Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-07-15:

ҚАЗАҚ ТІЛІН ПІР ТҰТҚАН БАУЫРЛАСТАР

 

“Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы соңғы жылдары “Қазақстан ата жұртым, қасиетім – ана тілім” деген тақырыпта қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиада өт­кі­зіп келеді. Сол білім жарысының арқасын­да ата қонысынан, киелі жерінен, қасиетті мекенінен алыстап қалған, бірақ ана тілін қастерлеп, мемлекетін жас-кәрісі түгел жа­нына балап жүрген сол қандастарымыздың мектепте оқып жүрген ұл қызы қазақ то­пы­рағын басып, бізді іздейтін ұлты­мыз бар екен дей­тін болды. Сол ұлт­тың ұл-қыздарына жұртын таныстыру мақсатында өткі­зіліп келе жатқан халықаралық олим­пиада биыл алтыншы рет ежел­гі Тараз қаласында болғаны туралы мұ­ның алдында ба­сылымда хабар берген едік.

Міне, осы бас­қо­суда, қан­дас бау­ырлардың ұл-қы­зы­ның ал­дында Шер­ағаң – Шер­хан Мұртаза тұғыр­дағы апайтөс қы­ран­дай бір қом­да­нып алып: Құдай сақтағанда сонау Қыр Шығыстағы халық­тар сияқты тіл­ден ажырап ба­рып, онымен қайта қауыштық. Біз еңсе көтердік, бірақ бұл толық көтерілу емес. Бойы­мыз­ды тік ұстау үшін, ба­сымызды тік ұстау үшін, алдыңғы сап­тағы халық­тар­дың қатарына қо­сылу үшін – бірігу керек. Қазақтар, ертең өмір кешіп жатқан елдеріңе барғанда ондағы қандас бауырларға осыны айта барыңдар. Қазақ тілі – ұлы тіл. Қазақтың басын құрайтын – қазақ тіл. Бүкіл түркі тілдерінің ішіндегі ұлысы – қазақ тілі. Соны ұғыңдар. Мен мұны сырттағы қазаққа ғана емес, іштегі алашұбар тілді қазаққа да айтамын, – дей келіп бұл білім жарысын сіздер олимпиада депсіздер. Ол да дұрыс шығар. Мен қазақ ұрпағының танысуы, табысуы, бірігуі, бір тудың астына жиналуы деп түсіндім. Және бұл ботасын шақырып алып, атасына: ал, ата-жұртыңа келмей көр деу. Ғажап идея! Бұл көп болып қолдайтын, жұрт болып жұдырықтай жұмылатын игілікті іс. Осын­­дай ұлы істі мемлекетіміздегі кез келген өзге мекемелердің басшылары да жасап жатса, құба-құп. Бізге енді кеш қалуға болмайды. Мына жүздесуді мен сол кеш қалмаудың басы деп ұқтым. Оян, қазақ деп еді бір замандағы Алаш арыс­­тары. Менде солардың ұлы ойын жалғастырып, оян қазақ, ойлан қазақ дегім келіп тұр. Қабыл алсаңдар ұлт үшін еткен еңбектің ең ұлысы болатын шығар, – деді қаһарман қаламгер.

 

“Туған жердің бір шымшым топырағын,

Қара сандық түбіне сақтағанбыз”

Олимпиада тәртібі бойынша білім жа­ры­сына келген 7-12 сынып оқушылары ал­дымен шығарма жазды. Одан кейін ауызша емтихан тапсырды. Алғашқы жылдары оқу­шылардың көбі қазақ тілінен қинала­тын. Әсіресе, Ресейден, оның ішінде Мәскеу қаласынан келгендер ары кетсе он сөздің басын әрең құрайтын. Елге деген ұмтылыстан ба, қазір олай емес. Шетінен қойған сұрағына жауап беріп, арман, мақ­саттарын алға тартады. Шығармаларында қате болғанмен, ниеттері мөп-мөлдір таза. Данияр Дүйсен деген 10 сынып оқушысы: менің қазақ деген Отанымның үздік жас­тары Мәскеудің жоғары оқу орындарында оқып жүр. Мен мектепті бітірген соң солар секілді мегаполисте білім алып, одан кейін еліме оралсам деген арманым бар. Сол үшін де ана тілімді ұмытпай жүрмін, деді.

Сол Ресей мемлекетінің Алтай респуб­ликасында Қосағаш деген аудан бар. Бір кездері ауданды қазақ азаматы басқарған еді. Ол бәріне де жаңашыр болып жүретін. Қазір оның орнын басқа біреу басқан көрінеді. Қарақұрым жұрттың ортасында үркердей болып отырған қандастарымыз өте бауырмал. Қосағаштың өзінен, Төбе­лер, Жаңаауыл секілді елді-мекендерден білім сайысына келген оқушылардың болйынан ол бауырмалдық айқын көрініп тұрады. Ұлттық танымдары ерекше, жыл сайын Наурыз мерекесін өткізеді екен. Алтайда біз Наурыз тойымен, тәуелсіз қазақ елімен мақтанамыз, дейді 11 сынып оқу­шысы Разыгүл Қабанбаева. Ал Омбы облысы Называев ауданынан келген 10 сы­нып оқушысы Мәдина Әшеновадан орыс мектебінде оқисың. Сөйте тұрып Мағжан Жұмабаевтың өлеңін екі тілде бірдей жатқа айтасың, Әлия мен Мәншүкті үлге түтып, бұрынғы қазақ қыздарына қайран қаламын дейсің десек, 80-нен асқан әжем бар. Біз орысша сөйлесек: сен қазақ емессің бе, қа­зақі­лінде сөйле. Егер қазақ тілінде сөй­лемесең, аюға намаз үйреткен таяқ, сенің де басыңа сол таяқ тиеді, дейді. Біз әжемізден қорыққандықтан, бәріміз қазақ тілінде сөйлейміз, дейді ақ сары қыз жылы жымиып.

Тағы бір екі оқушыны тыңдап көрелік. Монғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген 11 сынып оқушысы Құрмет Қойшыбек Жи­ренше шешен мен Қазбек биден сөз бастап, осы сөз байлығын бөз байлығына айырбас­тап жібермедік пе деп, кейбір сөздердің жүнін жұлған тауықтай бұрқылдатып бұр­малап жүргенімізге мысал келтірген. “Арым – жанымның садағасы деп, ар жолына өмірің құрбан еткен халық едік, енді арына қарағанда жаның, жанына қарағанда малын қымбат көретін біреу болып бара жатқан жоқпыз ба?” деген ол қазылар алқасына қасқайып қараса, сол Баян-Өлгейден келген 11 сынып оқушысы Меруерт Өнерхан қа­зақ­тың арқалы ақындарының бірегейі Серік Ақ­сұңқарұлының “Туған жердің бір шымшым топырағын, Қара сандық түбіне сақтағанбыз” деген екі жол өлеңін мысалға келтірген.

Қазылар алқасының мүшесі Мекемтас Мырзахметұлы оқушылардың мынандай сөздерін естіп, жазған шығармаларын оқығанда: апыр-ай, біз өзге елде жүрген қандастарымызбен араласқанда олардан тараған ұрпаққа мән бермеген екенбіз. Мына жастардың ұлтшылдығы, отан сүйгіштігі бізге үлгі боларлық қой. Мен бұларды қазақ ананың емшегін емгенмен тілі бөлек деп жүруші едім. Сөйтсем, қазақ болып жаралып, қазақ болып өмір сүріп жүрміз деген бізден асып түседі ғой. Ұлтты тану тұрғысынан алғанда арамызда жүрген кейбір “соқырдың” күйін кешетіндердің тірлігінен мыналардың алған адымы бөлек. Егер әлгілерге осы оқушыларды тыңдатса, ұйқысы ашылар ма екен? Мен де сыртта көп жүрген адаммын. Мына жастардың сөздері де, өздері де сүйкімді екен. Ел деген жүрек лүпілін ұғынайық жігіттер. Ұқпағанға ұқтырайық, деп еді сүйсінген кейіп танытып.

Қытай Халық Республикасының Шұар қаба ауданынан келген Ұмтыл Заханұлы Алты алашты түгендеп, қазақтың төрт бұрышына түгел ойлы көзбен шолу жасай келіп: Тәуелсіздікті алғаш рет тепсініп тұрып талап еткен Желтоқсан батырларының сөзі кейде құлақ түбінен естіліп, түсіме кіретіні бар. Мен сүйіп айтатын ән – қоңыр ән. Мен тыңдайтын күй – қоңыр күй. Асыл қазынам ешкінің ащы ішегінен ширатып, ішек пен перне таққан қара домбыра, деп оттай жанса, Қосағаш ауданынан келген Асылгүл Битуғанова өзі туған өңірдің үлкендерінен қалған дәстүрді жалғастырып жүргенін, бірге оқитын бес қыз “Әуен” тобы деген ансамбль құрғанын айтып: “Өзге елде пайда бар, бірақ өз елімдей қайда бар” дегендей, қанша жерден пайда болғанмен, біз сыртта “бөтен” болып жүреміз, деп қынжылаған.

Білім жарысына келіп жүрген елдердің ішінде Қытай Халық Республикасы мен Моңғолияда ғана қазақ мектептері бар. Бұл мемлекеттерден келген оқушылар қазірше қамшы салдыра бермейді. Қазақ өркение­ті­нің арғы-бергі тарихын, рухани құндылық­та­рын, әдебиеті мен мәдениетінің озық үлгі­лерін, ақын-жазушылардың шығармаларын талдағанда ерекше қанаттанып кететіндері бар. Арасында өз өлеңдерін оқып, оны ән әуе­німен ұштастырады. Иә, қазір қай мем­лекет те өз іргесін бекітуге күш салуда. Уа­қыт өте келе ол елдердегі қазақ тілінің жайы қазіргі қалпын сақтай ма, болмаса өзге тілдің көлеңкесіне ысырыла сала ма? Бұл да ата-жұрттағы азаматтар ойланатын мәселе болса керек. Бұл үшін не істеу қажет деген сұрақ туа қалса, қандастарды, әсіресе жастарды Отанға тарту жағын ойластырсақ ұтыла қоймаймыз.

Біздің Отанымызда өзге этностарға бірінші кезекте жағдай жасап, тілегін екі етпей орындау жақсы үрдіске айналған. Ал өзіміз сыйлайтын, достығымыз жарасқан, қан­дастарымыз тұрып жатқан басқа мемле­кеттердегі қазақ тілінің жағдайы көңіл-көншітпейді десек қателесе қоймаймыз. Олай дейтінім, онда қазақ мектептері жоққа тән. Мәселен, іргелес Ресейдің кей облыстарында халық саны бойынша қазақ екінші, үшінші орында тұрса да бауырластарымыз үшін қазақ тілі сабағы аптасына бір-ақ сағат өтетіні өкіндірмей қоймайды. Тіпті, төсекте басы, төскейде малы қосылған деп көтеріңкі көңілмен айтатын қырғыз ағайындар да Ресейдің ар жақ бер жағында. Бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Қазақ жерінің кіндігі саналатын Байқоңыр қаласындағы қазақ мектептерінің мәселесі атан түйеге жүк боларлық. Оны шешу әне-мінемен келеді.

Екі күнге созылған сынақ қорытын­­ды­сында “Абайдың мол мұрасын оқып білмей, қазақ болып жүре алмаспыз, “қалың елім”, Абайын танымаса қазақ болып, шекесіне мәңгүрт деп жазып берем” деп жарқылдап шығып, бас жүлде – гран-приді иеленген Баян-Өлгейден келген Райман Әуесқан осы марапатты алған тұста, оның әке-шешесінің көздеріне жас алып, “Ақсарбас атадым, ағайындар, елім бар екен ғой!” дегеніне куә бол­дық. Білім және ғылым министрі Жан­сейіт Түймебаев тағайындаған жеті грантты Ұмтыл Заханұлы, Шәріпхан Ма­мыш­ұлы, Қайнар Құралбекұлы (ҚХР), Құрмет Қойшыбек, Өнерхан Меруерт (Баян-Өлгей), Разыгүл Қабанбаева, Асылгүл Битуғанова (Қосағаш) алды. Сол секілді олимпиадаға қатысқан барлық оқушыларға дипломдар мен арнайы белгіленген номинациялар бойынша сый-сияпат көрсетілді.

 

Білім басқармасы бас болды, ректорлар ерледі

 

Олимпиадаға келген жастарға Жамбыл облысы білім басқармасының бастығы Дүйсенбек Әбдірайымов бастаған азаматтар­­­­дың ерекше көңіл бөлгенін Сол секілді облыстық педагог кадрларының білімін жетілдіру және қайта даярлау институтының директоры Алтынхан Жұрынбай да алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал ал­дынан шығып сый көрсететін қазақ үлгісінен танбады. Білім басқармасы 9-сыныптан кейін колледжде оқимын деген талапкерлер та­бы­лып жатса, көмек беретіндерін алға тартты.

Бұрын осы білім сайысы өткен облыс ор­талықтарындағы жоғары оқу орындарының есігін қағып, бірер баланы алып қалыңыздар, ел болашағына, ұлттың ертеңіне қосқан үлестеріңіз болсын дегенде жалт беріп кететіндер болған. Бұл жолы ата-жұртымда оқысам, жоғары білім алсам деген жастарға Тараз қаласындағы екі жоғары оқу орны өз бастамасымен биыл мектеп бітірген төрт үміткерге грант бөлді. Атап айтсақ, Әшімжан Ахметов басқаратын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Алтай рес­пуб­ликасынан келген Ботагөз Қыдырбаева мен Әсемжан Рахметжановаға, ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Махметқали Сарыбеков Жансая Іскендірова (Ресей) мен Ақмарал Азаматқа (Баян-Өлгей) аталмыш оқу орындарында жоғары білім алуға мүмкіндік туғызды. Олимпиада басталған уақыттан бері қазылар алқасының мүшесі болып келе жатқан Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры Құлбек Ергөбек, С.Демирел атындағы университет проректоры Дандай Ысқақұлы шетелден келген бір-бір оқушыны өздерінің білім ордаларын да оқуға шақырды.

 

“Қазіқ тілі менің жүрегіме кіріп кетті”

 

Биылғы халықаралық олимпиада Париж қаласында тұратын, 8 сыныпта оқитын Деңіз Себуханмен 10 сынып оқушысы Дина Алтаймеркітте қатысқан. Бұл игі іске ұйытқы болған Франциядағы Қазақстан елші­лігі­нің қызметкері М.Тұ­яқбаев екенін айта кетуді парыз санаймыз. Ол он екі баланы қазақ тіліне баулып, ұлттық рух­ты бойларына сіңіріп жүр екен. Солардың арасынан осы мына екі қызды ата-жұр­тын­да өтетін олим­пиадаға жіберіпті. Егер төрткүл дү­ние­дегі Отанымыздың елшіліктерінде жұ­мыс істейтін азамат­тар осындай сергек­тік танытып, қан­дас­тарымыздың ұл-қы­зының ата-жұртына келуге мүмкіндік ту­ғы­зып жатса, бұл ұлт алдында абыройлы іс болмақ.

Франциядан екі оқушыны Түркістан Савасан деген пайғамбар жасындағы ағамыз бастап келген екен. Ол қазақ топырағын басқан күннен-ақ: “Тәуба, қазақ елі бар екен. Жер ортасынан асқанда атамекеніме келіп, осындай бақытқа кеңелемін деп ойладым ба? Енді менде арман жоқ, – дей келіп, Францияға барғаннан кейін бұрынғыдай алаңсыз бір күнімді өткізе алмайтын секілдімін. Екі көзім шығыста, көңілім қазақ деп аңырап тұратын болды. Шерхан аға сөзі мені тіпті қатты ойландырып тастады, Пайғамбар жасына келіпсің, елге қайт деді. Қайтам-ау! Елге – деп бір терең ойдың құшағына енген сәті бізді бей-жай қалдырмады. Бір ғажабы, Түркістан ағамыз қазақ тілінде сөйлегенде небір жауһар ойларды да алға тартады. Әдемі сөз маржанын түйіп айтқанда, ойланып қаласың. Ол олимпиада өтіп жатқанда тікесінен тік тұрып өзін ән-жыр, ыстықықыласпен қарсы алған, жылы шырайлы кездесулер ұйымдастырған Тараздағы “Дарын” мектебінің директоры Айман Садықова мен №8-ші Төле би атындағы қазақ орта мектебінің басшысы Сара Молдашбаева бастаған оқушылар мен мектеп ұжымына ризашылығын айтқан.

Ал Деңіздің “Қазақ тілім менің жү­ре­гіме кіріп кетті” деп жылы жымиятып тұсы кімді де болса ойландырмай қоймайды. Маған Парижден ата-анам туған туыстарым қайта-қайта телефон соғады. Қашан қайтасың дейді, мен қазақ жерінде қалғым келеді дейді ол.

Шерхан аға айтпақшы, біз басында қазақты қазаққа табыстыруды, таныст­ы­руды, әсіресе, қияндағы отандастардың кіндігінен тараған ұрпақты арқа сүйер Отанына әкелуді мақсат еткен едік. Ол ойымыз өз жемісін берді. Жыл сайын келіп жатқан балалар қазақ елі туралы қазір ерекше сүйіспеншілікпен айтады. Ата-аналарына, құрбыларына қазақ деген елдің бар екенін, өздеріне қамқор болғанын, шапағатпен қонақжайлылықтың бабалар мекенінде тамыр жайғанын жеткізеді. Содан да болар, халықаралық олимпиадаға қаысуға тілек білдірушілер әр жыл сайын көбейіп келеді. Биыл алғаш рет еуропалық қазақтар қатысты. Алдағы 2010 жылы әлемдегі 110 мемлекеттің дарынды оқушы­лары бақ сынайтын дүниежүзілік матема­тика олимпиадасы елордамыз Астанада өтеді. Мұның да ел мерейін асыратыны сөзсіз. Отанымыздың бүгінгі қарқыны елі­міздің алдағы уақытта да өркендей бере­тінін дәйектейді. Біз қазақ тілі мен әде­бие­тіне арналған халықаралық олимпиаданы басқа пәндері бойынша да өткізсек деген ниеттеміз. “Дарын” орталығы жыл сай­ын­ғы білім сайысының қорытындысын, яғни оқушылардың жазған шығармаларын, же­тек­шілерінің ой-пікірлерін, ұйымдастыру­шылардың мақалаларын кітап етіп шығаруды дәстүрге айналдырып келеді. Алдағы уақытта бұл кітаптың бір бөліміне болашақ талапкерлерге көмек ретінде арнайы материалдар, сөздіктер, қысқа да нұсқа ұлттық құндылықтар туралы мәліметтерді беруді мақсат етіп отырмыз. Мен осындай игілікті іске қол ұшын беріп жүрген облыс әкімдеріне, білім басқар­ма­ла­рына, өзге де ұлтын, ұрпағын қадір­лей­тін азаматтарға айтар алғысым шексіз. Со­нымен қатар, алдағы уақытта да мұндай қол­даулар болады деген үмітімді жасыр­май­мын, – деді жиын соңында “Дарын” орталығының директоры Тілтәш Битуова.



Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат