Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-07-18:

АДАМ КАПИТАЛЫ АУЫЛМЕН БАЙИДЫ

 

Таяуда өткен екінші халық санағында Қазақстан халқының саны 16,5 млн., ал оның ішінде қазақтың саны 10,5 млн. деңгейіне жеткендігі айқындалды. Бұл өте қуанышты жайт. Аталған жетістіктің ішінде оралмандар­дың (шамамен 1,2 млн. адам) үлесі өте зор. Әрине, халық қай елдің болмасын негізгі байлығы, оның өркендеп өсуінің қайнар көзі. Бұл көздің қуаты молая беруі жері кең (2,72 млн.шаршы километр), халқы шамалы (16,5 млн. адам) біздің ел үшін ерекше өзекті мә­селе. Сондықтан Қазақстан Республикасының Пре­з­иденті Н.Ә.Назарбаев демографиялық ахуал, халық санын молайту­ды ең өткір мә­селенің бірі ретінде қарап, оны түбегейлі жақ­сарту үшін кешенді шара­ларды жүргізуді Үкі­мет бас­шы­ларынан әрдайым талап етіп отыр.

Осы мәселені шешу жолдарын анықтау мақ­сатында халық санының табиғи өсу заң­ды­лықтарына көз салайық. Дүние жүзі халық­тары­ның саны, оның өзгерісі әрбір 2-3 жылда бір жарияланып отырады. БҰҰ-ның деректе­ріне қарасақ, соңғы 40 жыл ішінде (1960-2000 ж.ж.) Ұлыбритания, Франция, бұрынғы Германия Федеративтік Республикасы, Италия халықтарының саны 58 млн. адам деңгейінде тұр. Иммигрант­тардың есебімен (2 млн. адам) кейінгі он­шақ­ты жылда шамалы өсім бай­қа­лады. Төрт-бес миллион адамы бар Дания, Нор­вегия және Финляндия тұрғындары да бір деңгейге тұрақтады. Айта кететін жай, бұл ел­дер­де ауыл тұрғындары 5-7 пайыздан ас­пай­ды екен. Соның нәтижесінде, тұрғын­дар саны өспейтінін, олардың қартая бере­тінін көреміз. Осыған байланысты Еуропа мемлекеттері ірі өндірістерді өз елдерінің сыртына орналасты­руға және күнделікті өмір жайды қамтамасыз ету үшін имми­грант­тарды қабылдауға мәжбүр болып отыр. Бұл неге апарып соғатынын 2005-2006 жыл­дар­дағы Францияда болған оқиғалар көрсетті.

Ауылдық жерде 70 пайызға жуық тұр­ғын­дары бар жақын шығыс елдерінің өсуі таң қалдыратындай. 40 жыл ішінде (1960-2000 ж.ж.) халық саны (млн. адам) – Ал­жирде 10,4-тен 30-ға, Түркияда – 27,8-ден 70-ке, Иранда – 20,7-ден 70-ке, Иракта – 6,6-дан 22-ге, Өзбекстанда – 11-ден 25-ке, Тәжікстанда 2,5-тен 5,7-ге дейін өсті. Әри­не, мұнда аталған халықтарға тән ұлттық, діни және басқа факторларды естен шығаруға болмайды. Бірақ ақиқаттан ешқайда кете алмайсың, бұл елдердегі өсім өте жоғары.

Келтірілген мәліметтерден өзінен-өзі ау­қымды қорытынды шығады: ауыл тұрғын­дары­­ның үлесі аз елдерде халық санының өсуі байқалмайды, олар бір қалыпта, ал ауыл халқының үлесі көп елдерде өсім 40 жыл ішінде 230-340, соңғы 15 жыл ішінде 130-160 пайызға жеткен. Бұған өзіміздегі қар­қынды өскен кезең де (1950-90 ж.ж.) куә.

Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін ауылда шаруашылық түзеліп, тұрмыс оңалып, халық­тың табиғи өсімі өз арнасына түсті. Бұл тұста 75 пайыздан астам қазақ ауылда тұрған. Олар­дың хал жағдайлары, өмір тұрмысы бірталай көтерілді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау болды. Соның арқасында ауылдағы әр­бір шаңырақтан орта есеппен 7-8 бала өріп, 40 жылдың ішінде қазақтың саны 2,2 миллионнан 8 миллионға жетті (1990ж). Ауыл балалары жоғары, арнаулы орта оқу орындарына жаппай түсіп, кейбіреулері тікелей жоғары маманды жұмыскер дайындайтын оқу орындарын бітіріп жатты. Ауыл қала халқының санын көбейтіп, жаңа өндіріс ор­ындарына мамандар мен білікті жұмыс­шы­лар беріп отыр­­ды. Сонымен 1950-1990 жылдар қазақтың соңғы ғасырда ең қар­қынды өскен кезеңі. Жыл­дық өсу қарқыны 3,3 пайызды құрап отырды.

Ал екі ғасырдың қабысқан тұсында (1990-2000ж.ж.) қайта құру, қоғамдық формацияның өзгеруі қазақ баласының басына тағы да бір қара күндерді әкелді. Әсі­ресе, ауыл күрт құлдырап, көпшілігі аңырайып қалды. Ауыл халқы қалаға ығыс­ты, қалғандары жұмыссыздықтан үлкен күй­зеліске ұшырады. Осы он жылда жер­гі­лікті қазақтың өсімі тоқтап қалды. Сон­дықтан бұл жылдар тоқырау кезеңі деп аталды.

Бір көңілге жайлы өзгеріс, мемлекетіміз егемендік алған соң, яғни 1993 жылдан бастап кезінде көрші елдерге көшіп кеткен бауыр­ларымыз туған топырағына қайта бас­тады. Оншақты жылдың ішінде олардың саны бір миллионға жақындап қалды. Кейінгі 4-5 жылда ауылды жандандыру бағдарламасы қабылданып, ауыл шаруашы­­лығына бірта­лай көмек көрсетілді. Осы істердің нәти­жесінде ұлтымыздың саны 2006 жылы 9 миллионға жетті. Осыдан бастап бұрынғы (1921-45ж.ж.) қиын қыстау кезеңдерді басынан өткізген қазақ хал­қының дұрыс, табиғи өсу кезеңі басталды деп сенеміз. Лайым осылай болсын.

БҰҰ статистикалық дерек­те­рін әрі қарай сараптасақ, дүние жүзі халықтарының өсуінде жалпы заңдылықтар бар. Біріншіден, олардың бәріне тән бір қасиет – әр халық өзінің өсу шыңына шығып, сонан соң бір қа­лып­қа түседі. Бұл бала туу мен адам өлі­мі­нің айырмасы бір деңгейге жақындауына байланысты. Ал шыңға шығу еш мемлекетте қайталанбаған. Осы демографиялық асудан өту көп ел үшін 64 пен 190 жылға созылады екен.

Жоғарыда келтірілген мә­ліметтерге қарасақ, Қазақ­стан­дағы “бе­би-бум” 1960-1990 жыл­дары өтіп кеткен екен. Енді оның қайталануы екіталай.

Екіншіден, белгілі бір ке­зеңде, әр елде, әр ау­мақ­та, бү­кіл дүние жүзінде халық саны гео­метриялық прогрессиямен өседі. Бұл заңдылық біздің “Қазақ Ұлттық ғылым ака­де­миясының баяндамаларында” шыққан ғылыми мақала­мызда анықталған. Әркімге белгілі, бұл өрнекте көп мәселе гео­мет­риялық прогрессияның бөліміне бай­ланысты. Бұл аталмыш бөлімнің құрамына қаралып отырған кезеңдегі халықтың жылдық өсімі (бірлік үлеспен өлшенеді) кіреді. Ол неғұрлым жоғары болса, өсім көп, ал теріс сан болса, халық саны жылдан жылға азая береді. Қаралып отырған теңдеу аномальды табиғи немесе техногендік апаттар болмаған кезеңдегі халықтың табиғи өсімін сипат­тай­ды. Ал соғыс немесе басқа ано­мальды құбы­лыс­тар болған жағдайда бір аймақтағы (ел­дегі) немесе әлемдегі халық саны бір сәтте күрт азаяды. Сондай-ақ бір аймаққа (елге) халық жаппай көшіп келсе (мысалы: босқындар, оралмандар), ол жерде халық саны күрт өседі. Сонымен экстре­мальды жағдайларда бастапқы есепке алынатын халық саны өзгереді. Оған бұл аймаққа (елге) келген адам сандары қосы­ла­ды, егер опат болса, шығын болған адамдар­дың саны алынады. Халық санын нақты болжау үшін оның өсімі табиғи арнада болу керек.

Ал геометриялық прогрессия бөлімінің құрамындағы жылдық өсімге келсек, ол бір статистикалық отбасының бала санына, аймақ­тың (елдің) әлеуметтік-экономикалық даму дең­гейіне, халықтың өмір жағдайына байланысты. Халықтың жылдық өсімі әр мемлекетте жыл сайын статистикалық деректерге сүйеніп анықталып отырылады.

Халықтың жылдық өсімін көтеру үшін тұр­ғындарға жақсы жағдай туғызып, меди­циналық қызметті жоғары деңгейде көрсетіп, жас аналар мен сәбилердің өлімін азайту керек. Осындай шаралардың арқасында Еуропаның дамыған елдеріндегі жылдық өсім төмен (0,1 - 0,8 пайыз) болса да, халық саны 40 жыл бойы бір деңгейде тұр. Бұл елдердің отбасыларында бір-екі баладан, тек кейбі­реулерінде ғана үш баладан болады. Жоға­рыда айтқандай, халық саны өспейді, ол тек қартаяды.

Таяу Шығыс және Орталық Азия мем­лекет­тері халқының жылдық өсімі 1960-1975 жылдары 1,5-4,2, 1975-1990 жылдары 1,6-3,8, 1990-2000 жылдары 1,1-1,6 пайыз болған. Халық өсімінің жоғары болу себебі, бұл елдерде ауыл тұрғын­дарының үлесі 70 пайыздан астам, сондықтан оларда өсім мол. Осыған байланысты ауылдықтардың үлесі көп елдерде соңғы 40 жылда халық өсімі өте жоғары болған. Бұл қатарда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан да бар.

Келешектегі халық санын болжау үшін оның жылдық өсімінің өзгеру заңдылығын анықтау қажет. Мемлекеттің әлеуметтік-эко­номикалық дамуын, медицинаның өркен­деуін және де басқа әсер етуші факторларды есепке алу қиын болғандықтан, бұл көрсет­кішті статистикалық бір отбасына келетін ба­лалар санымен байланыстыруды жөн көрдік.

Дүние жүзі халықтарының 1950 жылдан 2000 жылға дейін өсімін сараптасақ, халықтың жылдық өсімі сомалық туу коэффициентімен тығыз байланысты екен. Бұл коэффициенттер статистикалық деректерде жарияланып отырады. Ал бір статистикалық отбасына келетін бала саны аталған коэффициенттен 1,2 есе көп. Осы мәліметтерді пайдалана отырып, халықтың жылдық өсімін бала санымен байланыс­тыр­дық. Сонымен әр елдегі бір отбасына келетін бала саны белгілі болса, бұл ел халқының жылдық өсімін табу қиын емес. Керісінше, керекті жылдық өсімді қамта­ма­сыз ету үшін бір статис­тикалық отбасына қанша бала болу керегін таба аламыз. Мысалы, бір пайызда жылдық өсім әр отбасына 3 бала бол­ғанда орындалады, 2 пайыздық өсімге әр отбасында 4,65 бала, 2,2 пайыздық өсімге 4,86 бала болу керек.

Осы мағлұматтарға сүйене отырып, Қазақстанның барлық және негізгі халқының саны көздеген жылдан кейін қанша болатынын болжауға болады.

Болжауда мүмкін болатын 4 нұсқаны қарастырайық. Бірін­ші нұсқа: халықтың жыл­дық өсімі 1,5 пайызды құрай­ды, бұған бір отбасындағы 3,86 бала сәйкес келеді. Он жылдан кейін жалпы халық саны 19,16 млн, қазақтар саны 12,19 млн. адам, 20 жылдан кейін жалпы халық саны – 22,22 млн, қазақтар саны 14,14 млн. болады. Екінші нұсқа: халықтың жылдық өсімі 1,7 пайыз, бала саны 4,14. Он жылдан кейін жалпы халық саны 19,88 млн., қазақтар саны 12,43 млн, ал 20 жылдан кейін кейін бұл көрсеткіштер сәйкесінше 23,12 млн; 14,71 млн. болады. Төртінші нұсқада халықтың жылдық өсімі 2,2 пайыз, бала саны 4,86. Он жылдан кейін жалпы халық саны – 20,88 млн, қазақтар саны 13,05 млн. адам, ал 20 жылдан кейін бұл көрсеткіштер сәй­кесінше 25,49 млн; 16,22 миллионға жетеді.

Егер халық өсімі әлемде кең таралған үшінші нұсқа бойынша (2,0 пайыз) өрбісе, Қазақстан халқының саны 10 жылдан кейін 20,11 миллионға, ал қазақтың саны 12,80 миллионға жетуі мүмкін. Бұл үшін бір отба­­­­сындағы 4,57 бала болу керек. Көрсетілген санға жету үшін ауыл тұрғындарының үлесін 60 пайызға көтеру қажет. Өйткені, қалалық отбасыларда әдетте орташа есеппен 2-3 бала­дан артық болмайды, қаладағы әлеуметтік-тұрмыс және басқа да жағдайлар көп балалы болуға шек қояды. Ауылдың табиғи жағдайы әр отбасында 6-7 бала болуына әсерін тигізеді. Жоғарыдағы талапты орындау үшін ауылдық бір отбасыға 6 бала да жетеді.

Ал егер қайсыбір демографтардың айтуынша, ауыл тұрғындарының үлесін 30 пайызға түсірсек, қалалық отбасында 2-3, ауылдық отбасында 6 бала болуына қара­мастан, Қазақстандағы бір ста­тисти­калық от орнына 3,55 баладан келеді. Осыған байланысты жылдық өсім 1,36 пайыз ғана болады. Жалпы халық саны он жылдан кейін 18,9 млн., қазақ саны 12,02 млн. жетеді. Сонда 22-23 млн. халық қайдан келеді? Әри­не, оралмандар өз үлесін қосар, бірақ сон­шама (3,1-4,1 млн.) оралман 10 жыл ішінде қайдан, қалай келіп, қалай орналасады.

Қалалық әр отбасында 2 бала, ауылдық отбасында 5 бала болып, қала халқы мен ауыл тұрғындарының үлесі сәйкесінше 40 және 60 пайызды құраса, ел бойынша бір отбасында 3,8 баладан келіп, жылдық өсім 1,52 пайыз болады. Ал аталған үлес 70 және 30 пайыз құраса, мемлекет бойынша бір отбасына 2,9 баладан келеді де, жылдық өсім 0,91 пайызға түседі.

Сонымен, халық санының молаюы ауыл азаматтарының көбеюуімен байланысты екен. Қазақстанда халық саны өссін десек, ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп, оны дамытуға барлық күшті жұмсау керек. Бұл мәселеде тарихи отанына қайта оралған қандастарымыздың рөлі зор. Олардың көшіп-қо­ну жағдайларын ұйымдастыруды жоғар­ғы деңгейге көтеру қажет. Оралмандарды бірін-бірі жақсы білетін отбасылармен қатар немесе көршілес орналастыру жөн. Бұл қайтып оралған бауырларымыздың жаңа өмір салтына жылдам бейімделуіне бірталай психологиялық жеңілдік жасайды.

“Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша этностық отандастар мен ішкі қоныс аударушылардың бірыңғай тұтаса орны­ласуына арналған құрылыстар салу көз­делген. Сөйтіп, оларды типтік мекендерге ор­наластыру ойластырылған. Ауыл хал­қына мал жайылымын, бау-бақша өсіретін ауланы қайтарымсыз беріп, құрылыс заттарын несиеге берген жөн. Жеке шаруашылықтың өніміне ешқандай шек қоймай, көп балалы отбасыларды салықтан босату керек.

Республика Президенті Н.Назарбаев: “Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, қазіргі дағдарыс жағдайында бізді асырайтын ауыл”, деп ашық та анық айтқан болатын. Ал ауылда жұмыс болу үшін, қаланы ауыл асырай алу үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын қауымдас­ты­руды тездетуіміз қажет. Ауыл тұрғында­рын тұрақты жұмыс орындарымен қамта­масыз ету ең басты мақсат. Бұл бағытта соңғы жылдарда айтарлықтай өзгерістер байқалады. Үшжылдық ауыл шаруашы­лы­ғын дамыту бағдарламасы толық көлемде іске аспаса да, шаруашылықты жаңа та­лаптарға сай басқару және оның жүйелерін қалыптастыруда бірталай жетістіктер бар. Елбасының нұсқауларында және ауыл шаруашылығының ұйымдастырушы бас­шылардың қимылдарында ауылдың келешекте қарқынды дамуы және соған байланысты шараларды іске асыру жолдары көрсетілген. Экономика құрамын қайта қарастыру және еліміздің эксперттік мүмкіндіктерін ұлғайту, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудің ірі кәсіпорындарын салу, ауылдағы өндірістік кешендер жаңа технологиялар енгізу, ауылшаруашылық өндірісіне әржақты инновациялар кіргізу қазіргі таңдағы өзекті мәселелер. Ауыл­өнеркәсіптік кешенінің тұрақты және ойдағыдай қызмет атқаруы – бүкіл еліміздің ауқатты тұрмысының негізі, оның өндірістік қауіпсіздігінің кепілі, әсіресе адам ресурсының сенімді қайнар көзі.

Ауыл өнеркәсіп кешенінің озық дамуы ауыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ қала тұрғындарына да игілік алып келетіндігі хақ. Ғалымдардың деректеріне қарағанда, ауылдағы әрбір жұмыс орны қалада бес қосымша жұмыс орнын береді. Аграрлық өндірістің бір пайыздық өсімі өнер­кәсіптегі өндірістің төрт пайыздық өсіміне әкеледі. Ауыл шаруашылығының екпінді өркендеуі ауылшаруашылық машина­ла­рын жасау, химия өнеркәсібінің дамуына, сонымен бірге ауылшаруашылық өнім­дерін жоғарғы деңгейде өңдеумен айна­лысатын кәсіп­орын­дарының дамуына көп серпін береді.

Ауылөнеркәсіп кешенінің өнімі – ең өтімді тауарлардың бірі екені белгілі. Қа­зақстанның жер бетінің табиғи ресурстары ауылшаруашылық өндірісінің өнімділігін күрт көбейтуінің қоры, тек қана оны ор­ынды, тиімді пайдалана білу қажет. Қа­зақстанның мал шаруашылығының өнімі әлемде ең экологиялық таза, бүкіл дүние жүзінде өтімді тауар болып отыр. Кім кө­рінгенге еліктемей, өзіміздің құн жетпейтін табиғи байлықтарымызды дұрыс игерсек, ойдағыдай жарастырсақ, басқалар бізді сыйлап, санасуға мәжбүр болады.

Ауыл халқының тұрмысы түзелсе, тұрғыны көбейсе, бала санын молайту өзінен-өзі ақ шешіледі. Көп жанды болу қазақтың қанына сіңген қасиет. Бірақ, заман өзгерді, күнде құлаққа құйылып жатқан дамыған елдердің салт-санасы әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, гендік деңгейде берілетін ата дәстүр бәрібір күшін көрсетуі тиіс. Ол күштің көзі ауылда.

Қазақстанның болашағы, оның өр­кендеп өсуі, бүкіл тіршіліктің қайнар көзі – халықтың өсімі ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Сондықтан барлық күшті, сонымен қатар минералды шикізаттарды сатудан түскен қаржыны көпбалалы от­ба­сыларының табиғи ортасы – ауыл­өнер­кәсіп саласының дамуына бағыттаған жөн.

Қорыта келгенде, қазіргідей қала мен ауыл халқы тең болғанда, әр қалалық отба­сында 2,5 бала, ауылдық отбасында 5,5 ба­ла болғанда, бір қазақстандық отбасына 4 бала келеді де, жылдық өсім 1,64 пайызды құрайды. Он жылдан кейін жалпы халық са­ны 19,5 млн, қазақ саны 12,4 миллионға же­теді. Егер осы жылдары 1,5 млн. қан­дас­тарымыз елге оралса, жоғарыдағы көрсеткіштер сәйкесінше  21,0 және 13,9 миллионды құрайды.

1-сурет. Мемлекеттердің демографиялық асудан өту кезеңдері: 1 – Франция, Швеция,   2 – Германия, 3 – СССР, 4 – АҚШ, 5 – Маврикия, 6  Шри-Ланка, 7 – Коста-Рика.

 

 

 

 

 

 

2-сурет. t жылдан кейінгі геометриялық прогрессия бөлімінің мәні

0,07 пайызына сәйкес. Графикте халық санының көбеюіне оның жылдық өсімінің маңызы қандай екені жақсы айқындалған

Авторы: Баян РАҚЫШЕВ, академик.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат