатты да ибалы келін атанып, ата-енесімен отыз жыл бір шаңырақтың астында тұрды. Өнегелі келін ата-енесіне адал қызмет етіп, немере сүйгізіп, пәниден бақилыққа өткенде өз қолынан жөнелтті.

Бақыткамал 1971 жылы пединститутты бітірген соң еңбек жолын технологиялық институтта лаборант болудан бастады. Ал 1976 жылдан бергі саналы өмірі баспахана жұмысымен байланысты. Олай дейтініміз, 1976 жылы Семей облыстық баспа поли­графия және кітап саудасы басқармасына экономистік қызметке ауысады. Мұнда ол өзінің қарапайымдылығымен, тиянақтылы­ғымен үлкен ұжымға сіңісіп, басқару сатысының барлық баспалдақтарынан өтеді. Бірер жылдан соң іскерлік қабілетінің арқа­сында Бақыткамал аталған басқарманың жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

Осы салаға байланысты мамандық алу қажеттілігі туындаған соң, ол Мәскеудегі полиграфиялық институтты сырттай оқып, жоғары білімді полиграфист мамандығын иеленеді.

Он бес жылдан астам бұл міндетті мінсіз атқарған ол 1997 жылдан “Семей Полиграфия” бірлестігінің бас директоры, одан соң ашық акционерлік қоғамының президенті, кейінгі жылдары “Семей Полиграфия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болды.

Семейдегі № 16 облыстық баспахана қазақ баспасының қара шаңырақтарының бірі. Алдағы жылы оның ашылғанына 160 жыл толады. 2000 жылдың қыркүйек айында Б.Сәду­бае­ваның қайраткерлігі мен ұйым­дастырушылық қабілетінің нәтижесінде осы қара шаңырақтан полиграфия мұражайы ашылып, оған бір жарым ғасыр бұрынғы қолдан жасалған әріптер мен кейінгі жылдардың жәдігерлері қой­ылғандығын, оған сол кездегі және қазіргі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолтаңба қалдырғандығын айтқан жөн. Мұндағы жәдігерлердің қатарында Германия елінің баспа машинасы да бар. Оған 2000 жылдың жазында сол мемлекеттің баспа орындарының жұмысымен танысуға іссапар­мен барғанда, Бақыткамалдың өзі тапсырыс берген болатын.

Өзінің міндетті қызметімен бірге қаламыз­дың тыныс-тіршілігіне байланысты қоғамдық істерге де Б.Сәдубаева белсенділікпен араласып келеді. Кеңестік дәуір кезінде қатарынан бірнеше жыл мәдениет қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің пленум мүшесі болған ол 1999-2004 жылдары Семей қалалық мәслихатының депутаттығына екі рет сайланып, қаланың экономикалық-әлеуметтік мәселелерін шешуге айтарлықтай үлесін қосты. Ал 2000 жылы қала әйелдерінің форумында үлкен сенімге ие болып, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы болып сайланса, қазірде сол сенімнен шығу мақсатында тындырымды істер атқарып келеді. Сондай-ақ, ана мен бала денсаулығын қорғау, панасыз балаларға жәрдем көрсету сияқты мәселелердің түйіні шешілгенше оның жарғақ құлағы жастыққа тимейді.

Б. Сәдубаева басқаратын кәсіпорынның өнімдері 2001 жылдың басында Алматыда өткен “Ұлы Жібек жолымен” атты бірінші халықаралық кітап және полиграфия жәр­меңкесінде көрсетілді. Сол жылғы желтоқсан айында кәсіпорын өнімдері Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Швецияда өткізілген дүниежүзілік іскер әйелдер бас қосқан форумға қатысу мүмкіндігіне ие болды. 2003 жылғы желтоқсан айында өткен Қазақстан іскер әйелдерінің форумында Бақыткамал “Экономика” номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылып, есімі әйелдердің “Ажар” екінші кітабына енгізілді.

Бүгінде Бақыткамал Сәдубаева жұмыс бабындағы жетістіктерін өзіне білім берген ұстаздарының еңбегі деп санайды. “Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы” дегендей, мектепте дәріс берген Шәкен Қалиева, Қабділрашид Қайымов, Салиха Нұғыспанова сияқты мұғалімдері мен институттағы оқы­тушылары Қажи Нұрсұлтанов, Сіләмшайық Рахметжановтардың білім берудегі, Қаб­драхман Самаев, Мұстафа Ильясов, Елемес Иманғалиевтардың жұмыстың қыр-сырын үйретудегі еңбектеріне тәнті болғандығын айтады.

Бақыткамал барға тасымайтын, қиын­дыққа жасымайтын, қысылған адамға қолұшын беруге дайын тұратын мейірімді жан. 2000 жылдың күзінде үш баланың асқар таудай әкесі, дәрігерлік қызметімен есімі ел азуына ілінген Жүнісхан ердің жасы елуден аса бере қайтыс болды. Аяулы жары Бақыткамалға жан жолдасының қазасы қатты батты.

Өндірістік, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін Бақыткамал қазірде үш баланың ақылшы анасы, 9 немеренің сүй­ікті әжесі. Тұла бойы тұңғышы Сандуғаш Мәскеу қаласында жауапты қызметте, күйеу баласы Асхат полиция қызметкері, анасының жолын қуған Қарлығаш Се­мей­дегі баспа өнімдерін шығаратын кә­сіп­орынның басшысы, күйеу баласы Андрей кә­сіпкер. Ал Алма­тыдағы кенже қызы Айжан әке жолын қуған ақ халатты абзал жан, медицина ғылым­дарының кандидаты, доцент, оның жолдасы Айдос білікті де білімді дәрігер, бөлім меңге­рушісі. Немерелерінің алды институт-кол­леджде оқитын студент болса, әжесі мек­теп­ке өзі алып барып жүрген Алинасы 1-сыныпты өте жақсы бағамен бітірді.

Есімі Семей өңіріндегі жұртшылыққа белгілі, баспа ісінің білгірі, қоғам қайраткері Бақыткамал Сәдубаеваның өмір жолы, міне, осындай.

Семей.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат